Солтүстік Қазақстан облысы бойынша коммуналдық көрсетілетін қызметтерді ұсыну қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2015 жылғы 25 қарашадағы № 459 қаулысы. Солтүстік Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 31 желтоқсанда N 3529 болып тіркелді. Күші жойылды - Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2020 жылғы 8 шілдедегі № 184 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Солтүстік Қазақстан облысы əкімдігінің 08.07.2020 № 184 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі Заңының 10-3-бабы 2-тармағының 4-6) тармақшасына сәйкес Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Солтүстік Қазақстан облысы бойынша коммуналдық көрсетілетін қызметтерді ұсыну қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Солтүстік Қазақстан облысының
Әкімі
Е. Сұлтанов

  Солтүстік Қазақстан
облысы әкімдігінің
2015 жылғы "25" қарашадағы
№ 459 қаулысымен бекітілген

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша коммуналдық көрсетілетін қызметтерді ұсыну қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша осы Коммуналдық қызметтерді ұсыну қағидалары Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әзірленген және коммуналдық қызмет көрсету тәртібін, шарттары мен коммуналдық қызмет көрсету ақысын (бұдан әрі – көрсетілетін қызмет), сонымен қатар көрсетілетін қызметті берушілер және тұтынушылардың құқықтары мен міндеттерін белгілейді.

      2. Осы Ережелерде мынадай анықтамалар қолданылады:

      коммуналдық қызмет көрсету - электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау, канализациялау (бұдан былай - электрмен жабдықтау), сондай-ақ пәтерлерде, жеке тұрғын үйлердегi азаматтарға, сондай-ақ үй-жай маңайындағы, гараждар мұқтаждықтары үшiн жекелеген кәсiпкерлiкпен айналысатын азаматтарға тұратын жерлерi бойынша, кондоминиум объектiлерiне қоқысты әкету және лифт бойынша қызмет көрсету;

      қызмет көрсетудi берушi - электрмен жабдықтаумен, жылумен жабдықтаумен, сумен жабдықтаумен, канализациялаумен (бұдан былай - энергиямен жабдықтайтын ұйым) айналысатын заңды және жеке тұлға, сондай-ақ қоқысты әкету мен лифт бойынша қызмет көрсету, абоненттер мен кондоминиум объектiлерiне қызмет көрсету - жылу және электр энергиясын жеткiзу болып табылады; 

      қызмет көрсетудi беру тәртібі - көрсетiлетiн қызметтiң әрбiр тұрпаты үшiн белгiленген мiндеттi нормалар жүйесi; 

      тұтынушы - коммуналдық қызметтi пайдаланатын азамат немесе кондоминиум объектісі;

      энергиямен жабдықтау - тұтынушыларға электр энергиясын, жылу энергиясын, су (бұдан былай - энергия) жеткiзу және сату;

      энергиямен жабдықтаушы ұйым - сатып алынған электр және (немесе) жылу энергиясын тұтынушыларға сатуды жүзеге асыратын ұйым; 

      энергия берушi ұйым - энергия берудi және (немесе) бөлудi жүзеге асыратын ұйым; 

      энергия - электр және жылу энергиясы, электр рыногында тауар болып табылатын су.

      3. Осы Қағидаларда айқындалмаған, тұтынушыларды энергиямен жабдықтау және қоқысты әкету және лифт қызметін көрсету бойынша көрсетілетін қызметпен байланысты мәселелер қолданыстағы заңнамамен реттеледi.

2. Қызмет көрсетудi ұсыну тәртiбi және шарттары

      4. Көрсетілетін қызметті беру көрсетілетін қызметті беруші мен тұтынушы арасындағы жазбаша шарт (бұдан әрі - Шарт) негiзiнде жүргізiледi.

      Тұтынушылар шарттар жасау бойынша өз құқықтарын заңнамада белгiленген тәртiппен пәтер иелері кооперативіне (бұдан әрі - ПИК) немесе басқа жеке немесе заңды тұлғаға беруге құқылы.

      Шарт қолданыстағы Қазақстан Республикасының заңнама және осы Қағидаға талаптарына қайшы келуi мүмкін емес.

      Шарт айқын емес мерзiмге жасалған деп есептеледi (егер тараптардың келiсiмiмен басқаша көзделмесе) және осы Қағидалардың 29 және 32-тармақтарында көзделген негiздемелер бойынша өзгертiлуi немесе бұзылуы мүмкiн.

