«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабының 6-7) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігін және орнықтылығын техникалық зерттеп-қарауды жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспасөз басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануға жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі Е. Досаев
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 19 қарашадағы
№ 702 бұйрығымен
бекітілген
Ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігін және орнықтылығын
техникалық зерттеп-қарауды жүзеге асыру қағидалары 1. Жалпы ережелер
1. Осы Ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігін және орнықтылығын техникалық зерттеп-қарауды жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігін және орнықтылығын техникалық зерттеп-қарауды жүзеге асыру тәртібін регламенттейді.
2. Осы Қағидаларда Заң мен сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерде анықталған ұғымдар пайдаланылады.
2. Ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігін және орнықтылығын
техникалық зерттеп-қарауды жүзеге асыруды ұйымдастыру
3. Ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігін және орнықтылығын техникалық зерттеп-қарау:
1) бұзылудың қауіптілігін білдіретін жауапты (тіреуіш) элементтері мен қосылулардың ақаулары мен бүлінулері, қолданылған құрылыс материалдарының сапалық көрсеткіштерге сәйкес келмейтіндігі анықталған;
2) өрттің және дүлей зілзаланың салдарлары;
3) мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау органдары нұсқама берген;
4) ғимараттар мен құрылыстардың конструктивтік схемасы, өндіріс технологиялары өзгерістеріне байланысты бекітілген жобалық шешімдер өзгерген;
5) ғимараттардың, құрылыстардың нормативтік пайдалану мерзімдері аяқталған;
6) жөндеудің және реконструкциялаудың экономикалық тұрғыдан орындылығын айқындаған;
7) нормаланатын табиғи-климаттық әсер (қардың, желдің әсері) ұлғайған;
8) ғимараттар мен құрылыстардың техникалық тұрғыдан пайдалану (тұрақты түрде) кезінде құрылыстардың техникалық тексеріп қарау мерзімдерінің басталуы;
9) салынып жатқан объект құрылысын консервациялау не алты айдан астам мерзімге тоқтата тұрған;
10) пайдаланып отырған үй-жай немесе құрылысты жаңғырту, реконструкциялау, қайта жарақтау, олардың нысаналы мақсаты өзгерген жағдайларда жүргізіледі.
4. Ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігін және орнықтылығын техникалық зерттеп-қарау техникалық тапсырмаға сәйкес ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігін және орнықтылығын техникалық зерттеп-қарау жүзеге асыруға арналған шартқа (бұдан әрі – шарт) сәйкес жүзеге асырылады.
5. Тапсырыс беруші ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігін және орнықтылығын техникалық зерттеп-қарауды жүзеге асыру құқығына тиісті аттестаты бар сарапшыны (бұдан әрі – сарапшы) не құрамында аттестатталған сарапшылары бар аккредиттелген ұйымды (бұдан әрі – ұйым) тартқан кезде осы Қағидаларды, Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерін және сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтер және шарттың талаптарын басшылыққа алады.
3. Ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігін және орнықтылығын
техникалық зерттеп-қарауды жүзеге асыру
6. Ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігін және орнықтылығын техникалық зерттеп-қарауды жүргізу кезінде сарапшы не ұйым мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) Тапсырыс берушіден тексерудің бастапқы деректерін: қолданыстағы жобалау-сметалық құжаттаманы, сараптамалық қорытындысын, инженерлік-геологиялық ізденістер жөніндегі қорытындыны, атқарушылық-техникалық құжаттаманы, рұқсат беру құжаттамасын, құқық белгілейтін құжаттарды сұратады;
2) ақауларды суретке түсіріп, қарап тексеру жүргізеді;
3) Тапсырыс беруші объектіні техникалық зерттеп-қарауды дайындау бойынша барлық қажетті іс-қимылдарды ұйымдастыруы және орындауы үшін тіреу конструкцияларын қажетті ашу орындары бар іс-қимылдар бағдарламасын Тапсырыс берушіге ұсынады;
4) ұсынылған бастапқы деректерді алдын ала зерделеу мен талдауды жүргізеді;
5) негiзгі тіреу және қоршау конструкцияларына, оның ішінде негіздемелер мен iргетастарға егжей-тегжейлі аспаптық тексеру жүргізеді;
6) егжей-тегжейлі аспаптық зерттеп-қарау жүргізген кезде аккредиттелген мамандандырылған зертхананы тартады;
7) зерттеп-қарау жатқан бүкіл объекті мен оның конструкциялық элементтерінің нормативтік талаптардан ауытқуларын анықтау үшін олардың инженерлік-геодезиялық түсірілімін жүргізеді;
8) объектілерде қолданылатын құрылыс материалдарының, конструкциялары мен бұйымдарының сапасын тексереді, олардың Қазақстан Республикасында қолданыстағы стандарттар мен басқа да нормативтік техникалық құжаттарға сәйкес зертханалық сынақтарын ұйымдастырады және сапасын растайтын құжаттардың (техникалық паспорттар, сертификаттар, зертханалық сынақтардың қорытындылары және басқалары) бар-жоғын тексереді;
9) зерттеп-қарау барысында алынған нәтижелерге зерделеу жүргізеді;
10) зерттеп-қарау барысында алынған нәтижелер мен зертханалық деректерді ескеріп, ұсынылған бағдарламалық кешендерде ғимаратты (құрылысты) тексеру есебін жүргізеді;
11) барлық алынған деректерге инженерлік талдау жүргізеді (конструкциялардың жұмыс істеу қабілеті санатын айқындай отырып, бастапқы деректерді, тексеру нәтижелері мен тексеру есептерін талдау);
12) объектінің нақты деректері бойынша қажетті қосымшалары (жоспарлар, бөліністер, тіреу конструкцияларының атқарушылық түсірілімі, суретқосымша, зертхана хаттамалары, растайтын материалдар) бар, объектінің сенімділігі мен орнықтылығына жүргізілген техникалық зерттеп-қарау нәтижелері туралы қорытынды жасап, жүргізілген техникалық зерттеп-қарауды инженерлік талдау нәтижелері бойынша сараптамалық қорытынды жасайды;
13) жасалған қорытындылардың негізінде қажетті конструкцияларды күшейту (қалпына келтіру) жөнінде ұсынымдар әзірлейді;
14) объектіге қажетті конструкцияларды күшейту (қалпына келтіру) бойынша ұсынымдар мен тұжырымдар бар объектіні техникалық зерттеп-қарау жөніндегі сараптамалық қорытындыны Тапсырыс берушіге береді.
7. Ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігін және орнықтылығын техникалық зерттеп-қарауды жүзеге асыратын тұлғалардың:
1) салынып жатқан немесе салынған объектіге еркін кіруге;
2) Тапсырыс берушіден техникалық зерттеп-қарау бойынша жұмысты орындау үшін қажетті барлық жобалау-техникалық және атқарушылық құжаттаманы алуға;
3) объектінің толық әзірлігі бойынша техникалық зерттеп-қарауға кірісуге;
4) техникалық зерттеп-қарауды жүргізу үшін қажетті барлық жұмысты орындауға құқығы бар.
8. Тапсырыс беруші ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігін және орнықтылығын техникалық зерттеп-қарауды жүзеге асырған кезде сарапшыларға немесе ұйымға толық техникалық жәрдем көрсетеді.
9. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорын жағдайында ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігін және орнықтылығын техникалық зерттеп-қарауды жүргізген кезде зерттеп-қарауды орындайтын сарапшылар осы объектіде қолданыстағы арнайы техникалық қауіпсіздік қағидалары туралы нұсқау алуға тиіс.
10. Ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігін және орнықтылығын техникалық зерттеп-қарау бойынша сараптамалық жұмыстарды орындау мерзімі шартпен айқындалады және мынадай:
- техникалық тұрғыдан күрделі емес объектілер үшін күнтізбелік отыз күннен;
- бірінші және екінші жауапкершілік деңгейлеріндегі бірегей және техникалық күрделі объектілер үшін күнтізбелік алпыс күннен;
- бірінші жауапкершілік деңгейіндегі өндiрiстiк мақсаттағы бірегей және техникалық тұрғыдан күрделі объектілер үшін күнтізбелік бір жүз жиырма күннен аспайды.
11. Ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігін және орнықтылығын техникалық зерттеп-қарауды орындайтын сарапшы жүргізілетін зерттеулердің сапасына, шығарылған шешімдердің дұрыстығына және әзірленген ұсынымдардың толықтығына Заңның 34-4-бабының 11-тармағына сәйкес жауапты болады.
12. Сарапшылардың техникалық зерттеп-қарау нәтижелері бойынша барлық қорытындылары мен нұсқаулары тапсырыс берушінің орындауы үшін міндетті болып табылады.
13. Ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігі мен орнықтылығына техникалық зерттеп-қарау жүргізу барысында сарапшылардың кәсіби қызметіне араласуға болмайды.
14. Ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігі мен орнықтылығын техникалық зерттеп-қарау жүзеге асыратын тұлға өз міндеттерін орындамағаны (тиісінше орындамағаны) не қызметін жүзеге асырмағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
4. Ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігін және орнықтылығын
техникалық зерттеп-қарау жөніндегі сараптамалық қорытындыға
қойылатын талаптар
15. Ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігін және орнықтылығын техникалық зерттеп-қарау жөніндегі сараптамалық қорытынды мыналарды қамтуға тиіс:
1) мұқаба парақ (орындаушы ұйымның атауы, объектінің атауы, кім бекітеді, тіркеу нөмірі);
2) қорытындының мазмұны;
3) техникалық зерттеп-қарау жүргізу үшін негіздеме (шарттың нөмірі мен күні, ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігін және орнықтылығын техникалық тексеруге арналған техникалық тапсырма);
4) зерттеп-қарауға Тапсырыс берушінің ұсынған бастапқы деректерінің тізбесі;
5) зерттеп-қарау жүргізіліп жатқан объектінің орналасқан алаңы бойынша жалпы сипаттама (орналасқан алаңның, климаттық жағдайлардың, алаңның инженерлік-геологиялық жағдайларының сипаттамасы);
6) көлемдік-жоспарлық және сындарлы шешімдер (қабылданған көлемдік-жоспарлық және конструкциялық шешімдердің сипаттамасы);
7) тексеру нәтижелері (жүргізілген тексерулердің, анықталған ақаулар мен бұзушылықтардың сипаттамасы);
8) зерттеп-қарау есебінің нәтижелері (қолданылған есептеу бағдарламасын көрсету, есептеу схемасының сипаттамасы, жүктемелер жинағының кестесі, объектінің есептік модельдері, есептеу хаттамалары, тіреу элементтеріндегі күш түсу схемалары, есеп бөлімі бойынша қорытындылар);
9) барлық алынған деректердің инженерлік талдау;
10) қорытынды;
11) ұсынымдар;
12) қосымшалар (фотоматериалдар, инженерлік-геологиялық сынақтар бойынша қорытынды, графикалық материалдар, атқарушылық түсірілім, зертханалық сынақтар хаттамалары, атқарушылық-техникалық құжаттама).
16. Ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігін және орнықтылығын техникалық зерттеп-қарау жөніндегі сараптамалық қорытындыға техникалық зерттеп-қарау жүргізген ұйым барлық аттестатталған сарапшылары қол қояды, жеке мөртаңба қойылады және оны ұйымның бірінші басшысымен бекітеді.
Ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігін және орнықтылығын техникалық зерттеп қарау жөніндегі сараптамалық қорытындыға техникалық тексеруді жүргізген сарапшылар қол қояды, жеке мөртаңба қойылады.