"Жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған бiлiм беру ұйымдарының түрлері қызметінің үлгiлік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 18 маусымдағы № 229 бұйрығына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің м.а. 2017 жылғы 25 мамырдағы № 248 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 23 маусымда № 15258 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің м.а. 2021 жылғы 29 желтоқсандағы № 614 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Білім және ғылым министрінің м.а. 29.12.2021 № 614 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 44-5) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған бiлiм беру ұйымдарының түрлері қызметінің үлгiлік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 18 маусымдағы № 229 бұйрығына (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2013 жылғы 2 шілдеде № 8544 болып тіркелген, 2013 жылғы 4 қыркүйектегі № 203 (28142) "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған) мынадай өзгеріс пен толықтыру енгізілсін:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған:

      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Балалар үйлері қызметінің үлгілік қағидалары;

      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндіктері шектелген балаларға арналған балалар үйлері қызметінің үлгілік қағидалары;

      3) осы бұйрыққа 3-қосымшаға сәйкес Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттар қызметінің үлгілік қағидалары;

      4) осы бұйрыққа 4-қосымшаға сәйкес Пана үйі қызметінің үлгілік қағидалары;

      5) осы бұйрыққа 5-қосымшаға сәйкес Отбасы үлгісіндегі балалар үйлері қызметінің үлгілік қағидалары;

      6) осы бұйрыққа 6-қосымшаға сәйкес Кәмелетке толмағандардың бейімдеу орталықтарында кәмелетке толмағандарды ұстау қағидалары;

      7) осы бұйрыққа 7-қосымшаға сәйкес Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталықтары қызметінің үлгілік қағидалалары бекітілсін.";

      осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес 7-қосымшамен толықтырылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті (Е.Е. Ерсайынов) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін баспа және электронды түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы бұйрықтың көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында ресми жариялау үшін жіберуді;

      4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Б.А. Асыловаға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
міндетін атқарушы
Б. Асылова

  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2017 жылғы 25 мамырдағы
№ 248 бұйрығына қосымша
  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2013 жылғы 18 маусымдағы
№ 229 бұйрығына қосымша

Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталықтары қызметінің үлгiлік қағидалары

1-тарау. Негізгі ережелер

      1. Осы Қағидалар "Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы" 2008 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің "Білім беру ұйымдары түрлерінің номенклатурасын бекіту туралы" 2013 жылғы 22 ақпандағы № 50 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8390 болып тіркелген) және "Білім беру саласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандартын бекіту туралы" 2015 жылғы 19 қаңтардағы № 17 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10283 болып тіркелген) бұйрықтарына сәйкес әзірленді және Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы (бұдан әрі – Орталық) қызметінің тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) арнаулы әлеуметтік қызметтер – өмірлік қиын жағдайда жүрген адамға (отбасына) туындаған әлеуметтік проблемаларды еңсеру үшін жағдайларды қамтамасыз ететін және оның қоғам өміріне қатысуына басқа азаматтармен тең мүмкіндіктер жасауға бағытталған қызметтер кешені;

      2) баланың заңды өкілдері – ата-ана, бала асырап алушылар, қорғаншы, қамқоршы, патронат тәрбиелеуші, баланы қабылдайтын ата-аналар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес балаға қамқорлық жасауды, білім, тәрбие беруді, оның құқықтары мен мүдделерін қорғауды жүзеге асыратын олардың орнындағы басқа да адамдар;

      3) өмірлік қиын жағдай – адамның тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын, "Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы" 2008 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңында көзделген негіздер бойынша танылған ахуал.

2-тарау. Орталық қызметінің тәртібі

      3. Орталық өмірлік қиын жағдайдағы балаларға әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық қызметтерді көрсетеді.

      4. Арнаулы әлеуметтік қызметтер кешені тұрақты немесе уақытша (күндізгі) тұратын орын ұсына ете отырып, сондай-ақ ақпараттық, консультациялық, делдалдық қызметтерді ұсыну арқылы көрсетіледі.

      5. Мемлекеттік секторда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін Орталықтардың штаттық саны Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 30 қаңтардағы № 77 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарына және педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының тізбесіне сәйкес белгіленеді.

      6. Орталыққа өмірлік қиын жағдайдағы балалардың мынадай санаттары қабылданады:

      1) тұрмысы қолайсыз отбасылардан шыққан балалар;

      2) денсаулығы мен дамуына қауіп төндіретін, қолайсыз отбасылық жағдайға тап болған балалар, қатыгездікпен қараудан зардап шеккен балалар;

      3) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар.

      7. Орталыққа жолдама беруді отбасының (баланың) өмірлік қиын жағдайда жүргенін растайтын мемлекеттің қамқоршылық және қорғаншылық функцияларын жүзеге асыратын органының қорытындысы негізінде облыстың, астананың және республикалық маңызы бар қаланың білім басқармасы жүзеге асырады.

      Өз бетімен және ерікті түрде өтініш білдірген балалар мен олардың заңды өкілдеріне консультациялық көмек білім басқармасының жолдамасынсыз көрсетіледі.

      8. Орталықта саны 15 адамнан аспайтын 3-тен 18 жасқа дейінгі балаларға арналған әртүрлі жастағы беске дейін топтар ұйымдастырылады.

      9. Орталыққа жіберілетін әрбір балаға мемлекеттің қамқоршылық және қорғаншылық функцияларын жүзеге асыратын орган:

      1) білім басқармасының жолдамасын;

      2) мемлекеттің қамқоршылық және қорғаншылық функцияларын жүзеге асыратын органның қорытындысын;

      3) Орталыққа орналастыру туралы ата-ананың (заңды өкілінің) өмірлік қиын жағдайда жүру себептерін көрсете отырып жазған өтінішін;

      4) баланың туу туралы куәлігін (жеке куәлігі) (бар болғанда);

      5) денсаулық жағдайы және екпелер туралы медициналық құжаттарды (бар болғанда);

      6) баланың білімі туралы құжаттарды (бар болғанда);

      7) отбасының тұрғын үй-тұрмыстық жағдайын тексеру актісін (бар болғанда) береді.

      10. Заңды өкілдері болмаған жағдайда бала мен оның ата-анасы (заңды өкілдері) туралы қолда бар мәліметтер көрсетілген мемлекеттің қамқоршылық және қорғаншылық функцияларын жүзеге асыратын органның қорытындысы қоса беріледі.

      11. Осы Қағидалардың 6-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген өмірлік қиын жағдайдағы балалардың болу мерзімі алты айдан артық емес.

      12. Жетім баланың және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланың мәртебесі Орталыққа түскен сәттен бастап алты ай ішінде белгіленген жағдайда баланы Орталыққа тұрақты болуға қабылдау Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 17 мамырдағы № 499 қаулысымен бекітілген Жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған бiлiм беру ұйымдары қызметiнiң үлгілік қағидаларының 12-тармасына сәйкес бекітілген құжаттар тізбесінің негізінде, кейіннен отбасына қабылдағанға дейін жүзеге асырылады.

      13. Тәрбиеленушілердің тұруын ұйымдастыру Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 29 желтоқсандағы № 179 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10275 болып тіркелген) бекітілген "Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады