"Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму минисрлігінің Көлік комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің қарамағындағы ұйымдардың қызметкерлерінің мамандығы бойынша жұмыс өтілін есептеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 30 маусымдағы № 407 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 16 тамызда № 15488 болып тіркелді.

      "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысының 4-тармағының 3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған "Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Көлiк комитетi" республикалық мемлекеттік мекемесінің қарамағындағы ұйымдардың қызметкерлерiнiң мамандығы бойынша жұмыс өтiлiн есептеу қағидалары бекітілсін.

      2. "Мемлекеттiк қызметшi емес су жолдары ұйымдарының және Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникация министрлiгiнiң "Қазақстан кеме қатынасының тiркелiмi" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны қызметкерлерiнiң мамандықтары бойынша жұмыс өтiлiн есептеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрінің 2013 жылғы 23 қазандағы № 827 бұйрығының (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8938 болып тіркелген, "Казахстанская правда" газетінде 2014 жылғы 8 сәуірде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз тасығыштағы және электрондық нысандағы көшірмелерін Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберуді;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      5) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларына сәйкес іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму
министрі
Ж. Қасымбек

      "КЕЛІСІЛДІ":

      Қазақстан Республикасының

      Еңбек және халықты

      әлеуметтік қорғау министрі

      _______________ Т. Дүйсенова

      2017 жылғы 13 шілде

  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің
2017 жылғы 30 маусымдағы
№ 407 бұйрығымен
бекітілген

"Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Көлiк комитетi" республикалық мемлекеттік мекемесінің қарамағындағы ұйымдардың қызметкерлерiнiң мамандығы бойынша жұмыс өтiлiн есептеу қағидалары

      1. Осы "Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Көлiк комитетi" республикалық мемлекеттік мекемесінің қарамағындағы ұйымдардың қызметкерлерінің мамандығы бойынша жұмыс өтiлiн есептеу қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) "Азаматтық қызметшiлерге, мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлерiне, қазыналық кәсiпорындардың қызметкерлерiне еңбекақы төлеу жүйесi туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысының 4-тармағының 3) тармақшасына сәйкес әзiрленген.

      Қағидалар "Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Көлiк комитетi" республикалық мемлекеттік мекемесінің қарамағындағы ұйымдардың қызметкерлерінің мамандығы бойынша жұмыс өтiлiн (бұдан әрi – жұмыс өтiлi) есептеу тәртiбiн және шарттарын айқындайды.

      2. Мамандық бойынша жұмыс өтiлiне ішкі су көлігінің мемлекеттік кәсіпорындарының және ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, басқа ұйымдарда сол мамандықпен iстеген барлық жұмыс уақыты кiредi, сондай-ақ:

      1) сол мамандық бойынша мемлекеттiк қызметте болу;

      2) терiс себептермен қызметтен шығарылған адамдардан басқа, Қарулы Күштерде, iшкi, шекара әскерлерiнде, Қазақстан Республикасы мен бұрынғы КСР Одағының азаматтық қорғаныс басқармалары органдары мен бөлiмшелерiнде, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi мен КСРО Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетi органдары жүйесiнде, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметiнде және Қазақстан Республикасының Республикалық ұланында офицерлiк құрамдағы адамдардың, прапорщиктердiң, мичмандардың, мерзiмнен тыс және мерзiмдiк әскери қызметтегi әскери қызметшiлердiң мiндеттi әскери қызметiн өткерген;

      3) терiс себептермен қызметтен шығарылған адамдардан басқа, арнаулы мемлекеттiк органдарында қызмет өткерген;

      4) теріс себептермен қызметтен шығарылған адамдардан басқа, прокуратура, ішкі істер, қаржы полициясы (салық полициясы (милиция), мемлекеттік өртке қарсы қызмет, қылмыстық-атқару жүйесі, оның ішінде бұрынғы КСРО-ның және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің, бұрынғы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тергеу комитетінің органдарындағы офицерлер, басшы және қатардағы жауынгерлер құрамының лауазымдарындағы, Қазақстан Республикасы мен бұрынғы КСР Одағындағы сот аппаратында жұмыс iстеген;

      5) еңбек сiңiрген жылдары үшiн үстемеақы алатын құқық беретiн лауазымдардағы жұмысы, сот органдарындағы, Қазақстан Республикасы мен бұрынғы КСР Одағының соттарында, прокуратура органдарында, iшкi iстер органдарында, КСРО-ның мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетi органдарында, Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiк органдары мен бұрынғы Мемлекеттiк тергеу комитетiнде жұмыс iстеген;

      6) КСРО Мемлекеттік банкі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң жүйесінде сол мамандықтар бойынша жұмыс істеген;

      7) жүкті болу және бала тууға байланысты демалыс, сондай-ақ баланы күту жөнiндегi жалақысы сақталмайтын, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес берiлетiн демалыс уақыты;

      8) егер шетелге жiберер алдында қызметкер мемлекеттiк кәсiпорында жұмыс iстеген болса және көшу уақытын қоспағанда, шетелден қайтып келген күнiнен бастап екi айдың iшiнде мемлекеттiк кәсiпорынға қызметке тұрса, сол мамандық бойынша шетелде жұмыс iстеген;

      9) егер қызметкер курсқа түскенге дейiн мемлекеттiк кәсiпорында жұмыс iстесе және бiтiрген соң кәсiпорынға қайта оралса, оның кадрларды даярлау, қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру курстарында мемлекеттiк кәсiпорындар жолдамасымен жұмыстан қол үзiп оқыған;

      10) мамандық салалары бойынша ұйымдардағы ғылыми жұмыс;

      11) заңсыз жұмыстан шығару және кейiн жұмысқа қайта орналасудағы мәжбүрлi жұмыста болмау;

      12) Қазақстан Республикасының Парламенті депутатының, мәслихат депутатының өкiлеттiктерiн жүзеге асыру;

      13) оның еңбек қызметi өткен қызмет саласы мен ұйымдастыру құқықтық-нысанына қарамастан мемлекеттiк мекемелер, кәсiпорындардағы және басқа да ұйымдардағы басшылық лауазымындағы жұмысы.

      3. Осы Қағидаларға сәйкес есептелетiн мамандық бойынша жұмыс өтiлi күнтiзбелiк есептеуде ескерiледi.

      4. Күнтiзбелiк ай iшiнде лауазымдық жалақысын көбейту құқығы туындаған қызметкерлерге, жұмыс өтiлiн ескере отырып, лауазымдық жалақысын есептеу осындай құқық туындаған күннен бастап жүзеге асырылады.

      5. Мамандық бойынша жұмыс өтiлiн құрамын ұйым басшысы бекiтетiн комиссия анықтайды.

      Мамандық бойынша жұмыс өтiлiн белгiлеу жөнiндегi комиссияның шешiмi хаттамамен ресiмделедi. Шешiмнен көшiрмелер екi данада жасалады және бiр данасы кадр қызметiне немесе кадр мәселелерi бойынша жауапты қызметкерге, екiншiсi - бухгалтерияға берiледi.

      6. Мына құжаттардың кез келгенi:

      1) еңбек кiтапшасы;

      2) тоқтату күнi мен оны тоқтатудың негiзi туралы жұмыс берушiнiң белгiсi бар еңбек шарты;

      3) еңбек шартының жасалуы және тоқтатылуы негiзiнде еңбек қатынастарының туындауын және тоқтатылуын растайтын жұмыс берушi актiлерiнен үзiндi көшiрмелер;

      4) қызметкерлерге жалақы төлеу ведомосынан үзiндi көшiрмелер;

      5) жұмыс берушiнiң қолы қойылған, ұйымның мөрiмен расталған не нотариат растаған қызмет ету тiзiмi (қызметкердiң жұмысы, еңбек қызметi туралы мәлiметтер тiзбесi);

      6) аударылған мiндеттi зейнетақы жарналары туралы бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан үзiндi-көшiрмелер;

      7) жүргізілген әлеуметтік аударымдар туралы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан мәліметтер;

      8) қызметкердiң еңбек қызметi туралы мәлiметтер қамтылған мұрағаттық анықтама қызметкердiң еңбек қызметiн растайтын құжат болып табылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады