Алматы қаласының орта бiлiм беру ұйымдарында психологиялық қызметтің жұмыс істеу қағидасын бекіту туралы

Күшін жойған

Алматы қаласы әкімдігінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 1/53 қаулысы. Алматы қаласының Әділет департаментінде 2015 жылғы 20 ақпанда № 1128 болып тіркелді. Күші жойылды - Алматы қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 30 қаңтардағы № 1/48 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Алматы қаласы әкімдігінің 30.01.2023 № 1/48 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шiлдедегi "Бiлiм туралы" Заңының 6 бабының 3 тармағы 24-1) тармақшасына сәйкес Алматы қаласының әкiмдiгi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берiлiп отырған Алматы қаласының орта бiлiм беру ұйымдарында психологиялық қызметтiң жұмыс iстеу қағидасы бекiтiлсiн.

      2. Алматы қаласы Бiлiм басқармасы осы қаулының әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркелуін, оның бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын және интернет-ресурста орналастырылуын қамтамасыз етсiн.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Алматы қаласы әкiмiнiң орынбасары З. Аманжоловаға жүктелсiн.

      4. Осы қаулы әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркелген күннен бастап күшiне енедi және ол алғаш ресми жарияланғаннан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Алматы қаласының әкiмi А. Есiмов

  Алматы қаласы әкімдігінің
2015 жылғы 30 қаңтардағы
№ 1/53 қаулысымен бекітілді

Алматы қаласының орта бiлiм беру ұйымдарында психологиялық
қызметтiң жұмыс iстеу қағидасы
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағида Алматы қаласының орта бiлiм беру ұйымдарында психологиялық қызметтiң (бұдан әрi – Психологиялық қызмет) жұмысын реттейдi.

      2. Психологиялық қызмет көрсету Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шiлдедегi "Бiлiм туралы" Заңы, Бала құқықтары туралы конвенция, сондай-ақ осы Қағида шеңберiнде жүзеге асырылады.

      3. Психологиялық қызмет орта бiлiм беру ұйымдарының құрылымдық бөлiмшесi болып табылады.

      4. Психологиялық қызметтiң құрылымы бiлiм беру ұйымдарының тұрпатына, түрiне және қажеттiлiгiне, сондай-ақ педагог-психологтар штатының бiрлiк санына қарай айқындалады.

      5. Психологиялық қызметтiң құжаттамасы:

      1) орта бiлiм беру ұйымдарында психологиялық қызметтiң жұмысын ұйымдастыру қағидасын;

      2) бiлiм беру ұйымының басшысы бекiткен Психологиялық қызметтiң күнтiзбелiк жұмыс жоспарын;

      3) психологиялық диагностикалау бағдарламаларын (бұдан әрi - психодиагностикалау), психологиялық тренингтердi, аталған бiлiм беру ұйымдарының басшылары бекiткен дамыту және түзету жұмыстарын;

      4) бiлiм саласындағы уәкiлеттi орган бекiткен психологиялық сабақтардың, тренингтердiң және басқа да жұмыс түрлерiнiң әдiстемелiк әзiрлемелерiн;

      5) психодиагностикалық әдiстемелердiң деректер банкi мен тiзбесiн;

      6) бiлiм алушылардың психологиялық дамуының жеке карталарын, топтық психологиялық портреттерiн;

      7) психологиялық тексерудiң нәтижелерiн, қорытындысы мен ұсынымдарын;

      8) бiлiм беру ұйымы басшысының мөрiмен бекiтiлген психологиялық қызметтiң жұмыс түрлерiн (психодиагностикалар, дамыту, түзету, ағартушылық, сараптамалық, әдiстемелiк жұмыстарды, жеке және топтық консультация беру, психологиялық қызметке сұраныс беру) есепке алуды тiркеу журналын;

      9) белгiленген кезеңдерге (тоқсан, жартыжылдық, бiр жыл) берiлетiн Психологиялық қызметтiң жұмысы туралы талдамалық есептердi қамтиды.

      6. Психологиялық қызметтiң жұмыс қорытындысы жергiлiктi бiлiм органдары бекiткен бiлiм беру ұйымдарының есептiк құжаттамаларында қамтылады.

2. Орта бiлiм беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтiң мақсаттары мен мiндеттерi

      7. Психологиялық қызметтiң мақсаты – бiлiм беру ұйымдарында бiлiм алушылардың психологиялық денсаулығын сақтау, қолайлы әлеуметтiк-психологиялық жағдай жасау және бiлiм беру үдерiсiне қатысушыларға психологиялық қолдау көрсету.

      8. Психологиялық қызметтiң мiндеттерi:

      1) бiлiм алушылардың тұлғалық және зияткерлiк дамуына ықпал ету, өзiн-өзi тәрбиелеу және өзiн-өзi дамыту қабiлетiн қалыптастыру;

      2) бiлiм алушыларға ақпараттық қоғамның жылдам дамуында олардың табысты әлеуметтенуiне психологиялық тұрғыдан жәрдем көрсету;

      3) бiлiм алушылардың тұлғасын психологиялық-педагогикалық зерделеу негiзiнде әрбiр бiлiм алушыға жеке тұрғыдан ықпал ету;

      4) психологиялық диагностиканы жүргiзу және бiлiм алушылардың шығармашылық әлеуетiн дамыту;

      5) психологиялық қиыншылықтар мен бiлiм алушылардың проблемаларын шешу бойынша психологиялық түзету жұмыстарын жүзеге асыру;

      6) психологиялық проблемаларды шешуде және оқу-тәрбие жұмыстарының қолайлы әдiстерiн таңдауда ата-аналар мен педагогтерге консультациялық көмек көрсету;

      7) бiлiм беру үдерiсi субъектiлерiнiң психологиялық-педагогикалық құзыреттiлiгiн көтеру.

      9. Психологиялық қызмет психодиагностикалық, консультациялық, ағартушылық-профилактикалық, түзету-дамытушылық және әлеуметтiк-диспетчерлiк бағытта жүзеге асырылады.

      10. Психодиагностикалық бағыттар:

      1) бiлiм алушыларды психологиялық диагностикалау;

      2) бiлiм алушылардың бейiмделуi, дамуы мен әлеуметтенуi мақсатында оларды кешендi психологиялық тексеру;

      3) бiлiм алушылардың қабiлеттiлiгi, қызығушылығы мен икемдiлiгiн психологиялық диагностикалау;

      4) психологиялық диагностиканың қорытындысы бойынша психологиялық тұжырымдар мен ұсыныстарды дайындау.

      11. Консультациялық бағыттар:

      1) бiлiм алушыларға, ата-аналар мен педагогтерге олардың сұранысы бойынша консультация беру;

      2) бiлiм алушыларға, ата-аналар мен педагогтерге жеке тұлғалық, кәсiптiк өзiн-өзi айқындау проблемалары және қоршаған ортамен өзара қарым-қатынастар бойынша жеке және топпен консультация жүргiзу;

      3) күйзелiстiк, жанжалдық, қатты эмоционалды күйзелiстiк жағдайда болып табылатын бiлiм алушыларға психологиялық қолдау көрсету;

      4) тұлғааралық және топаралық жанжалдарды шешуде делдалдық жұмыстарды ұйымдастыру.

      12. Ағартушылық-профилактикалық бағыттар:

      1) бiлiм алушылар мен педагогтердiң өзiн-өзi айқындауына, кәсiптiк өсуiне ықпал ету;

      2) бiлiм алушылар бейiмсiздiгiнiң психологиялық алдын алу;

      3) педагогтердi аттестаттауды әлеуметтiк-психологиялық қолдау;

      4) әдiстемелiк бiрлестiктер мен педагогикалық кеңестiң және медициналық-психологиялық-педагогикалық консилиумдарының жұмысына ықпал ету.

      13. Түзету-дамытушылық бағыттар:

      1) жеке тұлғалық өсуге арналған тренингтер өткiзу;

      2) бiлiм алушылар мен педагогтердiң тұлғалық, зияткерлiк, эмоционалды-жiгерлiк, шығармашылық даму үйлесiмдiлiгi бойынша психологиялық түзету және дамыту сабақтарын ұйымдастыру;

      3) жанжалдық тұлғааралық қатынастарды түзету.

      14. Әлеуметтiк-диспетчерлiк бағыттар:

      1) педагог-психологтың және кең көлемде талап етiлетiн мамандардың кәсiптiк құзыреттiлiгi, функционалдық мiндеттерi шеңберiнен шығатын проблемаларды шешу бойынша (дефектологтарға, логопедтерге, тифлопедагогтарға т.б.) аралас-мамандармен жұмыс жүргiзу;

      2) әлеуметтiк-медициналық-психологиялық қызметтер туралы деректер банкiн қалыптастыру;

      3) аралас-мамандармен және шұғыл жағдайда көмек көрсету бойынша мүдделi органдармен өзара iс-қимыл нәтижелерiнiң мониторингiн жүргiзу.

      15. Психологиялық қызмет жеке және топтық негiзде бiлiм алушыларға және педагог қызметкерлерге жұмыстың диагоностикалық, дамытушылық, түзету және профилактикалық түрлерi кешенiн жүргiзу үшiн жекелеген ғимараттарға орналасқан және қажеттi жағдайлармен қамтамасыз етiлген педагог-психолог кабинетi базасында жұмыс iстейдi.

      16. Психологиялық қызметтiң жұмысын бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган үйлестiредi.

      17. Психологиялық қызметтiң жұмысы педагогикалық және медициналық қызметкерлермен, оның iшiнде денсаулық сақтау жүйесiмен, қамқоршылық және қорғаншылық органдарымен, ата-аналар қоғамымен тығыз байланыста жүзеге асырылатын болады.

      18. Психологиялық қызмет педагог-психологтардың әдiстемелiк бiрлестiгiмен, психологиялық орталықтармен, тәжiрибелi психологтар кафедралары және қауымдастықтарымен, бiлiм бөлiмдерiнiң әдiстемелiк кабинеттерiмен өзара әрекетеседi.

      19. Педагог-психолог өз қызметiнде:

      1) осы Қағиданы басшылыққа алады;

      2) өзiнiң кәсiби құзыреттiлiгi және бiлiктiлiк талаптары шеңберiнде шешiм қабылдайды;

      3) жалпы психологияны, педагогикалық психология мен жалпы педагогиканы, жеке тұлға психологиясы және дифференциалды психология, балалар және жас ерекшелiктiк психология, әлеуметтiк психология, медициналық психологияны, психодиагностика, психологиялық консультация берудi және әлеуметтiк, практикалық және жас ерекшелiктiк психология саласындағы психологиялық ғылымның жаңа жетiстiктерiн бiлуi қажет;

      4) диагностикалық, дамытушылық, әлеуметтiк-психологиялық, психологиялық түзету және консультативтiк-профилактикалық жұмыстардың ғылыми-негiзделген әдiстемелерiн қолданады;

      5) белсендi оқыту, әлеуметтiк-психологиялық тренинг байланыс әдiстерiн, жеке және топтық кәсiптiк консультациялар берудiң, бiлiм алушылардың қалыпты дамуының диагностикасы мен түзетудiң заманауи әдiстерiн бiледi;

      6) барлық оқу кезеңiнде бiлiм алушының жеке-психологиялық ерекшелектерiнiң психологиялық диагностикасын жоспарлайды;

      7) бiлiм алушылардың тұлғалық қалыптасуындағы және дамуындағы ақаулықты анықтайды;

      8) бiлiм алушыларға, педагогтерге, ата-аналарға жеке, кәсiптiк және басқа да мәселелердi шешуде психологиялық көмек және қолдау көрсетедi;

      9) күйзелiстiк, жанжалдық, қатты эмоционалды күйзелiстiк жағдайда болып табылатын педагогтерге, бiлiм алушыларға психологиялық көмек және қолдау көрсетудi жүзеге асырады;

      10) бiлiм алушылардың бейәлеуметтiк әрекеттерiнiң алдын алады және оларды уақытылы түзетудi жүзеге асырады;

      11) өзiнiң кәсiптiк құзыреттiлiгiн және бiлiктiлiгiн арттырады;

      12) тиiстi кәсiби даярлығы жоқ адамдардың бiлiм беру ұйымдарында психологиялық диагностика, психологиялық түзету жұмыстарын жүргiзуге жол бермейдi;

      13) бiлiм беру ұйымдарының әлеуметтiк саласын үйлестiрудi қалыптастыру және әлеуметтiк бейiмсiздiктiң туындауының алдын алу бойынша жұмыстарды жүзеге асырады;

      14) зерттеу жұмыстарының материалдары бойынша психологиялық-педагогикалық қорытынды жасайды;

      15) дамыту және түзету бағдарламаларын жоспарлауға және әзiрлеуге қатысады;

      16) бiлiм алушылар, педагогикалық қызметкерлер мен ата-аналар арасында психологиялық мәдениеттi қалыптастырады;

      17) бiлiм алушылармен, ата-аналармен және педагогтармен психодиагностикалық, консултациялық, ағартушылық-профилиактикалық, түзету-дамытушылық және әлеуметтiк-диспетчерлiк жұмыстардың нысанын және әдiсiн таңдайды;

      18) оқу-тәрбие үдерiсiн ұйымдастыру бойынша құжаттамалармен, бiлiм алушылардың, педагогтердiң жеке iстерiмен танысады;

      19) түзету және дамытушылық бағдарламаларын және психологиялық жұмыстың жаңа әдiсiн жасауды талқылауға қатысады;

      20) жоғары оқу орындарының психология кафедраларымен және тәжiрибелi психологтар қауымдастықтарымен байланысты қолдайды;

      21) Психологиялық қызметтiң жұмысын жақсарту мәселесi бойынша бiлiм беру органдарына ұсыныспен шығады;

      22) пәндiк кафедралардың және медициналық-психологиялық-педагогикалық консилиумның, педагогикалық және әдiстемелiк кеңестердiң жұмысына қатысады;

      20. Бiлiм беру ұйымдарының педагог-психологының "Психология және педагогика" мамандығы бойынша жоғары кәсiби бiлiмi немесе "Практикалық психология" мамандығы бойынша қайта даярлаудың арнайы факультетiнде алынған қосымша бiлiмiмен педагогикалық бiлiмiнiң, "Психология" қосымша мамандығымен жоғары педагогикалық бiлiмi болуы керек.

      21. Лауазымдық жалақы, еңбек демалысының ұзақтығы, тарификацияланған педагогикалық жүктеме "Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарын және педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2008 жылғы 30 қаңтардағы № 77 қаулысына сәйкес белгiленедi.

      22. Педагог-психолог:

      1) психологиялық диагностикалау нәтижелерiнiң нақтылығын, пайдаланылған диагностикалық және түзетушiлiк әдiстердiң барабарлығын, ұсынымдар мен қорытындылар негiздiлiгiн, психологиялық ақпараттың құпиялылығын;

      2) Психологиялық қызметтiң есепке алу-есеп беру құжаттамаларының жүргiзiлуiн және сақталуын;

      3) кәсiптiк психологиялық этиканың сақталуын;

      4) Психологиялық қызметтiң жұмысына берiлген материалды-техникалық құралдардың сақталуын қамтамасыз етедi.

      23. Педагог-психолог әкiмшiлiк бағыт бойынша бiлiм беру ұйымының басшысына, кәсiптiк бағыты бойынша – бiлiм басқармаларында психологиялық қызметтiң жұмысына жетекшiлiк ететiн маманға бағынады.

3. Қорытынды ереже

      24. Бiлiм беру ұйымының басшысы Психологиялық қызметтiң жұмысын қамтамасыз етедi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады