Екібастұз қаласы әкімдігінің 2015 жылғы 15 мамырдағы "Екібастұз қаласының шалғайдағы елді мекендерінде тұратын балаларды жалпы білім беретін мектептеріне тасымалдау схемалары мен тәртібін бекіту туралы" № 548/6 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Павлодар облысы Екібастұз қалалық әкімдігінің 2015 жылғы 30 қазандағы № 1330/11 қаулысы. Павлодар облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 24 қарашада № 4804 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 31-бабына, Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шілдедегі "Автомобиль көлігі туралы" Заңының 14-бабы 3-тармағының 3-1) тармақшасына сәйкес, Екібастұз қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Екібастұз қаласы әкімдігінің 2015 жылғы 15 мамырдағы "Екібастұз қаласының шалғайдағы елді мекендерінде тұратын балаларды жалпы білім беретін мектептеріне тасымалдау схемалары мен тәртібін бекіту туралы" (Павлодар облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 19 маусымда № 4534 болып тіркелген, 2015 жылғы 25 маусымда № 25 (1275) "Отарқа" және № 25 (3087) "Голос Экибастуза" газеттерінде жарияланған) № 548/6 қаулысына келесі өзгеріс енгізілсін:
      көрсетілген қаулының 10-қосымшасы осы қаулының қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда мазмұндалсын.
      2. Осы қаулының орындалуын бақылау Екібастұз қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
      3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
      Екібастұз қаласының әкімі А. Вербняк

  Екібастұз қаласы әкімдігінің
2015 жылғы "30" қазандағы
№ 1330/11 қаулысына
қосымша

Екібастұз қаласының шалғайдағы елді мекендерінде тұратын
балаларды жалпы білім беру мектептеріне тасымалдау тәртібі

1. Жалпы ережелер

      1. Екібастұз қаласының шалғайдағы елді мекендерінде тұратын балаларды жалпы білім беру мектептеріне тасымалдаудың осы Тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы "Жол жүрісі қағидаларын, Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалар бойынша боялуға тиіс жедел және арнайы қызметтер тізбесін бекіту туралы" № 1196 қаулысына, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2015 жылғы 26 наурыздағы "Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларын бекіту туралы" № 349 бұйрығына сәйкес әзірленген және Екібастұз қаласының шалғайдағы елді мекендерінде тұратын балаларды жалпы білім беру мектептеріне тасымалдау тәртібін айқындайды.

2. Автокөлік құралдарына қойылатын талаптар

      2. Балаларды тасымалдау үшiн бөлiнген автобустардың техникалық жай-күйi, техникалық қызмет көрсету өткiзудiң көлемдерi мен мерзiмдерi, жабдықтары автомобиль көлігі саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен бекітілетін Автокөлік құралдарын техникалық пайдалану ережесімен белгiленген талаптарға жауап беруi тиiс.
      3. Балаларды тасымалдауға арналған автобустардың кемiнде екi есiктерiнiң және мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау объектілерінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағғы нормативтік құқықтық актілерге, гигиеналық нормативтерге және (немесе) техникалық регламенттерге сәйкестігін (сәйкес еместігін) куәландыратын құжатының болуы, сондай-ақ мыналармен жабдықталуы тиіс:
      1) автобустың алдында және артында "Балаларды тасымалдау" деген төрт бұрышты айыратын белгi орнатылуы тиіс;
      2) сары түстi жарқылдауық шағын маякпен;
      3) әрқайсысының сыйымдылығы кемiнде екi литр болатын, оңай алынатын екі өрт сөндiргiштермен (бiреуi - жүргiзушiнiң кабинасында, басқасы – автобустың жолаушылар салонында);
      4) дәрігерлік алғашқы көмек екі қобдишаларымен (автомобильдi);
      5) екi жылжуға қарсы тiректермен;
      6) апаттық тоқтау белгiсiмен;
      7) колоннада жол жүргенде – автобустың алдыңғы терезесiнде қозғалыс бағытымен оң жағында орнатылатын, автобустың колоннадағы орны көрсетiлген ақпараттық кестемен.
      4. Балаларды тасымалдауға пайдаланатын автобустарда мыналар болуы қажет:
      1) ешқандай кедергiсiз ашылып, жабылатын жолаушылар салонының есiктерi мен апаттық люктер. Есiктерде өткiр немесе олардың бетiнен алыс тұрған шығыңқы жерлер болмауы тиiс;
      2) жабық жай-күйде жүргiзушiнiң кабинасы мен жолаушы салонына жауын-шашынның түсуiн толық болдырмайтын төбе, авариялық люктер және терезелер;
      3) берiк бекiтiлген тұтқалар және отырғыштар;
      4) жолаушыларға арналған креслолардың отырғыштары мен арқалықтарының таза және жыртықсыз тыстары;
      5) тегiс, шығыңқы жерлерi немесе бекiтiлмеген бөлшектерi жоқ баспалдақтары мен салонның еденi. Салон еденiнiң жамылғысы жыртықсыз біртұтас материалдан жасалуы тиiс;
      6) шаңнан, кiрден, бояудан және олар арқылы көрудi төмендететiн өзге де заттардан тазартылған терезелердiң мөлдiр шынылары;
      7) жылдың суық мезгiлiнде жылытылатын және ыстық мезгiлiнде желдетiлетiн, құрал-сайман және қосалқы бөлшектер тиелмеген жолаушылар салоны.
      5. Автобустардың салондарын ылғалды жинау ауысымда кемiнде бiр рет және ластануына қарай жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып жүргiзiледi.
      6. Сыртқы шанақты жуу ауысым аяқталғаннан кейiн өткізіледі.

3. Балаларды тасымалдау тәртібі

      7. Автобуста тасымалданатын балалардың саны осы көлiк құралы үшiн белгiленген және отыру үшiн жабдықталған орындардың санынан аспауы тиіс.
      8. Оқу орындарына тасымалдауды ұйымдастыру кезiнде тасымалдаушы жергiлiктi атқарушы органдармен және оқу орындарының әкiмшiлiгiмен бiрлесiп маршруттарды және балаларды отырғызудың және түсiрудiң ұтымды орындарын белгiлейдi.
      9. Автобусты күтiп тұрған балаларға арналған алаңшалар, олардың қозғалыс бөлiгiне шығуын болдырмайтындай жеткiлiктi үлкен болуы тиiс.
      Егер балаларды тасымалдау тәуліктің қараңғы мезгілінде жүзеге асырылса, онда алаңшалардың жасанды жарығы болуы тиіс.
      Күзгі-қысқы кезеңде алаңдар қардан, мұздан, кірден тазартылуы тиіс.
      10. Балаларды оқу орындарына тасымалдауға тапсырыс беруші (бұдан әрі – білім беру ұйымдары) балаларды отырғызу және түсіру орындарының жай-күйін тұрақты түрде (айына кемінде бір рет) тексереді.
      11. Балалар топтарын 22.00-ден бастап 06.00 сағатқа дейін автобустармен тасымалдау, сондай-ақ көрінім жеткіліксіз жағдайда (тұман, қар жауған, жаңбыр және басқалар) рұқсат етілмейді.
      Тасымалдау қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн жол және метеорологиялық жағдайлардың қолайсыз өзгеруi кезiнде, автобустардың қозғалысын уақытша тоқтату туралы қолданыстағы нормативтiк құжаттарда көзделген жағдайда тасымалдаушы рейстi алып тастауға және бұл туралы білім беру ұйымдарына дереу хабарлауы керек.
      12. Автобустардың қозғалыс кестесiн тасымалдаушы білім беру ұйымдарымен келiседi.
      Жол жағдайларының қолайсыз өзгеруi кезiнде, басқа жағдайлар кезiнде (қозғалысқа шек қою, уақытша кедергiлердiң көрiнуi, бұл жағдайда жүргiзушi кестеге сәйкес жылдамдықты жоғарылатпай жүре алмайды), кесте жылдамдықты төмендету жағына (қозғалыс уақыттарының артуына) түзетiледі. Кестенiң өзгеруi туралы тасымалдаушы білім беру ұйымдарын хабарлауы тиiс, ол балаларды дер кезiнде хабарландыру бойынша шаралар қабылдайды.
      13. Балалардың ұйымдастырылған топтарын тасымалдауларына жетi жастан кiшi балаларға рұқсат етiледi.
      Жетi жасқа толмаған балалар бiлiм беру мекемесi қызметкерлерімен, сондай-ақ ата-анасымен және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларды алмастыратын тұлғалармен жеке алып жүруi кезiнде ғана жол жүруге рұқсат етiлуi мүмкiн.
      14. Балаларды тасымалдау үшiн мынадай жүргiзушiлерге рұқсат етiледi:
      1) жасы жиырма бес жастан кем емес, тиiстi санаттағы жүргiзушi куәлiгi және жүргiзушiнің бес жылдан кем емес жұмыс өтiлi бар;
      2) автобустың жүргізушісі ретіндегі кемінде соңғы үш жыл үздіксіз жұмыс өтілі бар;
      3) соңғы жылдары еңбек тәртiбiн және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы "Жол жорісі қағидаларын, Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалар бойынша боялуға тиіс жедел және арнайы қызметтер тізбесін бекіту туралы" № 1196 қаулысымен бекітілген жол қозғалысының Ережесiн өрескел бұзбаған.
      15. Балаларды тасымалдау кезiнде автобустың жүргiзушiсiне мыналар рұқсат етілмейді:
      1) сағатына 60 километр артық жылдамдықпен жүруге;
      2) жүру маршрутын өзгертуге;
      3) балалар бар автобус салонында қол жүгi мен балалардың жеке заттарынан басқа кез келген жүктi, багажды немесе мүкәммалды тасымалдауға;
      4) автобуста балалар болған кезiнде, соның iшiнде балаларды отырғызу және түсiру кезiнде автобус салонынан шығуға;
      5) автомобиль легiнде жүру кезiнде алда жүрген автобусты басып озуға;
      6) автобуспен артқа қарай қозғалысты жүзеге асыруға;
      7) егер ол көлiк құралының өздiгiнен қозғалуын немесе оны жүргiзушi жоқ болғанда пайдалануын болдырмау шараларын қолданбаса, өз орнын тастап кетуге немесе көлiк құралын қалдыруға.
      16. Балаларды автобусқа отырғызу ерiп жүрушiнiң басшылығымен және жүргiзушiнiң бақылауымен автобус толық тоқтағаннан кейiн отырғызу алаңында жүргiзiледi.
      17. Ерiп жүрушi отырғызу (түсiру) аяқталғаны туралы хабар бергеннен және автобус есiктерi толық жабылғаннан кейiн жүргiзушiге отырғызу (түсiру) орнынан автобус қозғалысын бастауға рұқсат етiледi.
      18. Ерiп жүрушiлер автобусқа отырғызу және одан түсiру, автобус қозғалысы кезiнде, аялдау уақытында балалар арасында тиiстi тәртiптi қамтамасыз етеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады