2015-2016 оқу жылын аяқтау және орта білім беру ұйымдарының білім алушыларын қорытынды аттестаттаудан өткізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 31 наурыздағы № 235 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 29 сәуірде № 13650 болып тіркелді

      «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 14) тармақшасына сәйкес, сондай-ақ 2015-2016 оқу жылын ұйымдасқан түрде аяқтау, меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, жалпы білім беретін оқу орындарының білім алушыларын аралық және қорытынды аттестаттаудан өткізу мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
      1. Оқу жылын аяқтаудың және білім алушыларды аралық және қорытынды аттестаттаудан өткізудің мынадай мерзімдері белгіленсін:
      1) жалпы білім беретін күндізгі және кешкі (кезекті) оқу орындарының барлық түрлеріндегі мектепалды, 1-11 (12) сыныптарда оқу сабақтарының аяқталуы - 2016 жылғы 25 мамыр;
      2) 5-8 (9), 10 (11) сыныптардағы білім алушыларды аралық аттестаттаудан өткізу - 2016 жылғы 31 мамырға дейін;
      3) негізгі орта білім берудің жалпы білім беру оқу бағдарламасын меңгерген 9 (10) сыныптың білім алушыларын қорытынды аттестаттау – 2016 жылғы 30 мамыр - 15 маусым аралығы, жалпы орта білім берудің білім беру оқу бағдарламасын меңгерген 11 (12) сыныптың білім алушыларын қорытынды аттестаттау – 2016 жылғы 1 - 20 маусым аралығы;
      4) негізгі орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламасын меңгерген 9 (10) сыныптың білім алушылары - үш міндетті емтихан және таңдау бойынша 1-2 пәннен ауызша емтихан.
      Міндетті емтихандардың тізбесі, нысаны және өткізу мерзімдері:
      ана тілі мен әдебиетінен (оқыту тілі бойынша) жазбаша емтихан – 2016 жылғы 30 мамырда (гуманитарлық пәндерді тереңдете оқытатын мектептердің және гимназиялардың білім алушылары үшін - шығарма, қалғандары үшін - диктант);
      алгебрадан жазбаша емтихан - 2016 жылғы 3 маусымда;
      орыс, өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын мектептердегі қазақ тілінен ауызша емтихан - 2016 жылғы 8 маусымда;
      қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілінен ауызша емтихан - 2016 жылғы 8 маусымда;
      5) жалпы орта білім берудің білім беру оқу бағдарламасын меңгерген 11(12) сыныптың білім алушыларын қорытынды аттестаттау - ұлттық бірыңғай тестілеу (бұдан әрі - ҰБТ) немесе мемлекеттік бітіру емтихандары нысанында.
      Ағымдағы оқу жылында Қазақстан Республикасының жоғары білім беру ұйымдарына оқуға түскісі келетін білім алушылар қорытынды аттестаттаудан ҰБТ нысанында 2016 жылғы 1-15 маусым аралығында өтеді.
      Өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын жалпы білім беретін мектептердің 11-сынып білім алушылары («Алтын белгі» аттестаты мен үздік аттестат алуға үміткер білім алушыларды қоспағанда) өз қалаулары бойынша қазақ немесе орыс тілінде ҰБТ тапсыруға қатыса алады.
      Оқу бітірген жылы Қазақстан Республикасының жоғары білім беру ұйымдарына түсуді және ҰБТ-ға қатысуды қаламайтын орта білім беру ұйымдарының 11 (12) сынып білім алушылары мемлекеттік бітіру емтихандарын: төрт міндетті және таңдау бойынша 1-2 пәннен ауызша емтихандар тапсырады.
      Міндетті емтихандардың тізбесі, нысаны және өткізу мерзімдері:
      орыс, өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын мектептердегі қазақ тілінен ауызша емтихан - 2016 жылғы 1 маусым;
      қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілінен ауызша емтихан - 2016 жылғы 1 маусымда;
      ана тілі мен әдебиетінен (мектептегі оқыту тілі) шығарма түрінде жазбаша емтихан (кешкі жалпы білім беретін мектептер үшін - диктант) - 2016 жылғы 6 маусымда;
      алгебра және анализ бастамаларынан жазбаша емтихан – 2016 жылғы 8 маусымда;
      Қазақстан тарихынан ауызша емтихан - 2016 жылғы 11 маусымда.
      2. Облыстардың, Алматы және Астана қалаларының білім басқармалары, республикалық мамандандырылған жалпы білім беру ұйымдары 2015 - 2016 оқу жылын осы бұйрықтың талаптарына, «Білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды мемлекеттік аттестаттау жүргізудің үлгі ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы № 125 бұйрығымен бекітілген, нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5191 болып тіркелген Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылаудың, оларды аралық және қорытынды аттестаттау жүргізудің үлгі ережесіне сәйкес аяқтауды қамтамасыз етсін.
      3. Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының және Алматы қаласының білім басқармалары өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын мектептер үшін жазбаша бітіру емтихандарын өткізуге арналған емтихан материалдарын 2016 жылғы 25 мамырға дейін дайындасын.
      4. Мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаменті (Ж.А. Жонтаева):
      1) республикалық мамандандырылған жалпы білім беру ұйымдарының 9 (10) және 11(12) сыныптарының білім алушылары үшін қазақ тілі мен әдебиетінен, орыс тілі мен әдебиетінен, алгебрадан, алгебра және анализ бастамаларынан емтихан тапсырмаларының пакеттерін 2016 жылғы 25 мамырға дейін дайындасын;
      2) қазақ тілі мен әдебиетінен шығарма тақырыптарын Моңғолияның, Өзбекстан Республикасының және Ресей Федерациясының Білім министрліктеріне 2016 жылғы 15 сәуірге дейін жеткізсін;
      3) шығарма тақырыптарын жариялау үшін 2016 жылғы 30 наурызға дейін «Қазақстан мұғалімі» және «Учитель Казахстана» газеттерінің редакцияларына ұсынсын;
      4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      5) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде және мерзімді баспа басылымдарында ресми жариялау үшін электрондық тасымалдағышта елтаңбалы мөрмен куәландырылған қағаз данасын қоса бере отырып жолдауды;
      6) тіркелген осы бұйрықты алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мөрімен расталған және осы бұйрыққа қол қоюға уәкілетті адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған баспа және электрондық түрдегі көшірмелерін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жолдауды;
      7) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;
      8) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 5), 6) және 7) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
      5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Е.Н. Иманғалиевке жүктелсін.
      6. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Білім және ғылым министрі Е. Сағадиев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады