Жұмыс берушінің жұмысқа орналастыратын елдің банктеріне кепілдік берілген жарна енгізу қағидаларын және оның мөлшерін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы № 167 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 6 мамырда № 10959 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2017 жылғы 25 қыркүйектегі № 314 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 25.09.2017 № 314 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен

      "Халықты жұмыспен қамту туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Жұмыс берушінің жұмысқа орналастыратын елдің банктеріне кепілдік берілген жарна енгізу қағидалары және оның мөлшері бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр

Т. Дүйсенова

КЕЛІСІЛДІ


Қазақстан Республикасының


Ішкі істер министрі


____________Қ.Н. Қасымов


2015 жылғы 7 сәуір



  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрінің
2015 жылғы 27 наурыздағы
№ 167 бұйрығымен бекітілген

Жұмыс берушiнiң жұмысқа орналастыратын елдiң банктерiне кепiлдiк берiлген жарна енгiзу қағидалары және оның мөлшерi
1. Жалпы ережелер

      1. Жұмыс берушінің жұмысқа орналастыратын елдің банктеріне кепілдік берілген жарна енгізу қағидалары және оның мөлшері (бұдан әрі – Қағидалар) "Халықты жұмыспен қамту туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) кепiлдiк берiлген жарна (бұдан әрi – жарна) – еңбек шартының мерзiмi аяқталғаннан кейiн шетелдiк қызметкердiң өзiнiң тұрақты тұратын елiне қайта оралу кепiлдiгiн қамтамасыз ететiн ақшалай жарна;

      2) жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – жергiлiктi атқарушы органдардың өңiрлiк деңгейде халықтың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесуiн және жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғауды қамтамасыз ететiн құрылымдық бөлiмшесi;

      3) шетелдiк жұмыс күшiн тартуға арналған рұқсат – тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң аумағына тарту үшiн орталық атқарушы орган бөлген квота шегiнде шетелдiк жұмыс күшiнiң санын айқындайтын, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергiлiктi атқарушы органы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 13 қаңтардағы № 45 қаулысымен бекітілген Шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға және жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат берудің қағидалары мен шарттарына 2 және 3-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша беретiн құжат.

2. Кепiлдiк берiлген жарнаны енгiзу тәртiбi және оның мөлшерi

      3. Қазақстан Республикасына шетелдiк жұмыс күшiн тартуға рұқсат алу үшін жұмыс берушiлер әрбiр шетелдiк қызметкер үшiн Қазақстан Республикасының банктерiне жарна енгiзеді.

      4. Жарналар жұмыс берушінің Қазақстан Республикасының аумағындағы банктердің біріндегі банктік шотына енгізіледі.

      5. Банк пен жұмыс берушi арасындағы шартта мыналар:

      1) шетелдік қызметкердің өзi аумағында тұрақты тұратын мемлекетті көрсете отырып, тегі, аты, жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірі;

      2) әр қызметкерге арналған жарна сомасы;

      3) банктің жұмыс берушіге жарналарды қайтару тәртiбi көрсетіледі.

      6. Бiр шетелдік қызметкерге арналған жарна ол аумағында тұрақты тұратын мемлекеттің жақын маңдағы әуежайына дейінгі авиабилеттің "Экономикалық" сынып бойынша құнынан кем емес мөлшерде белгіленеді.

      7. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінен келген бiр шетелдік қызметкерге арналған жарна ол аумағында тұрақты тұратын мемлекеттің жақын маңдағы станциясына дейінгі темір жол (купелі вагон) немесе автомобиль көлігі билетінің құнынан кем емес мөлшерде белгіленеді.

      8. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары шетелдік қызметкердің Қазақстан Республикасының шегінен тыс шыққанына растамасы болған кезде жұмыс берушіге ол енгізген кепілдік жарнаны қайтаруға жазбаша келісім береді.

      9. Уәкілетті орган жұмыс беруші жүгінген күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына шетелдік қызметкердің Қазақстан Республикасының шегінен тыс шыққаны туралы деректерді алу үшін сұрау салуды телексті, факсты және электрондық хабарламаны қоса алғанда ақпарат берудің кез келген жедел тәсілі арқылы жолдайды.

      Сұрау салуды жіберу кезінде: шетелдік азаматтың тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда), туған күні, азаматтығы, паспортының нөмірі, шетелдік азаматтың жеке сәйкестендіру нөмірі (болған жағдайда), шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттың нөмірі көрсетіледі.

      10. Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары сұрау салынып жатқан адам туралы ақпаратты "Бүркіт" бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы алып, бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға сұрау салуды қарау нәтижесі туралы жауапты телексті, факсты және электрондық хабарламаны қоса алғанда ақпаратты кез келген жедел тәсілі арқылы жібереді.

      11. Жұмыс күшін Қазақстан Республикасынан шетелге шығару кезінде шетелдік жұмыс берушінің жұмысқа орналастыратын елдің банктеріне кепілдік берілген жарна енгізу тәртiбi мен шарттары жұмысқа орналастыратын елдің заңнамасында реттеледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады