Ескерту. Күші жойылды - Атырау облысы әкімдігінің 30.05.2017 № 130 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Азаматтық кодексінің 42-бабына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 27, 37-баптарына, "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңының 17-бабына, "Казақстан Республикасы мемлекеттік органының үлгі ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 29 қазандағы Жарлығына, "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 29 желтоқсандағы № 1397 қаулысына және "Атырау облысының басқару схемасын бекіту туралы" Атырау облыстық мәслихатының 2014 жылғы 15 желтоқсандағы № 345-V шешіміне сәйкес Атырау облысы әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Атырау облысы Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) құрылсын.
2. Қоса берілген Басқарма туралы Ереже бекітілсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғ.И. Дүйсембаевқа жүктелсін.
4. Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және ол алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Облыс әкімі | Б. Ізмұхамбетов |
Атырау облысы әкiмдігінің 2015 жылғы 16 қаңтардағы № 5 қаулысына қосымша | |
Атырау облысы әкiмдігінің 2015 жылғы 16 қаңтардағы № 5 қаулысымен бекітілген |
"Атырау облысы Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы
ЕРЕЖЕ
1. Жалпы ережелер
1. Басқарма Атырау облысының аумағында жердің пайдаланылуы мен қорғалуына бақылауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Басқарманың ведомстволары жоқ.
3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Басқарма мемлекеттік мекеме ұйымдық - құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
6. Басқарма, егер Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8. Басқарманың құрылымы мен штаттық санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: индекс 060005, Қазақстан Республикасы, Атырау облысы, Атырау қаласы, Азаттық даңғылы, 96 "Б".
10. Мемлекеттік органның толық атауы - "Атырау облысы Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесі.
11. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
12. Басқарманың қызметін қаржыландыру облыстық бюджеттен жүзеге асырылады.
13. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.
2. Басқарманың миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері
14. Басқарманың миссиясы: Атырау облысының аумағында қоршаған ортаның бiр бөлiгi ретiнде жердi қорғауға, жердi ұтымды пайдалануға, жердi ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығы айналымынан негiзсiз алып қоюды болдырмауға, сондай-ақ топырақтың құнарлылығын қалпына келтiру мен арттыруға бағытталған құқықтық, ұйымдық, экономикалық, технологиялық және басқа да iс-шаралар жүйесiн қамтиды.
15. Басқарманың міндеттері мемлекеттiк органдардың, жеке, заңды тұлғалардың және лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасы жер заңдарының сақталуын, Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылуын анықтауды және жоюды, азаматтар мен заңды тұлғалардың бұзылған құқықтарын қалпына келтiрудi, жер учаскелерiн пайдалану ережелерiнiң сақталуын, жер кадастры мен жерге орналастыру iсiнiң дұрыс жүргiзiлуiн және жердi ұтымды пайдалану мен қорғау жөнiндегi iс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етуге мемлекеттік бақылауды қамтамасыз етуден тұрады.
16. Функциялары:
1) мемлекеттiк органдардың, кәсiпорындардың, мекемелердiң, ұйымдар мен азаматтардың Қазақстан Республикасының жер заңнамасын, жер учаскелерiн нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланудың белгiленген режимiн сақтауы;
2) жер учаскелерiн өз бетiнше иеленiп алуға жол бермеу;
3) жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың құқықтарының сақталуы;
4) жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың топырақтың құнарлылығын қалпына келтiру және сақтау жөнiндегi ұйымдастыру-шаруашылық, агротехникалық, орман мелиорациялық және эрозияға қарсы гидротехникалық iс-шаралар кешенiн уақтылы және дұрыс жүргiзуi;
5) жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың өздерiнде жердiң бар-жоғы, олардың жай-күйi мен пайдаланылуы туралы мәлiметтердi мемлекеттiк органдарға уақтылы беруi;
6) жердiң жай-күйiне әсер ететiн тұрғын жай және өндiрiстiк объектiлердiң жобалануына, орналастырылуы мен салынуы;
7) жердi жақсарту жөнiндегi, топырақ эрозиясының, тұздану, батпақтану, су басу, шөлейттену, құрғақтану, тығыздалу, қоқыстану, ластану және жердiң тозуын туғызатын басқа да процестердiң салдарын болғызбау мен жою жөнiндегi iс-шаралардың уақтылы және сапалы орындалуы;
8) азаматтардың өздерiне жер учаскелерiн беру туралы өтініштерін (өтiнiшхаттарын) қараудың белгiленген мерзiмдерiнiң сақталуы;
9) межелiк белгiлердiң сақталуы;
10) жергiлiктi атқарушы органдар уақытша жер пайдалануға берген жердiң уақтылы қайтарылуы;
11) бүлiнген жердiң қалпына келтірілуі;
12) жердiң бүлiнуiне байланысты жұмыстар жүргiзiлген кезде топырақтың құнарлы қабатының сыдырып алынуы, сақталуы және пайдаланылуы;
13) жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi жерге орналастыру жобаларының және басқа да жобалардың жүзеге асырылуына мемлекеттiк бақылауды ұйымдастырады және жүргiзедi.
17. Құқықтары мен міндеттері:
1) кiнәлiлердi жауапқа тарту туралы мәселенi шешу үшiн Қазақстан Республикасының жер заңдарының бұзылуы туралы материалдарды тиiстi органдарға жiберуге;
2) Қазақстан Республикасы жер заңдарының бұзылуы туралы хаттамалар (актiлер) жасауға;
3) Қазақстан Республикасының жер заңдарын бұзғаны үшiн әкiмшiлiк жазалау туралы қаулылар шығаруға;
4) Қазақстан Республикасының жер заңнамасын бұзу салдарынан келтірілген шығынды өтеу туралы, өз мақсатында пайдаланылмай не Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылып жатқан жер учаскелерiн мәжбүрлеп алып қою туралы, жер учаскелерін беруге, мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға, мәжбүрлеп иеліктен шығаруға байланысты құқыққа сыйымсыз шешімдердің күшін жою туралы, сондай-ақ жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдарының анықталған Қазақстан Республикасы жер заңнамасын бұзушылықтарды жою жөнінде берген нұсқамаларын осы нұсқама берілген тұлғалар нұсқамада көрсетілген мерзімде орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайда оларды орындау туралы және жеке, лауазымды және заңды тұлғалардан айыппұл өндіріп алу туралы істер бойынша сотқа талап-арыз дайындауға және беруге;
5) ұйымдарға кедергiсiз кiруге, меншiктегi және пайдаланудағы жер учаскелерiн тексеруге, ал әскери, қорғаныс және басқа да арнаулы объектiлер алып жатқан жер учаскелерiн - оларға кiрудiң белгiленген режимiн ескере отырып, тексеруге;
6) жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушыларға жердi қорғау, Қазақстан Республикасы жер заңдарының бұзылуын жою мәселелерi бойынша орындалуға мiндеттi нұсқамалар беруге;
7) өнеркәсiптiк, азаматтық және басқа да құрылыстар, пайдалы қазба кен орындарын игеру, объектiлердi пайдалану, агротехникалық, орман мелиорациялық, геологиялық-барлау, iздестiру, геодезиялық және өзге де жұмыстар, егер олар Қазақстан Республикасының жер заңдарын, ерекше қорғалатын аумақтар жерiн пайдаланудың белгiленген режимiн бұза отырып жүзеге асырылса және топырақтың құнарлы қабатының жойылуына, ластануына, залалдануына немесе бүлiнуiне, эрозияның күшеюiне, тұздануға, батпақтануға және шектес аумақтарды қоса алғанда, топырақ құнарлылығын төмендететiн басқа да процестерге әкеп соғуы мүмкiн болса, сондай-ақ егер бұл жұмыстар экологиялық сараптамадан өтпеген не терiс қорытынды алған жобалар бойынша жүзеге асырылса, оларды тоқтата тұруға;
8) мемлекеттiк органдардан жер қорының жай-күйi туралы статистикалық ақпаратты алуға;
9) жерге құқықты белгілейтін және сәйкестендіру құжаттары болмаған жағдайда тұрғын жай және өндiрiстiк объектiлердiң салынуын тоқтата тұруға;
10) Қазақстан Республикасының жер заңдарын бұзушыларға уақтылы шаралар қолдануға;
11) жүргiзiлетiн тексерулердiң материалдарын объективтi түрде дайындауға;
12) жеке және заңды тұлғалардың заңмен қорғалатын мүддесі мен құқығын, Қазақстан Республикасының заңнамаларын сақтауға;
13) қолданыстағы заңнамаларға сәйкес өзге де құқықтар мен міндеттемелерді жүзеге асыруға міндетті.
3. Басқарманың қызметін ұйымдастыру
18. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.
19. Басқарманың бірінші басшысын облыс әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
20. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
21. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттігі:
1) өз өкілеттіктерін іске асыру процесінде облыс әкімі мен облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына есеп береді;
2) өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдарда және өзге ұйымдарда Басқарманы білдіреді;
3) заңнамаға сәйкес еңбек қатынастары мәселелері оның құзыретіне жатқызылған Басқарманың қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
4) стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың әзірленуін қамтамасыз етеді;
5) заңнамамен белгiленген тәртiппен еңбек қатынастары мәселелері оның құзыретіне жатқызылған Басқарма қызметкерлерiне тәртiптiк жазалар қолданады және көтермелеу шараларын қабылдайды;
6) бұйрықтарға қол қояды;
7) шарттар жасасады;
8) сенімхаттар береді;
9) өз өкілеттігін ұйымдастыру және ішкі тәртіп мәселелері бойынша регламент қабылдайды;
10) сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары үшін дербес жауапты болады;
11) Басқарманың жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;
12) облыс әкімі мен әкімдігінің тапсырмалары мен актілерін орындайды;
13) Басқарманың құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;
14) өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық және құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуді ұйымдастырады;
15) қызметтік этика нормаларының сақталуын қамтамасыз етеді;
16) гендерлік теңдік саясатын іске асырады;
17) азаматтар мен заңды тұлғалар өкілдерін жеке қабылдау кестесін бекітеді;
18) Қазақстан Республикасының заңнамасымен, осы Ережемен, облыс әкімдігімен, облыс әкімі, оның орынбасарлары және облыс әкімінің аппаратымен жүктелген өзге өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
22. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.
4. Басқарманың мүлкі
23. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
24. Басқармаға бекітілген мүлік облыстық коммуналдық меншікке жатады.
25. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарманың өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату
26. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.