Шу ауданы бойынша жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар өткізу тәртібін қосымша реттеу туралы

Күшін жойған

Жамбыл облысы Шу аудандық мәслихатының 2016 жылғы 18 ақпандағы № 50-6 шешімі. Жамбыл облысы Әділет департаментінде 2016 жылғы 17 наурызда № 2998 болып тіркелді. Күші жойылды - Жамбыл облысы Шу аудандық мәслихатының 2020 жылғы 25 маусымдағы № 65-2 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Жамбыл облысы Шу аудандық мәслихатының 25.06.2020 № 65-2 (алғашқы ресми жарияланған күннен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) шешімімен.
      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібi туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 наурыздағы Заңының 10 бабына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына сәйкес, Шу аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Шу ауданы бойынша жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар өткізу тәртібі қосымшаға сәйкес қосымша реттелсін.

      2. "Шу ауданы аумағында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізу тәртібін қосымша реттеу туралы" Шу аудандық мәслихатының 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 35-9 (Нормативтік құқықтық актілерді тіркеу тізілімінде № 2475 болып тіркелген, 2015 жылғы 31 қаңтардағы № 11 "Шу өңірі" газетінде жарияланған) шешімнің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешімнің орындалуын бақылау аудандық мәслихаттың экономика, қаржы, бюджет, салық, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, қоғамдық құқықтық тәртіпті сақтау, табиғатты пайдалану, өнеркәсіп салаларын, құрылысты, көлікті, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті өркендету, жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті сатып алу туралы шарттар жобаларын қарау жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін.

      4. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттiк тiркелген күннен бастап күшiне енедi және оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы І. Тортаев
      Мәслихат хатшысы Б. Саудабаев

  Шу аудандық мәслихатының
2016 жылғы 18 ақпандағы
№ 50-6 шешімімен бекітілген

Шу ауданы бойынша жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар өткізу тәртібін қосымша реттеу

      1. Жиналыс, митинг, шеру, пикет немесе демонстрация өткізу туралы жергілікті атқарушы органға өтініш беріледі.

      2. Жиналыс, митинг, шеру, пикет немесе демонстрация өткізу туралы өтініштерді еңбек ұжымдарының, қоғамдық бірлестіктердің немесе Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген топтарының он сегіз жасқа толған уәкілдері береді.

      3. Жиналыс, митинг, шеру, пикет немесе демонстрация өткізу туралы өтініш оны өткізудің белгіленген датасынан кемінде он күн бұрын жазбаша нысанда беріледі. Өтініште шараны өткізу мақсаты, нысаны, өткізілетін жері немесе қозғалыс маршруттары, оның басталатын және аяқталатын уақыты, қатысушылардың ықтимал саны, уәкілдердің (ұйымдастырушылардың) және қоғамдық тәртіптің сақталуына жауапты адамдардың тегі, аты, әкесінің аты, олардың тұратын және жұмыс істейтін (оқитын) жері, өтініштің берілген датасы көрсетіледі. Өтініштің берілген мерзімі оның жергілікті атқарушы органда тіркелген күнінен бастап есептеледі.

      4. Жергілікті атқарушы орган өтінішті қарайды және өтініште көрсетілген шараның өткізілетін уақытынан кемінде бес күн бұрын уәкілдерге (ұйымдастырушыларға) қабылданған шешім туралы хабарлайды.

      5. Жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар өткізу туралы өтініш берген кезде, осы қосымша тәртібінің 3 тармағындағы талаптар сақталмаған жағдайда, жергілікті атқарушы орган жаңадан өтініш беру жолымен жіберілген кемшіліктерді жоюды ұсынған ресми жауап береді. Өтініш қаралған болып есептелінеді. Жаңа өтінішті қарау мерзімі түскен күнінен бастап есептеледі.

      6. Жергілікті атқарушы орган басқа азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, қоғамдық қауіпсіздікті, сондай-ақ көліктің, өзге де инфрақұрылым объектілерінің қалыпты жұмыс істеуін, жасыл желектер мен шағын сәулет нысандарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында, қажет болған жағдайда, өтініш жасағандарға шараны өткізудің өзге уақыты мен жерін ұсынады.

      7. Жиналыстар мен митингілерді өткізу арнайы орны болып келесі орындар белгіленсін:

      1) Шу қаласы, Қосқұдық мөлтекауданы, Продольная көшесі, Қайрат Рысқұлбеков атындағы стадионы;

      2) Төле би ауылы, Балуан Шолақ көшесі, Сары Хасенов стадионы.

      8. Шерулер мен демонстрацияларды өткізу арнайы орындар болып келесі маршруттар белгіленсін:

      1) Шу қаласы, Сәтпаев көшесі Сейфуллин көшесі қиылысынан Жансүгіров көшесі қиылысына дейін;

      2) Төле би ауылы, Балуан Шолақ көшесі Жастар аллеясынан Абай көшесі қиылысына дейін.

      9. Жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар, сондай-ақ оларға қатысушылардың сөз сөйлеуі өтініште көрсетілген мақсатқа сәйкес, белгіленген мерзімде және келісілген жерде өткізіледі.

      10. Жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттерді, демонстрацияларды өткізу кезінде уәкілдер (ұйымдастырушылар), сондай-ақ басқа да қатысушылар қоғамдық тәртіпті сақтауға міндетті.

      11. Шараларды ұйымдастырушылармен оларға қатысушылардың:

      1) көліктің және жаяу жүргіншілердің қозғалысына бөгет жасауына;

      2) елді мекеннің инфрақұрылым объектілерінің үздіксіз жұмыс істеуіне кедергі келтіруіне;

      3) жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз киіз үйлер, шатырлар, өзге де уақытша құрылыстар тұрғызуына;

      4) жасыл желектерге, шағын сәулет нысандарына залал келтіруіне;

      5) өзімен бірге суық қаруды, атыс және өзге де қаруды, сондай-ақ адамдардың өмірі мен денсаулығына қарсы азаматтарға және заңды тұлғалардың меншігіне материалдық залал келтіру үшін пайдаланылуы мүмкін арнайы жасалған немесе бейімделген заттарды алып жүруіне;

      6) шараны өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуші мемлекеттік органдар өкілдерінің қызметіне кез келген нысанда араласуына тыйым салынады.

      12. Жиналыс, митинг, шеру, пикет немесе демонстрация өткізу орындарда спирттік ішімдік ішуге, есірткі, психотроптық заттарды және оларға ұқсас заттарды, прекурсорларды; матаға немесе қағазға жазылған ұрандарды, кермелерді, басқа да материалдарды (көзбе, аудио/бейне); сонымен қатар қоғамдық тәртіп бұзушылыққа, қылмыс жасау мен кім болса да оған тіл тигізіп қорлауға тыйым салынады.

      13. Пикет өткізу кезінде:

      1) пикет өткізу аумағында отыруға, тұруға;

      2) көрнекі үгіт-насихат құралдарын пайдалануға;

      3) пикет тақырыбына сай қысқа ұрандар, слогандарды айқайлап айтуға рұқсат етіледі.

      14. Пикетті басқа формада немесе митинг, жиын түрінде қайта өткізуді жалғастыратын болса, белгіленген тәртіпке сәйкес жергілікті атқарушы органнан рұқсат алуы тиіс.

      15. Ұйымдастырушыларға бас тарту кезінде жазбаша түрде потенциалды қатысушыларға барлық дайындықты болдырмау және аталған жағдайды тиісті деңгейде хабарлау шараларын қамтамасыз ету түсіндірілуі қажет.

      16. Жиналыс, митинг, шеру, пикет және демонстрация ұйымдастыруға рұқсат беруден бас тарту жағдайда немесе оны өткізуге тыйым салынғаны туралы шешім қабылданса, ұйымдастырушылар (өкілдер) барлық дайындық іс-шараларын болдырмау жөнінде және потенциалды қатысушыларды тиісінше хабарландыруға міндетті.

      17. Егер жиналысты, митингіні, шеруді, пикет қоюды немесе демонстрацияны өткізудің мақсаты нәсілдік, ұлттық, әлеуметтік араздықты, діни төзімсіздікті, тектік астамшылықты қоздыру, республиканың конституциялық құрылысын күш қолданып құлату, аумақтық тұтастығына қол сұғу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституцияның, заңдары мен өзге де нормативтік актілерінің басқа қағидаларын бұзу болса, немесе оларды өткізу қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін болса, жергілікті атқарушы орган бұларды өткізуге тыйым салады.

      18. Бұқаралық шараларды темір жол, су және әуе көлігінің объектілерінде, сондай-ақ мемлекеттің қорғаныс қабілетін, қауіпсіздігін және халықтың тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдардың (қалалық қоғамдық көлік, сумен, электр қуатымен, жылумен және басқа энергия көздерімен жабдықтау) жанында, денсаулық сақтау мен білім беру мекемелерінің жанында өткізуге жол берілмейді.

      19. Егер: өтініш берілмеген болса, тыйым салу туралы шешім шығарылса, сондай-ақ азаматтарында өмірі мен денсаулығына қауіп төнетін, қоғамдық тәртіп бұзылатын жағдайда жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар жергілікті атқарушы орган өкілінің талап етуі бойынша сөзсіз тоқтатылуға тиіс.

      20. Жергілікті атқарушы орган өкілінің талабын орындаудан бас тартылған жағдайда оның нұсқауы бойынша ішкі істер органдары жиналысты, митингіні, шеруді, пикет қоюды және демонстрацияны тоқтату жөнінде қажетті шаралар қолданады.

      21. Жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттерді және демонстрацияларды ұйымдастыру мен өткізудің белгіленген тәртібін бұзған адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауап береді.

      22. Жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттерді және демонстрацияларды өткізу кезінде оларға қатысушылардың азаматтарға, қоғамдық бірлестіктерге, мемлекетке келтірген материалдық залалы үшін заңда белгіленген тәртіп бойынша өтем жасалуға тиіс.

      23. Жиналыс, митинг, шеру, пикет, демонстрация өткізілетін жерде қоғамдық тәртіпті сақтау, үй-жайлар беру, санитарлық тазарту, жарық беру және радиоландыру жөніндегі туындаған барлық қосымша шығындарды оларды ұйымдастырушылар өтейді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады