Облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын сыныптау тәртібі мен шарттарын бекіту туралы

Жаңа

Қызылорда облыстық әкімдігінің 2015 жылғы 30 наурыздағы № 891 қаулысы. Қызылорда облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 24 сәуірде № 4967 болып тіркелді

      "Автомобиль жолдары туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шілдедегі Заңына сәйкес Қызылорда облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын сыныптау тәртібі мен шарттары осы қаулының қосымшасына сәйкес бекітілсін.
      2. "Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.
      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Н.Н. Әлібаевқа жүктелсін.
      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев

  Қызылорда облысы әкімдігінің
2015 жылғы "30" наурыздағы
№ 891 қаулысына қосымша

Облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын сыныптау тәртібі мен шарттары

1. Жалпы ережелер

      1. Облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын сыныптау тәртібі мен шарттары "Автомобиль жолдары туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шілдедегi Заңына сәйкес әзiрленген.

2. Сыныптау тәртiбi мен шарттары

      2. Облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын сыныптау жол қозғалысының геометриялық параметрлерi мен есептiк қарқындылығына байланысты ұлттық стандарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
      Шаруашылық автомобиль жолдарын, елдi мекендердiң көшелерiн сыныптау жолдардың көрсетiлген түрлерiне талаптарды ескере отырып, ұқсас тәртiппен жүзеге асырылады.
      3. Облыстық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының атаулары мен индекстерін облыстың жергілікті атқарушы органы автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша бекітеді.
      Аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының атаулары мен индекстерін аудандардың жергілікті атқарушы органдары облыстың жергілікті атқарушы органымен келісім бойынша бекітеді.
      Келісуге жiберiлетiн материалдар автомобиль жолы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен пайдалануға қабылданғанын растайтын құжаттарды, автомобиль жолының атауы мен индексi туралы мәлiметтердi, сондай-ақ, облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының тиiстi тiзбесiн қамтуы тиiс.
      Мемлекеттiк уәкiлеттi орган және облыстың жергілікті атқарушы органы ұсынылған құжаттарды жиырма күннiң iшiнде қарайды. Автомобиль жолын кейiннен облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының тiзбесiне енгiзу үшiн жергiлiктi атқарушы органына жазбаша келiсiм жiберiледi.
      Автомобиль жолын облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының тiзбесiне енгiзу үшiн жергiлiктi атқарушы органға келiсуге материалдар толық мәлiметтерсiз және/немесе осы тармақта көзделген құжаттарсыз ұсынылған жағдайда мемлекеттiк уәкiлеттi орган және облыстың жергілікті атқарушы органы барлық кемшiлiктердi жою үшiн өтiнiштi қайтарады.

3. Автомобиль жолдарының атаулары және индекстерi

      4. Облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының атаулары және индекстерi болуы тиiс.
      Облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының атауына елдi мекендердiң бастапқы және соңғы, қажет болғанда аралық мекендердің атаулары кiредi.
      Автомобиль жолдарының индексiндегi сандар индекс әрiптерiнен кейiн дефис арқылы берiледi.
      5. Облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының индексi латын әлiпби әрiптерiнен және сандар топтарынан тұрады.
      Облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолы индексiнiң бiрiншi әрпi "К"-мен белгiленедi.
      Облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолының индексiндегi келесi әрiптерi жолдың әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерiне тиесiлiгі бойынша, кестеге сәйкес белгiленедi: бұл жағдайда Қызылорда облысы "N" әрпімен белгіленеді.

"КN" әрпiнен кейiн индекстiң келесi әрпiн меншiктеу кестесi


р/с
N
Аудан атауы
Индекстегі әріптер атауы
1
Арал
A
2
Қазалы
B
3
Қармақшы
C
4
Жалағаш
D
5
Сырдария
E
6
Шиелі
G
7
Жаңақорған
H

      Автомобиль жолы екi және одан да көп әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер арқылы өткен жағдайда облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолының тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерге тиесiлiгi бойынша индекстiң бiрiншi әрпiнен кейiн әрiптер әлiпбилiк тәртiппен меншiктеледi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады