Талғар аудандық "Құрылыс бөлімі" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Алматы облысы Талғар ауданы әкімдігінің 2015 жылғы 02 қарашадағы № 10-1392 қаулысы. Алматы облысы Әділет департаментінде 2015 жылы 02 желтоқсанда № 3590 болып тіркелді. Күші жойылды - Алматы облысы Талғар ауданы әкімдігінің 2016 жылғы 05 қыркүйектегі № 09-591 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Алматы облысы Талғар ауданы әкімдігінің 05.09.2016 № 09-591 қаулысымен.
      "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабының 8) тармақшасына және "Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының үлгі ережесін бекіту туралы" 2012 жылғы 29 қазандағы № 410 Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, Талғар ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Талғар аудандық "Құрылыс бөлімі" мемлекеттік мекемесінің Ережесі осы қаулының қосымшасына сәйкес бекітілсін.
      2. Талғар аудандық "Құрылыс бөлімі" мемлекеттік мекемесінің басшысы Ауелбаев Жандос Касенкановичқа осы қаулыны әділет органдарында мемлекеттік тіркелгеннен кейін ресми және мерзімді баспа басылымдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған интернет-ресурста және аудан әкімдігінің интернет-ресурсында жариялау жүктелсін.
      3. Осы қаулының орындалуын бақылау аудан әкімінің орынбасары Тойбаев Әбдіғали Әбдіханұлына жүктелсін.
      4. Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғашқы ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Аудан әкімі Р. Садыкова

  Талғар ауданы әкімдігінің 2015 жылғы 2 қарашадағы № 10-1392 қаулысымен бекітілген қосымша

Талғар аудандық "Құрылыс бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже 1. Жалпы ережелер

      1. Талғар аудандық "Құрылыс бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Бөлім) құрылыс саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
      2. Бөлімнің ведомстволары жоқ.
      3. Бөлім өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      4. Бөлім мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысандағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
      5. Бөлім азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
      6. Бөлімге егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      7. Бөлім өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Бөлім басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
      8. Бөлімнің құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: индекс 041600, Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Талғар ауданы, Талғар қаласы, Қонаев көшесі, № 65.
      10. Мемлекеттік органның толық атауы - Талғар аудандық "Құрылыс бөлімі" мемлекеттік мекемесі.
      11. Осы Ереже Бөлімнің құрылтай құжаты болып табылады.
      12. Бөлімнің қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
      13. Бөлімге кәсіпкерлік субъектілерімен Бөлімнің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Бөлімге заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Мемлекеттік органның миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      14. Бөлімнің миссиясы: Талғар ауданы аумағында Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік құрылыс саясатын жүргізу.
      15. Міндеттері:
      1) тұрғын үй құрылысы бойынша бюджеттік бағдарламаларға сәйкес аудандық объектілерді салу, реконструкциялау және күрделі жөндеу бойынша жылдық және перспективтік бағдарламаларды әзірлеу;
      2) инженерлік инфрақұрылым объектілерін салу, реконструкциялау және күрделі жөндеу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру және үйлестіру;
      3) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыру.
      16. Функциялары:
      1) мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруды қамтамасыз ету;
      2) мемлекеттік сатып алуды (жергілікті бюджет қаржысы есебінен немесе оның қатысуымен орындалатын объектілерді жобалау, салу, реконструкциялау, күрделі жөндеу) іске асыруды қамтамасыз ету;
      3) жергілікті бюджет, облыстық бюджеттің трансферттері есебінен салынатын объектілер құрылысының барысына, реконструкциялануына бақылауды жүзеге асыру;
      4) құрылыстарды, үйлерді, ғимараттарды, инженерлік және көлік коммуникацияларын салу (кеңейту, техникамен қайта жарақтандыру, жаңғырту, реконструкциялау, қалпына келтіру және күрделі жөндеу) туралы, сондай-ақ аумақты инженерлік жағынан дайындау, абаттандыру мен көгалдандыру, құрылысты (объектіні) консервациялау, жергілікті маңызы бар объектілерді кейіннен кәдеге жарату жөнінде жұмыстар кешенін жүргізу туралы шешімдер қабылдау;
      5) қабылдау комиссияларымен объектілерді пайдалануға қабылдауды ұйымдастыру және оларға қатысу;
      6) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.
      17. Құқықтары мен міндеттері:
      1) Бөлімнің құзыретіне кіретін мәселелерді шешу бойынша аудан әкімінің және аудандық мәслихаттың қарауына ұсыныстар енгізу;
      2) мемлекеттік органдардан және өзге де ұйымдардан өз қызметіне қажетті ақпаратты заңнамада белгіленген тәртіппен сұрату және алу;
      3) жедел басқару құқығындағы мүліктерді пайдалануды жүзеге асыру;
      4) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін уақытылы және сапалы қарау;
      5) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өз құзыреті шегінде өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру.

3. Мемлекеттік органның қызметін ұйымдастыру

      18. Бөлімге басшылықты Бөлімге жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.
      19. Бөлімнің бірінші басшысын Талғар ауданының әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      20. Бөлімнің бірінші басшысының өкілеттігі:
      1) Бөлім қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерін өз құзыреті шегінде айқындайды;
      2) Бөлім қызметкерлерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметке тағайындайды және босатады;
      3) Бөлім қызметкерлерін заңнамада белгіленген тәртіппен ынталандырады және тәртіптік жазалар қолданады;
      4) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады;
      5) мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдарда өз құзыреті шегінде Бөлімнің мүддесін білдіреді;
      6) Бөлімде сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етеді, сол үшін жеке жауапкершілік алуды белгілейді;
      7) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Бөлімнің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

4. Мемлекеттік органның мүлкі

      21. Бөлімнің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.
      Бөлімнің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді коса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
      22. Бөлімге бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
      23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Бөлім, өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Бөлімді қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады