РҚАО-ның ескертпесі.
Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына және Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 3 желтоқсандағы "Мәслихаттың үлгі регламентін бекіту туралы" Жарлығына сәйкес, Кентау қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Қоса беріліп отырған Кентау қалалық мәслихатының регламенті бекітілсін.
2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қалалық мәслихатының сессия төрағасы | Е.Аринов |
Қалалық мәслихатының хатшысы | К.Сырлыбаев |
Кентау қалалық мәслихатының 2014 жыл 25 ақпандағы № 150 шешімімен бекітілген |
Кентау қалалық мәслихатының регламенті
1 бөлім. Жалпы ережелер
1. Кентау қалалық мәслихатының осы үлгі регламенті (бұдан әрі – регламент) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 9-бабына сәйкес әзірленді және мәслихат сессияларын, оның органдарының отырыстарын өткізу, оларға мәселелер енгiзу және қарау, мәслихат органдарын құру және сайлау, олардың қызметi туралы есептердi, халық алдында мәслихаттың атқарған жұмысы және оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы есептерді тыңдау, депутаттардың сауалдарын қарау тәртiбiн, мәслихаттағы депутаттық бiрлестiктердiң өкiлеттiктерiн, қызметiн ұйымдастыруды, сондай-ақ дауыс беру, аппарат жұмысының тәртiбiн және басқа да рәсiмдiк және ұйымдастырушылық мәселелерін белгілейді.2. Кентау қалалық мәслихаты (жергілікті өкілді орган) – қала халқы сайлайтын, халықтың еркін білдіретін және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны іске асыру үшін қажетті шараларды айқындайтын және олардың жүзеге асырылуын бақылайтын сайланбалы орган. Мәслихат заңды тұлға құқығын иеленбейді.
3. Қалалық мәслихаттың қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.
2 бөлім. Қалалық мәслихат сессияларын өткізу тәртібі
1 тарау. Қалалық мәслихат сессиялары
4. Қалалық мәслихат қызметінің негізгі нысаны сессия болып табылады, онда Қазақстан Республикасының заңдары бойынша оның құзыретіне жатқызылған мәселелер шешіледі.Егер қалалық мәслихаттың сессиясына қалалық мәслихат депутаттарының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, ол заңды. Сессия жалпы отырыс нысанында өткізіледі.
Қалалық мәслихаттың шешімі бойынша сессия жұмысында мәслихат белгілеген мерзімге, бірақ күнтізбелік он бес күннен аспайтын үзіліс жариялануы мүмкін. Сессияның ұзақтығын мәслихат айқындайды.
Қалалық мәслихаттың әрбір отырысының алдында қатысып отырған депутаттарды тіркеу жүргізіледі, оның нәтижесін сессияның төрағасы отырыс басталардан бұрын жария етеді.
Қалалық мәслихаттың сессиясы, әдетте, ашық сипатта болады. Егер бұған қатысып отырған депутаттардың жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, жабық сессияларды өткізуге мәслихат сессиясы төрағасының немесе мәслихат сессиясына қатысып отырған депутаттар санының үштен бір бөлігінің ұсынысы бойынша жол беріледі.
5. Жаңадан сайланған қалалық мәслихаттың бірінші сессиясын депутаттардың қалалық мәслихат үшін белгіленген санының кемінде төрттен үш бөлігі болған кезде, мәслихат депутаттары тіркелген күннен бастап отыз күндік мерзімнен кешіктірмей қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы шақырады.
6. Қалалық мәслихаттың бірінші сессиясын сайлау комиссиясының төрағасы ашады және оны мәслихат сессиясының төрағасы сайланғанға дейін жүргізеді.
Қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы депутаттарға сессия төрағасының кандидатурасын енгізуді ұсынады, ол бойынша ашық дауыс беру жүргізіледі. Депутаттардың жалпы санының көпшілік даусын жинаған кандидат сайланған болып есептеледі.
7. Қалалық мәслихаттың кезекті сессиясы кемінде жылына төрт рет шақырылады және оны қалалық мәслихат сессиясының төрағасы жүргізеді.
Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қалалық мәслихатының 27.03.2015 № 227 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
8. Қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясын қалалық мәслихатқа сайланған депутаттар санының кемінде үштен бірінің, сондай-ақ қала әкімнің ұсынысы бойынша қалалық мәслихат сессиясының төрағасы шақырады және жүргізеді.
Кезектен тыс сессия оны өткізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бес күндік мерзімнен кешіктірілмей шақырылады. Кезектен тыс сессияда оны шақыруға негіз болған мәселелер ғана қаралады.
9. Қалалық мәслихаттың хатшысы мәслихат сессиясын шақыру уақыты мен оның өткізілетін орны, сондай-ақ сессияның қарауына енгізілетін мәселелер туралы депутаттарға, халыққа және қала әкіміне сессияға кемінде он күн қалғанда, ал кезектен тыс сессия шақырылған жағдайда, кемінде үш күн бұрын хабарлайды.
Қалалық мәслихаттың хатшысы сессияның қарауына енгізілетін мәселелер бойынша қажетті материалдарды депутаттарға, халыққа және қала әкіміне сессияға кемінде бес күн қалғанда, ал кезектен тыс сессия шақырылған жағдайда, кемінде үш күн бұрын табыс етеді.
10. Регламентте белгіленген тәртіппен мәслихат сессияларын, мәслихаттың тұрақты комиссияларының және өзге де органдарының отырыстарын өткізу кезеңінде қалалық депутат қызметтік міндеттерін орындаудан босатылады, оған қалалық бюджеттің қаражаты есебінен негізгі жұмыс орны бойынша орташа жалақысы, бірақ көрсетілген қызметте бір жылға дейінгі жұмыс өтілі бар қала әкімі аппаратының басшысы жалақысынан аспайтын мөлшерде және жол жүру уақыты ескеріліп, мәслихаттың сессиялары, тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарының отырыстары өтетін мерзімдегі іссапар шығыстары өтеледі.
11. Сессияның күн тәртібін қалалық мәслихат жұмысының перспективалы жоспарының, мәслихат хатшысы, қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен өзге де органдары, депутаттар топтары мен депутаттар, қала әкімі ұсынған мәселелердің негізінде сессияның төрағасы қалыптастырады.
Сессияның күн тәртібіне ұсыныстарды сессияның төрағасына жергілікті қоғамдастықтың жиналыстары, қоғамдық ұйымдар ұсынуы мүмкін.
Сессияның күн тәртібін талқылау барысында ол толықтырылуы және өзгертілуі мүмкін. Сессияның күн тәртібін бекіту туралы мәслихат шешім қабылдайды.
Күн тәртібі бойынша дауыс беру әрбір мәселе бойынша жеке өткізіледі. Егер мәселеге мәслихат депутаттарының көпшілігі дауыс берсе, ол күн тәртібіне енгізілді деп есептеледі.
12. Сессияға енгізілетін мәселелерді сапалы дайындау үшін мәслихат хатшысы сессияны дайындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуді уақтылы ұйымдастырады, оны қала әкімімен келісім бойынша сессия төрағасы бекітеді.
13. Мәслихаттың қарауына жататын мәселелер бойынша қалалық мәслихатының сессияларына қала әкімі, жұмысы туралы ақпарат сессияда қаралатын ұйымдардың басшылары мен өзге де лауазымды адамдары шақырылады. Сессияларға сессия төрағасының шақыруымен бұқаралық ақпарат құралдары, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуына жол беріледі.
14. Мәслихаттың отырысына шақырылған адамдар үшін мәжіліс залында арнайы орындар бөлінеді. Шақырылған адамдардың мәслихат сессиясының жұмысына араласуына, мәслихат сессиясының шешімдерін қолдайтынын немесе қолдамайтынын білдіруіне жол берілмейді.
Шақырылған адам тәртіпті өрескел бұзған жағдайда, сессия төрағасының шешімі немесе сессияға қатысып отырған депутаттардың көпшілігінің талабы бойынша мәжіліс залынан шығарылуы мүмкін.
15. Мәслихаттың отырыстары мәслихат айқындаған уақытта өткізіледі.
Сессия төрағасы өз бастамасы бойынша немесе депутаттардың дәлелді ұсыныстары бойынша үзілістер жариялай алады. Жалпы отырыстың соңында депутаттарға қысқа мәлімдемелер немесе хабарламалар жасау үшін уақыт беріледі, олар бойынша жарыссөз ашылмайды.
16. Мәслихат отырыстарында баяндамалар, қосымша баяндамалар, жарыссөзде сөйлеу үшін және отырыстарды өткізу тәртібі бойынша, кандидатураларды талқылау, дауыс беру, анықтамалар мен сұрақтар үшін сөз сөйлеу регламентін мәслихат айқындайды.
Баяндамалардың уақыты 30 минуттен, қосымша баяндамалар 20 минуттен, ақпараттар – 15 минуттен, қорытынды сөздер – 10 минуттен аспауы тиіс.
Жарыссөздерде сөйлегендерге 10 минутке дейін, жарыссөздерде қайталап сөйлегені үшін, сондай-ақ қалалық мәслихат шешімдерінің жобасын талқылау кезінде сөйлегені үшін – 5 минутке дейін, мәжілісті жүргізу тәртібі бойынша, дауыс беру рәсімі бойынша, кандидатураларды талқылау, арыз, ұсыныстар, өтініштер, сұрақтарға жауаптар, анықтамалар үшін – 3 минутке дейін беріледі.
Баяндамашылар мен қосымша баяндамашыларға сұрақтарға жауап беру үшін уақыт бөлінеді. Егер сөз сөйлеуші бөлінген уақыттан асып кетсе, сессия төрағасы оның сөзін тоқтатады немесе отырысқа қатысып отырған депутаттардың көпшілігінің келісімімен сөз сөйлеу уақытын ұзартады.
Қалалық мәслихат депутаты бір мәселе бойынша екі реттен артық сөйлей алмайды. Жарыссөздердегі депутаттық сауалдар, түсіндірме және сұрақтарға жауап беру үшін сөйлеу сөз сөйлеу деп есептелмейді. Сөйлеу құқығын басқа депутатқа беруге жол берілмейді.
Жарыссөз сессияға қатысып отырған депутаттардың көпшілігінің ашық дауыс беруімен тоқтатылады. Жарыссөзді тоқтату туралы мәселе қойылған кезде, сессия төрағасы сөз сөйлеуге жазылған және сөйлеген депутаттардың саны туралы хабарлайды, кімнің сөз алуды талап ететіндігін анықтайды.
17. Отырысты өткізу тәртібі бойынша сөз депутатқа сөз сөйлеп тұрған адамның сөзі аяқталған соң кезектен тыс беріледі. Сессия төрағасы анықтама, депутаттық сауал, сұраққа жауап және талқыланып отырған мәселе бойынша түсіндірме беру үшін кезектен тыс сөз бере алады.
Баяндамашыларға сұрақтар жазбаша немесе ауызша түрде беріледі. Жазбаша сұрақтар сессия төрағасына беріледі және мәслихат отырысында жария етіледі.
2 тарау. Қалалық мәслихат актілерін қабылдау тәртібі
18. Егер заңда өзгеше белгіленбесе, қалалық мәслихат өз құзыретінің мәселелері бойынша қалалық мәслихат депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен шешімдер қабылдайды.19. Шешімдердің жобалары сессия төрағасына немесе қалалық мәслихат хатшысына беріледі.
Сессияның төрағасы немесе қалалық мәслихаттың хатшысы қарауға қабылданған шешімдердің жобаларын барлық қажетті материалдарымен бірге тұрақты комиссияларға қарау және ұсыныстар дайындау үшін жолдайды. Бір мезгілде тұрақты комиссиялардың біріне мәслихат актісінің жобасы бойынша қорытынды, сессияға қосымша баяндама дайындау, қосымша ақпарат жинау және талдау жүргізу жүктелуі мүмкін.
Шешімдердің жобаларымен жұмыс істеу және басқа да мәселелерді дайындау үшін тұрақты комиссиялар жұмыс топтарын құра алады. Қажет болған жағдайда жұмыс тобының құрамына басқа тұрақты комиссиялардың депутаттары тартылуы мүмкін. Жұмыс тобының жұмысына кез келген депутат қатыса алады.
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, қала әкімдігінің ұсынымы бойынша қалалық мәслихат онымен бірлескен шешім қабылдайды.
20. Қалалық мәслихаттың жалпыға міндетті маңызы бар, азаматтардың құқығына, еркіндігі мен міндеттеріне қатысты шешімдері Әділет министрлігінің аумақтық органдарында мемлекеттік тіркелуге және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жариялануға тиіс.
21. Шешімдердің баламалы жобаларын қалалық мәслихат және оның органдары негізгі жобамен бірге қарайды. Сессияға мәселе дайындауға қатысушы тұрақты комиссиялар арасында келіспеушіліктер болған жағдайда, комиссиялардың төрағалары және сессия төрағасы оларды жою бойынша шаралар қабылдайды, қалған келіспеушіліктер қалалық мәслихаттың назарына жеткізіледі.
22. Сессияда мәселені қараған кезде баяндама, қажет болған жағдайда, тұрақты комиссиялардың, жұмыс топтары мен уақытша комиссиялардың қосымша баяндамалары тыңдалады.
Комиссияның баяндамасында жобаға енгізілген және қайтарылған ұсыныстар көрсетіледі, түзетулерді қабылдаудың немесе қайтарудың себептері дәлелденеді.
Қосымша баяндаманың ережелерімен немесе шешімнің жобасы бойынша қорытындылармен келіспейтін тұрақты комиссиялар, комиссиялардың және жұмыс топтарының жекелеген мүшелері өз пікірлерін қаралатын мәселе бойынша жалпы жарыссөз басталғанға дейін баяндай алады.
23. Шешімнің жобасын талқылау тармақтар бойынша жүргізіледі. Жобаларға түзетулер ұсынылып отырған өзгерістер немесе толықтырулар нақты тұжырымдалып, олардың шешім жобасының мәтініндегі орны көрсетіліп, жазбаша түрде беріледі. Осы талаптарды қанағаттандырмайтын түзетулер қарауға қабылданбайды.
24. Мәслихат сессиясы күн тәртібінің әрбір мәселесі бойынша шешім қабылдайды. Бір мәселе бойынша шешімдердің бірнеше нұсқасы енгізілген жағдайда, олардың әрқайсысы сессияға қатысып отырған депутаттарға беріледі.
Мәслихаттың уақытша комиссиясы болып табылатын редакциялық комиссия шешімдердің ұсынылған нұсқаларын қабылдау немесе кері қайтару туралы өзінің пікірін жеткізеді және дәлелдейді.
Шешімдердің енгізілген барлық жобалары дауысқа салынады. Жобалардың бірі негізге алынғаннан кейін депутаттар оған түзетулер қабылдау рәсіміне кіріседі.
25. Мәслихат шешімінің жобасына түзетулер болған жағдайда, дауыс беру мынадай ретпен жүзеге асыралады:
1) мәслихат шешімінің ұсынылған (пысықталған) жобасы негізге алынады, ол кері қайтарылған жағдайда, түзетулер бойынша одан әрі дауыс беру тоқтатылады;
2) негізге алынған жобаға кірмеген барлық түзетулер кезек бойынша дауысқа салынады;
3) сессия шешімі қабылданған түзетулерді ескере отырып, тұтастай дауысқа салынады. Шешімдердің қабылданбаған жобалары және оларға түзетулер бойынша ағымдағы сессияда қайта дауыс беруге жол берілмейді.
26. Түзетулер жеке-жеке дауысқа салынады, оларға дауыс берудің ретін төрағалық етуші айқындайды. Өзара қарама-қайшы келетін түзетулер бойынша дауыс беру алдында соңғысын төрағалық етуші оқиды. Түзету авторларының олардың мәні бойынша түсінік беріп немесе оларды талқылаудан алып тастау туралы ұсыныспен сөз сөйлеуіне жол беріледі.
Мәслихат шешімдеріне өзгерістер оларды қабылдау үшін белгіленген тәртіппен енгізіледі.
Сессиялардың хаттамалары сессиядан кейін бір айдан кешіктірілмей басылып, заңнамада белгіленген тәртіппен сақталады.
27. Жоспарлардың, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамыту бағдарламаларының, олардың орындалуы туралы есептердің, қаланы басқару схемаларының жобалары және қалалық мәслихат сессиясының қарауына шығарылатын басқа да мәселелер, сондай-ақ олар бойынша шешімдердің тиістілігіне қарай келісу бұрыштамалары қойылған, барлық қажетті материалдары қоса берілген қазақ және орыс тілдеріндегі жобалары қалалық мәслихатқа кезекті сессияға дейін үш апта бұрын қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының қарауына енгізіледі.
28. Қала бюджетінің жобасы қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларында қаралады. Қалалық мәслихаттың хатшысы бюджеттің жобасын қарау жөніндегі депутаттық уақытша жұмыс тобын құрады, оның құрамына мәслихат аппаратының қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қосылуы мүмкін.
Тұрақты комиссиялар уақытша жұмыс тобының пікірін ескере отырып, тиісті негіздемелермен және есептермен қалалық бюджеттің жобасы бойынша ұсыныстар әзірлейді және оларды ұсыныстарды жинау мен бюджетінің жобасы бойынша қорытынды әзірлеуді жүзеге асыратын бейінді тұрақты комиссияға жібереді.
Қалалық бюджет, облыстық бюджетті бекіту туралы облыстық мәслихаттың шешіміне қол қойылғаннан кейін екі апта мерзімнен кешіктірмей тиісті қалалық мәслихат бекітеді.
29. Мәслихаттың кезекті сессиясына тиісті жылға арналған жергілікті бюджетті нақтылауға қатысты жоспардан тыс мәселелер енгізілген жағдайда, материалдарды ұсыну бюджеттік заңнамада көзделген мерзімдерде жүзеге асырылады.
30. Қаланың бюджеті нақтыланған кезде қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында оны шақыру туралы шешім қабылданған күннен бастап екі күн ішінде тұрақты комиссияларда бюджетті нақтылауды қарау бойынша жұмыстар жүргізіледі.
3 бөлім. Есептерді тыңдау тәртібі
31. Қалалық мәслихат қала әкімінің есептерін тыңдау жолымен қалалық бюджеттің, қаланы дамыту бағдарламаларының орындалуын бақылауды жүзеге асырады.32. Қалалық мәслихат "Әкімдердің мәслихаттар алдында есеп беруін өткізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 18 қаңтардағы № 19 Жарлығына сәйкес сессияда қала әкімінің есебін тыңдайды.
Қала әкімнің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы туралы есебі және ол бойынша шешімнің жобасы тиісті сессиядан үш апта бұрын мәслихаттың тұрақты комиссияларының қарауына енгізіледі.
Қала әкімі ұсынған қаланы дамыту жоспарларының, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларының орындалуы, қалалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерді мәслихаттың екі рет бекітпеуі Заңның 24-бабына сәйкес әкiмге сенiмсiздiк бiлдiру туралы мәслихаттың мәселе қарауы үшін негіз болып табылады.
33. Қалалық мәслихат сессия төрағасының және мәслихат хатшысының, тұрақты комиссиялар төрағаларының және мәслихаттың өзге органдарының есебін тыңдайды.
Қалалық мәслихат хатшысы жылына кемінде бір рет мәслихаттың кезекті сессияларында мәслихаттың қызметін ұйымдастыру бойынша атқарылған жұмыс, депутаттардың сауалдары мен депутаттық өтініштердің қаралу барысы, сайлаушылардың өтініштері және олар бойынша қабылданған шаралар, мәслихаттың жергілікті өзін өзі басқарудың өзге де органдарымен өзара іс-қимыл жасауы, мәслихат аппаратының қызметі туралы есеп береді.
Мәслихат сессиясының, мәслихаттың тұрақты комиссияларының және өзге де органдарының төрағалары жылына кемінде бір рет мәслихаттың кезекті сессияларында жүктелген функциялар мен өкілеттіктердің орындалуы туралы есеп береді.
34. Облыстың тексеру комиссиясының қалалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін мәслихат жыл сайын қарайды.
35. Қалалық мәслихат жылына кемінде бір рет халық алдында мәслихаттың атқарған жұмысы, оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы есеп береді.
Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ тұрғындарын қалалық мәслихаттың есебімен жергілікті қоғамдастықтың жиындарында қалалық мәслихаттың хатшысы, тұрақты комиссиялардың төрағалары басқаратын депутаттар тобы таныстырады.
4 бөлім. Депутаттардың сауалдарын қарау тәртібі
36. Қалалық мәслихат депутаты қалалық мәслихат құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша ресми жазбаша сауалмен әкімге, қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшесіне, прокурорға және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың лауазымды адамдарына жүгінеді.37. Сессия басталғанға дейін енгізілетін сауалдар сессияның төрағасына, қалалық мәслихат хатшысына беріледі және оларды сессияның күн тәртібіне енгізу туралы мәселе шешілген жағдайда оның отырысында қаралады. Сауал бағытталған органға немесе лауазымды адамға қалалық мәслихаттың хатшысы оның көшірмесін жолдайды. Сессияны өткізу барысында енгізілетін сауалдар төрағалық етушіге отырыста беріледі.
38. Сессияда қаралуға тиіс басқа мәселелерге байланысы жоқ сауал күн тәртібіне жеке мәселе ретінде енгізіледі не сессия жұмысының соңында бұл үшін арнайы бөлінген уақытта қаралады. Мәслихат сессияның күн тәртібін сауалдармен және сұрақтармен жұмыс істеуге уақыт резерві көзделетіндей етіп айқындайды. Сессияда шешілуге тиіс басқа мәселелермен байланысты сауалдар күн тәртібіне енгізілмейді және төрағалық етуші оларды сессияда тиісті мәселе бойынша жарыссөздер басталғанға дейін жария етеді.
39. Қалалық мәслихат сауалды қарауды басқа сессияға ауыстыра алады. Сауалдарды енгізген депутаттар сессияның күн тәртібі бекітілгенге дейін оларды кері қайтарып ала алады. Күн тәртібі бекітілгеннен кейін сауалды қараудан алып тастау мәслихаттың шешімі бойынша жүзеге асырылады. Жазбаша түрде берілген сауалдар сессияның хаттамасына тіркеледі.
40. Депутаттық сауалға жауап бір айдан кешіктірілмейтін мерзімде жазбаша нысанда берілуі тиіс.
Депутат сауалға берілген жауап бойынша өз пікірін білдіруге құқылы. Прокурорға жолданған сауалдар қылмыстық қудалауды жүзеге асырумен байланысты болмауы тиіс.
5 бөлім. Мәслихаттың лауазымды адамдары, тұрақты комиссиялары және өзге де органдары, қалалық мәслихаттың депутаттық бірлестіктері
3 тарау. Қалалық мәслихат сессиясының төрағасы
41. Қалалық мәслихаттың кезектi сессиясының төрағасы қалалық мәслихаттың алдыңғы сессиясында оның депутаттарының арасынан ашық дауыспен сайланады.Кандидатураларды енгізгеннен кейін қалалық мәслихат депутаттары ашық дауыс беруді жүргізеді. Егер кандидатқа депутаттардың жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, ол сайланды деп есептеледі.
Қалалық мәслихат депутаты күнтiзбелiк бір жыл iшiнде қалалық мәслихат сессиясының төрағасы болып екi реттен артық сайлана алмайды.
Сессияның төрағасы болмаған жағдайда оның өкiлеттiгiн қалалық мәслихат хатшысы жүзеге асырады.
42. Қалалық мәслихат сессиясының төрағасы:
1) қалалық мәслихат сессиясын шақыру туралы шешiм қабылдайды;
2) қалалық мәслихат сессиясын дайындауға басшылық жасауды жүзеге асырады, сессияның күн тәртiбiн қалыптастырады;
3) қалалық мәслихат сессиясының отырыстарын жүргiзедi, мәслихат регламентiнiң сақталуын қамтамасыз етедi;
4) қалалық мәслихаттың сессиясында қабылданған немесе бекiтiлген қалалық мәслихат шешiмдерiне, хаттамаларға, өзге де құжаттарға қол қояды.
Қалалық мәслихат сессиясының төрағасы өз функцияларын басқа жұмыстан босатылмаған негiзде жүзеге асырады.
Сессияның төрағасы қалалық мәслихаттың хатшысына кезекті еңбек демалысын беру, сондай-ақ оған сыйақы беру туралы шешімдер қабылдайды.
43. Егер қалалық мәслихат сессиясында дауыс беру кезiнде депутаттардың дауысы тең бөлiнген жағдайда, қалалық мәслихат сессиясының төрағасы шешушi дауыс құқығын пайдаланады.
4 тарау. Қалалық мәслихат хатшысы
44. Бірінші сессияда қалалық мәслихат депутаттар арасынан қалалық мәслихаттың хатшысын сайлайды, ол тұрақты негізде жұмыс істейтін және мәслихатқа есеп беретін лауазымды адам болып табылады. Қалалық мәслихат хатшысы мәслихат өкілеттігінің мерзіміне сайланады.Қалалық мәслихат хатшысы өкілеттіктерін Заңға және осы регламентке сәйкес жүзеге асырады.
45. Қалалық мәслихат хатшысының лауазымына кандидатураларды қалалық мәслихаттың депутаттары қалалық мәслихаттың сессиясында ұсынады. Ұсынылатын кандидатуралардың санына шек қойылмайды. Кандидаттар өздерінің алдағы қызметінің үлгі бағдарламаларымен таныстырады. Егер ашық немесе жасырын дауыс беру нәтижесінде қалалық мәслихат депутаттарының жалпы санының көпшілік даусын алса, кандидат қалалық мәслихаттың хатшысы лауазымына сайланды деп есептеледі.
Егер қалалық мәслихат хатшысының лауазымына екіден көп кандидат ұсынылған болса және олардың бірде-бірі сайлану үшін талап етілетін дауыс санын ала алмаса, неғұрлым көп дауыс алған екі кандидатура бойынша қайтадан дауыс беру жүргізіледі.
Егер қайтадан дауыс беру кезінде осы кандидаттардың бірде-бірі депутаттардың жалпы санының жартысынан астам даусын ала алмаса, қайтадан сайлау өткізіледі.
Қалалық мәслихаттың хатшысы депутаттар жалпы санының үштен екісі дауыс бергенде мерзімінен бұрын лауазымынан босатылуы мүмкін.
Егерде, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі" Кодесіне сәйкес еңбек міндеттерін бұзуы және дәйекті негіздері болған жағдайда.
Қалалық мәслихаттың хатшысын лауазымынан мерзімінен бұрын босату туралы мәселені сессияға енгізу және онда қарау қалалық мәслихаттың енгізуі және шешім қабылдауы жөнінде осы регламентте белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
46. Қалалық мәслихат хатшысының қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының құрамына кіруге құқығы жоқ. Қалалық мәслихат хатшысының өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, жаңа хатшыны сайлау Заңда және осы регламентте белгіленген тәртіппен өткізіледі.
5 тарау. Қалалық мәслихаттың тұрақты және уақытша комиссиялары
47. Мәслихат өз өкілеттігінің мерзіміне бірінші сессияда депутаттар қатарынан қалалық мәслихаттың қарауына жататын мәселелерді алдын ала қарау және дайындау, оның шешімдерін жүзеге асыруға ықпал ету, өз құзыреті шегінде бақылау функцияларын жүзеге асыру үшін тұрақты комиссиялар құрады. Тұрақты комиссиялардың төрағалары мен мүшелерін депутаттар арасынан ашық дауыс беру арқылы мәслихат сайлайды.Әрбір тұрақты комиссияның тізбесі, саны және құрамы жеке-жеке дауысқа салынады. Олардың сандық және дербес құрамы сессия төрағасының, қалалық мәслихат хатшысының ұсынысы бойынша қалалық мәслихатпен айқындалады.
Тұрақты комиссиялардың саны жетіден аспауға тиіс.
Қалалық мәслихаттардың тұрақты комиссиялары төрағаларының кандидатуралары тұрақты комиссиялардың отырыстарына шығарылады. Кандидатуралардың санына шек қойылмайды. Қалалық мәслихат отырысында төрағалардың кандидатураларын талқылау әр комиссия бойынша жеке-жеке өткізіледі.
Тұрақты комиссиялар жұмыс топтарын құра алады.
48. Тұрақты комиссиялардың қызметін ұйымдастыру, функциялары мен өкілеттіктері Заңмен айқындалады.
49. Қалалық мәслихаттың қарауына жатқызылған жекелеген мәселелерді сессияларда қарауға дайындау мақсатында, қалалық мәслихат не қалалық мәслихаттың хатшысы уақытша комиссиялар құруға құқылы. Уақытша комиссиялардың құрамын, міндеттерін, өкілеттік мерзімдері мен құқықтарын оны құрған кезде қалалық мәслихат не қалалық мәслихаттың хатшысы айқындайды.
50. Тұрақты комиссиялар өз бастамасы немесе мәслихат шешімі бойынша көпшілік тыңдаулар өткізе алады.
Көпшілік тыңдаулар депутаттардың, атқарушы органдар, жергілікті өзін өзі басқару органдары, ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің, азаматтардың қатысуымен осы комиссиялардың кеңейтілген отырыстары нысанында тұрақты комиссиялардың қарауына жатқызылған өте маңызды және қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылау мақсатында өткізіледі.
Көпшілік тыңдаулар өткізу үшін депутаттар қатарынан жұмыс тобы құрылады. Тыңдауларды дайындау үшін өзге мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мамандары жұмылдырылуы мүмкін.
Тұрақты комиссия алда болатын көпшілік тыңдаулардың тақырыбын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықтың назарына жеткізеді.
Көпшілік тыңдауларға тұрақты комиссия мүдделі мемлекеттік органдардың, жұртшылықтың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін шақырады. Көпшілік тыңдауларда қалалық мәслихаттың басқа тұрақты комиссияларының депутаттары қатыса алады.
51. Қаралатын мәселелер "Мемлекеттік құпиялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік немесе қызметтік құпияға жатқызылған жағдайларды қоспағанда, тұрақты комиссиялардың отырыстары, әдетте, ашық болады.
Тұрақты комиссиялардың отырыстары қажеттiлiгiне қарай шақырылады және егер отырысқа олардың құрамына кiретiн депутаттардың жалпы санының жартысынан астамы қатысса, заңды болып есептеледi.
Тұрақты комиссияның қаулысы комиссия мүшелерiнің жалпы санының көпшiлiк дауысымен қабылданады.
Егер комиссияның отырысында дауыс беру кезiнде депутаттардың дауысы тең бөлiнген жағдайда, тұрақты комиссияның төрағасы шешушi дауыс құқығын пайдаланады.
Тұрақты комиссияның қаулысы мен отырыстың хаттамасына оның төрағасы қол қояды, ал бiрнеше тұрақты комиссияның бiрлескен отырысы өткiзiлген жағдайда, тиiстi комиссиялардың төрағалары қол қояды.
6 тарау. Мәслихаттың редакциялық және есеп комиссиялары
52. Қалалық мәслихат ашық дауыс беру арқылы депутаттар қатарынан құрамы тақ санды құрайтын есеп және редакциялық комиссияларын сайлайды.53. Редакциялық комиссияның құрамы қаралатын мәселенің ерекшелігі, комиссия мүшелерінің мамандықтары, біліктіліктері мен жұмыс тәжірибелері ескеріле отырып қалыптастырылады.
Редакциялық комиссия кезекті сессияға да сайлануы мүмкін.
54. Ашық дауыс беру өткізілгенде есеп комиссиясы дауыс беру және оның қорытындысын шығару процесін ұйымдастырады.
Есеп комиссиясы өз құрамынан төраға мен комиссия хатшысын сайлайды, оның шешімдері ашық дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен қабылданады.
Ашық дауыс беру басталмас бұрын сессия төрағасы дауысқа түскен ұсыныстардың санын көрсетеді, олардың мазмұнын оқиды.
Қатысушы депутаттардың жалпы санының басым даусымен ашық дауыспен қабылданған қалалық мәслихаттың шешімі бойынша, мәселелерді қарау кезінде жасырын дауыс қолданылуы мүмкін.
Жасырын дауыс берудің уақыты мен орнын, оны өткізудің тәртібін есеп комиссиясы қалалық мәслихат регламентінің негізінде белгілейді және есеп комиссиясының төрағасы хабарлайды. Бюллетеньдер беру тікелей дауыс беру алдында жүргізіледі, олар есеп комиссиясы белгілеген нысанда оның бақылауымен, отырысқа қатысып отырған депутаттардың санына тең мөлшерде жасалады және есеп комиссиясының төрағасы қол қояды. Белгіленген нысанға сәйкес келмейтін бюллетеньдер санақта есепке алынбайды.
7 тарау. Қалалық мәслихаттағы депутаттық бірлестіктер
55. Қалалық мәслихат депутаттары саяси партиялардың фракциялары және өзге де қоғамдық бірлестіктер, депутаттық топтар түрінде депутаттық бірлестіктер құра алады. Қалалық мәслихат хатшысы депутаттық бірлестіктерге кірмейді. Депутаттың тек бiр ғана депутаттық фракцияда болуға құқығы бар.56. Депутаттық фракциялар мен топтарды тіркеу мәслихат сессиясында жүзеге асырылады, келіп тіркелу тәртібімен жүргізіледі және тек ақпараттық сипатта болады.
57. Депутаттық бірлестіктердің мүшелері:
1) мәслихаттың күн тәртібі, талқыланатын мәселелерді қарау тәртібі және олардың мәні бойынша ескертулер мен ұсыныстар енгізуі;
2) мәслихат сайлайтын немесе тағайындайтын лауазымды адамдардың кандидатуралары бойынша пікірлерін айтуы;
3) мәслихат шешімдерінің жобаларына түзетулер ұсынуы;
4) депутаттық бірлестіктің қызметі үшін қажетті материалдар мен құжаттарды сұратуы мүмкін.
58. Саяси партияның фракциясы өз қызметінде саяси партияның басшы органдарымен өзара іс-қимыл жасайды, сондай-ақ саяси партияның қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмысына қатысады. Фракция мәслихаттың кемiнде бес депутатын бiрiктiруге тиiс. Депутаттық топтың құрамында мәслихаттың кемiнде бес депутаты болуға тиiс.
6 бөлім. Депутаттық этика
59. Қалалық мәслихат депутаттары:1) бір-біріне және қалалық мәслихат сессияларының, комиссиялары мен оның жұмыс органдарының жұмысына қатысатын барлық басқа да тұлғаларға құрметпен қарауға тиіс;
2) өздері сөз сөйлегенде дәлелсіз айыптауларды, мәслихат депутаттарының және басқа тұлғалардың ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіретін дөрекі, жәбірлейтін сөздерді қолданбауға тиіс;
3) заңсыз және зорлық-зомбылық әрекеттерге шақырмауға тиіс;
4) қалалық мәслихаттың, қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының және өзге де органдарының қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтірмеуге тиіс;
5) сөйлеушілердің сөзін бөлмеуге тиіс.
60. Көпшілік іс-шараларды өткізген кезде бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлегенде, мемлекеттік органдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың қызметіне пікір білдіргенде депутат дәлелденген, тексерілген фактілерді ғана пайдалануы тиіс.
61. Депутат мемлекеттік органдармен және ұйымдармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара қатынастарда өзінің депутаттық мәртебесінің артықшылығын жеке мүддесі үшін пайдаланбауға тиіс.
62. Қалалық мәслихат депутаты өзіне депутаттық өкілеттігін жүзеге асыру барысында белгілі болған мәліметтерді, егер бұл мәліметтер сессиялардың, мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен оның өзге де органдарының жабық отырыстарында қаралған мәселелерге қатысты болса, жария ете алмайды.
63. Қалалық мәслихат атынан өкілдік етуге арнайы өкілеттігі жоқ Қалалық мәслихат депутаты мемлекеттік органдармен және ұйымдармен тек қана өз атынан байланысқа түсе алады.
64. Қалалық мәслихат депутатына өз міндеттерін орындамағаны және (немесе) тиісінше орындамағаны, сондай-ақ қалалық мәслихат регламентінде белгіленген депутаттық этика қағидаларын бұзғаны үшін Заңның 21-бабына сәйкес жазалау шаралары қолданылуы мүмкін.
7 бөлім. Қалалық мәслихат аппаратының жұмысын ұйымдастыру
65. Қалалық мәслихат пен оның органдарының қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдық-құқықтық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету, депутаттарға өздерiнiң өкiлеттiктерiн жүзеге асыруға көмек көрсету үшін қалалық мәслихат аппараты құрылады.Қалалық мәслихат аппараты қалалық бюджет есебiнен қамтылатын мемлекеттiк мекеме болып табылады.
Қалалық мәслихат аппараты туралы ережені мәслихат бекітеді.
66. Қалалық мәслихат Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген штат саны мен бөлінген қаражат лимитi шегiнде қалалық мәслихат аппаратының құрылымын бекiтедi, оны қамтуға және материалдық-техникалық қамтамасыз етуге арналған шығыстарды айқындайды.
67. Қалалық мәслихат аппаратының мемлекеттiк қызметшiлерiнiң қызметi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Қалалық мәслихаттың өкiлеттiк мерзiмi аяқталғанда, қалалық мәслихат өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған және оның депутаттарының жаңа құрамы сайланған жағдайларда, қалалық мәслихат аппаратының мемлекеттiк қызметшiлерiнiң қызметi тоқтатылмайды.