      5. Көрсетілетін қызметті берудің тұтынушылық сипаты мен режимі нормативтік-техникалық құжаттамалармен белгiленген талаптарға сәйкес болуы керек:

      1) жылумен жабдықтау бойынша - тұрғын бөлмелердегi жылыту маусымы бойы тәулiктiк ауа температурасын айқындайтын санитарлық нормаларға;

      2) электрмен жабдықтау бойынша - жыл бойы тәулiктiк қолданылып жүрген стандарттар бойынша электр энергиясының параметрлерiне;

      3) суық және ыстық сумен жабдықтау бойынша жыл бойы тәулiктiк берiлетiн судың құрамы, қасиетi мен ысытылу температурасы жөнiнде гигиеналық талаптарға, сондай-ақ тарату нүктесiндегi судың есептелген шығынына;

      4) су бұру бойынша - жыл бойы тәуліктік ағынды судың толық ағып кетуiн қамтамасыз етуге;

      5) лифтiмен қызмет көрсету бойынша - жыл бойы тәуліктiк немесе шарттың негізiнде лифтінi қауiпсiз пайдалануға;

      6) қоқыс шығару жөнiнде - санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға жауап беретiндей қоқыстың толықтай шығарылуына сәйкес келуi тиiс.

      6. Коммуналдық мақсаттағы негiзгi қорлардың қуатын, құрамын, төзiмдiлiгiн, климаттық және басқа да жергiлiктi жағдайлары ескерiле отырып көрсетілетін қызметті беру режимі мен тұтынудың кепiлдi деңгейi Шартпен белгiленедi.

      7. Көрсетілетін қызметті беру режимінен мүмкiн болған ауытқулар мiндеттi тәртiппен Шартта көзделуi тиiс.

3. Тараптардың жауапкершiлiгi

      8. Көп қабатты құрылыстарда (қосу-тарату құрылғысы, кіреберісті, ауланы, нөмірлі шамдарды, жертөле және шатырларды жарықтандыруға арналған электр өткізгіші) жалпыүйлік мұқтаждықтағы электр қондырғыларының техникалық жағдайы, пайдалануы, техникалық қауіпсіздігі үшін кондоминиумнің объектісін басқару органдарына немесе тұтынушылардың уәкілетті тұлғаларына немесе тұрғын үйге иелік ұйымға жүктеледі. Жалпыүйлік коммерциялық есеп құралын сақтау және бүтіндігі үшін кондоминиум объектісін басқару органына немесе тұтынушының уәкілетті тұлғасына жүктеледі.

      9. Жылу энергиясының, судың жалпы үйлік есепке алу құралдары қолданыстағы заңнамаға сәйкес кондоминиум объектісін басқару ұйымымен немесе энергиямен жабдықтаушы ұйымымен сатып алынуы және орнатылуы мүмкін.

      10. Тұтынушы жеке есепке алу құралдарын өз бетiмен сатып алуға және орнатуға құқылы. Мұндай тұтынушылар үшiн Энергия беруші ұйымдардың (энергия жабдықтаушы) шығындарын өтеу шартқа сәйкес есептеу құралдарын орнату үшiн ғана жүргізіледі.

      Электр энергиясын есепке алу құралдары баспалдақтағы торларға, дәліздерде және жекеленген пәтерлерге орнатылуы мүмкін.

      Есептеуіш құралдарына өту жолы еркін болуы тиіс.

      Тұтынушы өзiнiң пәтерiнде немесе жеке үйiнде орнатылған есепке алу құралының сақталуына және бүтiндiгiне жауап бередi. Баспалдақтағы торларға тұтынушылардың (пәтер иелерiнiң) есепке алу құралдарын орнату кезiндегi олардың сақталуы мен бүтiндiгi үшiн қарамағына сол үй кiретiн ПИК жауапкершiлiк арқалайды.

      11. Тараптардың пайдалану жауапкершiлiгiн бөлу шекарасы желiлердiң тиiстi түрi үшiн былайша айқындалады:

      1) жылу - басқару торабының соңғы ысырмасының бөлу фланцы бойынша;

      2) ыстық сумен жабдықтау - ыстық сумен жабдықтау жүйесiнiң соңғы ысырмасының бөлу фланцы бойынша;

      3) суық сумен жабдықтау - басқару торабының соңғы ысырмасының бөлу фланцы бойынша;

      4) су бұру - тұтынушы қосылатын жердегi құдық көшедегi кәріздік желi шекарасы болып табылады, ал ауладағы кәріз шекарасы - ғимараттан желiге қосылатын құдық;

      5) электр энергиясы – әуе тармағы кезінде – ғимараттарда орнатқан бірінші изолятордағы жабдықтауыш желілеріндегі байланыс контактілерде, кабельді қосу кезінде – ғимаратқа қосылу жабдықтауыш кабельдің бұрандама байланыс ұштарында.

      12. Мiндеттемелер орындалмаса немесе орындалуы ойдағыдай болмай шықса, Шарт бойынша көрсетілетін қызметті берушi мен тұтынушы Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексiнiң 9-бабының 4-тармағына сәйкес келтiрiлген нақты зиянның орнын толтыруы тиiс.

      13. Энергиямен жабдықтаушы ұйым тұтынушының алдында энергия жеткiзушi параметрлерiнiң және форс-мажорлық жағдайлардан туындайтын энергияның жетiспеушiлiгi үшiн тұтынушы алдында материалдық жауапкершiлiк алмайды.

4. Көрсетiлген қызмет ақысын төлеу тәртiбi

      14. Қолданылып жүрген заңдарға сәйкес реттеуге жататын қызмет көрсету ақысын төлеу белгiленген тәртiппен уәкiлеттi орган бекiткен тарифтер бойынша жүргізiледi.

      15. Тұтынушы төлемдi есептік айдан кейінгі айдың 25-нен кешiктiрмей немесе тұтынушы мен көрсетілетін қызметті беруші арасындағы келiсiм бойынша Шартта ескерiлген мерзiмде жасауы тиiс.

      16. Төлем мерзiмiн өткiзiп алған жағдайда тұтынушы заңнамамен немесе шартпен белгiленген тұрақсыздық айыппұлын төлейдi.

      17. Егер тұтынушы Электрмен жабдықтау шартының талаптарын бұзғандығы үшін ажыратылған болса, онда энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым оны бұзушылық жойылғаннан кейін және қосылу қызметінің төлемі өтелгеннен кейін қосады.

      18. Өнім беруші электр энергиясын коммерциялық есепке алу құралдары көрсеткіштерінің немесе Шарт талаптарына сәйкес тұтынудың басқа есебінің негізінде есептік кезеңнен кейінгі айдың 7-сі күнінен кешіктірмей тұтынушыға төлем құжатын жазып береді.

      Тұтынушылар (электр энергиясын тұрмыстық қажеттілік үшін пайдаланатын тұтынушыны қоспағанда) төлем құжатын өнім берушіден өздері алады.
19. Коммерциялық есепке алу құралдарының көрсеткіштерін алу жабдықтаушының немесе энергия таратушы ұйымның өкілдерімен тұтынушы немесе оның өкілінің қатысуымен жүргізіледі.

      Электр энергиясын коммерциялық есепке алу құралдарының көрсеткішін алу мүмкін болмаған жағдайда және егер тұтынушы бұл ретте пайдаланған электр энергиясы туралы өз бетімен мәлімет ұсынбаса, тұтынуды есептеу электр энергиясының алдыңғы кезеңдегі орташа тәуліктік шығыны бойынша жүргізіледі.

      Бұл ретте электр энергиясының орташа тәуліктік шығыны бойынша есептеу кезеңі үш есептік кезеңнен аспауы тиіс, кезең аяқталғаннан кейін электр энергиясын беру тоқтатылады.

      Тараптардың келісімі бойынша тұтынушы өздігінен электр энергиясын коммерциялық есепке алу құралдарының көрсеткіштерін алып, оларды энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымға тапсыруына болады. Тұтынушының электр энергиясын коммерциялық есепке алу құралдарының көрсеткіштерін алу кезінде жіберген қателіктерін энергия беруші (энергия өндіруші) және (немесе) энергиямен жабдықтаушы ұйым олардың анықталуы бойынша түзетеді.

      20. Жабдықтаушының жіберген және тұтынушының қабылдаған энергиясының көлемі коммерциялық есепке алу құралының көрсеткішімен анықталады, ал тұтынушының кінәсінсіз (пломбаның бүтіндігі және есептеу құралының алдыңғы актіде көрсетілген орнатуы және аспаптық тексерісіне сәйкес келген жағдайда) коммерциялық есепке алудың бұзылуы анықталған жағдайда, тұтынудың есебін энергия беруші ұйым алдыңғы немесе электр энергиясының қаржысы мен есепке алу схемасы түзетілген келесі есептік кезеңнің орташа тәуліктік шығыны бойынша жүргізеді. Есеп айырысу кезеңі бұзылу анықталған күннен бастап коммерциялық есепке алуды бұрынғы қалпына келтіру күніне дейінгі аралықты қамтиды, алайда ол мерзім күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспауы қажет.

      Тұтынушы коммерциялық есепке алуды бұзушылық анықталған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күндік мерзім ішінде қалпына келтіреді.

      Бұзушылық анықталған күннен бастап күнтізбелік отыз күн өткен соң коммерциялық есепке алу қалпына келмеген жағдайда, есеп айырысу техникалық шарттарға сәйкес рұқсат етілген қуат бойынша, ал техникалық шарттар болмаған жағдайда, тәулігіне 24 сағат пайдалануды ескеріп, қосу коммутациялық аппаратының номиналды тогы бойынша жүргізіледі.

      21. Тұтынушының есептеу құралының қосылу сызбасына өзгерiс енгiзгенi, оның бүлiнгенi, пломбасының жұлынуы, дискiнiң жасанды тоқтатылуы және басқа бұзылушылықтар анықталған кезде немесе егер Тұтынушы энергияны қымқыру мақсатында жасырын сым өткiзгенiн немесе есептеу құралының көрсеткiшiн бұрмалайтын тетiк орнатқанын энергиямен жабдықтаушы органның өкiлдерi бұрынғы баруларында табуға мүмкiн болмаған жағдайда Тұтынушыға энергиямен жабдықтаушы ұйым белгiленген тәртiппен соңғы тексеру өткiзiлген сәттен бастап, алайда, энергияны пайдаланғаны үшiн талаптың ескiру мерзiмiнен аспайтын қайта есептеудi жүргiзедi.

      Қайта есептеу:

      1) жарықтандырғыш ток қабылдағыштардың қуаты және олардың пайдалану сағаттарының саны бойынша;

      2) Тұтынушыда штепсельдi розеткалар болған жағдайда (олардың санына қарамастан) – қуаты алты жүз (600) вольт бiр розетканың тәулiгiне жиырма төрт (24) сағат пайдалануы есебiнен, ал қуаты алты жүз (600) вольттан артық жылыту құралдары немесе басқа электр жабдықтары табылған жағдайда - Тұтынушының пайдалануындағы электр жабдықтың оның нақты қуатының тәулiгiне жиырма төрт (24) сағат пайдалануы есебiнен жүргiзiледi.

      22. Өтінiш берiлген және растайтын құжатты (емдеу мекемесiнен, жұмыс орнынан анықтама, санаторий жолдамасының түбiршегi, уақытша тұрған жерi бойынша тiркелуi туралы анықтама, қонақ үйде тұрғаны үшiн төлемi туралы түбiршек, және тағы басқа) ұсынған кезде пәтерде тұратын адамдардың (бiреуiнiң немесе бiрнешеуiнiң) уақытша кетуi, есептеу құралдары жоқ жағдайда бiр адамға есептелiнген қызмет көрсетулер үшiн ақы төлеу олардың болмаған уақытына жүргізiлмейдi.

      Төлемдi қайта есептеуге әкелiп соққан барлық өзгерiстер тұтынушының энергиямен жабдықтаушы ұйымға өтiнiш берген сәтiнен бастап жүзеге асырылады.

      23. Электр энергиясын коммерциялық есепке алу құралын электр желісінің теңгерімдік тиесілік шекарасынан тыс орнатқан жағдайда, электр желісінің теңгерімдік тиесілік шекарасынан электр энергиясының коммерциялық есепке алу құралдарын орнатқан жерге дейінгі учаскедегі электр энергиясының шығындары шарт негізінде теңгерімінде желінің көрсетілген учаскесі тұрған иегердің меншігіне жатқызылады және энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның есептік жолымен анықталады.

      24. Есептеу құралдарын тараптардың пайдалану жауапкершілігінің бөліну шекарасынан тыс жерде орнатылуы кезінде, бөліну шекарасынан бастап есептеу құралдарын орнату орындарына дейін желі учаскесіндегі шығындар көрсетілген желі учаскесі баланста тұрған иесіне шарт негізінде жатқызылады.

      25. Егер пәтер меншіктенушілердің жалпы жиналысында өзге шешім қабылдаған болмаса, лифтiнi пайдаланғаны үшiн төлем 1-шi және 2-шi қабаттағы тұрғындардан басқаларының бәрiнен алынады.

      26. Көрсетілетін қызметті беруші мен тұтынушы арасындағы төленбеген қарыздарға байланысты барлық даулы мәселелер сот арқылы шешiледi.

5. Тұтынушының құқықтары мен мiндеттерi

      27. Тұтынушының:

      1) оның өмiрi мен денсаулығы үшiн қауiпсiз, оның мүлкiне зиян келтiрмейтiн белгiленген сапада қызмет көрсетудi алуға;

      2) қызмет көрсетулерге бағаларды (тарифтердi) бекiту тәртiбi туралы осы көрсеткiштердi бақылауды жүзеге асыратын тиiстi мемлекеттік органдардан ақпараттар алуға;

      3) егер қызмет көрсетушi белгiленген тәртiппен есеп құралдарының бастапқы және ағымдағы көрсеткіштерін көрсетумен ұсынбаса, алған қызметi үшiн төлем жасамауға;

      4) қызмет көрсетулердiң жеткiлiксiздiгi салдарынан өмiрiне, денсаулығына немесе мүлкіне келтірiлген шығындар мен зияндарды толық өтеудi, сондай-ақ моральдық залалды толық өтеудi Көрсетілетін қызметті берушiден талап етуге;

      5) Шартпен бекiтiлгеннен артық үзiлiстер уақыты үшiн қызмет көрсетуге төлем жасамауға;

      6) Энергиямен жабдықтаушы ұйымға талап қоюға және белгiленген нормалар мен стандарттарға (нормативтiк-техникалық құжаттардың талаптарына) сәйкес келмеген уақыттар кезеңiндегi (Шартта белгiленгеннен артық) қызмет көрсетулерге төлемеуге;

      7) техникалық шарттар бойынша рұқсат етілген қуаттан асырмай қосылу үшін өзіне қажеттi мөлшерде энергияны пайдалануға;

      8) бiр жақты тәртiппен шартты бұзуға, бұл туралы Энергиямен жабдықтаушы ұйымды хабардар еткен және пайдаланған энергияға толық өтемақы төлеген жағдайда құқығы бар.

      28. Тұтынушы: 

      1) қызметтердi пайдалану кезiнде техника қауiпсiздiгi талаптарын сақтауға;

      2) аварияларды жою, есептеу және бақылау құралдарын қарау үшін электр, жылу, сумен жабдықтау және кәріз қондырғыларымен жұмыс істеуге құқығы бар көрсетілетін қызмет берушілердің немесе арнайы кәсіпорындардың өкілдеріне мүмкіндікті қамтамасыз етуге;

      3) белгіленген мерзімде ұсынылған қызмет көрсетулер мен энергияға дер кезінде ақы төлеуге;

      4) пәтерден, жеке үйден кету кезінде пайдаланылған қызметтер үшін кететін күнге дейін есеп айырысуға міндетті.

      29. Тұтынушыға:

      1) көрсетілетін қызметті берушінің келісімінсіз пәтер ішіндегі желілерді, инженерлік жабдықтау мен құрылғыларды қайта жарақтандыруға;

      2) көрсетілетін қызметті берушінің келісімінсіз қуаты үйішілік желі мүмкіндіктерінен асып түсетін тұрмыстық электр құралдары мен машиналарды, үш фазалық ток қабылдағыштарды, жылу құралдарының қосымша секцияларын орнатуға, қосуға және пайдалануға, сондай-ақ пайдалану қауіпсіздігінің талаптарына және санитарлық-гигиеналық нормативтерге сай келмейтін тұрмыстық құралдар мен жабдықтарды қосуға және пайдалануға;

      3) энергия есебін жүргізудің қолда бар сызбасын бұзуға;

      4) жабық жылумен жабдықтау жүйесі кезінде жылу жүйелерінде жылу тасымалдағыштарды тікелей мақсаттан тыс пайдалануға (жүйеден және жылыту құралдарынан су ағызу) тыйым салынады.

6. Көрсетілетін қызметті берушінің құқықтары мен міндеттері

      30. Көрсетілетін қызметті беруші құқылы:

      1) ұсынылған қызмет көрсетулер мен энергия үшін дер кезінде және толық көлемде төлем алуға;

      2) энергияның жұмсалуы мен төленуіне бақылау жасауды жүзеге асыруға;

      3) біржақты тәртіппен 30 күнтізбелік күннен кем емес мерзімде ескерту жасаған жағдайда, пайдаланылған энергияға тұтынушының төлем жасамауына байланысты Шартты тоқтата тұруға;

      31. Көрсетілетін қызметті беруші міндетті:

      1) тұтынушыға қызметтердің тарифі, төлем жағдайлары, қызмет көрсетуді берудің режимі, олардың тұтынушылық ерекшеліктері, сертификаттарының (сертификаттауға жататын қызметтерге қатысты) бар-жоғы туралы бұқаралық ақпараттың баспа және электронды құралдарында ақпарат беріп отыруға;

      2) тұтынушымен қызметтер көрсетуді беруге арналған жеке шарт жасасуға; электрмен жабдықтау бойынша қызмет көрсету, жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру шарты Қазақстан Республикасының заңнамасында бекітілген тәртіппен энергиямен жабдықтау ұйымдары жүйелеріне қосылған қажетті құрал-жабдықтардың бар болған жағдайында жасалады;

      3) тұтынушыға нормативтік-техникалық құжаттардың міндетті талаптары сапасы бойынша тиісті энергия мен қызметтер ұсынуға;

      4) жеткізілген энергияның сапасы мен санына есеп жүргізу және бақылау жасауға, Шартта белгіленген мерзімдерінде тұтынушыға ұсынылатын қызметтер сапасы бұзылуының алдын алу және жою бойынша дер кезінде шаралар қабылдауға;

      5) тұтынушы қызмет көрсету сапасының төмендегені туралы арыз берген күннен бастап үш күн ішінде сапаны қалпына келтіру және қайта есептеуді орындау жөніндегі барлық шараларды қабылдауға;

      6) тұтынушыға қызмет көрсетудің сапасы мен оларға төлем мөлшерінің өзгергені туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабарлауға;

      7) тұтынушыға ай сайын көрсетілген қызмет пен энергия үшін есепті есеп құралдарының бастапқы және ағымдағы көрсеткіштерін көрсетумен ұсынуға міндетті.

      32. Көрсетілетін қызметті берушіге:

      1) басқа тұтынушылардың міндеттемелерін орындамау себептері бойынша қызмет көрсетулерді алуда тұтынушыға қызмет көрсетуден бас тартуға немесе шектеуге;

      2) шарттағыға қарағанда жоғарылатылған параметрмен босатылған энергияға тұтынушыдан қосымша ақы алуға;

      3) ай сайынғы қызмет көрсету есебін берместен, тұтынушыдан төлем талап етуіне тыйым салынады.

7. Келіспеушіліктерді шешу тәртібі

      33. Электр энергиясының коммерциялық есепке алу құралдарын салыстырып тексеру Қазақстан Республикасының өлшем бірліктерін қамтамасыз ету мемлекеттік жүйесінің тізілімінде көрсетілген мерзімдерде салыстыру тексерісаралық интервалға сәйкес жүргізіледі. Мүдделі тараптардың бірінің өтініші бойынша коммерциялық есепке алу құралдарын жоспардан тыс салыстырып тексеру жүргізіледі.

      Жоспардан тыс салыстырып тексеру өткізгенде және коммерциялық есепке алу құралының жарамдылығын белгілеген жағдайда, салыстырып тексеру шығынын (оның ішінде алу және қондыру бойынша) жоспардан тыс тексеруге бастама болған тарап өтейді.

      34. Егер салыстырып тексеру кезінде электр энергиясын коммерциялық есепке алу құралдарының көрсеткіштері олардың дәлдік сыныбымен рұқсат етілетін кінараттан асып кетсе немесе электр энергиясын есептеу схемасында электр энергиясын коммерциялық есепке алу құралдарының дәлдігін бұрмалайтын бөгде элементтер табылса, онда жоспардан тыс салыстырып тексеру бойынша шығындарды электр энергиясын коммерциялық есепке алу құралдарының тұтынушысы өтейді.

      35. Энергиямен жабдықтаушы, энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымдар мен тұтынушы арасында есеп айырысу үшін электр энергиясын есепке алу электр желілерінің теңгерімдік тиесілігі шекарасында жүргізіледі.

8. Қорытынды ережелер

      36. Осы Қағидаларды бұзғаны үшін жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады