Облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын ақылы автомобиль жолдарын және көпір өткелдерін пайдалану тәртібі мен шарттарын бекіту туралы

Күшін жойған

Қызылорда облыстық әкімдігінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 897 қаулысы. Қызылорда облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 06 мамырда № 4975 болып тіркелді. Күші жойылды - Қызылорда облыстық әкімдігінің 2015 жылғы 09 желтоқсандағы № 255 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Қызылорда облыстық әкімдігінің 09.12.2015 № 255 қаулысымен (қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      "Автомобиль жолдары туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шілдедегі Заңына сәйкес Қызылорда облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      Қоса беріліп отырған облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын ақылы автомобиль жолдарын және көпiр өткелдерiн пайдалану тәртібі мен шарттары бекітілсін.
      "Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.
      Осы қаулының орындалуын бақылау Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Н.Н. Әлібаевқа жүктелсін.
      Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев

  Қызылорда облысы әкімдігінің
2015 жылғы "31" наурыздағы
№897 қаулысымен бекітілген

Облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын ақылы автомобиль жолдарын және көпiр өткелдерiн пайдалану тәртібі мен шарттары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы ақылы автомобиль жолдарын және көпiр өткелдерiн пайдалану тәртібі мен шарттары "Автомобиль жолдары туралы" 2001 жылғы 17 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және концессионерге берілген ақылы автомобиль жолдарын (жол учаскелерін) және көпір өткелдерін пайдалану тәртібі мен шарттарын айқындайды.
      2. Осы ақылы автомобиль жолдарын және көпір өткелдерін пайдалану тәртібі мен шарттарында мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) автомобиль жолдарын пайдаланушылар – жол қозғалысына қатысушылар болып табылатын немесе автомобиль жолдарына бөлінген белдеу мен жол бойындағы белдеу шегінде өзге де қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар;
      2) ақылы автомобиль жолдарын (жол учаскелерін) және көпір өткелдерін пайдалану – ақылы автомобиль жолдары (жол учаскелері) және көпір өткелдері бойынша автокөлік құралдарының белгіленген жүктемелерімен, габариттерімен үздіксіз, қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру және пайдалану кезеңінде олардың көліктік-пайдалану жай-күйін ұстау;
      3) ақылы жүруді ұйымдастырушы – Автомобиль жолдарын басқару жөніндегі ұлттық оператор немесе концессионер;
      4) концессионер – концессия шартын жасасқан, оның ішінде өз қызметін бірлескен қызмет (жай серіктестік) туралы шарт негізінде жүзеге асыратын, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға және (немесе), мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерін қоспағанда (концессиялық жобаларды қаржыландыру жөніндегі ұйымдардан басқа), заңды тұлға;
      5) көпір өткелі – көпірді, көпірге кіреберісті, реттеу және қорғау құрылыстарын қамтитын, су кедергілерін еңсеруге арналған инженерлік құрылыстар кешені.

2. Ақылы автомобиль жолдарын (жол учаскелерін) және көпір өткелдерін пайдалану тәртібі мен шарттары

      3. Ақылы автомобиль жолдарын (жол учаскелерін) және көпір өткелдерін пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларды жөндеу мен күтіп ұстау жөніндегі іс-шараларды ақылы жүруді ұйымдастырушының уақтылы қамтамасыз етуін көздейді.
      4. Ақылы жүруді ұйымдастырушы ақылы автомобиль жолдары (жол учаскелері) мен көпір өткелдерін тиісті пайдалану мақсатында:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес автомобиль жолдарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді;
      2) қысқы кезеңде ақылы автомобиль жолдарын (жол учаскелерін) және көпір өткелдерін қардан тазартуды қамтамасыз етеді және жамылғының тайғақтығына қарсы шаралар қабылдайды;
      3) көлік құралдарының үздіксіз және қауіпсіз жүріп өтуін және табиғатты қорғау заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес автомобиль жолдарын пайдаланушыларға жол жағдайларының себептері бойынша туындаған жол-көлік оқиғалары келтірген зиянды өтеу жөніндегі шараларды қабылдайды;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес автомобиль жолдарына бөлінген белдеудің фитосанитариялық жай-күйін қамтамасыз етеді;
      6) автомобиль жолдарының бойында қорғаныш екпелерін күтіп-ұстайды;
      7) жол органдарымен келісім бойынша, жол полициясы бөлімшелерімен және төтенше жағдайлар жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп, шұғыл жағдайларда (қолайсыз ауа-райы климаттық жағдайлар, дүлей апаттар, өрт, автомобиль жолдарының көтеру қабілетінің жойылуы), сондай-ақ, жөндеу-құрылыс жұмыстарын жүргізген кезде бұл жөнінде жергілікті атқарушы органдарды және автомобиль жолдарын пайдаланушыларды тиісті жол белгілерін қойып және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар ете отырып, көлік құралдары қозғалысын шектейді немесе тоқтатады;
      8) дүлей метеорологиялық құбылыстар мен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарларын жояды;
      9) жол полициясы бөлімшелерімен өзара іс-қимыл жасай отырып, жол-көлік оқиғаларының есебін жүргізеді, олардың туындауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды талдайды, олардың алдын алу мен жою жөніндегі іс-шараларды әзірлейді;
      10) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы № 1196 қаулысымен бекітілген Жол жүрісі Қағидаларында белгіленген жылдамдық режимінің шеңберінде көлік құралдарының қауіпсіз жүріп өту мүмкіндігін қамтамасыз етеді;
      11) жол қозғалысына қатысушыларды құтқару, жол-көлік оқиғалары, авариялар, дүлей апаттар жағдайларында оларға дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету бойынша шаралар қабылдайды;
      12) жол полициясы бөлімшелеріне жол-көлік оқиғаларын тергеуге жәрдем көрсетеді, сондай-ақ, егер жол-көлік оқиғасы ілеспе жол жағдайлары бойынша болса, қызметтік тексеру жүргізеді;
      13) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдарға жәрдем көрсетеді;
      14) жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарын (қоршаулар, жол белгілері, жолды белгілеу, бағыттайтын құрылғылар, жарықтандыру желілері, бағдаршамдар, қозғалысты автоматтандырылған басқару жүйелері) орнату мен жөндеуді қамтамасыз етеді;
      15) қажетті ақпараттық-коммуникациялық желілерге қосу арқылы автокөлік құралдары қозғалысының мониторингі үшін өлшеу құрылғыларын, жабдықтарды орнатуды және бағдарламалық қамтуды қамтамасыз етеді;
      16) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақылы автомобиль жолдары (жол учаскелері) және көпір өткелдері бойынша жүріп өткені үшін ақы алуды қамтамасыз етеді.
      5. Ақылы автомобиль жолдарын (жол учаскелерін) және көпір өткелдерін күтіп-ұстау бойынша жұмыстар тұрақты негізде жүзеге асырылады.
      6. Ақылы автомобиль жолдары (жол учаскелері) мен көпір өткелдерін күтіп-ұстау бойынша жұмыстарды уақтылы жүргізу мақсатында оларды визуалды тексеру күн сайын жүзеге асырылады.
      7. Ақылы автомобиль жолдарының (жол учаскелерінің) және көпір өткелдерінің пайдаланылуын бақылауды Қызылорда облысының автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады