Коммуналдық меншікке келіп түскен қараусыз қалған жануарларды келіп түсу және пайдалану қағидасын бекіту туралы

Күшін жойған

Қостанай облысы Арқалық қаласы әкімдігінің 2014 жылғы 27 қаңтардағы № 74 қаулысы. Қостанай облысының Әділет департаментінде 2014 жылғы 4 наурызда № 4471 болып тіркелді. Күші жойылды - Қостанай облысы Арқалық қаласы әкімдігінің 2014 жылғы 18 қарашадағы № 479 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Қостанай облысы Арқалық қаласы әкімдігінің 18.11.2014 № 479 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Азаматтық кодексіне, Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңының 18-бабының 22) тармақшасына және 31-бабына, Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 31-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына , Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2011 жылғы 18 сәуірдегі № 49-ө өкімінің 47-тармағына сәйкес Арқалық қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Коммуналдық меншікке келіп түскен қараусыз қалған жануарларды келіп түсу және пайдалану қағидасы бекітілсін.
      2. Осы қаулының орындалуын бақылау қала әкімінің орынбасары Е.О. Теменовке жүктелсін.
      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қала әкімі                                 Ғ. Бекмұхамедов

Арқалық қаласы әкімдігінің   
2014 жылғы 27 қаңтардағы № 74 
қаулысымен бекітілген     

Коммуналдық меншікке келіп түскен қараусыз қалған
жануарларды келіп түсу және пайдалану қағидасы

1. Жалпы ережелер

      1. Осы қағида Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Азаматтық Кодексіне, "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңына, "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2011 жылғы 18 сәуірдегі № 49-ө өкімінің 47-тармағына сәйкес әзірленді және коммуналдық меншікке келіп түскен қараусыз қалған жануарларды келіп түсу және пайдалану тәртібін айқындайды.
      2. Өзінің бағуында және пайдалануында қараусыз қалған жануарлар болған адам өзінің бағуындағы жануарларды меншігіне алудан бас тартқан кезде олар қалалық коммуналдық меншікке түседі және Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 246-бабына және осы Қағидаға сәйкес пайдаланылады.

2. Қараусыз қалған жануарлардың қалалық
коммуналдық меншікке келіп түсу тәртібі

      3. Қараусыз қалған жануарлардың қалалық коммуналдық меншікке келіп түсуі қабылдау-тапсыру актісі Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2010 жылғы 3 тамыздағы № 393 "Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есеп жүргізу ережесін бекіту туралы" бұйрығына сәйкес қабылдау-тапсыру актісі негізінде жүзеге асырылады. Қабылдау-тапсыру актісі қараусыз қалған жануарларды тапсырған тұлғаның, ауыл, ауылдық округ әкімінің (бұдан әрі - әкім), "Арқалық қаласы әкімдігінің ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – ветеринария бөлімі) және "Арқалық қаласы әкімдігінің қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – қаржы бөлімі) жауапты қызметкерлерінің қатысуымен жасалады. Қабылдау-тапсыру актісін қаржы бөлімінің басшысы немесе оны алмастыратын лауазымды тұлға бекітеді.
      Қабылдау-тапсыру актісінде міндетті түрде қалалық коммуналдық меншікке келіп түсетін қараусыз қалған жануарлардың тұқымы, түр-түсі, жынысы, күйі және саулығы көрсетілуі тиіс.

3. Қараусыз қалған жануарларды уақытша күтімге алу

      4. Қалалық коммуналдық меншікке келіп түскен қараусыз қалған жануарлар оларды уақытша күтімге алу үшін жеке адамдарға не шаруа немесе фермер қожалықтарына немесе мемлекеттік заңды тұлғалардың қосалқы шаруашылықтарына 6 (алты) айға дейінгі мерзімге шарт негізінде бекітіліп беріледі.
      5. Әкім қараусыз қалған жануарларды уақытша күтімге алатын тұлғаларды анықтау кезінде олардың жануарларды күтімге алу жағдайына алдын-ала зерттеу жүргізеді.
      Қараусыз қалған жануарларды уақытша күтімге алушы тұлғаны анықтау кезінде міндетті түрде күтімге алатын тұлғаның жануарды бағып-күтетін орын-жайының (қорасы, ауласы), құрал-сайманының болуы ескерілуі тиіс.
      Зерттеу қорытындылар қаржы бөліміне жолданады.
      6. Қараусыз қалған жануарларды уақытша күтімге алушыны қаржы бөлімі анықтайды. Егер әкім өткізген зерттеу кезінде 5-тармақта көрсетілген шарттарға екі және одан артық жеке немесе заңды тұлға сәйкес келсе, қараусыз қалған жануардың демалу, ұйықтау, жүріп-тұру мүмкіндігіне арналған үлкен алаңы (қажетті орын-жай) бар тұлғаға артықшылық көрсетіледі.
      7. Қаржы бөлімі қараусыз қалған жануарларды уақытша күтімге алған тұлғамен Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 1 шілдедедегі № 409 Азаматтық кодексіне (негізгі бөлімі) сәйкес шарт жасасады.
      8. Қараусыз қалған жануарларды күтімге алу шығыны күтуші тұлғаға қаржы бөлімімен жергілікті бюджет есебінен өтеледі. Өтеу шығынына нарықтық бағамен белгіленген зоотехникалық нормаға негізделген жем-шөптің құны және күтушінің жалақысы кіреді. Күтушінің жалақысының мөлшері Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен жалақының ең төменгі мөлшеріне тең болу тиіс. Өтеу шығынынан қараусыз қалған жануарларды күтімге алу кезеңінде олардан түскен пайда нарықтық бағамен есептеп шегеріледі.
      9. Қараусыз қалған жануарларды күтімге алған тұлға олардың өлім-жітімі мен жарамсыздығына кінәсі сот арқылы дәлелденген жағдайда, сол жануардың құны мөлшерінде материалдық жауапты болады.
      10. Қалалық коммуналдық меншікке келіп түскен қараусыз қалған жануарларды ветеринариялық-санитариялық бақылау және жұқпалы ауруларға қарсы егу іс-шаралары ветеринария бөлімінің қадағалауымен жүзеге асырылады. Ветеринариялық-санитариялық бақылау және егу шығындары жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады.

4. Қараусыз қалған жануарларды бағалау,
есепке алу және бекітіп беру

      11. Қалалық коммуналдық меншікке түскен қараусыз қалған жануарларды одан әрі пайдалану үшін оларды қалалық коммуналдық мүліктер тізбесіне енгізу және бағалау (қайта бағалау) жүргізіледі. Тізбеге енгізу және бағалау (қайта бағалау) жөніндегі жұмыстарды қаржы бөлімі жүзеге асырады.
      12. Бағалау жүзеге асырылғаннан кейін қараусыз қалған жануарлар қалалық әкімдіктің қаулысы негізінде тиісті әкім аппараттарының теңгеріміне бекітіліп беріледі. Теңгерімге алу Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2010 жылғы 3 тамыздағы № 393 "Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есеп жүргізу ережесін бекіту туралы" бұйрығы бойынша қабылдау-тапсыру актісі негізінде жүргізіледі.

5. Қараусыз қалған жануарларды одан әрі пайдалану

      13. Қалалық коммуналдық меншікке келіп түскен қараусыз қалған жануарлар мынадай тәсілдердің біреуімен пайдаланылады:
      1) қосалқы шаруашылықтары бар мемлекеттік заңды тұлғалардың теңгеріміне өтеусіз беру;
      2) аукцион арқылы сату;
      3) сауда ұйымдары арқылы сату;
      4) жануарларды (ауыл шаруашылығы жануарлары мен үй құстарынан басқа) қорғайтын арнайы орындарға өтеусіз беру.
      14. Қалалық коммуналдық меншікке келіп түскен қараусыз қалған жануарларды одан әрі пайдалану тәсілін әрбір нақты жағдайда қалалық әкімдіктің қаулысымен құрылған комиссия (бұдан әрі - комиссия) қараусыз қалған жануарлар уақытша күтімге берілген мерзім ішінде шешеді. Комиссия шешімі хаттамамен ресімделеді.

6. Қараусыз қалған жануарларды бұрынғы
меншік иесіне қайтару

      15. Қараусыз қалған жануарлар қалалық коммуналдық меншікке өткеннен кейін олардың бұрынғы меншік иесі келген жағдайда, осы қараусыз қалған жануарлардың бұрынғы меншік иесіне үйірсектігі сақталғанын немесе жаңа меншік иесінің оларға қатал не өзгедей мейірімсіз қарағанын дәлелдейтін мән-жайлар анықталған жағдайда комиссияның келісімімен, ал келісімге қол жеткізілмеген жағдайда сот шешімімен қайтарылуға жатады. Қараусыз қалған жануардың бұрынғы меншік иесіне жергілікті бюджет қаражатынан құнын өтеуді жүргізуге болмайды.
      16. Қараусыз қалған жануарларды қайтару бұрынғы меншік иесінің оларды бағуға байланысты шығынды жергілікті бюджет кірісіне қараусыз қалған жануарларды пайдаланудан алынған табысты шегере отырып, өтегеннен кейін жүзеге асырылады.
      17. Қараусыз қалған жануарлар бұрынғы меншік иесінен оларды қайтару жөнінде өтініш түскенге дейін сатылып кеткен немесе басқа меншік иесіне өтеусіз беріліп кеткен жағдайда, қараусыз қалған жануарларды сатудан түскен түсім немесе оның құны жергілікті бюджет есебінен өтеледі. Бұл жағдайда қараусыз қалған жануарды бағуға байланысты жұмсалған қаржының мөлшері шегеріледі.
      18. Қараусыз қалған жануарларды қайтару немесе оның құнын өтеу бұрынғы меншік иесі мен қаржы бөлімі арасында жасалатын шартпен ресімделеді.

7. Қорытынды ережелер

      19. Қараусыз қалған жануарларды сатудан түскен қаражат Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 9 тамыздағы № 920 "Жекешелендіру объектілерін сату қағидасын бекіту туралы" қаулысына сәйкес жергілікті бюджет кірісіне толық есептеледі.
      20. Қараусыз қалған жануарларды есепке алумен, бағалаумен, сатумен және өтеусіз берумен байланысты шығындар жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады