Облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын ақылы автомобиль жолдарын және көпір өткелдерін пайдалану тәртібі мен шарттарын бекіту туралы

Жаңа

Алматы облысы әкімдігінің 2015 жылғы 10 маусымдағы № 245 қаулысы. Алматы облысы Әділет департаментінде 2015 жылы 17 шілдеде № 3291 болып тіркелді

      "Автомобиль жолдары туралы" 2001 жылғы 17 шiлдедегi Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабына және "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 37-бабына сәйкес Алматы облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын ақылы автомобиль жолдарын және көпір өткелдерін пайдалану тәртібі мен шарттары бекітілсін.
      2. "Алматы облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесінің басшысына осы қаулыны әділет органдарында мемлекеттік тіркелгеннен кейін ресми және мерзімді баспа басылымдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген интернет-ресурста және облыс әкімдігінің интернет-ресурсында жариялау жүктелсін.
      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары М. Бигелдиевке жүктелсін.
      4. Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Облыс әкімі А. Баталов

  Алматы облысы әкімдігінің 2015 жылғы "10" маусым № 245 қаулысымен бекітілген

Облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ ақылы автомобиль жолдарын және көпір өткелдерін пайдалану тәртібі мен шарттары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ ақылы автомобиль жолдарын және көпір өткелдерін пайдалану тәртібі мен шарттары (бұдан әрі – Қағидалар) "Автомобиль жолдары туралы" 2001 жылғы 17 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және Автомобиль жолдарын басқару жөніндегі ұлттық операторға немесе концессионерге берілген облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ ақылы автомобиль жолдарын және көпір өткелдерін пайдалану тәртібі мен шарттарын айқындайды.
      2. Осы Тәртіпте мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) автомобиль жолдарын пайдаланушылар – жол қозғалысына қатысушылар болып табылатын немесе автомобиль жолдарына бөлінген белдеу мен жол бойындағы белдеу шегінде өзге де қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар.
      2) облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ ақылы автомобиль жолдарын және көпір өткелдерін пайдалану – облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ ақылы автомобиль жолдары және көпір өткелдері бойынша автокөлік құралдарының белгіленген жүктемелерімен, габариттерімен үздіксіз, қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру және пайдалану кезеңінде олардың көліктік-пайдалану жай-күйін ұстау;
      3) ақылы жүруді ұйымдастырушы – Автомобиль жолдарын басқару жөніндегі ұлттық оператор немесе концессионер;
      4) көпір өткелі – көпірді, көпірге кіреберісті, реттеу және қорғау құрылыстарын қамтитын, су кедергілерін еңсеруге арналған инженерлік құрылыстар кешені.

2. Облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ ақылы автомобиль жолдарын өткелдерін пайдалану тәртібі мен шарттары

      3. Облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ ақылы автомобиль жолдарын және көпір өткелдерін пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларды жөндеу мен күтіп ұстау жөніндегі іс-шараларды ақылы жүруді ұйымдастырушының уақтылы қамтамасыз етуін көздейді.
      4. Облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ ақылы жүрудің ұйымдастырушы ақылы автомобиль жолдары мен көпір өткелдерін тиісті пайдалану мақсатында:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес автомобиль жолдарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді;
      2) қысқы кезеңде облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ ақылы автомобиль жолдарын және көпір өткелдерін қардан тазартуды қамтамасыз етеді және жамылғының тайғақтығына қарсы шаралар қабылдайды;
      3) көлік құралдарының үздіксіз және қауіпсіз жүріп өтуін және табиғатты қорғау заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес автомобиль жолдарын пайдаланушыларға жол жағдайларының себептері бойынша туындаған жол-көлік оқиғалары келтірген зиянды өтеу жөніндегі шараларды қабылдайды;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес автомобиль жолдарына бөлінген белдеудің фитосанитариялық жай-күйін қамтамасыз етеді;
      6) автомобиль жолдарының бойында қорғаныш екпелерін күтіп-ұстайды;
      7) облыстың жол органдарымен келісім бойынша, жол полициясы бөлімшелерімен және төтенше жағдайлар жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп, шұғыл жағдайларда (қолайсыз ауа райы-климаттық жағдайлар, дүлей апаттар, өрт, автомобиль жолдарының көтеру қабілетінің жойылуы), сондай-ақ жөндеу-құрылыс жұмыстарын жүргізген кезде бұл жөнінде аудандық жергілікті атқарушы органдарды және автомобиль жолдарын пайдаланушыларды тиісті жол белгілерін қойып және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар ете отырып, көлік құралдары қозғалысын шектейді немесе тоқтатады;
      8) дүлей метеорологиялық құбылыстар мен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарларын жояды;
      9) жол полициясы бөлімшелерімен өзара іс-қимыл жасай отырып, жол-көлік оқиғаларының есебін жүргізеді, олардың туындауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды талдайды, олардың алдын алу мен жою жөніндегі іс-шараларды әзірлейді;
      10) Қазақстан Республикасының заңнамаларымен белгіленген жылдамдық режимінің шеңберінде көлік құралдарының қауіпсіз жүріп өту мүмкіндігін қамтамасыз етеді;
      11) жол қозғалысына қатысушыларды құтқару, жол-көлік оқиғалары, авариялар, дүлей апаттар жағдайларында оларға дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету бойынша шаралар қабылдайды;
      12) жол полициясы бөлімшелеріне жол-көлік оқиғаларын тергеуге жәрдем көрсетеді, сондай-ақ егер жол-көлік оқиғасы ілеспе жол жағдайлары бойынша болса, қызметтік тексеру жүргізеді;
      13) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдарға жәрдем көрсетеді;
      14) жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарын (қоршаулар, жол белгілері, жолды белгілеу, бағыттайтын құрылғылар, жарықтандыру желілері, бағдаршамдар, қозғалысты автоматтандырылған басқару жүйелері) орнату мен жөндеуді қамтамасыз етеді;
      15) қажетті ақпараттық-коммуникациялық желілерге қосу арқылы автокөлік құралдары қозғалысының мониторингі үшін өлшеу құрылғыларын, жабдықтарды орнатуды және бағдарламалық қамтуды қамтамасыз етеді;
      16) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақылы автомобиль жолдары бойынша жүріп өткені үшін ақы алуды қамтамасыз етеді.
      5. Облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ ақылы автомобиль жолдарын және көпір өткелдерін күтіп-ұстау бойынша жұмыстар тұрақты негізде жүзеге асырылады.
      6. Облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ ақылы автомобиль жолдары мен көпір өткелдерін күтіп-ұстау бойынша жұмыстарды уақтылы жүргізу мақсатында оларды визуалды тексеру күн сайын жүзеге асырылады.
      7. Облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ ақылы автомобиль жолдарының және көпір өткелдерінің пайдаланылуын бақылауды "Алматы облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесі жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады