Маңызды төлем жүйелері өлшемшарттарының көрсеткіштерін бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 222 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 6 қазанда № 14303 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы, "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" 2016 жылғы

      26 шілдедегі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, маңызды төлем жүйелері өлшемшарттарының көрсеткіштерін айқындау мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Маңызды төлем жүйелері өлшемшарттарының мына көрсеткіштері бекітілсін:

      1) төлем жүйесі арқылы Қазақстан Республикасының аумағында ұлттық валютамен жүйелік маңызы бар төлем жүйелері арқылы жыл бойы жүргізілген төлемдердің және (немесе) ақша аударымдарының көлемін шегергенде, осы төлемдердің және (немесе) ақша аударымдарының жалпы көлемінен жиырма бес пайыздан кем емес көлемінде жыл бойы Қазақстан Республикасының аумағында ұлттық валютамен төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асырған кезде;

      2) төлем жүйесі арқылы осы төлемдердің және (немесе) ақша аударымдарының жалпы көлемінен жиырма бес пайыздан кем емес көлемінде жыл бойы Қазақстан Республикасының аумағында шетел валютасымен төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асырған кезде;

      3) төлем жүйесі арқылы Қазақстан Республикасынан шетелге жіберілген және Қазақстан Республикасына шетелден алынған төлемдердің және (немесе) ақша аударымдарының жиынтық көлемінен жиырма бес пайыздан кем емес көлемінде жыл бойы халықаралық төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асырған кезде;

      4) төлем жүйесі арқылы Қазақстан Республикасы бойынша және шетелге ақша аудару жүйелері арқылы жіберілген ақшаның және ақшаны аудару жүйелері арқылы Қазақстан Республикасына шетелден алынған төлемдердің және (немесе) ақша аударымдарының жиынтық көлемінен жиырма бес пайыздан кем емес көлемінде ақшаны ақша аудару жүйелері үшін жыл бойы төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асырған кезде;

      5) төлем жүйесі арқылы осы төлемдердің жалпы көлемінен жиырма бес пайыздан кем емес көлемінде жыл бойы төлем карточкаларымен есеп айырысулар бойынша банкаралық төлемдерді жүзеге асырған кезде;

      6) бір мезгілде мына екі талап орындалған кезде:

      күнтізбелік жылдың басында осы төлем жүйесі шеңберінде шығарылған төлем карточкаларының саны айналыстағы төлем карточкаларының жалпы санынан жиырма бес пайызға жеткен кезде;

      күнтізбелік жыл ішінде төлем жүйесі арқылы төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалған төлемдердің жалпы көлемінен кемінде жиырма бес пайыз көлемінде операциялар жүзеге асырған кезде.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 21.09.2020 № 112 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Төлем жүйелері департаменті (Ашықбеков Е.Т.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына:

      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін күнтізбелік он күн ішінде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға;

      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізуге жіберуді;

      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ғ.О.Пірматовқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Д. Ақышев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады