Екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйымның қызмет түрлерін жүзеге асыру қағидаларын, сондай-ақ Екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйым сатып алатын (сатып алған) активтер мен талап ету құқықтарына қойылатын талаптарды бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 24 қыркүйектегі № 179 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 18 қарашада № 9866 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 16 сәуірдегі № 65 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 16.04.2018 № 65 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.04.2017 № 77 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Мыналар:

      1) осы қаулының 1-қосымшасына сәйкес Екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданған ұйымның қызмет түрлерін жүзеге асыру қағидалары;

      2) осы қаулының 2-қосымшасына сәйкес Екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйым сатып алатын (сатып алған) активтер мен талап ету құқықтарына қойылатын талаптар бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.04.2017 № 77 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Мыналардың:

      1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға мамандандырылған ұйымның күмәнді және үмітсіз активтерді бағалауды және иемденуді жүзеге асыру қағидаларын, сондай-ақ Иемденетін (иемденген) күмәнді және үмітсіз активтерге қойылатын талаптарды бекіту туралы" 2012 жылғы 4 шілдедегі № 215 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7865 тіркелген, 2012 жылғы 13 қыркүйекте "Егемен Қазақстан" газетінде № 603 (27676) жарияланған);

      2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға мамандандырылған ұйымның күмәнді және үмітсіз активтерді бағалауды және иемденуді жүзеге асыру қағидаларын, сондай-ақ Иемденетін (иемденген) күмәнді және үмітсіз активтерге қойылатын талаптарды бекіту туралы" 2012 жылғы 4 шілдедегі № 215 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" 2013 жылғы 11 желтоқсандағы № 272 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9102 тіркелген, 2014 жылғы 10 ақпанда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде, 2014 жылғы 6 наурызда "Егемен Қазақстан" газетінде № 45 (28269) жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Ұлттық Банк


Төрағасы

Қ. Келімбетов


  Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2014 жылғы 24 қыркүйектегі
№ 179 қаулысына
1-қосымша

Екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйымның қызмет түрлерін жүзеге асыру қағидалары

      Ескерту. Қағиданың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.04.2017 № 77 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.05.2015 № 87 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Осы Екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданған ұйымның қызмет түрлерін жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді және екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданған ұйымның (бұдан әрі - Ұйым) Заңның 5-1-бабының 2-тармағында көзделген қызмет түрлерін жүзеге асыру тәртібін белгілейді.

      2. Қағидалардың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) активтер мен талап ету құқықтары – Ұйым бұрын банк болып табылған заңды тұлғалардан сатып алатын мүлік, заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлестері, қарыздар (қаржыландыру жобалары) бойынша талап ету құқықтары;

      2) баланстық құн – негізгі борыштың, есептелген сыйақының, тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың), сыйлықақының немесе халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес қалыптастырылған провизиялар (резервтер) ескерілген дисконттың жиынтық құны;

      3) күмәнді және үмітсіз активтер – қарыздар Екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйым сатып алатын (сатып алған) активтер мен талап ету құқықтарына қойылатын талаптардың 4-тармағында белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келген жағдайда, негізгі борыш және (немесе) есептелген сыйақы бойынша қалыптастырылған резервтерді есептемегенде олар бойынша күнтізбелік тоқсан күннен асатын мерзімі өткен берешегі бар банктер берген қарыздар бойынша талап ету құқықтары;

      4) негізделген қаржыландыру – Ұйымның банктік салым шартының басқамен бірге баланстық құн бойынша бағаланатын күмәнді және үмітсіз активтердің көлемін қатарынан келесі күнтізбелік 6 (алты) айдан аспайтын мерзім ішінде орналастырылатын банктік салымның мөлшерінен кем емес көлемде төмендету бойынша банктің міндеттемесін көздейтін талаптарымен банкте ақша орналастыру түрінде банкке қаржы ресурстарын беруі;

      5) шарт - нысаны Ұйымның күмәнді және үмітсіз активтерді сатып алуы болып табылатын Ұйым мен банктің арасында жасалатын шарт.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.04.2017 № 77 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Ұйым сатып алатын күмәнді және үмітсіз активтердің құны мынадай тәсілдердің бірімен айқындалады:

      1) мүлікті (зияткерлік меншік объектілерін, материалдық емес активтердің құнын қоспағанда) бағалау, сондай-ақ зияткерлік меншікті, материалдық емес активтердің құнын бағалау жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензиясы және бағалау қызметі нарығында кемінде 5 (бес) жыл жұмыс тәжірибесі бар тәуелсіз бағалау компаниясы (бұдан әрі - тәуелсіз бағалау компаниясы) айқындайтын күмәнді және үмітсіз активтердің құны бойынша;

      2) тәуелсіз бағалау компаниясы дисконтты қолдана отырып айқындайтын күмәнді және сенімсіз активтердің құны бойынша;

      3) шарт жасау күнгі баланстық құн бойынша;

      4) дисконтты қолдана отырып шарт жасау күнгі баланстық құн бойынша.

      Ұйым сатып алынатын күмәнді және үмітсіз активтің құнын айқындау тәсілін дербес таңдайды.

      4. Ұйым сатып алған күмәнді және үмітсіз активтерді бірмезгілде сату, оның ішінде төлемді кейінге қалдыру талаптарымен сату жағдайларын қоспағанда, сатып алынатын күмәнді және үмітсіз активтерді қамтамасыз ету құрамында өнеркәсіптік мүліктік кешендер кепілі, жабдық және технологиялық желілер, аяқталмаған құрылыс объектілері бар болған жағдайда тәуелсіз бағалау компаниясына және оған қолданылатын бағалау рәсімдеріне түгендеу және/немесе инспекция және/немесе техникалық аудит және/немесе технологиялық сараптама бойынша іс-шараларды қоса алғанда, кепіл заттарын кешенді зерттеу бойынша талаптар ұсынылады.

      Күмәнді және үмітсіз активтерді бағалау үшін тартылатын тәуелсіз бағалау компанияларының тізбесін Ұйым банкпен келісім бойынша, Қағидалардың 3-тармағы 1) тармақшасының талаптарын сақтау шартымен айқындайды.

      Тәуелсіз бағалау жүргізу шығыстарын қаржыландыру Ұйым мен банктің келісімі бойынша айқындалады.

      Банк немесе Ұйым күмәнді және үмітсіз активтерге жүргізілген тәуелсіз бағалаудың нәтижелерімен келіспеген жағдайда, тәуелсіз бағалау компаниялары қолданатын рәсімдердің және олардың бағалау стандарттарына сәйкес келу аудитін жүргізу үшін аудиторлық компанияны тартуға жол беріледі. Аудиторлық компанияны тарту шығыстары жүргізілген тәуелсіз бағалау нәтижелерімен келіспеген тараптың есебінен жүзеге асырылады.

      Егер Ұйым шығыстарының есебінен жүргізілген тәуелсіз бағалау нәтижелері бойынша Ұйым Ұйымның сатып алуы үшін банк ұсынған күмәнді және үмітсіз активтердің Сатып алынатын күмәнді және үмітсіз активтерге қойылатын талаптардың критерийлеріне сәйкес келмеуін анықтаса, банк осы бағалауды жүргізу бойынша шығыстарды өтейді.

      5. Күмәнді және үмітсіз активтің құнына дисконтты Ұйымның күмәнді және сенімсіз активтерді иеленуге, ұстап тұруға және кейіннен өткізуге байланысты тәуекелдері мен шығыстарын есептеуге арналған Ұйымның ішкі нормативтік құжаттарында көзделген тәртіппен Ұйым дербес айқындайды.

      6. Күмәнді және үмітсіз активтерді сатып алу кезінде, егер күмәнді және үмітсіз активтердің банк ұсынған құны күмәнді және үмітсіз активтердің Ұйым ұсынған құнынан жоғары болса, онда Ұйымның талап етуі бойынша күмәнді және үмітсіз активтердің құнын төмендетуден болуы ықтимал шығыстарды банк, оның акционері (ірі қатысушысы немесе банк холдингі) немесе үшінші тұлға Ұйым үшін шығарылған кепілдікті немесе опционды орындау жолымен өтейді.

      Ұйымның талап етуі бойынша кепілдікті немесе опционды орындауды қамтамасыз ету үшін банк не оның акционері (ірі қатысушысы немесе банк холдингі) күмәнді және үмітсіз активтердің құнын төмендетуден болуы ықтимал шығыстардың сомасына өтімді активтерді кепілге ұсынады.

      Кепілдікті немесе опционды орындауды қамтамасыз ету қажеттілігі, сондай-ақ кепілге ұсынылатын өтімді активтердің тізбесі күмәнді және үмітсіз активтерді ұсынған банк пен Ұйым арасындағы шарттың талаптарымен айқындалады.

      7. Ұйым сатып алған күмәнді және үмітсіз активтерді бірмезгілде сату кезінде сатып алушыға (инвесторға) төлем жасауды кейінге қалдыру ұсынылған жағдайда сатып алушының (инвестордың) ақы төлеу жөніндегі міндеттемелері Ұйым күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алған банк акционерінің немесе үшінші тұлғаның өтімді кепілмен қамтамасыз етуді ұсынуы арқылы қамтамасыз етіледі.

      8. Банктерден Ұйым сатып алған күмәнді және үмітсіз активтерді басқару мынадай тәсілдердің бірімен жүзеге асырады:

      1) Ұйым дербес түрде;

      2) күмәнді және үмітсіз активтерін Ұйым сатып алған банктер;

      3) өзге де қаржы ұйымдар, кәсіби сарапшылар және халықаралық аудиторлар мен аудиторлық ұйымдар.

      9. Банктік салым шартының талаптарында Ұйымның банктік салымды ішінара (баланстық құны бойынша бағаланатын күмәнді және үмітсіз активтердің төмендетілмеген көлемі мөлшерінде) не банк ол негізделген қаржыландыру шеңберінде қабылдаған міндеттемелерді орындаған жағдайда толық мөлшерде мерзімінен бұрын қайтару құқығы көзделеді.

      10. Ұйым мен тиісінше күмәнді және үмітсіз активтерді беретін және қабылдайтын банк арасындағы сенімгерлікпен басқару шартында сатып алынған күмәнді және үмітсіз активтердің құнын қалпына келтіруден (төмендетуден) түскен (болған) кірістерді (шығыстарды) банк пен Ұйымның арасында бөлу тәртібі қамтылады.

      11. Ұйымның акционері нәтижесінде Ұйым бұрын банк болып табылған заңды тұлғалардың активтерін және талап ету құқықтарын өзінің активтері мөлшерінің он және одан көп пайызы сомасына сатып алатын мәмілені жасау туралы шешімді "Акционерлік қоғамдар туралы" 2003 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 69-бабы 1-тармағы екінші бөлігінің ережелерін ескере отырып қабылдайды.

      Нәтижесінде Ұйым бұрын банк болып табылған заңды тұлғалардың активтерін және талап ету құқықтарын өзінің активтерінің мөлшерінің он пайыздан кем сомасына сатып алатын мәміле Қағидалардың 3, 4, 5 және 6 тармақтарында көзделген ережелерді ескере отырып жасалады.

      Активтерді және талап ету құқықтарын Ұйымның пайдасына беру бұрын банк болып табылған заңды тұлғаның барлық бар ауыртпалықтар, тыйым салулар, төрелік, сот және басқа құзыретті органдардың (оның ішінде шетелдік) шешімдері, қозғалған қылмыстық істер, азаматтық талап арыздары және үшінші тұлғалардың активтер бойынша басқа талаптары туралы ақпаратты міндетті түрде жария етуімен жүзеге асырылады.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.04.2017 № 77 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2014 жылғы 24 қыркүйектегі
№ 179 қаулысына
2-қосымша

Екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйым сатып алатын (сатып алған) активтер мен талап ету құқықтарына қойылатын талаптар

      Ескерту. Талап жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.04.2017 № 77 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Осы Екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйым сатып алатын (сатып алған) активтер мен талап ету құқықтарына қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйым (бұдан әрі – Ұйым) сатып алатын (сатып алған) активтер мен талап ету құқықтарына қойылатын талаптарды белгілейді.

      2. Талаптардың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) активтер және талап ету құқықтары – мүлік, заңды тұлғалардың капиталына қатысу үлестері, қарыздар бойынша талап ету құқықтары, күмәнді және үмітсіз активтер;

      2) күмәнді және үмітсіз активтер – қарыздар Талаптардың 4-тармағында белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келген жағдайда, негізгі борыш және (немесе) есептелген сыйақы бойынша қалыптастырылған резервтерді есептемегенде олар бойынша күнтізбелік тоқсан күннен асатын мерзімі өткен берешегі бар банктер берген қарыздар бойынша талап ету құқықтары;

      3) Қазақстан Республикасының тәуелсіз рейтингі – Standard & Poor's, Fitch Ratings, Moody's Investors Service халықаралық рейтинг агенттіктері Қазақстан Республикасына тағайындаған рейтингтер;

      4) қарыз алушылар тобы – бір кредиттік желі шеңберінде берілген қарыздар бойынша осы топта қарыз алушы-заңды тұлғалардың бірмезгілде акционерлері немесе қатысушылары не қоса қарыз алушылары, кепіл берушілері, кепілгерлері болып табылатын қарыз алушы-заңды тұлғалар тобы;

      5) шарт – нысаны Ұйымның банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алуы болып табылатын Ұйым мен банктің арасында жасалатын шарт.

      3. Ұйым активтерді және талап ету құқықтарын, егер әрбір активтің немесе талап ету құқығының баланстық құны республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің кемінде бір жүз еселенген мөлшерін құраған жағдайда сатып алады.

      4. Ұйым қарыздар бойынша талап ету құқықтарын осындай қарыздар бірмезгілде барлық мынадай өлшемшарттарға сәйкес келген жағдайда сатып алады:

      1) негізгі борыш және (немесе) есептелген сыйақы бойынша күнтізбелік тоқсан күннен асатын мерзімі өткен берешегі бар қарыздар (оның ішінде бір кредиттік желі шеңберінде қарыз алушылар тобына берілген қарыздар);

      2) қарыздар бойынша қарыз алушылар мемлекеттің қатысуы бар заңды тұлғаларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының резиденттері-заңды тұлғалар және (немесе) қарыз алушылар тобы болып табылады;

      3) Талаптардың 5-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген кепіл түрлерін қоспағанда, кепілмен, оның ішінде Қазақстан Республикасының резиденттері – эмитенттер шығарған, "Қазақстан қор биржасы" акционерлік қоғамының ресми тізіміне енгізілген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тәуелсіз рейтингіне сәйкес келетін немесе одан асатын кредиттік рейтингі бар Қазақстан Республикасының бейрезиденттері – эмитенттер шығарған бағалы қағаздармен қамтамасыз етілген қарыздар;

      4) шарт жасалатын күні негізгі борышты, есептелген сыйақыны, тұрақсыздық айыбын (айыппұлдар, өсімпұлдар) қоса алғанда, берешектің қалдығы 60 (алпыс) миллион және одан көп теңгені немесе шетел валютасындағы балама сомасын құрайды;

      5) қарыз алушының (кепіл берушінің) негізгі қызметінің түрі мыналарға:

      ауыл, орман және балық шаруашылығына;

      білім беруге;

      денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтерге;

      сумен қамтуға, кәріз жүйелеріне, қалдықтарды жинау және бөлуді бақылауға;

      қаржы және сақтандыру қызметіне;

      кәсіби, ғылыми және техникалық қызметке;

      әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласындағы қызметке;

      қызметтің басқа түрлерін ұсынуға;

      бұрынғы аумақтық ұйымдар мен органдар қызметіне;

      мемлекеттік басқаруға және қорғанысқа, міндетті әлеуметтік қамсыздандыруға;

      үй қызметшісін жалдайтын үй шаруашылықтары және өзі тұтыну үшін тауарлар мен қызметтерді шығаратын қызметке жатпайды.

      Осы тармақтың ережелері Ұйымның бұрын банк болып табылған заңды тұлғалардан қарыздар бойынша талап ету құқықтарын сатып алу бойынша мәмілелер жасау жағдайларына қолданылмайды.

      5. Ұйым:

      1) қарыз алушыға (кепіл берушіге) қатысты тазарту, оңалту немесе банкроттық рәсімдері жүргізілген;

      2) Қазақстан Республикасының тәуелсіз рейтингіне сәйкес келетін немесе одан асатын кредиттік рейтингі бар Қазақстан Республикасының бейрезиденттері - эмитенттер шығарған бағалы қағаздарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі, ал Ұйым сатып алған күмәнді және үмітсіз активтерді сатып алушыға (инвесторға), оның ішінде төлемді кейінге қалдыру талаптарымен бірмезгілде сатқан жағдайда – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумақтарынан тыс жердегі мүлік және мүліктік құқық, не Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес азаматтық айналымда шектелген мүлік кепіл мәні болып табылған;

      3) қарыз бойынша жалғыз кепіл мәні:

      аяқталмаған құрылыс объектілері;

      жылжымайтын тұрғын үй;

      компьютер жабдығы және техника;

      арнайы техника;

      айналымдағы тауарлар;

      болашақта түсетін мүлік;

      жиһаз;

      жер қойнауын пайдалану құқығы;

      авторлық құқықтар;

      лицензиялар;

      патенттер;

      талап ету құқығы;

      жерді пайдалану құқығы;

      жалдау құқығы;

      тауар белгісіне арналған құқық;

      үшінші тұлғалардың кепілдіктері мен кепілгерліктері болған жағдайларды қоспағанда, банктерден қарыздар бойынша талап ету құқығын сатып алады.

      6. Қамтамасыз етудің жалпы кепілдік құнындағы жекелеген кепіл мәні құнының үлесіне қойылатын талаптар Ұйымның ішкі нормативтік құжаттарында көзделеді.

      7. Талаптардың 4-тармағының 4) және 5) тармақшаларының, 5-тармағының 1) және 3) тармақшаларының, 6-тармағының ережелері Ұйым сатып алған күмәнді және үмітсіз активтерді сатып алушыға (инвесторға), оның ішінде төлемді кейінге қалдыру талаптарымен бірмезгілде сату жағдайларына қолданылмайды.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады