Жалпыға ортақ пайдаланылатын облыстық және аудандық маңызы бар ақылы автомобиль жолымен жүріп өту үшін ақы алу қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі N 111 қаулысы. Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 03 маусымда N 3983 болып тіркелді. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2015 жылғы 24 желтоқсандағы N 351 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 24.12.2015 N 351 қаулысымен.
       РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 27-бабының 2-тармағына, "Автомобиль жолдары туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шілдедегі Заңының 13-бабы 1-1-тармағының 6-5) тармақшасына сәйкес Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Жалпыға ортақ пайдаланылатын облыстық және аудандық маңызы бар ақылы автомобиль жолымен жүріп өту үшін ақы алу қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Облыс әкімі Д. Ахметов

  Шығыс Қазақстан
облысы әкімдігінің
2015 жылғы "28" сәуірдегі
№ 111 қаулысымен бекітілді

Жалпыға ортақ пайдаланылатын облыстық және аудандық маңызы бар ақылы автомобиль жолымен жүріп өту үшін ақы алу қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жалпыға ортақ пайдаланылатын облыстық және аудандық маңызы бар ақылы автомобиль жолымен жүріп өту үшін ақы алу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Автомобиль жолдары туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шілдедегі Заңының 13-бабы 1-1-тармағының 6-5) тармақшасына сәйкес әзірленді және жалпыға ортақ пайдаланылатын облыстық және аудандық маңызы бар ақылы автомобиль жолымен жүріп өту үшін ақы алу тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) автомобиль жолдарын басқару жөніндегі ұлттық оператор (бұдан әрі – Ұлттық оператор) - жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын акционерлік қоғам, оның міндеттері жалпыға ортақ пайдаланылатын халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстау жөніндегі мемлекеттік тапсырманы орындау, сондай-ақ ақылы автомобиль жолдарын (жол учаскелерін) сенімгерлік басқаруды жүзеге асыру болып табылады;
      2) автомобиль жолдарын пайдаланушылар – жол қозғалысына қатысушылар болып табылатын немесе автомобиль жолдарына бөлінген белдеу мен жол бойындағы белдеу шегінде өзге де қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар;
      3) ақылы автомобиль жолдары (жол учаскелері) – ақылы негізде пайдалану туралы шешім қабылданған және жүріп өту үшін ақы алынатын автомобиль жолдары (жол учаскелері);
      4) автомобиль көлiгi құралы (бұдан әрi – автокөлiк құралы) - автобустарды, шағын автобустарды, жеңiл және жүк автомобильдерін, троллейбустарды, автомобильдiк тiркемелерін, ершiктi тартқыштарға жартылай тiркемелердi, сондай-ақ арнайы бейімделген автомобильдерді (жүктердің белгілі бір түрлерін тасымалдауға арналған) және арнаулы автомобильдерді (әртүрлі, көбінесе көлікке арналмаған жұмыстарды орындауға арналған) қамтитын, автомобиль көлігі жылжымалы құрамының бірлігі.

2. Жалпыға ортақ пайдаланылатын облыстық және аудандық маңызы бар ақылы автомобиль жолдарымен жүріп өту үшін ақы алу тәртібі

      3. Автокөлік құралдарының ақылы жүріп өтуін ұйымдастыру ақылы автомобиль жолдарына (жол учаскелеріне) кіру мен шығу жолдарында орналасқан ақы алу пункттерінде жүзеге асырылады.
      4. Ақылы автомобиль жолымен (жол учаскесімен) жүріп өту автомобиль жолын пайдаланушының Ұлттық оператормен немесе концессионермен жасасқан шарты негізінде жүзеге асырылады. Ақылы автомобиль жолына (жол учаскесіне) кіру пунктін кесіп өткен кез шартты жасасу кезі болып табылады. Ұлттық оператор немесе концессионер мен ақылы автомобиль жолдарын (жол учаскелерін) пайдаланушылар арасындағы ақылы автомобиль жолдарын (жол учаскелерін) пайдалануға арналған шарт жария шарт болып табылады.
      5. Ақылы автомобиль жолымен (жол учаскесімен) жүріп өту үшін ақы автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен және мөлшерлеме бойынша алынады.
      6. Ақылы автомобиль жолы (жол учаскесі) бойынша автокөлік құралдарының жүріп өту үшін ақы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында жүргізіледі.
      7. Ақылы жүруді ұйымдастырушы ақылы автомобиль жолдарын (жол учаскелерін) пайдаланушылар үшін жүріп өту үшін ақы төлеудің мынадай тәсілдерін қамтамасыз етеді:
      1) артық ақшаны қайтарып және ақы төлеу жүргізгенін растайтын құжат беріп, жүріп өту үшін ақы төлеу ретінде автоматты режимде қолма-қол ақша қабылдауды немесе төлем карточкаларын пайдалану арқылы қолма-қол жасалмайтын төлемдерді қабылдауды жүзеге асыратын электрондық-механикалық құрылғыға (бұдан әрі - POS-терминал) қолма-қол ақша салу арқылы, қолма-қол ақшамен;
      2) POS-терминал арқылы төлем карточкасынан қолма-қол жасалмайтын төлем арқылы;
      3) қашықтықтан ақы төлеуге арналған құралдардың көмегімен алдын ала ақы төлеу.
      8. Ақылы жүруді ұйымдастырушы ақылы автомобиль жолына (жол учаскесіне) кіру алдында ақылы автомобиль жолына (жол учаскесіне) кіру туралы ақпараттық табло орнатады. Ақпараттық таблода сондай-ақ мынадай ақпарат орналастырылады:
      1) ақылы автомобиль жолымен (жол учаскесімен) жүріп өту үшін ақы төлеу ставкалары;
      2) учаскенің ұзындығы;
      3) жүріп өту үшін ақы төлеудің ықтимал тәсілдері;
      4) ақылы жолдарды (жол учаскелерін) пайдаланғаны үшін ақы төлеуден босатылған автомобиль жолдарын пайдаланушылардың тізбесі;
      5) басқа да пайдалы ақпарат.
      9. Ақылы жүруді ұйымдастырушының ақы алу пункттерінде өз өкілдері болады, олар ақылы автомобиль жолдарымен (жол учаскелерімен) жүріп өту мен ақы төлеу тәртібіне қатысты пайдаланушыларға туындаған сұрақтар бойынша түсініктеме береді.
      10. Ақылы автомобиль жолдарымен (жол учаскелерімен) автокөлік құралдарының ақылы жүріп өтуін ұйымдастыруды ақылы жүруді ұйымдастырушы ақы алу пунктінде жол кептелістері қалыптаспайтындай қамтамасыз етеді.
      11. Ақылы автомобиль жолдарымен (жол учаскелерімен) жүріп өту үшін қашықтықтан ақы төлеуге арналған құралдардың көмегімен ақы төлеу үшін ақылы автомобиль жолдарын (жол учаскелерін) пайдаланушылар ақылы автомобиль жолымен (жол учаскесімен) жүрместен бұрын алдын ала қашықтықтан ақы төлеуге арналған құралды ол сатылатын жерлерде сатып алады және оны осы құралдарға қоса берілген нұсқамаға сәйкес пайдаланады.
      12. Егер ақы алу пункті арқылы жүріп өткен кезде автомобиль жолын пайдаланушының ақылы автомобиль жолымен (жол учаскесімен) жүріп өту үшін ақы төлеуді жүзеге асыру мүмкіндігі болмаса, ақы төлеу үшін шотты ақылы жүруді ұйымдастырушы автокөлік құралының иесіне автокөлік құралының тіркелген мекенжайы бойынша жібереді.
      13. Ақы алу пункті және/немесе аралық шеп арқылы жүріп өткен кезде ақылы жүруді ұйымдастырушы бірдейлендіруші техникалық жабдық арқылы автокөлік құралдары туралы деректерді тіркеуді және жинауды жүзеге асырады.
      Мұндай деректер автокөлік құралының тіркеу нөмірлік белгісі, жүріп өту күні мен уақыты түсірілген автокөлік құралдарының бейнесуреті болып табылады.
      14. Осы Қағидалардың 12-тармағында көрсетілген деректер тиісті пайдаланушылардың ақылы автомобиль жолын (жол учаскесін) нақты пайдаланғанын растау және құпия ақпарат болып табылады.
      Ақылы жүруді ұйымдастырушы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, аталған деректерге үшінші тұлғалардың қолжетімділігін шектейді. Деректер ақылы жүруді ұйымдастырушының серверлік жабдығында жинақталады және бір жыл бойы сақталады.
      15. Егер автокөлік құралы ақы алу пунктін айналып өтіп ақылы автомобиль жолына (жол учаскесіне) кірген болса, мұндай көлік құралы туралы деректер аралық шептерде белгіленіп, ақы мөлшерін айқындау үшін және автокөлік құралының кейіннен ақылы автомобиль жолынан (жол учаскесінен) шығуы кезінде ақы алу үшін ақы алу пунктінің жабдығына жіберіледі.
      16. Автокөлік құралы ақы алу пунктін айналып өтіп ақылы автомобиль жолынан (жол учаскесінен) шығып кеткен жағдайда жүріп өту үшін ақы осы Қағидалардың 11-тармағында белгіленген тәртіппен автокөлік құралының иесінен алынады.
      17. Автокөлік құралы ақылы автомобиль жолдарымен (жол учаскелерімен) басқа автокөлік құралын сүйреп жүріп өткен жағдайда ақы көлік құралдарының екі бірлігінен де алынады.
      18. Ақылы автомобиль жолдарын (жол учаскелерін), оның ішінде концессияға берілген ақылы автомобиль жолдарын (жол учаскелерін) пайдаланғаны үшін ақы төлеуден:
      1) қызметтік міндеттерін орындаған кезде:
      жедел медициналық жәрдем ұйымдарының;
      өртке қарсы қызметтің;
      авариялық-құтқару қызметтерінің;
      жол-патруль қызметінің;
      әскери техниканың арнаулы автокөлік құралдары босатылады;
      2) қала маңындағы қатынастарда және ақылы автомобиль жолына (жол учаскелеріне) іргелес елді мекендерді: кенттерді, ауылдарды аудан немесе облыс орталықтарымен, астанамен немесе республикалық маңызы бар қалалармен қосатын қатынастарда жолаушылар мен багажды тұрақты тасымалдауды жүзеге асыратын автобустар;
      3) ақылы автомобиль жолына (жол учаскесіне) іргелес аудандардың аталған әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында белгіленген тәртіппен тіркелген автобустары бір аудан шегінде жүріп-тұру үшін;
      4) жүк автокөлік құралдары, өздігінен жүретін доңғалақты ауыл шаруашылық, мелиорациялық машиналар таяу көлікке арналған айрықтары арасындағы жол кесінділері шегінде су тосқауылдары мен темір жолдарды кесіп өту үшін;
      5) ақылы автомобиль жолына (жол учаскесіне) іргелес аудандардың жеке және заңды тұлғаларының аталған әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында белгіленген тәртіппен тіркелген жеңіл автомобильдері бір аудан шегінде жүріп-тұру үшін босатылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады