Нарық субъектілері үшін монополияға қарсы комплаенстің үлгілік сыртқы актілерін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 13 ақпандағы № 65 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 10 наурызда № 14882 болып тіркелді.

      2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 90-6-бабының 36) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Мыналар:

      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының тауар нарықтарында қызметін жүзеге асыратын нарық субъектілері үшін монополияға қарсы комплаенстің үлгілік сыртқы актісі;

      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес трансшекаралық тауар нарықтарында қызметін жүзеге асыратын нарық субъектілері үшін монополияға қарсы комплаенстің үлгілік сыртқы актісі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін баспа және электрондық түрде ресми жариялауға мерзімді баспасөз басылымдарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтіқ құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
Т. Сүлейменов

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2017 жылғы 13 ақпандағы
№ 65 бұйрығына
1-қосымша

Қазақстан Республикасы тауар нарықтарында қызметін жүзеге асыратын нарық субъектілері үшін монополияға қарсы комплаенстің үлгілік сыртқы актісі

1-тарау. Кіріспе ережелер

      1. Монополияға қарсы комплаенстің сыртқы актісі Қазақстан Республикасының тиісті тауар нарығының ерекшелігін, құрылымын және өзгешеліктерін ескере отырып, ондағы нарық субъектісінің (субъектілерінің) адал бәсекелестік саясаты мен қағидаларын айқындайды.

      2. Нарық субъектісі (субъектілері) монополияға қарсы комплаенстің сыртқы актісін әзірлеу және енгізу арқылы Қазақстан Республикасының тиісті тауар нарығында адал бәсекелестікке және Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу бойынша шаралар қабылдауға ұмтылысын растайды.

      3. Монополияға қарсы комплаенстің сыртқы актісінің болуы нарық субъектісі (субъектілері) үшін қандай да бір материалдық және өзге де артықшылықтарға әкеп соқпайды, сондай-ақ жауапкершіліктен және Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын сақтау қажеттілігінен босатпайды, алайда оны бұзу тәуекелдерін азайтады.

      4. Монополияға қарсы орган қараған нарық субъектісінің (нарық субъектілерінің) монополияға қарсы комплаенстің сыртқы актісі нақты нарық субъектісіне (нарық субъектілеріне) қатысты немесе нақты жағдайға қолданылатын Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын түсіндіру актісі болып табылады.

      5. Монополияға қарсы комплаенстің сыртқы актісі нақты жағдайды түсіндірулермен толықтырылуы мүмкін.

      6. Осы монополияға қарсы комплаенстің сыртқы актісінде қолданыстағы Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасында көзделген ұғымдар пайдаланылады.

2-тарау. Адал бәсекелестіктің жалпы қағидаттары

      7. Осы монополияға қарсы комплаенстің сыртқы актісіне қол қойған нарық субъектісі (субъектілері) адал бәсекелестіктің мынадай қағидаттарын ұстануға өзінің ниеті мен ұмтылысын растайды:

      1) нарықтық экономика және адал бәсекелестік қағидаттарын сақтау;

      2) нарық субъектісі іскерлік беделіне және бәсекелестікке нұқсан келтiретін әрекетті (әрекетсіздікті) болдырмаудың тиімді алдын алу шараларын қабылдау;

      3) нарықтың барлық қатысушылары үшін әділ және тең, оның ішінде тауарды өткізудің (қызметтер көрсетудің, жұмыстарды орындаудың) айқын және кемсітпеушілік жағдайларын жасау және оларды қамтамасыз ету.

3-тарау. Нарық субъектісінің (субъектілерінің) адал практикаларының тізбесі

      8. Монополияға қарсы комплаенстің сыртқы актісін қабылдаған немесе оған қосылған нарық субъектісі (субъектілері) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасына сүйене отырып:

      1) мыналарға қатысуға жол бермейді:

      деңгейлес келісімдерге (картельдерге), егер мұндай келісімдер:

      бағаларды (тарифтердi), жеңiлдетулерді, үстеме ақыларды (қосымша ақыларды) және (немесе) үстеме бағаларды белгiлеуге немесе ұстап тұруға;

      сауда-саттықта бағаларды өсіруге, төмендетуге немесе ұстап тұруға, сауда-саттықтың, аукциондар мен конкурстардың қорытындыларын, оның ішінде лоттар бойынша бөлу жолымен бұрмалауға;

      тауар нарығын аумақтық қағидат, тауарларды сату немесе сатып алу көлемi, өткiзiлетiн тауарлар ассортиментi не сатушылардың немесе сатып алушылардың (тапсырыс берушiлердiң) құрамы бойынша бөлуге;

      тауар өндiрiсiн қысқартуға немесе тоқтатуға;

      белгiлi бiр сатушылармен не сатып алушылармен (тапсырыс берушiлермен) шарт жасасудан бас тартуға әкеп соғатын немесе әкеп соғуы мүмкiн болса;

      сатылас келісімдерге, егер:

      сатып алушы (тапсырыс беруші) үшiн сатушы тауарды қайта сатудың ең жоғары бағасын белгiлейтiн жағдайды қоспағанда, мұндай келiсiмдер тауарды қайта сату бағасын белгiлеуге әкеп соғатын немесе әкеп соғуы мүмкiн болса;

      мұндай келiсiмде сатушының бәсекелесi болып табылатын нарық субъектiсiнiң тауарын сатып алушының (тапсырыс берушінің) сатпау мiндеттемесi көзделсе;

      мұндай келісімде сатып алушының (тапсырыс берушінің) бәсекелесі болып табылатын нарық субъектісіне сатушының тауар сатпау міндеттемесі көзделсе;

      бәсекелестікті шектеуге әкеп соғатын немесе әкеп соғуы мүмкін кез келген нысанда жасалған келісімдерге, оның ішінде мыналарға қатысты:

      нарықтың басқа субъектiлерiмен мәні бiрдей шарттарға кемсітушілік шарттар белгiлеуге немесе қолдауға, оның iшiнде тауарларды сатып алудың және (немесе) өткiзудiң келiсiлген шарттарын белгiлеуге;

      нарық субъектілерінің сол бір тауарға түрлі бағаларды (тарифтерді) экономикалық, технологиялық және өзге де түрде негізсіз белгілеуіне;

      тауарларды өткiзудi негiзсiз шектеуге немесе тоқтатуға;

      контрагенттердiң өзiнiң мазмұны бойынша немесе iскерлiк айналым дәстүрлерiне сәйкес осы шарттардың нысанасына қатысы жоқ қосымша мiндеттемелер (қаржылай қаражатты және өзге де мүлiктi, мүлiктiк немесе мүлiктiк емес құқықтарды берудi негiзсiз талап ету) қабылдауы кезінде шарттар жасасуға;

      нарықтың басқа субъектiлерiнiң белгiлi бiр тауарларды сатушылар (берушiлер) немесе оларды сатып алушылар ретiнде тауар нарығына кiруiн шектеуге немесе одан ығыстырып шығаруға;

      нарық субъектілерінің бәсекелестікті шектеуге бағытталған келісілген әрекеттерінде, оның ішінде мыналарға қатысты:

      тауарларды сатып алу немесе өткізу бағаларын не басқа да жағдайларын белгілеуге және (немесе) ұстап тұруға;

      тауарларды өндіруді не өткізуді негізсіз шектеуге;

      белгілі бір сатушылармен (өнім берушілермен) не сатып алушылармен шарттар жасасудан негізсіз бас тартуға;

      басқа субъектілермен мәні бірдей шарттарға кемсітушілік шарттар қолдануға;

      2) тиiстi тауар нарығына кiрудi шектеуге, бәсекелестiкке жол бермеуге, оны шектеуге және жоюға алып келген немесе алып келетін және (немесе) нарық субъектісінің немесе белгіленбеген тұтынушылар тобының заңды құқықтарына қысым жасайтын (субъект тиiстi тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие кезінде), оның ішінде:

      монополиялық жоғары (төмен) немесе монопсониялық төмен бағаларды белгiлеу, ұстап тұру;

      нарық субъектiлерiмен немесе тұтынушылармен жасалған мәні бiрдей келiсiмдерге объективті түрде ақтамайтын себептермен әртүрлi бағаларды не әртүрлi шарттарды қолдану, оның ішінде бұл тауарды өндіруге, өткізуге және жеткізуге жұмсалатын түрлі шығындарға, сату көлемін, төлеу шарттарын, шарттың қолданылу мерзімдерін ескеретін жеңілдіктер жүйесінің кемсітпеушілік қолданылуына байланысты болса;

      өзiнен сатып алынған тауарларды қайта сатуға аумақтық белгiсi, сатып алушылар тобы, сатып алу шарттары бойынша, сондай-ақ саны, бағасы бойынша шектеулер белгiлеу;

      нарық субъектiсiне немесе тұтынушыға өз мазмұны бойынша немесе iскерлiк айналым дәстүрiне сәйкес осы келiсiмдердiң нысанасына қатысы жоқ қосымша мiндеттемелер қабылдату арқылы келiсiм жасасуға шарт қою не оны күштеп таңу;

      өтініш жасалған кезде тиiстi тауарды өндiру немесе өткiзу мүмкiндiгi болған кезде жекелеген сатып алушылармен шарт жасасудан немесе тауарды өткізуден негiзсiз бас тарту не осындай шарт жасасу туралы ұсынысқа күнтізбелік отыз күннен асатын мерзiмде жауап ұсынбаудан көрінетін жалтару;

      бәсекелестер өндiрген не өткiзетiн тауарларды сатып алу кезiнде шектеулер қабылдау арқылы тауарларды беруге шарт қою;

      өндiру немесе беру мүмкiндiгi болған кезде тұтынушылардың, нарық субъектілерінің сұранысы немесе тапсырыстары бар тауарларды өндiру және (немесе) беру көлемдерiн негiзсiз қысқарту немесе өндiруді және (немесе) беруді тоқтату;

      егер тауардың бағасын көтеру тауарды алып қоюдың нәтижесi болып табылса, тауарды айналыстан алып қою;

      контрагентке шарт нысанасына жатпайтын, экономикалық немесе технологиялық тұрғыдан негiзсіз шарт талаптарын күштеп таңу;

      нарықтың басқа субъектiлерiне тауар нарығына кiруге немесе тауар нарығынан шығуға кедергiлер жасау;

      сол бір тауарға әртүрлі бағаларды (тарифтерді) экономикалық, технологиялық тұрғыдан немесе өзге де түрде негізсіз белгілеу, кемсітушілік шарттар жасау сияқты әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасамайды;

      3) жосықсыз бәсекелестікке әкеп соғатын, оның ішінде:

      тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ авторлық құқық объектілерін дараландыру құралдарын құқыққа сыйымсыз пайдалану;

      басқа өндірушінің тауарын құқыққа сыйымсыз пайдалану;

      бұйымның сыртқы түрін көшіріп алу;

      нарық субъектісінің беделін түсіру;

      көрінеу жалған, жосықсыз және анық емес жарнама;

      мәжбүрлі ассортиментпен тауар өткізу (сатып алу);

      бәсекелестің сатушысына (өнім берушісіне) бойкот жасауға шақыру;

      сатып алушыны (өнім берушіні) кемсітуге шақыру;

      нарық субъектісін бәсекелеспен шартты бұзуға шақыру;

      сатушының (өнім берушінің) қызметкерін сатып алушылық;

      сатып алушының қызметкерін сатып алушылық;

      коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты құқыққа сыйымсыз пайдалану;

      тұтынушыға тауардың сипатына, өндірілу тәсілі мен орнына, тұтынушылық қасиеттеріне, сапасы мен санына және (немесе) оны өндірушілерге қатысты анық емес ақпарат ұсына отырып, тауарды өткізу;

      нарық субъектiсiнiң өзi өндiретiн және (немесе) өткiзетiн тауарларын нарықтың басқа субъектiлерi өндiретiн және (немесе) өткiзетiн тауарлармен орынсыз салыстыруы сияқты әрекеттерді жасамайды;

      4) монополияға қарсы комплаенстің сыртқы актісін қабылдаған нарық субъектісі (субъектілері) акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларға және олармен үлестес тұлғаларға жатқызылған жағдайда, мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуы негіздерін көздейтін Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) талаптарына сәйкес қызметін жүзеге асырады;

      5) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасында белгіленген жағдайда, монополияға қарсы органның келiсiмiнсiз (хабарлаусыз) экономикалық шоғырлану жасамайды.

      9. Нарық субъектісі (субъектілері) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасында көзделген келісімдердің, келісілген іс-әрекеттердің жекелеген түрлерінің және монополистік қызметтің өзге түрлерінің алып тасталатынын және оларға жол берілетінін назарға алады.

      10. Нарық субъектісі (субъектілері) монополияға қарсы органға Кодексте көзделген өкілеттіктерді жүзеге асыру үшін қажетті сұратылған ақпаратты, оның ішінде банктік құпияны, сақтандыру құпиясын және бағалы қағаздар нарығындағы коммерциялық құпияны қоспағанда, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлеметтерді уақтылы ұсыну шараларын қабылдайды.

4-тарау. Қорытынды ережелер

      11. Монополияға қарсы комплаенстің сыртқы актісіне мүдделі нарық субъектісі немесе субъектілері қол қояды.

      12. Қолданыстағы Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасы өзгерген жағдайда, оған қайшы келетін монополияға қарсы комплаенстің сыртқы актісінің ережелері қолданылмайды және олардың күші жойылады.

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2017 жылғы 13 ақпандағы
№ 65 бұйрығына
2-қосымша

Трансшекаралық тауар нарықтарында қызметін жүзеге асыратын нарық субъектілері үшін монополияға қарсы комплаенстің үлгілік сыртқы актісі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Монополияға қарсы комплаенстің сыртқы актісі тиісті трансшекаралық тауар нарығының ерекшелігін, құрылымы мен өзгешеліктерін ескере отырып, онда Еуразиялық экономикалық одаққа (бұдан әрі – Одақ) мүше екі немесе одан көп мемлекеттің аумағында қызметін жүзеге асыратын нарық субъектісінің (субъектілерінің) адал бәсекелестік саясаты мен қағидаларын айқындайды.

      2. Монополияға қарсы комплаенстің сыртқы актісі нақты жағдайды түсіндірулермен толықтырылуы мүмкін.

      3. Нарық субъектісі (субъектілері) монополияға қарсы комплаенстің сыртқы актісін әзірлеу және енгізу арқылы тиісті трансшекаралық тауар нарығында адал бәсекелестікке және 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта (бұдан әрі – Одақ туралы шарт) белгіленген бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзудың алдын алу бойынша шаралар қабылдауға ұмтылысын растайды.

      4. Монополияға қарсы комплаенстің сыртқы актісінің болуы нарық субъектісі (субъектілері) үшін қандай да бір материалдық және өзге де артықшылықтарға әкеп соқпайды, сондай-ақ жауапкершіліктен және Одақ туралы шарттың ережелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының нормаларын сақтау қажеттілігінен босатпайды, алайда оны бұзушылық тәуекелдерін азайтады.

      5. Осы монополияға қарсы комплаенстің сыртқы актісінде Одақ туралы шартта және Одақтың нормативтік құқықтық базасын құрайтын өзге де құжаттарда көзделген ұғымдар пайдаланылады.

2-тарау. Трансшекаралық тауар нарығындағы адал бәсекелестіктің қағидаттары мен қағидалары

      6. Осы монополияға қарсы комплаенстің сыртқы актісіне қол қойған, Одаққа мүше екі немесе одан көп мемлекеттің аумағында қызметін жүзеге асыратын нарық субъектісі (субъектілері),

      нарықтық экономика және адал бәсекелестік қағидаттарын ұстанатындығын білдіре отырып,

      Қазақстан Республикасы мүшесі болып табылатын Одақтың жұмыс істеуін және Одақ шеңберінде тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің біртұтас нарығын қалыптастыруды ескере отырып,

      нарық субъектілерінің бәсекелестіктіктің жалпы қағидаларын бұзуының жолын кесуді, егер мұндай бұзушылықтар, қаржы нарықтарын қоспағанда, Одаққа мүше екі және одан да көп мемлекет аумағындағы трансшекаралық нарықтағы бәсекелестікке теріс әсер ететін болса немесе әсер етуі мүмкін болса Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі - Комиссия) жүзеге асыратынын назарға ала отырып,

      Одақ туралы шарттың ережелерін негізге ала отырып,

      адал бәсекелестіктің мынадай кағидаларын ұстануға өзінің ниетін растайды:

      1) Одақтың тиісті трансшекаралық тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілері бәсекелестікті болдырмау, шектеу, жою және (немесе) басқа да адамдардың мүдделеріне қысым жасау әрекеттері нәтижесі болып табылатын немесе болуы мүмкін іс-әрекеттерді, оның ішінде мынадай:

      тауардың монополиялық жоғары немесе монополиялық төмен бағасын белгiлеу, ұстап тұру;

      егер алып қою нәтижесi тауар бағасын көтеру болып табылса, тауарды айналыстан алып қою;

      контрагентке ол үшін тиімсіз немесе шарттың нысанасына жатпайтын экономикалық немесе технологиялық негізсіз шарт талаптарын күштеп таңу;

      егер осы тауарға сұраныс болса немесе оның рентабельді өндірісіне мүмкіндік болған кезде оны жеткізуге тапсырыстар орналастырылса, сондай-ақ егер тауар өндірісінің мұндай қысқартылуы немесе мұндай тоқтатылуы Одақ туралы шартта және (немесе) Одаққа мүше мемлекеттердің басқа халықаралық шарттарында тікелей көзделмесе, тауар өндірісін экономикалық немесе технологиялық негізсіз қысқарту немесе тоқтату;

      Одақ туралы шартта және (немесе) Одаққа мүше мемлекеттердің басқа халықаралық шарттарында көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, тиісті тауарды өндіру немесе жеткізу мүмкіндігі болған жағдайда жекелеген сатып алушылармен (тапсырыс берушілермен) шарт жасасудан экономикалық немесе техникалық негізсіз бас тарту не жалтару;

      бір сол тауарға әртүрлі бағаларды (тарифтерді) экономикалық, технологиялық немесе өзге де түрде негізсіз белгілеу, Одақ туралы шартта және (немесе) мүше мемлекеттердің басқа халықаралық шарттарында көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, кемсітушілік жағдайлар жасау;

      басқа нарық субъектілеріне тауар нарығына кіруге немесе тауар нарығынан шығуға кедергілер жасау сияқты әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасамайды.

      2) жосықсыз бәсекелестікке, оның ішінде:

      нарық субъектісіне залал келтіруі не оның іскерлік беделіне нұқсан келтіруі мүмкін жалған, нақты емес немесе бұрмаланған мәліметтер таратуға;

      тауардың сипатына, өндіру тәсілі мен орнына, тұтынушылық қасиеттеріне, сапасы мен санына қатысты немесе оны өндірушілерге қатысты жаңылыстыруға;

      нарық субъектiсiнiң өздері өндіретін немесе өткізетін тауарларын басқа нарық субъектілері өндіретін немесе өткізетін тауарлармен орынсыз салыстыруға жол бермейді.

      3) Одаққа мүше мемлекеттердің бір тауар нарығында жұмыс істейтін, бәсекелес болып табылатын нарық субъектілері арасындағы мыналарға:

      бағаларды (тарифтерді), жеңілдетулерді, үстеме ақыларды (қосымша ақыларды), үстеме бағаларды белгілеуге немесе ұстап тұруға;

      сауда-саттықтарда бағаларды көтеруге, төмендетуге немесе ұстап тұруға;

      тауар нарығын аумақтық қағидат, тауарларды сату немесе сатып алу көлемі, өткізілетін тауарлар ассортименті не сатушылардың немесе сатып алушылардың (тапсырыс берушілердің) құрамы бойынша бөлуге;

      тауарлар өндірісін қысқартуға немесе тоқтатуға;

      белгілі бір сатушылармен не сатып алушылармен (тапсырыс берушілермен) шарттар жасасудан бас тартуға әкеп соғатын немесе әкеп соғуы мүмкін келісімдерге;

      Одақ туралы шартқа № 19 қосымшада белгіленген жол беру өлшемшарттарына сәйкес жол берілетін деп танылатын "сатылас" келісімдерді қоспағанда, егер:

      сатушы сатып алушы үшін тауарды қайта сатудың мейлінше жоғары бағасын белгілейтін жағдайды қоспағанда, мұндай келісімдер тауарды қайта сату бағасын белгілеуге әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін болса;

      мұндай келісімдерде сатып алушының сатушыға бәсекелес болып табылатын нарық субъектісінің тауарын сатпау міндеті көзделсе Одаққа мүше мемлекеттердің нарық субъектілері арасындағы "сатылас" келісімдерге;

      Одаққа мүше мемлекеттердің арасындағы нарық субъектілері бәсекелестiктi шектеуге әкеп соққаны немесе әкеп соғуы мүмкiн болғаны анықталған жағдайда өзге де келісімдерге қатыспайды.

      7. Нарық субъектілері жеке тұлғалардың, коммерциялық ұйымдардың және коммерциялық емес ұйымдардың олардың экономикалық қызметін үйлестіруіне, егер мұндай үйлестіру Одақ туралы шарттың 76-бабында көрсетілген Одақ туралы шартқа № 19 қосымшаға сәйкес белгіленген жол беру өлшемшарттарына сәйкес жол берілетін деп таныла алмайтын салдарға әкеп соғатын немесе әкеп соғуы мүмкiн болса, тыйым салынатынын ескереді.

      8. Нарық субъектісі (субъектілері) Одақ туралы шартқа № 19 қосымшада көзделген келісімдер мен алып қоюларға жол берілетінін назарға алады.

      9. Нарық субъектілері сұратылған, оның ішінде құпия, трансшекаралық нарықтарда бәсекелестіктің жалпы қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты, сұрау салу Одақ туралы шарттың және Комиссияның Жұмыс регламентінің ережелеріне сәйкес келген жағдайда, Комиссияға уақтылы беру бойынша шаралар қабылдайды.

3-тарау. Қорытынды ережелер

      10. Монополияға қарсы комплаенстің сыртқы актісіне мүдделі нарық субъектісі немесе субъектілері қол қояды.

      11. Одақ туралы шарттың және Одақтың нормативтік құқықтық базасын құрайтын өзге де құжаттардың ережелері өзгерген жағдайда, монополияға қарсы комплаенстің сыртқы актісінің оған қайшы келетін ережелері қолданылмайды және олардың күші жойылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады