"Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қызылорда облысы әкімдігінің 2015 жылғы 13 мамырдағы № 9 қаулысы. Қызылорда облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 02 маусымда № 5005 болып тіркелді. Күші жойылды - Қызылорда облысы әкімдігінің 2016 жылғы 19 мамырдағы № 461 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Қызылорда облысы әкімдігінің 19.05.2016 № 461 қаулысымен (қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына және "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңына сәйкес Қызылорда облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса берілген "Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесі бекітілсін.
      2. "Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.
      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Н.Н. Әлібаевқа жүктелсін.
      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
      Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев

  Қызылорда облысы әкімдігінің
2015 жылғы "13" мамырдағы № 9
қаулысымен бекітілген

"Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесінің ЕРЕЖЕСІ

1. Жалпы ережелер

      1. "Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) өз құзыреті шегінде облыстың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласында мемлекеттік реттеу және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қызылорда облысы әкімдігімен өкілеттік берілген облыстық бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган болып табылады.
      2. Басқарманың құрылтайшысы Қызылорда облысының әкімдігі болып табылады.
      Басқармаға қатысты коммуналдық меншік құқығы субъектісінің құқықтарын "Қызылорда облысының қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесі жүзеге асырады.
      3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      4. Басқарма мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
      6. Басқарма егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
      8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Қызылорда облысы, индексі 120003, Қызылорда қаласы, Бейбарыс сұлтан көшесі, құрылыс 1.
      10. Мемлекеттік органның толық атауы - "Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесі.
      11. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
      12. Басқарманың қызметін қаржыландыру облыстық бюджеттен жүзеге асырылады.
      13. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Басқарманың миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      14. Басқарманың миссиясы: көлік және коммуникация саласы бойынша облыс экономикасының, қоғамның көлік қызметіне қол жетімді және сапалы қажеттілігін толық қанағаттандыру мақсатында тиімді мемлекеттік саясатты жүргізу.
      15. Міндеттері:
      1) экономиканың және халықтың автомобильмен тасымалдауға және өзге де жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге деген мұқтажын қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау;
      2) жеке және заңды тұлғалардың заңды құқықтары мен мүдделерін, сондай-ақ, мемлекеттің ұлттық мүдделерін қорғау;
      3) облыстық автомобильмен тасымалдау нарығында отандық тасымалдаушылардың бәсекеге қабілеттілігі үшін жағдайлар жасау;
      4) автомобильмен тасымалдаудың ішкі нарығын қорғау;
      5) автомобиль көлігінің инфрақұрылымын одан әрі дамыту;
      6) бұзылған учаскелерді жөндеу жөніндегі іс-шараларды жыл бойына жүргізу, автомобиль жолдарында авариялық жағдайлар туындағанда, автомобиль жолдарында ақаулар байқалғанда автомобиль жолдарын ағымдағы жөндеу, сондай-ақ, автомобиль жолдарын шұғыл қалпына келтіру және жөндеу;
      7) ағымдағы, орташа және күрделі автомобиль жолдарын жөндеу, автомобиль жолдарының ақауларын жою және ахуалын жақсарту;
      8) қолданыстағы техникалық санатын өзгертпей автомобиль жолын күрделі жөндеу, автомобиль жолының көліктік-пайдалану сипаттамаларын қалпына келтіру, күтіп ұстау және жақсарту жөніндегі жұмыстарды жүргізу;
      9) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында қарастырылған өзге де міндеттерді атқару.
      16. Функциялары:
      1) тиісті аумақта жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;
      2) жолдарда жол жүрісін ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларды әзірлейді және іске асырады;
      3) облыстық және аудандық маңызы бар жолдарда, елді мекендердің көшелерінде жол жүрісін реттеудің техникалық құралдарын салу, реконструкциялау, жөндеу, енгізу және күтіп - ұстау жөніндегі барлық жұмыс түрлерінің орындалуын және оларды бақылауды қамтамасыз етеді;
      4) облыстық маңызы бар, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстау жөніндегі жұмыстарды Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес ұйымдастырады;
      5) облыстық маңызы бар, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының желісін, елді мекен көшелерін басқарады;
      6) облыстың коммуналдық меншігіндегі жолдарды және жол кәсіпорындарын басқарады;
      7) облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстау жөніндегі жұмыстарды жүргізу кезінде мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
      8) жалпыға ортақ пайдаланылатын облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын немесе олардың учаскелерін өтеусіз уақытша пайдалануға беру туралы шешім қабылдау жөнінде облыс әкімдігі қаулысының жобасын әзірлейді;
      9) ауданаралық (облысішілік қалааралық) және қала маңындағы жолаушылар қатынасын ұйымдастыру туралы шешімдерді тасымалдаушы қабылдайтын жағдайларды қоспағанда, осындай шешім қабылдау жөнінде облыс әкімдігі қаулысының жобасын әзірлейді;
      10) әлеуметтік мәні бар ауданаралық (облысішілік қалааралық) және қала маңындағы жолаушылар қатынастары (маршруттар) бойынша теміржол көлігімен жолаушылар тасымалдарын жүзеге асыруға байланысты тасымалдаушылардың залалдарын субсидиялайды;
      11) ауданаралық (облысішілік қалааралық) және қала маңындағы қатынастарды айқындайды;
      12) жолаушылар мен багажды тұрақты облысаралық, қалааралық, ауданаралық (облысішілік қалааралық) тасымалдауды ұйымдастырады, оларға қызмет көрсету құқығына конкурстар өткізеді;
      13) жолаушылар мен багажды тұрақты ауданаралық (облысішілік қалааралық) тасымалдаулар маршруттарын және қозғалыс кестелерін бекіту туралы облыс әкімдігі қаулысының жобасын әзірлейді;
      14) жолаушылар мен багажды тұрақты облысаралық, қалааралық автомобильмен тасымалдау маршруттарын және жүру кестелерін келіседі;
      15) автовокзалдар мен автостанциялардың тізілімін жүргізеді;
      16) жолаушылар мен багажды тұрақты ауданаралық (облысішілік қалааралық) автомобильмен тасымалдау маршруттарының тізілімін жүргізеді;
      17) жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасын және жол қозғалысын ұйымдастыру жобаларын әзірлеу туралы облыс әкімдігі қаулысының жобасын әзірлейді;
      18) жолаушыларды ауданаралық (облысішілік қалааралық) қатынастарда әлеуметтік мәні бар тасымалдауларды жүзеге асыру кезіндегі тасымалдаушылардың залалдарын субсидиялауды жүзеге асырады;
      19) құқық бұзушылық жасауға итермелейтін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі шаралар қолданады;
      20) азаматтардың құқықтық тәрбиесін ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;
      21) елді мекендердің көшелерін күтіп-ұстау, ағымдағы орташа және күрделі жөндеу кезінде орындалатын жұмыстар түрлерінің сыныптамасын бекітеді;
      22) халықаралық техникалық байқау сертификаттарын береді;
      23) Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес лицензиялауды жүзеге асырады;
      24) кірме жолдары және жалпыға ортақ пайланылатын облыстық және аудандық маңызы бар жолдарға жалғасатын жолдарды салуды келісу;
      25) облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын сыныптау тәртібі мен шарттарын бекіту туралы жобаны әзірлеп, облыс әкімдігіне бекіту үшін ұсынады;
      26) облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының жолға бөлінген белдеуінде сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыру тәртібін бекіту туралы жобаны әзірлеп, облыс әкімдігіне бекіту үшін ұсынады;
      27) көлік қызметі субъектілерін аттестаттауды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен жүргізеді;
      28) шағын көлемді кемелердің кеме жүргізушілерін даярлау жөніндегі курстарды есепке алады;
      29) шағын көлемді өздігінен жүзетін кемелерді басқару құқығына куәліктер береді;
      30) өз құзыреті шегінде жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру саласындағы шараларды іске асырады;
      31) жеке және заңды тұлғалардың Басқармаға жолдаған өтініштерін қарайды, олардың орындалуын бақылайды, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда және тәртіппен олар бойынша жауаптар береді;
      32) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдауды ұйымдастырады;
      33) жергiлiктi мемлекеттiк басқару мүддесiнде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергiлiктi атқарушы органдарға жүктелетiн өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - Қызылорда облысы әкімдігінің 07.04.2016 № 430 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      17. Құқықтары мен міндеттері:
      1) Басқарма өзiне жүктелген мiндеттердi және өзiнiң функцияларын жүзеге асыру барысында заңнамада бекiтiлген тәртiппен:
      мемлекеттiк органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан қажеттi ақпараттар мен материалдарды сұрауға және алуға;
      өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестер, семинарлар, конференциялар өткізуге;
      қолданыстағы заңнамада қарастырылған өзге де құқықтарды атқаруға құқылы;
      2) Басқарма:
      заңды және негiзделген шешiмдер қабылдауға;
      қабылданған шешiмдердiң орындалуын бақылауды қамтамасыз етуге;
      қолданыстағы заңнамада қарастырылған өзге де міндеттерді іске асыруға міндетті;
      3) "Қорқыт Ата әуежайы" акционерлік қоғамы акцияларының 100 (жүз) пайыз мөлшеріндегі мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану.
      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - Қызылорда облысы әкімдігінің 07.04.2016 № 430 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

3. Басқарманың қызметін ұйымдастыру

      18. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.
      19. Басқарманың бірінші басшысын облыс әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      20. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
      21. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттігі:
      1) өз өкілеттігін жүзеге асыру кезінде облыс әкімі мен жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасарына есеп береді;
      2) өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттiк органдарда және өзге де ұйымдарда Басқарманы бiлдiредi;
      3) еңбек қатынастары мәселелерi өз құзыретiне жататын Басқарманың қызметкерлерiн заңнамаға сәйкес қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      4) стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың әзірленуін қамтамасыз етеді;
      5) еңбек қатынастары мәселелері өз құзыретіне жататын Басқарма қызметкерлеріне заңнамада белгiленген тәртiппен тәртіптік жаза қолданады және көтермелеу шараларын қабылдайды;
      6) бұйрықтарға қол қояды;
      7) Басқарма атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
      8) шарттар жасасады;
      9) сенімхаттар береді;
      10) өз өкілеттіктерін ұйымдастыру және ішкі тәртіп мәселелері бойынша регламент қабылдайды;
      11) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты ұйымдастыруға дербес жауапты болады;
      12) Басқарманың жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;
      13) облыс әкімдігі мен әкімінің актiлерi мен тапсырмаларын орындайды;
      14) Басқарманың құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелердi бекiтедi;
      15) құзыретi шегiнде нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлеудi ұйымдастырады;
      16) қызметтік этика нормаларының сақталуын қамтамасыз етеді;
      17) гендерлік теңдік саясатын жүзеге асырады;
      18) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау кестесін бекітеді;
      19) Қазақстан Республикасы заңнамасымен көзделген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
      22. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.
      23. Басқарманың жұмыс режимі:
      1) Басқарма дүйсенбі мен жұма аралығында аптасына 5 (бес) күн жұмыс істейді;
      2) Басқарманың жұмыс уақыты жергілікті уақыт бойынша сағат 09.00-ден сағат 19.00-ге дейін. Сағат 13.00-ден сағат 15.00-ге дейін үзіліс;
      3) Басқарма сенбі және жексенбі күндері, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген мереке күндері жұмыс істемейді.
      24. Басқарма мен облыс әкімдігі арасындағы, Басқарма әкімшілігі мен оның еңбек ұжымы арасындағы өзара қарым-қатынастар қолданыстағы Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.

4. Басқарманың мүлкi

      25. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болуы мүмкiн.
      Басқарманың мүлкi оған меншiк иесi берген мүлiк, сондай-ақ, өз қызметi нәтижесiнде сатып алынған мүлiк (ақшалай кiрiстердi коса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен қалыптастырылады.
      26. Басқармаға бекiтiлген мүлiк облыстық коммуналдық мүлікке жатады.
      27. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзiне бекiтiлген мүлiктi және қаржыландыру жоспары бойынша өзiне бөлiнген қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi өз бетiмен иелiктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.

5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

      28. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Басқарма таратылған жағдайда оның мүлкiн пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады