Ескерту. Күші жойылды – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 16.02.2021 № 44 (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
"Мақта саласын дамыту туралы" 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 18) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса берiлiп отырған Мақта өңдеу ұйымын уақытша басқаруды жүргізу қағидалары бекiтiлсiн.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу және фитосанитариялық қауіпсіздік департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Ауыл шаруашылығы министрі | А. Мамытбеков |
"КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
________________ Е. Досаев
2015 жылғы 4 тамыз
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 7 шілдедегі № 4-5/612 бұйрығымен бекітілген |
Мақта өңдеу ұйымын уақытша басқаруды жүргізу қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Мақта өңдеу ұйымын уақытша басқаруды жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) "Мақта саласын дамыту туралы" 2007 жылғы 21 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрi – Заң) сәйкес әзiрленді және мақта өңдеу ұйымын уақытша басқаруды жүргізу тәртiбiн айқындайды.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 28.10.2015 № 4-6/954 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.2. Осы Қағидаларда мынадай негiзгi ұғымдар қолданылады:
1) мақта қолхаттары бойынша мiндеттемелердiң орындалуына кепiлдiк беру қоры – мақта өңдеу ұйымдарының өздерi берген мақта қолхаттары бойынша мiндеттемелерiн орындамауынан мақта қолхаттарын ұстаушылардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету мақсатында өз қызметiн жүзеге асыратын заңды тұлға;
2) мақта қолхатын ұстаушы – мақта өңдеу ұйымына шиттi мақтаны сақтауға және (немесе) бастапқы өңдеуге; мақта талшығын және мақта тұқымын сақтауға берген мақта иесi; мақта қолхатында индоссамент жасалған жағдайларда – индоссат;
3) мақта өңдеу ұйымы – меншiк құқығында мақта тазалау зауыты бар, мақта қолхаттарын беру арқылы шитті мақтаны бастапқы өңдеу және қойма қызметі бойынша қызметтер көрсететiн заңды тұлға;
4) мақта өңдеу ұйымын уақытша басқару (бұдан әрi – уақытша басқару) – мақта өңдеу ұйымының мақта қолхаттары бойынша өз мiндеттемелерiн орындау қабiлетiн қалпына келтiруге бағытталған әкiмшiлiк, заңдылық, қаржылық, ұйымдастыру-техникалық және басқа iс-шаралар мен рәсiмдер кешенiн мәжбүрлеп жүргiзу;
5) мақта саласын дамыту жүйесiндегi уәкілетті орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын, мақта саласындағы мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
6) уақытша әкімшілік – мақта қолхаттарын ұстаушылардың, уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органының (бұдан әрі – ЖАО), мақта өңдеу ұйымының, мақта өңдеу ұйымы қатысу шартын жасасқан мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру қорының өкілдерін қамтитын, уақытша басқарудың қолданылуы кезеңінде мақта өңдеу ұйымын басқаруды жүзеге асыратын алқалық орган;
7) уақытша басқару жөніндегі комиссия – ЖАО қалыптастыратын, уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің, ЖАО-ның өкiлдерiн қамтитын, уақытша әкімшіліктің қызметін бақылауды жүзеге асыратын алқалық орган.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 28.10.2015 № 4-6/954 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.3. Уақытша басқаруды уақытша басқару жөнiндегi комиссия мен уақытша әкiмшiлiк мақта өңдеу ұйымының қаражаты есебiнен жүзеге асырады.
4. Мақта өңдеу ұйымын уақытша басқару мерзімі алты айдан аспайды.
2. Уақытша басқаруды жүргізу тәртібі
1-параграф. Уақытша басқаруды жүргізудің негіздері мен шарттары
5. Уақытша басқаруды енгізу туралы шешім қабылдау үшін мына негіздердің кем дегенде біреуінің болуы жеткілікті:
1) Заңның 24-бабында көзделген тәртіппен мақта қолхатын ұстаушының алғашқы талабы бойынша мақта беруден бас тартудан көрінген шитті мақтаны мақта талшығына бастапқы өңдеу жөніндегі шарттық мiндеттемелердiң жүйелi түрде (қатарынан күнтiзбелiк алты ай iшiнде екi және одан да көп рет) тиiсiнше орындалмауы;
2) мақта қолхаттарымен қамтамасыз етiлген мақта мөлшерiнiң сақтаудағы мақтаның нақты мөлшерiнен артық болуы фактiсінің анықталуы.
Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 28.10.2015 № 4-6/954 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.6. Осы Қағидалардың 5-тармағында көзделген негіздер бойынша уақытша басқаруды енгізудің шарты мақта өңдеу ұйымының қызметін инспекциялау (тексеру) нәтижесінде жасалатын анықталған бұзушылықтар туралы акті болып табылады.
ЖАО-ның мақта өңдеу ұйымының қызметін инспекциялауды (тексеруді) жүргізуі үшін мыналар негіз болып табылады:
1) тексерулер жүргізу кестесі;
2) мақта қолхаттарын ұстаушылардың мақта беруден бас тартудың екі және одан да көп фактілері бойынша ресми өтініштері (шағымдары).
2-параграф. Уақытша басқаруды жүргізу
7. ЖАО уақытша басқаруды енгізу үшін негіз болатын фактілер анықталған сәттен бастап жеті жұмыс күні ішінде:
1) мақта өңдеу ұйымын уақытша басқаруды енгізу туралы сотқа өтініш береді;
2) мақта өңдеу ұйымына, мақта өңдеу ұйымы қатысу шартын жасасқан мақта қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қорына (қорларына) және аталған мақта өңдеу ұйымы берген мақта қолхаттарын ұстаушылардың бәріне үш жұмыс күні ішінде уақытша басқару жөніндегі комиссияның құрамына кандидатуралар беру туралы ұсыныс жібереді.
8. Уақытша басқару жөнiндегi комиссия уақытша басқаруды енгiзу туралы соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап екi жұмыс күнiнен кешіктірмей:
1) уақытша басқару жөнiндегi комиссия төрағасының кандидатурасын анықтайды және оны ЖАО-ға бекiтуге жолдайды;
2) мақта өңдеу ұйымына қызмет көрсететiн банктiң атына мақта өңдеу ұйымының шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы жазбаша хабарлама жiбередi.
9. ЖАО уақытша басқаруды енгiзу туралы соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде республикалық мерзiмдi баспа басылымдарында мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде:
1) уақытша басқаруды енгiзу туралы;
2) мақта қолхаттарын ұстаушылардың мақта қолхаттарын ұстаушылардың жиналысына қатысу құқығы туралы жариялайды.
10. Уақытша басқару жөнiндегi комиссия уақытша басқаруды енгiзу туралы хабарлама жарияланған күннен бастап жеті жұмыс күнi iшiнде уақытша әкiмшiлiк құрамына өкiлдер сайлау үшiн мақта қолхаттарын ұстаушылардың жиналысын өткiзудi ұйымдастырады және уақытша әкiмшiлiктің құрамын бекiтедi.
Бұл ретте уақытша әкімшіліктің құрамына сайлануға осы мақта өңдеу ұйымының мақта тазалау зауытында (мақта қабылдау пунктінде) сақтаулы мақтаның ең көп мөлшері бар мақта қолхаттарын ұстаушылардың артықшылықты құқығы болады.
11. Мақта өңдеу ұйымының басшы қызметкерлерi уақытша әкiмшiлiкке қабылдау-беру актiсi бойынша мақта өңдеу ұйымының мөрлерiн, мөртабандарын, бланкілерiн, құндылықтарын, үй-жайларының, сейфтерiнiң кiлттерiн және барлық қажеттi құжаттарын тапсырады.
12. Уақытша әкiмшiлiк бiрiншi кезектегi тәртiппен:
1) мақта өңдеу ұйымының қаржылық жай-күйiне талдау жүргiзедi;
2) мақта өңдеу ұйымының мүлкін және оның міндеттемелерін түгендеуді, сондай-ақ, осы мақта өңдеу ұйымының мақта тазалау зауытында (мақта қабылдау пунктінде) сақталатын мақтаны түгендеуді жүргізеді;
3) мақта қолхаттарын ұстаушылар алдындағы берешегiн қоса алғанда, мақта өңдеу ұйымының кредиторлық берешегiн айқындайды;
4) сотқа талап-арыздар дайындау мен ұсынуды қоса алғанда, мерзiмi өткен дебиторлық берешектi өндiрiп алу жөнiнде шаралар қабылдайды;
5) мақта өңдеу ұйымының басқару құрылымын және штат санын айқындайды;
6) мақта қолхаттарына қол қоюға уәкілетті адамдардың тегі, аты және әкесінің аты (олар бар болса) бар карточканы, олардың қолдарының үлгілерін ЖАО-ға ұсынады;
7) уақытша басқару жөнiндегi комиссияға мақта өңдеу ұйымының нақты жай-күйi туралы ақпарат бередi және осы мақта өңдеу ұйымының шаруашылық қызметiн жақсарту жөнiнде ұсыныстар енгiзедi.
13. Уақытша әкiмшiлiктің мүлiктi кепiлге берудi, мүлiктiк жалдауды қоса алғанда, мақта өңдеу ұйымының мүлкін иелiктен шығару жөнiнде шешiмдер қабылдауға құқығы жоқ.
14. Уақытша басқару жөнiндегi комиссия уақытша әкiмшiлiктiң қызмет нәтижелерi туралы есебiн бекiтедi және уақытша әкiмшiлiктiң қызметiн бақылауды жүзеге асырады.
15. Уақытша басқару жөнiндегi комиссия мүшелерiнiң жалпы саны тақ болуы және жеті адамнан кем болмауы тиiс.
16. Уақытша басқару жөнiндегi комиссияның отырыстары қажеттiлiгiне қарай өткiзiледi.
17. Уақытша басқару жөнiндегi комиссияның шешiмдерi көпшiлiк дауыспен қабылданады, хаттамамен ресiмделедi, оған уақытша басқару жөнiндегi комиссияның төрағасы, мүшелерi, хатшысы қол қояды және уақытша әкiмшiлiктiң орындауы үшiн мiндеттi болып табылады.
3-параграф. Уақытша басқарудың тоқталуы
18. Мақта өңдеу ұйымын уақытша басқару мынадай негіздер бойынша тоқтатылады:
1) соттың шешімімен белгіленген уақытша басқару мерзімінің аяқталуы;
2) соттың уақытша басқаруды мерзімінен бұрын аяқтау туралы шешім қабылдауы.
19. Уақытша басқару:
1) мақта өңдеу ұйымының берiлген мақта қолхаттары бойынша өз мiндеттемелерiн орындау қабiлеттiлiгiн қалпына келтiрген жағдайда;
2) басқа да мақта қолхаттарын ұстаушылардың талаптарын тиiсiнше орындауға ықпал ететiн жағдайлардың болмауы шартымен уақытша басқару кезеңiнде мақта қолхаттарын ұстаушылардың барлық мәлiм етiлген талаптарын толық көлемде қанағаттандырған жағдайларда мерзiмiнен бұрын тоқтатылады.
20. Уақытша әкімшіліктің уақытша басқаруды мерзімінен бұрын аяқтау үшін негіздердің болуы туралы актісінің негізінде қабылданатын уақытша басқару жөніндегі комиссияның ұсынысы соттың уақытша басқаруды мерзімінен бұрын аяқтау туралы шешім қабылдауы үшін негіз болып табылады.
21. Уақытша басқаруды енгiзуге әкелген себептердiң жойылуына байланысты оны тоқтату (оның ішінде мерзімнен бұрын) осы мақта өңдеу ұйымына қатысты барлық шектеулердi жоюға әкеп соғады.