"Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясы" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қызылорда облыстық мәслихатының 2014 жылғы 12 желтоқсандағы № 240 шешімі. Қызылорда облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 09 қаңтарда № 4834 болып тіркелді. Күші жойылды - Қызылорда облыстық мәслихатының 2016 жылғы 10 ақпандағы № 354 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Қызылорда облыстық мәслихатының 10.02.2016 № 354 шешімімен ("Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясы" мемлекеттік мекемесінің Ережесінің 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 16-тармағының 3) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 25-3-бабының 6-тармағына сәйкес Қызылорда облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      1. Қоса берілген "Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясы" мемлекеттік мекемесінің Ережесі бекітілсін.
      2. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Қызылорда облыстық мәслихатының кейбір шешімдері жойылсын.
      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Қызылорда облыстық Қызылорда облыстық
      Мәслихатының мәслихаты хатшысының
      33 сессиясының төрағасы міндетін атқарушы
      Қ. Бисенов Н. Ерманов

  Қызылорда облыстық мәслихатының
2014 жылғы "12" желтоқсандағы
№ 240 шешiмiмен бекiтiлген

"Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясы" мемлекеттiк мекемесiнің Ережесі

      Осы Ереже Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес, Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясы мемлекеттiк мекемесiнiң мәртебесін, өкілеттігін және жұмысының ұйымдастырылуын айқындайды.

1. Жалпы ережелер

      1. Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясы (бұдан әрi – Тексеру комиссиясы) жергiлiктi бюджеттiң атқарылуына сыртқы мемлекеттiк қаржылық бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган болып табылады.
      2. Тексеру комиссиясы жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті ұсыну арқылы облыстық мәслихатқа тікелей есеп береді.
      3. Тексеру комиссиясы өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      4. Тексеру комиссиясы мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрлері мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазынашылық органдарында есепшоттары болады.
      5. Тексеру комиссиясы азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
      6. Тексеру комиссиясының егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      7. Тексеру комиссиясы өз құзыретінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен, егер мұндай шешімді қабылдау осы Ережемен немесе Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен Тексеру комиссиясы төрағасының құзыретіне жатқызылған болса, Тексеру комиссиясы төрағасының қаулылары немесе бұйрықтары түрінде шешім қабылдайды.
      8. Тексеру комиссиясының құрылымын Тексеру комиссиясының төрағасы, төрт мүшесі және аппараты құрайды. Тексеру комиссиясының штат саны лимитін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
      9. Тексеру комиссиясының заңды мекен жайы:
      Қазақстан Республикасы, индексі 120003, Қызылорда қаласы, Бейбарыс Сұлтан көшесі, құрылыс 1.
      10. Мемлекеттік органның толық атауы – "Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясы" мемлекеттiк мекемесi.
      11. Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының ережесiн Қызылорда облыстық мәслихаты бекiтедi.
      12. Осы Ереже Тексеру комиссиясының құрылтай құжаты болып табылады.
      13. Тексеру комиссиясының қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
      14. Тексеру комиссиясына кәсіпкерлік субъектілерімен Тексеру комиссиясының функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Тексеру комиссиясына Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Тексеру комиссиясының миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      15. Тексеру комиссиясының миссиясы әкімшілік-аумақтық бірлікте қаржы тәртібін нығайту және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджет қаражатын және мемлекет активтерін пайдаланудың тиімділігін арттыру болып табылады.
      16. Тексеру комиссиясының негізгі міндеттері:
      1) жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуына және мемлекет активтерiнiң пайдаланылуына жергiлiктi деңгейде сыртқы мемлекеттiк қаржылық бақылауды жүзеге асыру;
      2) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасы, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасы және жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуы, бюджет қаражаты мен мемлекет активтерiнiң пайдаланылуы саласындағы Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерi талаптарының сақталуын бақылау;
      3) жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуын, сондай-ақ аумақтарды дамыту бағдарламаларының және бюджеттiк бағдарламалардың iске асырылуын бағалау.
      17. Тексеру комиссиясының функциялары:
      1) мыналарды:
      жергiлiктi бюджеттiң, оның iшiнде Қазақстан Республикасы бюджет жүйесiнiң принциптерiне сәйкес атқарылуын;
      аумақтарды дамыту бағдарламаларының және бюджеттiк бағдарламалардың iске асырылуын бағалау;
      2) мыналарды:
      өз қызметiнiң бағыттары бойынша тиiмдiлiктi;
      бақылау объектiлерiнiң есепке алу және есептiлiктi жүргiзуiнiң анықтығы мен дұрыстығын;
      жергiлiктi бюджет қаражатын, оның iшiнде нысаналы трансферттер мен бюджеттiк кредиттер, байланысты гранттар, жергiлiктi атқарушы органдардың қарыздары, мемлекет активтерi түрiнде жоғары тұрған бюджеттен төмен тұрған бюджетке бөлiнген қаражатты пайдаланудың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестiгiн;
      жергiлiктi бюджетке түсетiн түсiмдердiң толықтығы мен уақтылылығының қамтамасыз етiлуiн, сондай-ақ жергiлiктi бюджетке түсетiн түсiмдердiң артық (қате) төленген сомаларын қайтарудың және (немесе) есепке жатқызудың дұрыстығын;
      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасының сақталуын;
      жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы заңға (облыстық мәслихаттың шешіміне) сәйкес шығыстардың жекелеген бағыттарын жергілікті бюджеттен қаржыландырудың көлемін бақылау;
      3) жергiлiктi атқарушы органдарға, мемлекеттiк органдарға және мемлекеттiк қаржылық бақылау объектiлерiне жiберiлген ұсынымдар мен тапсырмалардың орындалуын мониторингілеу мен бақылау;
      4) облыстық және облыстағы аудандық (қалалық) мәслихаттарға осы Ереженiң 4-тарауында белгiленген мерзiмде жергiлiктi бюджеттiң атқарылуы туралы өзiнiң мазмұны бойынша тиісті әкiмшiлiк-аумақтық бірліктің жергiлiктi атқарушы органының тиiстi есебiне қорытынды болып табылатын жылдық есептi ұсыну;
      5) Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасын жетiлдiру жөнiнде ұсынымдар енгiзу;
      6) Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің сұратуы бойынша жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы ақпарат ұсыну;
      7) "Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы № 221 Заңының талаптарына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін тіркейді, қарайды, есебін жүргізеді.
      18. Тексеру комиссиясының құқықтары мен міндеттері:
      Тексеру комиссиясы:
      1) Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiне мемлекеттiк бағдарламаларды бiрлескен (қосарлас) бақылауды жүзеге асыру жөнiнде ұсыныстар енгiзуге;
      2) жергiлiктi бюджеттерге нысаналы трансферттер, кредиттер және қарыздар түрiнде бөлiнген республикалық бюджет қаражатын пайдалану мәселелерi бойынша Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетi жүргiзетiн бақылау iс-шараларына қатысуға;
      3) лауазымды адамдардың кiнәсiнен болған бұзушылықтар анықталған жағдайда, тиiстi мемлекеттiк органдарға немесе оларды тағайындаған адамдарға осы лауазымды адамдардың атқарып отырған лауазымдарға сәйкестiгi туралы ұсыныстар енгiзуге;
      4) Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлеттiк берген iшкi бақылау жөнiндегi орган жергiлiктi бюджеттiң атқарылуы бөлiгiнде жүргiзген бақылау нәтижелерi бойынша қабылданған актiлердi сұратуға;
      5) мемлекеттiк органдардан, мемлекеттiк қаржылық бақылау объектiлерiнен, жеке және заңды тұлғалардан құпиялылық режимiнiң, қызметтiк, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, бақылауды жоспарлауға және жүргiзуге қажеттi құжаттарды, анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсiнiктемелердi сұратуға және алуға;
      6) "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде көзделген өкілеттіктер шегінде әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар толтыруға;
      7) бақылауды жүргiзуге мемлекеттiк органдардың тиiстi мамандарын, сондай-ақ қажет болғанда жергiлiктi бюджеттен олардың көрсеткен қызметтерiне ақы төлей отырып, аудиторлық ұйымдарды, сарапшыларды тартуға;
      8) бақылау объектiсiнен құжаттандыру және сақтандыру мәселелерiн реттейтiн Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтай отырып, бақылау қорытындысын растайтын тиiстi материалдарды (дәлелдемелердi) кедергiсiз алуға;
      9) бақылау объектiлерi лауазымды адамдарының сыртқы мемлекеттiк қаржылық бақылауды жүргiзуге байланысты мәселелер бойынша есептерiн тыңдауға құқылы.
      Тексеру комиссиясы:
      1) Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiн лауазымды адамдардың сақтамауының анықталған фактiлерi бойынша, сондай-ақ тиiмдiлiктi бақылау нәтижелерi бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің мәслихаттарына ұсыныстар енгiзуге;
      2) бақылау объектiсiнiң лауазымды адамдарының iс-әрекеттерiнде қылмыстар немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар белгiлерi анықталған жағдайда, бақылау материалдарын құқық қорғау органдарына немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органдарға беруге;
      3) бақылау және талдамалық iс-шаралар барысында анықталған (анықталатын) бұзушылықтарды болғызбау жөнiнде шаралар қабылдауға;
      4) бақылау объектілеріне жүргізілген бұрынғы тексерулердің және мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының ұсынымдары мен ұсыныстары бойынша қабылданған шаралардың нәтижелерін талдауға және ішкі бақылау қызметтерінің қызметіне баға беруге міндетті.

3. Тексеру комиссиясының қызметін ұйымдастыру және оның лауазымды адамдарының өкілеттіктері

      19. Тексеру комиссиясына басшылықты Тексеру комиссиясының төрағасы жүзеге асырады, ол Тексеру комиссиясына жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз функцияларын жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
      20. Тексеру комиссиясының төрағасын мәслихат хатшысының ұсынысы бойынша облыстық мәслихат бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды және қызметінен босатады.
      21. Тексеру комиссиясы төрағасының өкілеттіктері:
      1) Тексеру комиссиясына жалпы басшылықты жүзеге асырады және оның жұмысын ұйымдастырады;
      2) Тексеру комиссиясына жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз функцияларын жүзеге асыруына, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарының орындалуына және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауда Қазақстан Республикасының Заңдарында көзделген жауаптылықта болады;
      3) Тексеру комиссиясының жылдық және тоқсандық жұмыс жоспарларын бекітеді;
      4) Тексеру комиссиясының лауазымды адамдарының арасындағы міндеттерді бөледі;
      5) Қазақстан Республикасының өзге мемлекеттiк органдарында, ұйымдарында және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде Тексеру комиссиясының атынан өкiлдiк етедi;
      6) бекiтiлген штат саны және облыстық бюджетте көзделген қаражат шегiнде Тексеру комиссиясы аппаратының құрылымы мен штат кестесiн бекiтедi;
      7) "Мемлекеттiк қызмет туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі Заңына сәйкес Тексеру комиссиясы аппаратының қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      8) "Мемлекеттiк қызмет туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі Заңында белгiленген тәртiппен Тексеру комиссиясы аппаратының қызметкерлерiне тәртiптiк жаза қолданады;
      9) өз құзыретi шегiнде бұйрықтар шығарады, нұсқаулар бередi, олардың орындалуын тексередi, Тексеру комиссиясының отырыстарында қабылданған қаулыларға және өзге де актiлерге, сондай-ақ Тексеру комиссиясы мүшелерiнің бақылау жүргiзуге арналған тапсырмаларына қол қояды;
      10) Тексеру комиссиясы қызметiнiң регламентiн бекiтедi;
      11) Тексеру комиссиясының жылдық (тоқсандық) жұмыс жоспары шеңберiнде жүзеге асырылатын бақылау iс-шараларының жоспарларын бекiтедi, бақылаудың кезеңдiлiгi мен ұзақтығын айқындайды;
      12) Тексеру комиссиясының мүшелерiне бақылау жүргiзуге тапсырмалар бередi;
      13) Тексеру комиссиясының құзыретi шегiнде бақылау iс-шараларын жүргiзуге қатысатын Тексеру комиссиясы аппараты қызметкерлерiнiң тобын айқындайды;
      14) Тексеру комиссиясы аппараты қызметкерлерi қызметiнiң, олар жүргiзген бақылаудың, оның iшiнде мемлекеттiк қаржылық бақылау стандарттарына сәйкес бақылау объектiсiнде бола отырып жүргiзген бақылаудың жекелеген бағыттарының сапасына бақылау жүргiзудiң қажеттiгiн айқындайды;
      15) жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуын және мемлекет активтерiнiң пайдаланылуын бақылау мәселелерiне қатысты құжаттамамен құпиялылық режимiнiң, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, кедергiсiз танысады;
      16) бақылау объектiлерiнен бақылау iс-шараларын жүргiзуге байланысты мәселелер бойынша қажеттi анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсiнiктемелердi талап етедi және өзi белгiлеген мерзiмде алады;
      17) Тексеру комиссиясы мүшелерiнiң кандидатуралары бойынша оларды тағайындау, сондай-ақ қызметiнен босату кезінде облыстық мәслихаттың қарауына ұсыныстар енгiзеді;
      18) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бірліктің мәслихатына аудан (қала) бюджетiнiң атқарылуы туралы жылдық есептi ұсынуды Тексеру комиссиясы мүшелерiнiң бiрiне жүктейдi;
      19) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бірліктің облыс (қала) және аудан (облыстық маңызы бар қала) әкiмдiгiнiң отырыстарына қатысуға құқылы;
      20) Тексеру комиссиясы төрағасының жанынан консультативтiк-кеңесшi және консультативтiк-сараптамалық органдар құрады;
      21) өзi болмаған жағдайда, Тексеру комиссиясы төрағасының мiндетiн Тексеру комиссиясы мүшелерiнiң бiрiне жүктейдi;
      22) "Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы № 221 Заңының талаптарына сәйкес жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкiлдерiн жеке қабылдау жүргізеді;
      23) Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      22. Тексеру комиссиясының мүшелерін Тексеру комиссиясы төрағасының ұсынысы бойынша облыстық мәслихат бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды және қызметінен босатады.
      23. Тексеру комиссиясы мүшелерінің өкілеттіктері:
      1) Тексеру комиссиясының бақылау, сараптамалық-талдамалық, ақпараттық және өзге де қызметiн ұйымдастырады және жүзеге асырады;
      2) өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтайды, тексерiлетiн бақылау объектiлерiнiң жұмыс iстеуiне кедергi жасамауы және олардың ағымдағы шаруашылық қызметiне араласпауы тиіс;
      3) жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуын бақылау мәселелерiне қатысты құжаттамаға құпиялылық режимiнiң, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, кедергiсiз қол жеткiзе алады;
      4) бақылау объектiлерiнен бақылау iс-шараларын жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша қажеттi анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсiнiктемелердi талап етедi және өздерi белгiлеген мерзiмдерде алады;
      5) өз құзыретi шегiнде өздерi жетекшiлiк ететiн қызмет бағыттарының мәселелерi бойынша өз бетiнше шешiм қабылдайды;
      6) бақылауды тиімді ұйымдастыру үшін қажетті ресурстардың көлемін айқындай отырып, өз құзыреті шегінде бақылау бағдарламаларын бекітеді, бақылау қызметін ұйымдастыру бойынша міндеттердің бөлінуіне сәйкес ұсынымдарға қол қояды;
      7) Тексеру комиссиясы аппаратының қызметкерлерiне бекiтiлген жұмыс жоспарына сәйкес бақылау iс-шараларын жүргiзуге тапсырмалар бередi;
      8) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бірліктің облыс (қала) және аудан (облыстық маңызы бар қала) әкiмдiгiнiң отырыстарына қатысуға құқылы;
      9) "Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы № 221 Заңының талаптарына сәйкес жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкiлдерiн жеке қабылдау жүргізеді;
      10) Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      24. Өз өкiлеттiктерiн iске асыру үшiн Тексеру комиссиясының төрағасы мен мүшелерi:
      1) бақылау нәтижелерi бойынша актiлердi қабылдайды;
      2) бақылау актiлерi негiзiнде бақылау нәтижелерi туралы қорытындылар жасайды;
      3) Тексеру комиссиясының қаулыларын қабылдайды;
      4) мемлекеттiк органдарға, ұйымдарға және лауазымды адамдарға жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуы бойынша жұмыстағы анықталған бұзушылықтарды, кемшiлiктердi жою туралы, құқық қорғау органдарына –Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген жауаптылыққа тарту мәселелерi бойынша қаулылар немесе ұсынымдар жолдайды.
      25. Анықталған кемшiлiктердi жою, мемлекетке келтiрiлген залалдың орнын толтыру және Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуына кiнәлi лауазымды адамдарды жауаптылыққа тарту жөнiнде мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың басшыларына жiберiлген Тексеру комиссиясының қаулылары мен ұсынымдары оларда белгiлеген мерзiмдерде немесе, егер мерзiмi көрсетiлмеген болса, оларды алған күннен бастап жиырма күн iшiнде қаралуы тиiс.
      Тиiстi мемлекеттiк орган және ұйым қаулы мен ұсыным бойынша қабылданған шешiм туралы және оны iске асыру жөнiндегi шаралар туралы Тексеру комиссиясын дереу хабардар етедi.
      26. Тексеру комиссиясының төрағасы мен мүшелерiне облыстық мәслихат хатшысы қол қоятын, белгіленген үлгідегі куәлiктер берiледi.
      27. Тексеру комиссиясы төрағасының немесе мүшесінің жұмыстан босату туралы өтініші оның себебі көрсетіле отырып, облыстық мәслихатқа беріледі.
      28. Тексеру комиссиясы мүшесінің жұмыстан босату туралы өтініші Тексеру комиссиясының төрағасын алдын ала хабардар ете отырып беріледі.
      29. Облыстық мәслихат Тексеру комиссиясы төрағасының немесе мүшесінің өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасында көзделген жағдайларда тоқтатады.
      30. Тексеру комиссиясының төрағасы немесе мүшесi лауазымына жоғары бiлiмi және мемлекеттiк басқару, экономика, қаржы, құқық саласында кемiнде жетi жыл тәжiрибесi бар Қазақстан Республикасының азаматы тағайындалады.
      31. Тексеру комиссиясы төрағасының, мүшесiнiң қызметі олар осы қызметтен кеткен немесе осы қызметте болу мерзiмi аяқталған күннен бастап екi ай iшiнде ауыстырылады.
      Тексеру комиссиясының төрағасы, мүшесi атқаратын қызметтерiнде болу мерзiмi аяқталғаннан кейiн оларды ауыстырғанға дейiн міндеттерін атқарушы ретiнде өз қызметін жүзеге асыруды жалғастырады.
      32. Тексеру комиссиясының бақылау іс шараларын, сапаны бақылауды, сараптамалық талдамалық, ақпараттық, құқықтық, консультативтік, ұйымдастырушылық және өзге де қызметті жүргізуін қамтамасыз етуді Тексеру комиссиясының аппараты жүзеге асырады, ол "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінен (бұдан әрі-аппарат қызметкерлері) тұрады.
      33. Аппарат қызметкерлерiнiң құқықтары, мiндеттерi мен жауаптылығы, сондай-ақ олардың мемлекеттiк қызметтi өткеру жағдайлары мемлекеттiк қызмет туралы заңнамамен, еңбек заңнамасымен, осы Ережемен айқындалады.
      34. Тексеру комиссиясы аппаратының қызметкерлерi "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 25-2-бабының 5-тармағына сәйкес кейiннен сертификатталу арқылы бiлiктiлiктерін арттырудан өтуге міндетті.
      35. Тексеру комиссиясының қызметi тек қана Тексеру комиссиясының төрағасы бекiтетiн жылдық және тоқсандық жоспарларға сәйкес жүзеге асырылады.
      36. Бекiтiлген жұмыс жоспарлары ақпарат үшiн Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiне, сондай-ақ оның сұратуы бойынша бекiтiлген жоспарларға енгiзiлген өзгерiстер туралы мәлiметтер жiберiледi.
      37. Сапаны бақылауды қоспағанда, Тексеру комиссиясының жылдық және тоқсандық жоспарлары бақылауды жүзеге асыру үшiн негiз болып табылады.
      38. Бақылау қызметiн жоспарлау мен жүргізу Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 145-бабының 4-3-тармағына сәйкес Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетi бекiтетiн тәуекелдердi басқарудың үлгi жүйесi негiзiнде жүзеге асырылады.
      39. Облыстың Тексеру комиссиясының бақылау iс-шараларының жылдық жоспары әрі облыстық бюджеттен, облыстың құрамына кіретін аудандар (облыстық маңызы бар қала) бюджеттерiнен қаржыландырылатын бақылау объектілерін, әрі жергiлiктi бюджетке түсетiн түсiмдердiң толықтығы мен уақтылылығын, сондай-ақ жергiлiктi бюджетке түсiмдердiң артық (қате) төленген сомаларын қайтарудың және (немесе) есептеудiң дұрыстығын бақылауды жүзеге асыратын, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын бақылау объектiлерiн қамтуы тиіс.
      40. Тексеру комиссиясы өзiнiң бақылау қызметiн жүзеге асыру кезiнде бақылау объектiсiнен тәуелсiз болады. Тексеру комиссиясының тәуелсiздiгi:
      1) Тексеру комиссиясының қызметiне мемлекеттiк органдардың және өзге ұйымдардың заңсыз араласуына жол бермеу;
      2) мемлекеттiк органдардың сұратуы бойынша Тексеру комиссияларының қызметкерлерiн Тексеру комиссиясының жұмыс жоспарларында көзделмеген тексерулердi жүргiзуге тартуға жол бермеу;
      3) өз қызметiн жүзеге асыру үшiн тиiстi жағдайлар жасау;
      4) Тексеру комиссиясының қызметін Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген шекте және тәртіппен жеткілікті мөлшерде қаржыландыру жолымен қамтамасыз етіледі.
      41. Мемлекеттік органдар Тексеру комиссиясының қаржылық қызметiн бақылауды облыстық мәслихаттың келiсiмiмен немесе тапсырмасы бойынша жүзеге асырады.
      42. Бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар Тексеру комиссиясына оның мiндеттерiн орындауда жәрдем көрсетедi, құпиялылық режимiнiң сақталуын ескере отырып, өздерi жүргiзген тексерулердiң нәтижелерi туралы ақпаратты оның сұратуы бойынша бередi.
      43. Тексеру комиссиясының шешiмдерiн қабылдау алқалы түрде отырыста жүзеге асырылады.
      44. Тексеру комиссиясының отырысында Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiне ұсынылатын ақпараттың және тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бірліктің мәслихаттарына ұсынылатын есептердiң құрылымы, мазмұны мақұлданады, бақылау iс-шараларының қорытындылары, жоспарлау, әдiснама мәселелерi, алқалы шешiмдi талап ететiн өзге де мәселелер қаралады.
      45. Тексеру комиссиясының отырыстары ашық немесе жабық түрде өтедi. Тексеру комиссиясының шешiмдерi Тексеру комиссиясының отырысқа қатысушы құрамының жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда, төрағалық етушi дауыс берген шешiм қабылданды деп есептеледi.
      46. Тексеру комиссиясының отырыстарын жүргiзудiң тәртiбi, жұмысты ұйымдастыру мәселелерi және жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуын және мемлекет активтерiнiң пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз ету жөнiндегi басқа да мәселелер Тексеру комиссиясының регламентiмен айқындалады.

4. Тексеру комиссиясының есептілігі

      47. Тексеру комиссиясы жыл сайын есептi қаржы жылындағы жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуы туралы есеп (бұдан әрi – жылдық есеп) жасайды.
      48. Жылдық есеп:
      1) облыстық бюджеттің, тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бірліктің, аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнiң негiзгi параметрлерiнiң орындалуын;
      2) жергiлiктi бюджеттердiң түсiмдерi мен шығыстарын;
      3) аумақтарды дамыту бағдарламаларының, оның iшiнде өткен кезеңдегілерінің және жергiлiктi бюджеттiк бағдарламалардың iске асырылуын;
      4) жергiлiктi бюджет қаражатының, оның iшiнде нысаналы трансферттер мен бюджеттiк кредиттердiң, байланысты гранттардың, жергiлiктi атқарушы органдардың қарыздарының, жергiлiктi бюджеттiк инвестициялық жобаларды қоса қаржыландырудың және мемлекет активтерiнiң пайдаланылуын;
      5) бақылау объектiлерiнiң есепке алу және есептiлiктi жүргiзуiнiң анықтығы мен дұрыстығын бағалауды қамтиды.
      49. Жылдық есепте тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бірліктің жергiлiктi атқарушы органының жергiлiктi бюджеттiң атқарылуы туралы есебi жөнiнде қорытынды берiледi, Тексеру комиссиясының есептi жылдағы қызметiнiң негiзгi көрсеткiштерi, анықталған қаржылық бұзушылықтардың құрылымы, сондай-ақ есептi жылы қаулылар мен ұсынымдардың орындалғаны туралы сандық деректер және олардың атқарылғаны туралы ақпарат көрсетiледi.
      50. Тексеру комиссиясы мақұлдаған жылдық есеп ағымдағы жылдың 20 мамырына дейін облыстық мәслихатқа, 20 сәуiрге дейiн аудандық (облыстық маңызы бар қалалық) мәслихатқа қарауға және бекiтуге жiберiледi. Жылдық есептi мәслихатқа ұсынуды Тексеру комиссиясының төрағасы жүзеге асырады.
      Тексеру комиссиясы төрағасының шешiмi бойынша облыс бюджетiнiң атқарылуы туралы жылдық есептi қоспағанда, аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнiң атқарылуы туралы жылдық есептi мәслихатқа ұсыну Тексеру комиссиясы мүшелерiнiң бiрiне жүктелуi мүмкiн.
      51. Жылдық есеп мәслихат бекiткеннен кейiн "Мемлекеттік құпиялар туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 15 наурыздағы Заңының талаптары сақтала отырып, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға жатады.
      52. Тексеру комиссиясының жұмыс тәртібі бес күндік жұмыс аптасынан құралады. Өндірістік қажеттілік туындаған жағдайда тексеру комиссиясы қызметкерлері демалыс және мереке күндері еңбекке тартылуы мүмкін, бұл ретте еңбекақы төлемі қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізіледі.

5. Тексеру комиссиясының мүлкі

      53. Тексеру комиссиясының Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
      54. Тексеру комиссиясының мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптасады.
      55. Тексеру комиссиясына бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
      56. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, Тексеру комиссиясының өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иелігінен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
      57. Тексеру комиссиясы басшылығы мен оның еңбек ұжымының арасындағы өзара қарым қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен айқындалады.
      58. Тексеру комиссиясының төрағасын, мүшелерін және аппарат қызметкерлерін материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз ету, сондай-ақ оларға көліктік қызмет көрсету Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

6. Тексеру комиссиясын қайта ұйымдастыру және тарату

      59. Тексеру комиссиясын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

  Қызылорда облыстық мәслихатының
2014 жылғы 12 желтоқсандағы
№ 240 шешiмiне қосымша

Қызылорда облыстық мәслихатының жойылды деп танылған шешімдерінің тізбесі

      1. "Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясы" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы" Қызылорда облыстық мәслихатының 2013 жылғы 25 сәуірдегі № 104;
      2. "Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясы" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы" Қызылорда облыстық мәслихатының 2013 жылғы 25 сәуірдегі № 104 шешіміне өзгерістер енгізу туралы" Қызылорда облыстық мәслихатының 2013 жылғы 21 тамыздағы № 143 шешімдері жойылды деп танылсын.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады