Батыс Қазақстан облысының орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2015 жылғы 13 қаңтардағы № 5 қаулысы. Батыс Қазақстан облысының әділет департаментінде 2015 жылғы 17 ақпанда № 3819 болып тіркелді. Күші жойылды - Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2023 жылғы 3 ақпандағы № 22 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 03.02.2023 № 22 қаулысымен (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы, "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңдарын басшылыққа ала отырып, Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Батыс Қазақстан облысының орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің жұмыс істеу қағидалары бекітілсін.

      2. "Батыс Қазақстан облысының білім басқармасы" мемлекеттік мекемесі (А. А. Мыңбаева) осы қаулының әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде және бұқаралық ақпарат құралдарында оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Б. М. Мәкенге жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Облыс әкімі Н. Ноғаев

  2015 жылғы 13 қаңтардағы № 5
Батыс Қазақстан облысы
әкімдігінің қаулысымен
бекітілген

Батыс Қазақстан облысының орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық
қызметтің жұмыс істеу қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы "Батыс Қазақстан облысының орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің жұмыс істеу қағидалары" орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің (бұдан әрі – Психологиялық қызмет) жұмысын реттейді.

      2. Психологиялық қызметтің жұмысы Қазақстан Республикасының Конституциясы, "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы, Бала құқықтары туралы Конвенция, сондай-ақ осы қағидалар шеңберінде жүзеге асырылады.

      3. Психологиялық қызмет орта білім беру ұйымдарының құрылымдық бөлімшесі болып табылады.

      4. Психологиялық қызметтің құрылымы білім беру ұйымдарының тұрпатына, түріне және қажеттілігіне, сондай-ақ педагог-психологтардың штатының бірлік санына қарай айқындалады.

      5. Психологиялық қызметтің құжаттамасы:

      1) орта білім беру ұйымдарында психологиялық қызметтің жұмысын істеудің осы қағидаларын;

      2) орта білім беру ұйымының басшысымен бекітілген Психологиялық қызметтің күнтізбелік жұмыс жоспарын;

      3) аудандық (қалалық) білім беру бөлімдерімен және облыстық білім басқармасымен бекітілген психологиялық сабақтардың, тренингтердің және басқа да жұмыс түрлерінің әдістемелік әзірлемелерін;

      4) психодиагностикалық әдістемелердің деректер банкі мен тізбесін;

      5) білім алушылардың психологиялық дамуының жеке карталарын;

      6) психологиялық тексерудің нәтижелерін, қорытындылары мен ұсынымдарын;

      7) орта білім беру ұйымы басшысының мөрімен бекітілген Психологиялық қызметтің жұмыс түрлерін (психодиагностикалар, дамыту, түзету, ағартушылық, сараптамалық, әдістемелік жұмыстарды, жеке және топтық консультацияларды, психологиялық қызметке сұраныс беруді) есепке алуды тіркеу журналын;

      8) белгіленген кезеңдерге (тоқсан, жартыжылдық, бір жыл) берілетін Психологиялық қызметтің жұмысы туралы талдамалық есептерді қамтиды.

      6. Психологиялық қызметтің бір жыл ішіндегі жұмыс қорытындысы аудандық (қалалық) білім беру бөлімдерінің және облыстық білім басқармасының бекіткен орта білім беру ұйымдарының есептік құжаттамаларына енгізіледі.

2. Орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің
мақсаттары мен міндеттері

      7. Психологиялық қызметтің мақсаты – орта білім беру ұйымдарында білім алушылардың психологиялық денсаулығын сақтау, қолайлы әлеуметтік-психологиялық жағдай жасау және білім беру үдерісіне қатысушыларға психологиялық қолдау көрсету.

      8. Психологиялық қызметтің міндеттері:

      1) білім алушылардың тұлғалық және зияткерлік дамуына ықпал ету, өзін-өзі тәрбиелеу және өзін-өзі дамыту қабілетін қалыптастыру;

      2) жылдам дамып келе жатырған ақпараттық қоғам жағдайында білім алушылардың табысты әлеуметтенуі үшін психологиялық тұрғыдан көмек көрсету;

      3) білім алушылардың тұлғасын психологиялық-педагогикалық зерделеу негізінде әрбір білім алушыға жеке тұрғыдан ықпал ету;

      4) психологиялық диагностика жүргізу және білім алушылардың шығармашылық әлеуетін дамыту;

      5) психологиялық қиыншылықтар мен білім алушылардың проблемаларын шешу бойынша психологиялық түзету жұмыстарын жүзеге асыру;

      6) психологиялық проблемаларды шешуде және оқу-тәрбие жұмыстарының қолайлы әдістерін таңдауда ата-аналар мен педагогтарға консультациялық көмек көрсету;

      7) білім беру үдерісінеқатысушылардың психологиялық-педагогикалық құзыреттілігін көтеру.

      9. Психологиялық қызмет өз жұмысын психодиагностикалық, консультациялық, ағартушылық-профилактикалық, түзету-дамытушылық және әлеуметтік-диспетчерлік бағыттарда жүзеге асырады.

      10. Психодиагностикалық бағытқа:

      1) білім алушыларды психологиялық диагностикалау;

      2) білім алушылардың бейімделуі, дамуы мен әлеуметтенуі мақсатында оларды кешенді психологиялық тексеру;

      3) білім алушылардың қабілеттілігі, қызығушылығы мен икемділігін психологиялық диагностикалау;

      4) психологиялық диагностиканың қорытындысы бойынша қорытындылар мен ұсынымдарды дайындау кіреді.

      11. Консультациялық бағытқа:

      1) білім алушыларға, ата-аналар мен педагогтарға олардың сұранысы бойынша консультация және консультацияның қысқаша мазмұнын беру;

      2) білім алушыларға, ата-аналар мен педагогтарға жеке тұлғалық, кәсіптік өзін-өзі айқындау проблемалары және айналасындағы адамдармен өзара қарым-қатынастар бойынша жеке және топпен консультация жүргізу;

      3) күйзеліс, жанжал, қатты эмоционалды күйзеліс жағдайында жүрген білім алушыларға психологиялық көмек көрсету;

      4) тұлғааралық және топаралық жанжалдарды шешуде делдалдық жұмыстарды ұйымдастыру;

      5) консультациялық жұмыстың кұпиялылығын сақтау және консультация жүргізу кезінде клиентті кодпен жазу кіреді.

      12. Ағартушылық-профилактикалық бағытқа:

      1) білім алушылар мен педагогтардің өзін-өзі айқындауына, кәсіптік өсуіне ықпал ету;

      2) білім алушылар бейімсіздігінің психологиялық алдын алу;

      3) педагогтарды аттестаттауды әлеуметтік-психологиялық қолдау;

      4) әдістемелік бірлестіктер мен педагогикалық кеңестің және медициналық-психологиялық-педагогикалық консилиумдардың жұмысына ықпал ету кіреді.

      13. Түзету-дамытушылық бағытқа:

      1) жеке тұлғалық өсуге арналған тренингтер өткізу;

      2) білім алушылар мен педагогтардың тұлғалық, зияткерлік, эмоционалды-жігерлік, шығармашылық даму үйлесімділігі бойынша психологиялық түзету және дамыту сабақтарын ұйымдастыру;

      3) жанжалдық тұлғааралық қатынастарды түзету кіреді.

      14. Әлеуметтік-диспетчерлік бағытқа:

      1) педагог-психологтың кәсіптік құзыреттілігінің, функционалдық міндеттерінің шеңберінен шығатын және кең көлемдегі мамандардың қатысуын талап ететін проблемаларды шешу бойынша аралас-мамандармен (дәрігерлер, дефектологтар, логопедтер, тифлопедагогтар және басқалар) өзара қарым-қатынасты жүзеге асыру;

      2) әлеуметтік-медициналық-психологиялық қызметтер туралы деректер банкін қалыптастыру;

      3) аралас-мамандармен және шұғыл жағдайда көмек көрсету бойынша мүдделі органдармен өзара іс-қимыл нәтижелерінің мониторингін жүргізу.

      15. Психологиялық қызмет білім алушылармен және педагог қызметкерлермен жеке және топтық негізде диагностикалық, дамытушылық, түзету және профилактикалық жұмыс түрлері кешенін жүргізу үшін қажетті жағдайлармен қамтамасыз етілген және жеке үй-жайда орналасқан педагог-психолог кабинетінің базасында жұмыс істейді.

      16. Психологиялық қызметтің жұмысын өңірлік деңгейде аудандық (қалалық) білім беру бөлімдері және облыстық білім басқармасы үйлестіреді.

      17. Психологиялық қызметтің жұмысы педагогикалық және медициналық қызметкерлермен, оның ішінде денсаулық сақтау жүйесімен, қамқоршылық және қорғаншылық органдарымен, ата-аналар қоғамымен тығыз байланыста жүзеге асырылатын болады.

      18. Психологиялық қызмет педагог-психологтардың әдістемелік бірлестігімен, психологиялық орталықтармен, тәжірибелі психологтар кафедралары және қауымдастықтарымен, білім бөлімдерінің әдістемелік кабинеттерімен өзара әрекетеседі.

      19. Педагог-психолог өз қызметінде:

      1) осы Қағидаларды басшылыққа алады;

      2) өзінің кәсіби құзыреттілігі және біліктілік талаптары шеңберінде шешім қабылдайды;

      3) жалпы психологияны, педагогикалық психология мен жалпы педагогиканы, жеке тұлға психологиясы және дифференциалды психология, балалар және жас ерекшеліктік психология, әлеуметтік психология, медициналық психологияны (қажеттілігіне қарай), психодиагностика, психологиялық консультация беруді және әлеуметтік, практикалық және жас ерекшеліктік психология саласындағы психологиялық ғылымның жаңа жетістіктерін білуі қажет;

      4) диагностикалық, дамытушылық, әлеуметтік-психологиялық, психологиялық түзету және консультативтік-профилактикалық жұмыстардың ғылыми-негізделген әдістерін қолданады;

      5) белсенді оқыту, қарым-қатынас жасаудың әлеуметтік-психологиялық тренинг әдістерін, жеке және топтық кәсіптік консультациялар берудің, білім алушылардың қалыпты дамуының диагностикасы мен түзетудің заманауи әдістерін қолданады;

      6) барлық оқу кезеңінде білім алушының жеке-психологиялық ерекшелектерінің психологиялық диагностикасын жоспарлайды;

      7) білім алушылардың тұлғалық қалыптасуындағы және дамуындағы ақаулықты анықтайды;

      8) білім алушыларға, педагогтарға, ата-аналарға жеке, кәсіптік және басқа да мәселелерді шешуде психологиялық көмек және қолдау көрсетеді;

      9) күйзеліс, жанжал, қатты эмоционалды күйзеліс жағдайында жүрген педагогтарға, білім алушыларға психологиялық көмек және қолдау көрсетуді жүзеге асырады;

      10) білім алушылардың бейәлеуметтік әрекеттерінің алдын алады және оларды уақытылы түзетуді жүзеге асырады;

      11) өзінің кәсіптік құзыреттілігін және біліктілігін арттырады;

      12) тиісті кәсіби даярлығы жоқ адамдардың орта білім беру ұйымдарында психологиялық диагностика, психологиялық түзету жұмыстарын жүргізуге жол бермейді;

      13) орта білім беру ұйымдарының әлеуметтік саласын үйлестіруді қалыптастыру және әлеуметтік бейімсіздіктің туындауының алдын алу бойынша жұмыстарды жүзеге асырады;

      14) зерттеу жұмыстарының материалдары бойынша психологиялық-педагогикалық қорытынды жасайды;

      15) дамыту және түзету бағдарламаларын жоспарлауға және әзірлеуге қатысады;

      16) білім алушылар, педагогикалық қызметкерлер мен ата-аналар (оларды алмастыратын тұлғалар) арасында психологиялық мәдениетті қалыптастырады;

      17) білім алушылармен, ата-аналармен және педагогтармен психодиагностикалық, консультациялық, ағартушылық-профилиактикалық, түзету-дамытушылық және әлеуметтік-диспетчерлік жұмыстардың нысанын және әдісін таңдайды;

      18) оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру бойынша құжаттамалармен, білім алушылардың, педагогтердің жеке істерімен танысады;

      19) түзету және дамытушылық бағдарламаларын және психологиялық жұмыстың жаңа әдісін жасауды талқылауға қатысады;

      20) жоғары оқу орындарының психология кафедраларымен және тәжірибелі психологтар қауымдастықтарымен байланыс жасайды;

      21) Психологиялық қызметтің жұмысын жақсарту мәселесі бойынша аудандық (қалалық) білім беру бөлімдеріне және облыстық білім басқармасына ұсыныспен шығады;

      22) пәндік кафедралардың және медициналық-психологиялық-педагогикалық консилиумның, педагогикалық және әдістемелік кеңестердің жұмысына қатысады;

      20. Педагог-психолог:

      1) психологиялық диагностикалау нәтижелерінің нақтылығын, пайдаланылған диагностикалық және түзетушілік әдістердің барабарлығын, ұсынымдар мен қорытындылар негізділігін, психологиялық ақпараттың құпиялылығын;

      2) Психологиялық қызметтің есепке алу-есеп беру құжаттамаларының жүргізілуін және сақталуын;

      3) кәсіптік психологиялық этиканың сақталуын;

      4) Психологиялық қызметтің жұмысына берілген материалды-техникалық құралдардың сақталуын қамтамасыз етеді.

3. Қорытынды ереже

      21. Орта білім беру ұйымының басшысы Психологиялық қызметтің жұмысын қамтамасыз етеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады