Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы стационарлық үй-жайлардың, сондай-ақ ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайлардың орналастырылуын айқындау жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрінің 2017 жылғы 9 маусымдағы № 89 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 3 тамызда № 15432 болып тіркелді.

      "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының 11) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің м.а. 03.11.2022 № 489 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы стационарлық үй-жайлардың, сондай-ақ ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайлардың орналастырылуын айқындау жөніндегі нұсқаулық бекітілсін.

      2. Күші жойылды деп танылсын:

      1) "Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы стационарлық үй-жайлардың, сондай-ақ ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шаралар өткізуге арналған үй-жайлардың орналастырылуын айқындау жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі төрағасының міндетін атқарушының 2013 жылғы 23 шілдедегі № 34 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу реестрінде № 8634 тіркелген, 2013 жылғы 23 қазанда № 237 (28176) "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған);

      2) "Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы стационарлық үй-жайлардың, сондай-ақ ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шаралар өткізуге арналған үй-жайлардың орналастырылуын айқындау жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі төрағасының міндетін атқарушының 2013 жылғы 23 шілдедегі № 34 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 5 қарашадағы № 342 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу реестрінде № 12337 тіркелген, 2015 жылғы 14 желтоқсанда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған).

      3. Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күннің ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілердің Эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жолдауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Дін істері және азаматтық қоғам вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Дін істері және азаматтық қоғам
министрі
Н. Ермекбаев

"КЕЛІСІЛДІ"

Қазақстан Республикасының

Денсаулық сақтау министрі

_______________ Е. Біртанов

2017 жылғы 5 шілде

"КЕЛІСІЛДІ"

Қазақстан Республикасының

Ұлттық экономика министрі

____________ Т. Сүлейменов

2017 жылғы 28 маусым

  Қазақстан Республикасы
Дін істері және азаматтық қоғам
министрінің
2017 жылғы 9 маусымдағы
№ 89 бұйрығымен
бекітілген

Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни
мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы стационарлық үй-жайлардың, сондай-ақ
ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шараларды өткізуге
арналған үй-жайлардың орналастырылуын айқындау жөніндегі нұсқаулық
1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы стационарлық үй-жайлардың, сондай-ақ ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайлардың орналастырылуын айқындау жөніндегі осы нұсқаулық (бұдан әрі – Нұсқаулық) діни әдебиеттерді және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды таратуға арналған стационарлық үй-жайларды және ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайларды орналастыру бойынша мәселелерді нақтылайды.

      2. Осы Нұсқаулықта келесі ұғымдар қолданылады:

      1) ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайлар (бұдан әрі – діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайлар) – ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде орналасқан нысаналы мақсатты діни жораларды, діни құлшылықтарды, рәсімдерді өткізу үшін айқындалған күрделі стационарлық ғимарат немесе күрделі стационарлық ғимараттағы жеке үй-жай;

      2) діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды таратуға арналған стационарлық үй-жай (бұдан әрі - стационарлық үй-жай) – сауда жасайтын, қосалқы, әкімшілік-тұрмыстық бөлмелермен қамтамасыз етілген, сондай-ақ діни әдебиеттерді, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды қабылдау, сақтау және сатуға дайындайтын бөлмелері бар күрделі стационарлық ғимарат немесе ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерде орналасқан оның бір бөлігі.

      3. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi атқарушы органдары "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 5-бабының 7) тармақшасына сәйкес діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы стационарлық үй-жайлардың орналастырылуын бекітеді, сондай-ақ ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шаралар өткізу туралы діни бірлестіктер берген хабарламаларды қарайды.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің м.а. 03.11.2022 № 489 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Стационарлық үй-жайлардың және діни іс-шараларды өткізуге арналған
үй-жайлардың орналастырылуын айқындау

      4. Стационарлық үй-жайлар және діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайлар бөлек орналасқан ғимараттардың ішінде немесе жеке ғимараттарда орналасады.

      5. Заңның 7-бабының 3-тармағына сәйкес стационарлық үй-жайларды және діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайларды:

      1) Заңның 7-бабының 2 және 4-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың;

      2) Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, сот және құқық қорғау органдарының, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен, жеке тұлғалардың өмірі мен денсаулығын қорғаумен байланысты басқа да қызметтердің;

      3) діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, білім беру ұйымдарының аумағында және ғимараттарында орналастыруға жол берілмейді.

      6. Стационарлық үй-жайлар осы Нұсқаулықтың 5-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген аумақтар мен ғимараттардан (оларға іргелес аумақтар болмаған жағдайда) 300 метрден кем емес қашықтықта орналастырылады.

      7. Діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жай темір жол және автовокзалдарды, әуежайлар мен порттарды қоспағанда, осы Нұсқаулықтың 5-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген аумақтар мен ғимараттардан (оларға іргелес аумақтар болмаған жағдайда) 300 метрден кем емес қашықтықта орналастырылады.

      8. Діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жай үй-жайларда (ғимараттарда) орналастырылады және мынадай талаптарға сәйкес:

      1) жалпы ауданы 20 шаршы метрден бастап 100 шаршы метрге дейін;

      2) дәрет алу үшін қажетті санитарлық тораппен қамтамасыз етілуі;

      3) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес санитариялық-эпидемиологиялық саладағы нормативтік құқықтық актілерге сай келуі;

      4) күзетті басқару пультына тікелей шығатын, діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайды толық қамтитын бейнекамералармен жабдықталуы керек.

      9. Стационарлық үй-жайлардың және діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайлардың орналастырылуы оларға жақын тұрған (көрші орналасқан үй-жайлардағы, ғимараттардағы) тұлғалардың құқықтары мен мүдделері сақталған жағдайда жол беріледі, сондай-ақ үй-жайлар орналасқан ғимараттардың жұмыс істеуіне кедергі келтірмейді.

      10. Стационарлық үй-жайлардың орналастырылуын бекіту және ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шаралар өткізу туралы хабарламаларды қарау кезінде:

      1) өтініш берушінің "Діни қызмет саласындағы мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2020 жылғы 31 наурыздағы № 97 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20256 тіркелген) бекітілген "Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы стационарлық үй-жайлардың орналасатын жерін бекіту туралы шешім беру" Діни қызмет саласындағы мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына және Заңның 7-1-бабына сәйкес ұсынған құжаттары;

      2) үй-жайлар орналасқан облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумақтық-географиялық ерекшеліктері;

      3) үй-жайлар орналасқан облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың діни ахуалы;

      4) осы Нұсқаулықтың 5, 6 және 7-тармақтарын ескере отырып, стационарлық үй-жайлар мен діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайлардың орналасқан жері зерделенеді.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің м.а. 03.11.2022 № 489 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      11. Стационарлық үй-жайлар мен діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайлардың тізімі жергілікті атқарушы органдардың интернет-ресурстарында орналастырылады.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 22.09.2020 № 322 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады