Сандықтау ауданында тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің тәртібін және мөлшерін айқындау туралы

Күшін жойған

Ақмола облысы Сандықтау аудандық мәслихатының 2015 жылғы 15 мамырдағы № 32/3 шешімі. Ақмола облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 8 маусымда № 4824 болып тіркелді. Күші жойылды - Ақмола облысы Сандықтау аудандық мәслихатының 2016 жылғы 17 ақпандағы № 42/4 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Ақмола облысы Сандықтау аудандық мәслихатының 17.02.2016 № 42/4 (қол қойылғаннан кейін күшіне енеді және қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6 бабына, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі Заңының 97 бабына, «Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512 қаулысына, «Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 қаулысына сәйкес, Сандықтау аудандық мәслихаты ШЕШІМ ЕТТІ:
      1. Сандықтау ауданында тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің тәртібі мен мөлшері осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.
      2. Осы шешім Ақмола облысының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күшіне енеді және ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Аудандық мәслихат
      сессиясының төрәйымы                       А.Амрина

      Аудандық мәслихаттың
      хатшысы                                    С.Клюшников

      Келісілді

      Сандықтау ауданының әкімі                  Е.Сағдиев
      2015 жыл 15 мамыр

Сандықтау аудандық мәслихатының
2015 жылғы 15 мамырдағы  
№ 32/3 шешіміне қосымша  

Сандықтау ауданында тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің тәртібі мен мөлшері

1. Тұрғын үй көмегін көрсетудің тәртібі

      1. Тұрғын үй көмегі аудандық бюджет қаражаты есебінен Сандықтау ауданында тұрақты тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) беріледі.
      2. Өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелері «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 5 наурыздағы № 185 қаулысымен бекітілген, «Тұрғын үй көмегін тағайындау» мемлекеттік қызмет стандартына сәйкес іске асырылады.
      3. Тұрғын үй көмегі жеке меншігінде бір бірліктен артық тұрғын үйі бар немесе тұрғын үйлерді жалға беруші отбасыларды (азаматтарды) қоспағанда, аз қамтылған отбасыларға тоқсан сайын тағайындалады.
      4. Тұрғын үй көмегі ағымдағы тоқсанға тағайындалады, бұл ретте кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефонға абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуына, жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу төлемақысына орташа алғанда отбасының (азаматтың) өткен тоқсандағы табыстары мен шығындары есепке алынады.
      5. Тұрғын үй көмегі төлемдерін қаржыландыру тиісті қаржылық жылға қарастырылған аудан бюджетінің қаражаты мөлшерінде жүзеге асырылады.
      6. Тұрғын үй көмегін тағайындау және төлеу бойынша уәкілетті орган болып «Сандықтау ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – уәкілетті орган) айқындалды.
      7. Аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін төлеу уәкілетті органмен екінші деңгейдегі банктер арқылы өтініш берушілердің жеке шоттарына аудару жолымен жүзеге асырылады.

2. Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері

      8. Тұрғын үй көмегін алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу тәртібі «Тұрғын үй көмегін алуға, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі төрағасының 2011 жылғы 5 желтоқсандағы № 471 бұйрығы негізінде есептеледі.
      9. Шекті жол берілетін шығыстар үлесі: жекешелендірілген тұрғынжайларда тұратын немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлерді) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарға;
      тұрғынжайдың меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылары) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефонға абонеттік ақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуына;
      жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін жалға алу ақысын төлеуге 15 пайыз мөлшерінде белгіленеді.
      10. Тұрғын үй көмегі осы мақсаттарға жұмсалатын шығыстардың нормалары мен шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады.
      11. Жәрдемақы шараларымен қамтамасыз етілетін тұрғын үй алаңының нормасы бір адамға он сегіз шаршы метр болып қабылданады. Жәрдемақы шараларымен қамтамасыз етілетін тұрғын үй алаңының нормасы жалғыз тұратын азаматтар үшін отыз шаршы метр көлемінде белгіленеді, алайда бір бөлмелі пәтердің көлемінен кем болмауы тиіс.
      12. Өтемақы шараларымен қамтамасыз етілетін электр қуатының шығын нормасы бір адамға айына 100 киловатт болып қабылданады.
      13. Суды шығындау нормасы отбасының әр мүшесіне айына 1,5 куб метр болып белгіленсін.
      14. Белгiленген нормадан тыс төлем тұрғын жайдың меншiк иелерiмен немесе жалдаушыларымен (қосымша жалдаушыларымен) жалпыға бірдей негiзде жүргiзiледi.
      15. Қатты отын шығыны айына бір шаршы метрге 49,75 килограмм мөлшерінде есепке алынады. Отынның құнын есептеу үшін статистикалық деректерге сәйкес алдыңғы тоқсанда Сандықтау ауданы бойынша қалыптасқан орташа бағасы есепке алынады.
      16. Телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеу «Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512 қаулысымен бекітілген әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеу ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады