Жаңа магистральдық құбыр салу жобасын келісу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 13 қаңтардағы № 5 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 3 наурызда № 10361 тіркелді.

      "Магистральдық құбыр туралы" 2012 жылғы 22 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 8) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Жаңа магистральдық құбыр салу жобасын келісу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі Мұнай өнеркәсібін дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдауын;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруын;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

Қазақстан Республикасының


Энергетика министрі

В. Школьник

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      _______________ Е. Досаев

      2015 жылғы 31 қаңтар

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Инвестициялар және даму

      министрі

      ____________ Ә. Исекешев

      2015 жылғы 9 қаңтар



  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2015 жылғы 13 қаңтардағы
№ 5 бұйрығымен
бекітілген

Жаңа магистральдық құбыр салу жобасын келісу
қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жаңа магистральдық құбыр салу жобасын келісу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Магистральдық құбыр туралы" Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 22 маусымдағы Заңының (бұдан әрі - Заң) 6-бабының 8) тармақшасына сәйкес әзірленді және жаңа магистральдық құбыр салу жобасын келісу тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) құрылысқа арналған техникалық-экономикалық негіздеме (бұдан әрі - ТЭН) - инвестициялау мақсаттарын сипаттайтын бастапқы негізгі деректерді, инвестиция тиімділігінің негіздемесі, оның ішінде: объектінің қызмет етуінен күтілетін экономикалық, әлеуметтік, коммерциялық тиімділікті, сондай-ақ құрылыс объектісінің негізгі техникалық және технологиялық параметрлері туралы мәліметтерді және объектінің техникалық-экономикалық көрсеткіштерін айқындайтын есептерді қамтитын жоба алды құжаттама;

      2) құрылыс жобасы (құрылыстық жоба) - көлемдік-жоспарлық, конструкциялық, технологиялық, инженерлік, табиғат қорғау, экономикалық және өзге де шешімдерді, сондай-ақ құрылысты ұйымдастыру мен жүргізуге, аумақты инженерлік дайындауға, абаттандыруға арналған сметалық есептеулерді қамтитын жобалау (жобалау-сметалық) құжаттама. Құрылыс жобаларына аяқталмаған объектілер құрылысын консервациялау және өз ресурсын тауысқан объектілерді кейіннен кәдеге жарату жобалары да жатады;

      3) магистральдық құбыр - өнімді қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ететін желілік бөліктен және объектілерден тұратын, техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттар талаптарына сәйкес келетін бірыңғай өндірістік-технологиялық кешен;

      4) уәкілетті орган - магистральдық құбыр саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

2. Құрылыс жобасын келісу тәртібі

      3. Жаңа магистральдық құбыр салу жобасын келісу үшін магистральдық құбыр салуды жүзеге асыруға ниеттенген тұлға (бұдан әрі - мүдделі тұлға) уәкілетті органға ТЭН-ді ұсынады.

      4. Уәкілетті орган ТЭН-ді алған күнінен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей оны қарастырады және жаңа магистральдық құбыр салу жобасын келісу туралы не келісуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      5. Жаңа магистральдық құбыр салу жобасының ТЭН келісу кезінде уәкілетті орган оның мына талаптарға сәйкестігін қарастырады:

      1) уәкілетті орган бекіткен Қазақстан Республикасының мұнай өндіру және тарату теңгеріміне сәйкес жоба үшін ресурс базасының болуы;

      2) магистральдық құбыр трассасын және алаңдарын аумақтың табиғи ерекшеліктерін, елді мекендердің, көлік жолдарының және коммуникациялардың орналасуын ескере отырып таңдау.

      6. Жаңа магистральдық құбыр салу жобасының ТЭН-і осы Қағидалардың 5-тармағымен көзделген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, уәкілетті орган жаңа магистральдық құбыр салу жобасының ТЭН-ін келісуден бас тартады. Жаңа магистральдық құбыр салу жобасының ТЭН-ін келісуден бас тартқан жағдайда, уәкілетті орган үш жұмыс күні ішінде бұл туралы өтініш берушіні бас тарту себептерін көрсете отырып, жазбаша түрде хабардар етеді.

      Жаңа магистральдық құбыр салу жобасының ТЭН-і осы Қағидалардың 5-тармағымен көзделген талаптарға сәйкес келген жағдайда, уәкілетті орган үш жұмыс күні ішінде ТЭН-ді келіседі.

      7. Мүдделі тұлға жаңа магистральдық құбыр салу жобасының ТЭН-ін келіскеннен кейін жаңа магистральдық құбыр салу жобасын уәкілетті органға ұсынады.

      8. Уәкілетті орган жаңа магистральдық құбыр салу жобасын алған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей жаңа магистральдық құбыр салу жобасын жазбаша келіседі не жаңа магистральдық құбыр салу жобасын келісуден бас тартады.

      9. Уәкілетті органмен келісілген жаңа магистральдық құбыр салу жобасының ТЭН-ін, сондай-ақ жаңа магистральдық құбыр салу жобасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның ведомствосы берген мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы болмаған жағдайда уәкілетті орган жаңа магистральдық құбыр салу жобасын келісуден бас тартады.

      Жаңа магистральдық құбыр салу жобасын келісуден бас тартқан кезде уәкілетті орган үш жұмыс күні ішінде бұл туралы мүдделі тұлғаны бас тарту себептерін көрсете отырып, жазбаша түрде хабардар етеді.

      10. Мүдделі тұлға жаңа магистральдық құбыр салу жобасын келісуден бас тарту себептерін жойғаннан кейін құжаттар уәкілетті органға қайта келісуге жіберіледі. Қайта келісу кезінде құжаттарды қарау келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

      Ескертулерді жойған жағдайда уәкілетті орган жаңа магистральдық құбыр салу жобасын он бес жұмыс күні ішінде жазбаша келіседі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады