Алматы облысының аумағындағы "Көлсай-көлдері" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің күзет аймағы мен табиғатты пайдалану режимін белгілеу туралы

Жаңа

Алматы облысы әкімдігінің 2015 жылғы 13 қаңтардағы № 21 қаулысы. Алматы облысының Әділет департаментінде 2015 жылы 04 ақпанда № 3018 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексінің 123–бабына, "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" 2006 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 10184348-баптарына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабына сәйкес, "Көлсай-көлдері" мемлекеттік ұлттық табиғи паркін қолайсыз сыртқы әсерлерден ерекше күзету және қорғауды қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      Алматы облысының аумағындағы "Көлсай-көлдері" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жер пайдаланушылар мен меншік иелерін жер учаскелерін алып қоймай, ені кем дегенде екі шақырымнан күзет аймағы мен табиғатты пайдалану режимі осы қаулының қосымшасына сәйкес белгіленсін.
      Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің "Көлсай-көлдері" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі" республикалық мемлекеттік мекемесіне күзет аймағының шекарасын арнайы белгілермен белгілеу ұсынылсын.
      Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Т. Досымбековке жүктелсін.
      Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және оны алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Облыс әкімі А. Баталов

  Облыс әкімдігінің 2015 жылғы "13" қаңтардағы "Алматы облысының аумағындағы "Көлсай-көлдері" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің күзет аймағы мен табиғатты пайдалану режимін белгілеу туралы" № 21 қаулысына
  қосымша

"Көлсай-көлдері" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің күзет аймағындағы табиғатты пайдалану режимі

      1. "Көлсай-көлдері" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің (бұдан әрі-ұлттық парк) күзет аймағында жер пайдаланушылардың табиғи ресурстарды тұрақты пайдалануды қамтамасыз ететін дәстүрлі шаруашылық қызметінің негізгі түрлеріне рұқсат етіледі.
      2. Ұлттық паркінің күзет аймағында:
      жаңа елді мекендер құруға және бар елді мекендерді кеңейтуге;
      мемлекеттік табиғи паркінің экологиялық жүйелеріне зиянды әсер ететін объектілерді орналастыруға, жобалауға, салуға және пайдалануға, жаңа технологиялар енгізуге;
      жануарлар мен өсімдіктер дүниесі үшін зәрлі улы химикаттар, тыңайтқыштар мен гербицидтер қолданылатын ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығының интенсивті нысандарын енгізуге;
      атмосфера және ашық су көздері мен рельефке ластаушы заттар шығаруға және сарқынды суларды төгуге, қалдықтарды орналастыруға;
      пайдалы қазбалар өндіруге;
      әуесқойлық (спорттық) және кәсіпшілік аң аулауға;
      радиоактивті материалдар мен өнеркәсіп қалдықтарын көмуге;
      ұлттық парктің экологиялық жүйелерінің гидрологиялық режимін өзгертетін қызметке (бөгеттер, дамбалар, гидротехникалық құрылыстар және табиғи су ағынын тоқтатуға немесе азайтуға әкеп соғатын басқа да объектілер салуға);
      жабайы жануарлар мен жабайы өсімдіктердің бөтен түрлерін жерсіндіруге;
      ұлттық парктің экологиялық жүйелеріне зиянды әсер ететін басқа да қызметке тыйым салынады;
      3. Ұлттық парктің күзет аймағында оның экологиялық жүйесіне келеңсіз әсер етпейтін шаруашылық қызметтердің әр алуан түрлері жүзеге асуы мүмкін:
      1) орман шаруашылығы қызметі;
      мал жайылымы және шөп шабуды қоса алғанда, дәстүрлі жер пайдалану, сондай-ақ биологиялық саналуандықты ұзақ мерзімді сақтау мен оның беріктігін қамтамасыз ету шеңберіндегі өзге де қызмет;
      туристік және рекрециялық қызмет;
      минералды суларды, жер астының жылы суларын және климаттық ресурстарды пайдалану;
      кәсіпшілік және әуесқой (спорттық) балық аулау;
      орман және дала өрттерін сөндіру жөнінде жердегі және авияциялық жұмыстарды жүргізу;
      бүлінген жерлерді рекультивациялау;
      орман және өзге де өсімдік қауымдастықтарын қалпына келтіру;
      жабайы жануарлардың мекендеу ортасы мен санын қалпына келтіру;
      жер учаскелерін туристер болатын жерлерді жайластыру, өсімдіктер мен жануарлардың эндемикалық, сирек кездесетін және құрып бара жатқан түрлерін жасанды жолмен көбейту, өсіру, өндіру үшін питомниктер салу, ұлттық парк қызметкерлерінің тұруы үшін қызметтік үй-жайлар (кардондар) салу, оларға қызмет бабындағы жер үлестерін беру үшін пайдалану.
      4. Ұлттық парктің күзет аймағында "Алматы облысының аумағындағы "Көлсай-көлдері" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің күзет аймағы мен табиғатты пайдалану режимін белгілеу туралы" облыс әкімдігі қаулысының қосымшасындағы 3-тармағында аталған қызмет түрлерін жүзеге асыру кезінде жануарлар мен өсімдіктер дүниесі объектілерінің мекендеу ортасын және көбею жағдайларын, жануарлардың қоныс аудару жолдары мен шоғырлану орындарын сақтау жөніндегі іс-шаралар көзделуге және жүзеге асырылуға, жабайы жануарлардың мекендеу ортасы ретінде ерекше құнды учаскелерге, сондай-ақ ұлттық парктің өзге де объектілеріне қол сұғылмауы қамтамасыз етілуге тиіс.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады