Парниктік газдар шығарындылары және сіңірулері көздерінің мемлекеттік кадастрын жүргізу және ұстау қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 5 наурыздағы № 176 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 10 сәуірде № 10673 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2021 жылғы 10 маусымдағы № 193 бұйрығымен.

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 10.06.2021 № 193 (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 158-2 бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Парниктік газдар шығарындылары және сіңірулері көздерінің мемлекеттік кадастрын жүргізу және ұстау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Климаттың өзгеруі жөніндегі департаменті:

      1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін;

      2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде осы бұйрықты мерзімді баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдануын;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналасуын;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалауы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр

В. Школьник


  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2015 жылғы 5 наурыздағы
№ 176 бұйрығымен
бекітілген

Парниктік газдар шығарындылары көздерінің және сіңірулерінің мемлекеттік кадастрын жүргізу және ұстау қағидаларын бекіту туралы

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің м.а. 17.11.2016 № 496 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Парниктік газдар шығарындылары көздерінің және сіңірулерінің мемлекеттік кадастрын жүргізу және ұстау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 158-2-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленген және парниктік газдар шығарындылары және сіңірулері көздерінің мемлекеттік кадастрын (бұдан әрі – мемлекеттік кадастр) жүргізу мен ұстау тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) парниктік газдар шығарындылары – парниктік газдардың атмосфераға белгілі бір учаскеде және уақыттың белгілі бір кезеңі ішінде босап шығуы;

      2) парниктік газдар сіңірулері – атмосфералық ауадан парниктік газды сіңіретін процесс, тетік немесе табиғи кешен.

      3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) мемлекеттік кадастрды әзірлеуді және жүргізуді ұйымдастырады.

2-тарау. Мемлекеттік кадастрды жүргізу және ұстау

      4. Парниктік газдар шығарындылары көздерінің және сіңірулерінің мемлекеттік кадастры парниктік газдар шығарындыларының көздері, қондырғы операторлары, парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерінің мөлшері туралы мәліметтерді қамтиды.

      5. Мемлекеттік кадастрды жүргізуге мынадай іс-шараларды:

      1) қондырғы операторларының парниктік газдар шығарындылары бойынша қағаз немесе электронды түрдегі есептілігін алуды;

      2) алған деректерді өңдеу және мемлекеттік кадастрға енгізуді;

      3) парниктік газдар шығарындыларын және сіңірулерін талдау және болжамдауды іске асыру кіреді.

      6. Мемлекеттік кадастрды жүргізу есептік кезеңнен кейінгі жыл ішінде жүзеге асырылады.

      7. Мемлекеттік кадастрды жүргізу кезінде "Парниктік газдарды түгендеу туралы есептің нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің м.а. 2015 жылғы 28 шілдедегі № 502 бұйрығымен (бұдан әрі - № 502 бұйрық) бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11818 болып тіркелген) нысандар бойынша әзірленген парниктік газдарды түгендеу туралы табиғат пайдаланушылардың есептері пайдаланылады.

      Қондырғы операторы уәкілетті органға немесе уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне қағаз түрінде есептік кезеңнен кейінгі жылдың 1 сәуіріне дейін парниктік газдарды түгендеу туралы есепті жібереді.

      Бұл ретте әкімшілендіру субъектілері ұсынатын парниктік газдар шығарындыларын түгендеу туралы есептер верификациялауға жатпайды.

      Қондырғы операторы қағаз түрінде ұсынған парниктік газдар шығарындыларын түгендеу туралы есептерде көрсетілген деректерді Мемлекеттік кадастр операторы Мемлекеттік кадастрға енгізеді.

      8. Есепті электронды нысанда берген кезде Қондырғы операторы Мемлекеттік кадастрда тіркеледі және № 502 бұйрықпен бекітілген есеп нысанын толтырады.

      9. Кодекстің 94-2-бабының талаптарына түсетін қондырғы операторы есеп нысанын толтырғаннан кейін оны валидация және верификация жөніндегі органға верификациялауға жібереді.

      Валидация және верификация жөніндегі аккредителген орган Мемлекеттік кадастрда есептік жылдағы есептердегі қондырғы операторларының мәліметтерін растайды. Есептерге түзету енгізу қажеттілігі туындаған жағдайда, валидация және верификация жөніндегі аккредителген орган оны қондырғы операторына пысықтауға жібереді.

      Қондырғы операторы Мемлекеттік кадастрға есептік кезеңнен кейінгі жылдың 1 сәуіріне дейін парниктік газдарды түгендеу туралы есепті электронды түрінде жібереді.

      10. Әкімшілендіру субъектісі есептің электронды нысанын толтырғаннан кейін Мемлекеттік кадастрдағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне есептік кезеңнен кейінгі жылдың 1 сәуіріне дейін верификациялаусыз жібереді.

      11. Уәкілетті орган есепті Кодекстің 17-бабының 29) тармақшасына сәйкестігіне, валидация және верификация жөніндегі аккредиттелген органның верификациясы болуына қарайды және оны берген күнінен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде тіркейді. Есеп Кодекстің 17-бабының 29) тармақшасына сәйкес келмеген және верификация болмаған жағдайда, есепті пысықтауға жібереді.

      Уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері есепті Кодекстің 17-бабының 29) тармақшасына сәйкестігіне қарайды және оны берген күнінен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде тіркейді. Есеп Кодекстің 17-бабының 29) тармақшасынана сәйкес келмеген жағдайда, оны пысықтауға жібереді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады