"Астана қаласының Жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Күшін жойған

Астана қаласы әкімдігінің 2015 жылғы 9 қыркүйектегі № 197-1570 қаулысы. Астана қаласының Әділет департаментінде 2015 жылы 8 қазанда № 948 болып тіркелді. Күші жойылды - Астана қаласы әкімдігінің 2018 жылғы 28 ақпандағы № 06-400 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Астана қаласы әкімдігінің 28.02.2018 № 06-400 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңы 17-бабының 7-тармағына, "Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының үлгі ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2012 жылғы 29 қазандағы № 410 Жарлығына сәйкес, Астана қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Астана қаласының Жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. "Астана қаласының Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы" Астана қаласы әкімдігінің 2014 жылғы 31 желтоқсандағы № 06-2215 қаулысының (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2015 жылғы 16 қаңтарда № 875 болып тіркелген, 2015 жылғы 17 қаңтардағы № 5 (3210) "Астана ақшамы" және 2015 жылғы 17 қаңтардағы № 5 (3228) "Вечерняя Астана" газеттерінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. "Астана қаласының Жер қатынастары басқармасы" мемлекеттік мекемесінің басшысы осы қаулыны кейіннен ресми және мерзімдік баспа басылымдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген интернет-ресурста және Астана қаласы әкімдігінің интернет-ресурсында жариялап, әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді жүргізсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Астана қаласы әкімінің орынбасары А.И. Лукинге жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Астана қаласының әкімі

Ә. Жақсыбеков

  Астана қаласы әкімдігінің
2015 жылғы 9 қыркүйектегі
№ 197-1570 қаулысына
1-қосымша

"Астана қаласының Жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен
қорғалуын бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже
1. Жалпы ережелер

      1. "Астана қаласының Жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) Астана қаласының әкімшілік-аумақтық шекарасы шегіндегі жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Басқарманың ведомстволары жоқ.

      3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Басқарма мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      6. Басқарма егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқада актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Басқарманың орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, "Сарыарқа" ауданы, Сарыарқа даңғылы, № 13.

      10. Мемлекеттік органның толық атауы – "Астана қаласының Жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесі.

      11. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      12. Басқарма қызметін қаржыландыру Астана қаласының бюджетінен жүзеге асырылады.

      13. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер Басқармаға Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Басқарманың миссиясы, негізгі міндеттері,
функциялары, құқықтары және міндеттері

      14. Басқарманың миссиясы: Астана қаласының жер қатынастарын және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылауды мүмкіндігінше тиімді пайдалану және реттеу үшін жағдай жасау бойынша мемлекеттік саясатты дамыту және жетілдіру.

      15. Міндеттері:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген шекте және тәртіпте, Астана қаласының жер ресурстарын тиімді және оңтайлы пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған, жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау саласындағы қызметті жүзеге асыру;

      2) Астана қаласының аумағында жерді аймақтау жобаларын, жерлерді ұтымды пайдалану бойынша сызбаларды және аумақты жерге орналастыруды өткізу бойынша жұмыстарды ұйымдастыру;

      3) жер қатынастары саласында мемлекеттік көрсетілетін қызмет сапасын жетілдіру және жоғарылату;

      4) жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін беру, пайдалану, нысаналы мақсатын өзгерту және алып қою мәселелері бойынша сәулет және қала құрылысы, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, ауыл шаруашылығы, табиғатты реттеу мен пайдалану саласындағы орталық және уәкілетті мемлекеттік органдармен өзара әрекет етуін қамтамасыз ету;

      5) жерлердің, меншік иелері мен жер пайдаланушылардың есебін жүргізу сапасын жоғарылатуды, Астана қаласы жерлері жыл сайынғы теңгерімінің құрылуын және орталық уәкілетті органға берілуін қамтамасыз ету;

      6) Қазақстан Республикасы жер заңнамасының сақталуына бақылауды қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзушылықтарын анықтау мен жою және жер қатынастары саласында мемлекеттің мүддесін қорғау;

      7) Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасының нормаларын сақтау;

      8) гендерлік және отбасылық-демографиялық саясатты іске асыру, қызметкерлерді жұмысқа қабылдау және жоғарылату кезінде гендерлік баланс нормаларын сақтау.

      16. Функциялары:

      1) жер қатынастарын реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      2) Астана қаласы жергілікті атқарушы органның Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 71-бабына сәйкес іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскелерін пайдалануға рұқсат беру бойынша ұсыныстарын дайындауды ұйымдастыру;

      3) жерлерді резервке қою жөнінде ұсыныстар әзірлеу;

      4) Астана қаласы жерлерінің теңгерімін жасау;

      5) жер учаскелерін беру және олардың нысаналы мақсатын өзгерту бойынша ұсыныстар мен Астана қаласы әкімдігінің (бұдан әрі – әкімдік) қаулы жобаларын әзірлеу;

      6) жер учаскесін сатып алу-сату шарттарын, жалға беру және уақытша өтеусіз жер пайдалану шарттарын жасау және жасасқан шарттардың талаптарын орындауға бақылауды жүзеге асыру;

      7) иесіз жер учаскелерін анықтау және оларды есепке қою бойынша жұмысты ұйымдастыру;

      8) мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару жөнінде ұсыныстар дайындау;

      9) жер учаскелерінің бөлінетіндігін және бөлінбейтіндігін анықтау;

      10) мемлекет жеке меншікке сататын нақты жер учаскелерінің кадастрлық (бағалау) құнын бекіту;

      11) жерге орналастыруды ұйымдастыру және жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекіту;

      12) жерлерді аймақтарға бөлу жобаларын және Астана қаласының жерін ұтымды пайдалану бойынша жобаларды және сызбаларды жасауды ұйымдастыру;

      13) жер сауда-саттығын (конкурстарды, аукциондарды) өткізуді ұйымдастыру;

      14) жерді пайдалану және қорғау мәселелерін қозғайтын жобалар мен сызбаларға сараптама өткізу;

      15) жер учаскелері меншік иелерінің және жер пайдаланушылардың, сондай-ақ басқа да жер құқығы қатынастары субъектілерінің есебін жүргізу;

      16) жер-кадастрлық жобасын бекіту;

      17) Кодекстің 92 және 93-баптарына сәйкес, заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойылған тұлғалар туралы орталық уәкілетті органға ақпарат беру;

      18) Кодекстің 94-бабы 2-тармағының үшінші бөліміне сәйкес жер учаскесіне ауыртпалықтарды белгілеу және жою үшін жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу саласындағы уәкілетті органға өтініш беру;

      19) жеке және заңды тұлғалардың жер учаскелерін беру және олардың нысаналы мақсаттарын өзгерту туралы, сондай-ақ жер қатынастары саласындағы өзге де мәселелер жөніндегі өтініштерін қабылдауды жүзеге асыру;

      20) мемлекеттік органдардың, кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдар мен азаматтардың Қазақстан Республикасының жер заңнамасын, жер учаскелерін нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланудың белгіленген режимін сақтауына;

      жер учаскелерін өз бетінше иеленіп алуға жол бермеуге;

      жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың құқықтарының сақталуына;

      жер учаскелерінің меншік иелері және жер пайдаланушылардың топырақтың құнарлылығын қайта қалпына келтіру және сақтау жөніндегі ұйымдастыру-шаруашылық, агротехникалық, орман мелиорациялық және эрозияға қарсы гидротехникалық іс-шаралар кешенін уақтылы және дұрыс жүргізуіне;

      жер учаскелерінің меншік иелері және жер пайдаланушылардың өздерінде жердің бар-жоғы, олардың жай-күйі мен пайдаланылуы туралы мәліметтерді мемлекеттік органдарға уақтылы беруіне;

      жердің жай-күйіне әсер ететін тұрғын үй және өндірістік объектілердің жобалануына, орналастырылуына және салынуына;

      жерді жақсарту жөніндегі, топырақ эрозиясының, сортаңдану, батпақтану, су басу, шөлейттену, құрғақтану, тығыздалу, қоқыстану, ластану және жердің тозуын туғызатын басқа да үдерістердің салдарын болғызбау мен жою жөніндегі іс-шаралардың уақтылы және сапалы орындалуына;

      межелік белгілердің сақталуына;

      жергілікті атқарушы органдар уақытша жер пайдалануға берген жерлердің уақтылы қайтарылуына;

      бүлінген жердің қалпына келтірілуіне;

      жердің бүлінуіне байланысты жұмыстар жүргізілген кезде, топырақтың құнарлы қабатының сыдырып алынуына, сақталуына және пайдаланылуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру.

      21) Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылатын немесе пайдаланылмайтын жерлерді анықтау және мемлекет меншігіне қайтару;

      22) егер құрылыс, пайдалы қазбалардың орындарын қазу, объектілерді пайдалану, геологиялық барлау және басқа да жұмыстар Қазақстан Республикасының жер заңнамасын, жерді пайдаланудың белгіленген тәртібін бұза отырып жүзеге асырылған болса, сондай-ақ егер бұл жұмыс түрлері сараптамадан өтпеген немесе теріс қорытынды берілген жобалар бойынша жүргізілген жағдайда, оларды тоқтату;

      23) Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген басқа да функцияларды жүзеге асыру.

      17. Құқықтары мен міндеттері:

      1) Астана қаласы жерлерін тиімді және оңтайлы пайдалану бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жер заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстарды енгізу;

      2) жер қатынастары саласындағы мәселелер бойынша жергілікті атқарушы органдар мен уәкілетті органдар әзірлеген заңнамалық және өзге де нормативтік актілердің жобалары жөнінде ұсыныстарды енгізу;

      3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді мемлекеттік сатып алу бойынша тапсырыс беруші болу;

      4) Астана қаласы әкімінің (бұдан әрі – әкім) сенімхаты бойынша сот органдарында жер құқығы қатынастары мәселелері бойынша мемлекеттің (қаланың) мүддесін білдіру және қорғау;

      5) мемлекеттік органдардан жер қатынастары саласындағы мәселелер бойынша ақпаратты сұрату және алу;

      6) жер қатынастары саласындағы мәселелер бойынша орталық уәкілетті мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері және қаланың жергілікті атқарушы органының құрылымдық бөлімшелері болып табылатын мемлекеттік органдармен сектораралық өзара әрекет ету;

      7) ведомствоаралық комиссияның жұмысына қатысу, жер қатынастары саласындағы мәселелер бойынша ғылыми-зерттеу, сараптамалық және өзге де кеңестерді, жұмыс топтарын құру;

      8) жердің сандық және сапалық есебі және Астана қаласының аумағында жер қатынастарын реттеу туралы ақпаратты қалыптастыру;

      9) кадрлардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру жөніндегі жұмысты жүргізу;

      10) Астана қаласында жер учаскелеріне құқық беру жөніндегі комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) апта сайынғы отырысын өткізуді ұйымдастыруды қамтамасыз ету;

      11) Комиссия отырыстарының хаттамаларын және жер учаскелеріне құқық беру, мемлекеттік қажеттіліктер үшін жер учаскелерін алып қою және олардың нысаналы мақсатын өзгерту жөніндегі әкімдіктің қаулы жобаларын дайындау;

      12) иесіз жер учаскелерін есепке қою және оларды мемлекет меншігіне қайтару бойынша сот органдарына талап-арыздарды енгізу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;

      13) Қазақстан Республикасы жер заңнамасының бұзылуы туралы хаттамалар (актілер) жасау және Қазақстан Республикасы жер заңнамасының бұзылғаны үшін әкімшілік жазалау туралы қаулылар шығару;

      14) Қазақстан Республикасының жер заңнамасын бұзу салдарынан келтірілген шығынды өтеу туралы, өз мақсатында пайдаланылмай не Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылып жатқан жер учаскелерiн мәжбүрлеп алып қою туралы, жер учаскелерін беруге, мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға, мәжбүрлеп иеліктен шығаруға байланысты құқыққа сыйымсыз шешімдердің күшін жою туралы, сондай-ақ жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдарының анықталған Қазақстан Республикасы жер заңнамасын бұзушылықтарды жою жөнінде берген нұсқамаларын осы нұсқама берілген тұлғалар нұсқамада көрсетілген мерзімде орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайда оларды орындау туралы және жеке, лауазымды және заңды тұлғалардан айыппұл өндіріп алу туралы істер бойынша сотқа талап-арыз дайындауға және беруге;

      15) қызметтiк куәлiгiн көрсеткен жағдайда, ұйымдарға кедергiсiз кіруге, меншік иелері мен жер пайдаланушылардың меншiгіндегi және пайдалануындағы жер учаскелерін тексеруге, ал әскери, қорғаныс және басқа да арнаулы объектiлер алып жатқан жер учаскелерін оларға кiрудiң белгіленген режимін ескере отырып, тексеруге;

      16) жерге құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттары болмаған жағдайда тұрғын жай және өндiрiстiк объектiлердiң салынуын тоқтата тұруға;

      17) Қазақстан Республикасының заңнамасын, құқықтарды және заңнамамен қорғалатын жеке және заңды тұлғалардың мүдделерін сақтауға;

      18) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыруға.

3. Басқарманың қызметін ұйымдастыру

      18. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын басшы жүзеге асырады.

      19. Басқарманың басшысы әкімнің өкімімен қызметке тағайындалады және босатылады.

      20. Басқарма басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.

      Басқарма басшысы орынбасарларының бірі жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі мемлекеттік бас инспектор болып табылады (бұдан әрі – бас инспектор). Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау бөлімінің басшысы бас инспектордың орынбасары болып табылады және ол болмаған кезеңде, Қазақстан Республикасының қолданыстығы заңнамасына сәйкес оның өкілеттіктерін орындайды.

      21. Басқарма басшысының өкілеттігі:

      1) Басқарма жұмысына басшылық етеді, оның құрылымдық бөлімшелерінің жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды және Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына, сондай-ақ Басқарма қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларын орындамағанына дербес жауапты болады;

      2) Басқарманы әкімдікте және Астана қаласының мәслихатында (бұдан әрі – мәслихат), сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдар мен ұйымдарда ұсынады;

      3) Басқарманың тәртіптік, аттестациялық және конкурстық комиссияларының қызметіне жалпы басшылық жасайды, қаржылық, атқарушылық және еңбек тәртібінің сақталуын, кадр қызметі және құжат айналымын бақылайды;

      4) Басқарма қызметінің ұйымдастырушылық-құқықтық, қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін ұйымдастырады;

      5) өз орынбасарлары мен Басқарма бөлімдері басшыларының міндеттерін белгілейді және олардың жауапкершілік деңгейін белгілейді;

      6) штаттық кестеге сәйкес Басқарма қызметкерлерін лауазымына тағайындайды және лауазымынан босатады;

      7) Басқарма қызметкерлеріне тәртіптік жаза қолданады (алып тастайды);

      8) Басқарма қызметкерлерінің орындауына міндетті тапсырмалар береді және бұйрықтар шығарады;

      9) бөлімдер туралы ережелерді және Басқарма қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;

      10) жер учаскелерін сатып алу-сату және жер пайдалану (жалдау) шарттарына қол қояды;

      11) әкімнің және мәслихат шешімдерінің, әкімдіктің қаулы жобаларын келіседі және қол қояды, сондай-ақ өз құзыретіне жатқызылған басқа да мәселелер бойынша шешім қабылдайды.

      Басқарманың басшысы болмаған кезеңде, оның өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының қолданыстығы заңнамасына сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

      22. Басқарма басшысы өз орынбасарларының өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының қолданыстығы заңнамасына сәйкес анықтайды.

4. Басқарманың мүлігі

      23. Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлікке ие болуы мүмкін.

      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      24. Басқармаға бекітілген мүлік Астана қаласының коммуналдық меншігіне жатады.

      25. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, Басқарманың өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

      26. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады