"Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" 2006 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 6-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды биосфералық резерваттарға жатқызу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесін ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберілуін;
4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы |
Қ. Айтуғанов |
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2017 жылғы 10 тамыздағы № 329 бұйрығымен бекітілген |
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды биосфералық резерваттарға жатқызу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды биосфералық резерваттарға жатқызу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңының 8-бабының 6-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды биосфералық резерваттарға жатқызу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) биосфералық резерват – Дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне енгізілген мемлекеттік табиғи қорық, мемлекеттік ұлттық табиғи парк немесе мемлекеттік табиғи резерват және олардың қорғау аймақтары;
2) ИСЕСКО – Білім, ғылым және мәдениет мәселелері бойынша Ислам ұйымы (бұдан әрі – ИСЕСКО);
3) ЮНЕСКО – Білім, ғылым және мәдениет мәселелері бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымы (бұдан әрі – ЮНЕСКО).
3. Биосфералық резерваттар:
1) мәдени және табиғи мұраға бай табиғи аумақтарды сақтау, қалпына келтіру және пайдалану;
2) табиғи ресурстардың сақталуы мен қалпына келтірілуі ескеріле отырып, аумақтардың ұзақ мерзімді, орнықты экономикалық және әлеуметтік дамуын, оның ішінде олардың рекреациялық мақсатта пайдаланылуын қолдау;
3) ұзақ мерзімді экологиялық бақылау, мониторинг пен экологиялық зерттеулер, сондай-ақ халықты экологиялық тұрғыдан ағарту мен тәрбиелеу мақсатында құрылады.
2-тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды биосфералық резерваттарға жатқызу тәртібі
4. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды биосфералық резерваттарға жатқызу үшін номинациялық дерекнама әзірленеді.
5. Номинациялық дерекнама:
1) зерттеліп отырған аумақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың жай-күйін бағалауды;
2) зерттеліп отырған аумақтағы экологиялық жүйелердің және мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің жай-күйін;
3) олардың шекарасын, алаңын, сондай-ақ жұмыс істеу аймақтарын, оларды қорғау және пайдалану режимдерін;
4) жобаланып отырған биосфералық резерватты басқару бойынша ұсыныстарды қамтиды.
6. Номинациялық дерекнаманы әзірлеу кезінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды биосфералық резерваттарға жатқызудың мынадай критерийлері ескеріледі:
1) аумақ адамның түрлі дәрежеде араласуын қоса алғанда, негізгі биогеографиялық өңірлерді білдіретін экологиялық жүйелер мозаикасын қамтиды;
2) аумақ экологиялық тепе-теңдікті сақтауға және ерекше қорғалатын табиғи аумақтың тиімді дамуы мен жұмыс істеуіне ықпал ететін қоршаған ортаның негізгі құрамдас бөліктеріне ие;
3) аумақ өңірлік деңгейде орнықты даму тәсілдемелерін негіздеуге және көрсетуге мүмкіндік береді.
7. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті органның ведомствосы Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының өтінімі бойынша номинациялық дерекнаманы әзірлеу үшін бастапқы материалдарды (табиғат қорғау ұйымын басқару жоспары, фото және бейне материалдар, табиғат қорғау ұйымының жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелері) жинауын қамтамасыз етеді және оларды "Адам және биосфера" Бағдарламасының Ұлттық комитетіне жібереді.
8. "Адам және биосфера" Бағдарламасының Ұлттық комитеті номинациялық дерекнаманы әзірлейді және ЮНЕСКО бекіткен нысан бойынша ағылшын тілінде номинациалық өтінім жасайды.
9. Номинациялық өтінімді номинациалық дерекнамамен, табиғат қорғау ұйымын басқару жоспарымен, аумақты таныстыратын фото және бейне материалдармен бірге "Адам және биосфера" Бағдарламасының Ұлттық комитеті ЮНЕСКО-ға жіберу үшін Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясына береді.
10. Ерекше қорғалатын табиғи аумақты биосфералық резерватқа жатқызуға Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының ЮНЕСКО Халықаралық кеңесінің Ерекше қорғалатын табиғи аумақты биосфералық резерваттардың халықаралық желісіне қосу туралы сертификатын алуы негіз болып табылады.