Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiндегі сексеуiл екпелерiнде ағаш кесуге тыйым салу туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетi төрағасының 2015 жылғы 13 тамыздағы № 211 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 14 қыркүйекте № 12057 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің кейбір мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 6 сәуірдегі 310 қаулысының 17-тармағының 376) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Мынаған:

      1) Уран кен орындарын қазып шығаратын және мемлекеттік орман қорының құбыр желісі өтетін жерлерде жаппай кесуді қоспағанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі сексеуіл екпелерінде ағаш кесудің барлық түріне 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін тыйым салынсын.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Төрағасының м.а. 12.04.2016 № 108 (алғаш рет ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.11.2016 № 268 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 06.12.2018 № 17-5-6/326 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.03.2019 № 17-5-6/82 бұйрықтарымен.

      2. Облыстар әкiмдерi заңнамада белгiленген тәртiппен:

      1) осы бұйрықтың 1-тармағын iске асыру жөнiнде қажеттi шаралар қабылдасын;

      2) мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ағаш және бұта тұқымдыларын плантацияда өсiру бойынша, сондай-ақ жекеше орман өсiру үшiн жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғаларға жер учаскелерiн беру бойынша жұмыс ұйымдастырсын;

      2-1. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциялары осы бұйрықтың орындалуына бақылау жасалуын қамтамасыз етсін.

      3) жыл сайын 10 маусымға және 10 қаңтарға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетiне ормандарды ағаштың заңсыз кесілуінен қорғау жөнiнде қабылданған шаралар және ағаш пен бұта тұқымдыларын плантацияда өсiру туралы ақпарат беріп тұрсын.

      Ескерту. 2-тармақ 2-1-тармақшамен толықтырылды - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Төрағасының м.а. 30.11.2016 № 268 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар басқармасы белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуге Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне жіберсін;

      2) мемлекеттік тіркелгеннен кейін он күнтізбелік күн ішінде оның мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануға жіберілуін қамтамасыз етсін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Орман шаруашылығы және жануарлар
дүниесі комитетінің төрағасы
Б. Азбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады