Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі орталық аппаратының әскери қызметшілеріне қызметтік куәлік беру қағидаларын және оның сипаттамасын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 16 тамыздағы № 460 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 27 қыркүйекте № 15769 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабы 2-тармағының 26-7) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі орталық аппаратының әскери қызметшілеріне қызметтік куәлік беру қағидалары және оның сипаттамасы бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Кадрлар департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықтың көшірмесін мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде қағаз және электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және оған енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды;

      5) белгіленген тәртіппен қызметтік куәліктердің бланкілерін дайындауды және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің орталық аппаратында әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерге беруді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Т.С. Мұхтаровқа жүктелсін.

      4. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрі
генерал-полковник
С. Жасұзақов

  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрінің
2017 жылғы 16 тамыздағы
№ 460 бұйрығымен бекітілген

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі орталық аппаратының әскери қызметшілеріне қызметтік куәлік беру қағидалары және оның сипаттамасы

      Ескерту. Қағидалары және сипаттамасы жаңа редакцияда – ҚР Қорғаныс министрінің 29.12.2020 № 755 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі орталық аппаратының әскери қызметшілеріне қызметтік куәлік беру қағидалары және оның сипаттамасы (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі (бұдан әрі – Қорғаныс министрлігі) орталық аппаратының әскери қызметшілеріне қызметтік куәлікті беру тәртібін және оның сипаттамасын айқындайды.

      2. Қызметтік куәлік қатаң есептілік құжаты болып табылады, онда электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ), рұқсат етуді есепке алуды бақылау жүйесімен (бұдан әрі – РЕБЖ) Қорғаныс министрлігіне кіруге рұқсаттама бар электрондық чип орнатылған белгіленген үлгідегі бланк және сериялық нөмір болады.

2-тарау. Қызметтік куәлікті беру тәртібі

      3. Қызметтік куәлік Қорғаныс министрлігінің орталық аппаратында әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерге беріледі.

      4. Қызметтік куәліктерді беру және есепке алу мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімшесімен (бұдан әрі – МҚҚБ) және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің орталық аппаратына кіруге рұқсатты жүзеге асыруға жауапты әскери полиция органымен келісу бойынша Қорғаныс министрлігінің кадр органы (бұдан әрі – кадр органы) жүргізеді. Барлық қызметтік куәліктер тиісті электрондық дерекқорда белгіленеді.

      5. Қызметтік куәлікті ресімдеу үшін әскери қызметшілер кадр органына МҚҚБ-мен келісілген куәлікті алуға өтінімді бас киімсіз күнделікті кительде көлемі 30х40 миллиметр (бұдан әрі – мм) түрлі-түсті фотосуретті (тура қарағанда) қоса берумен ұсынады.

      6. Қызметтік куәлікті беру әскери қызметші Қорғаныс министрлігінің орталық аппаратына лауазымға тағайындалған кезде лауазымға тағайындалу туралы бұйрық негізінде жүргізіледі. Қызметтік куәлікті басқа адамдарға беруге рұқсат етілмейді.

      7. Қызмет бабында ауысқан, кезекті әскери атақ берілген, тегі, аты, әкесінің аты (бар болған кезде) өзгерген, әскери қызметтен шығарылған кезде және жарамдылық мерзімі аяқталуы бойынша бұрын берілген қызметтік куәлік оны есептен шығару және жою үшін 3 (үш) жұмыс күні ішінде кадр органына тапсырылады.

      8. Әскери қызметшіні Қорғаныс министрлігінен басқа басқару органдарына (әскери бөлімдерге) ауыстырған немесе әскери қызметтен шығарған кезде қызметтік куәлік алынады. Қызметтік куәлікті алудан бұрын МҚҚБ электрондық чиптен әскери қызметшінің дербес деректері мен ЭЦҚ-сін жояды, ал әскери полиция органы Қорғаныс министрлігіне кіруге рұқсаттаманың РЕБЖ-ін бұғаттайды.

      9. Қызметтік куәлікті жоғалтқан немесе бүлдірген жағдайда лауазымды адам осы факті туралы құрылымдық бөлімшенің басшысына дереу баяндайды, ал қызмет орнына келгеннен кейін ЭЦҚ-ны қайтарып алу және қызметтік куәлікті жоғалтқаны (бүлдіргені) жөнінде жазбаша нысанда тиісті баянатты ресімдейді.

      10. Қызметтік куәлікті жоғалтудың, бүлдірудің, басқа адамдарға берудің, оны қызметтен тыс мақсатта пайдаланудың әрбір фактісі бойынша орталық аппараттың тиісті бөлімшесінің басшысы кінәлі адамды тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы мәселені шешумен Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 5 шілдедегі № 364 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының тәртіптік жарғысына сәйкес қызметтік тергеп-тексеру жүргізеді. Тергеп-тексеру нәтижелері ол аяқталған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде кадр органына хабарланады.

3-тарау. Қызметтік куәліктің сипаттамасы

      11. Қызметтік куәлік Қорғаныс министрлігіне кіруге рұқсаттамаға РЕБЖ және электрондық цифрлық қолтаңба орналастырылған дөңгелектенген радиусы 3,1 мм (ISO-7810) болатын көлемі 85,6×53,9 мм пластикалық карта түрінде болып келеді.

      12. Қорғаныс министрлігі орталық аппаратының әскери қызметшілері қызметтік куәлігінің үлгісі осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес белгіленген.

      Бет жағында жоғарғы бөлігінің сол жағында қара түспен басылып жазылған "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ" және оң жағында "МИНИСТЕРСТВО ОБОРОНЫ РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН" деген жазу және оның астында қызыл түспен басылып жазылған "КУӘЛІК" және "УДОСТОВЕРЕНИЕ" деген жазу орналасқан.

      Жазудың ортасынан төмен куәліктің нөмірі орналасқан.

      Сол жақ бөлігінде фото орналастырылады. Фотоның оң жағында тегі, аты және әкесінің аты (бар болған кезде), жеке нөмірі (бар болған кезде), жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) көрсетіледі.

      Сыртқы жағында туған күні, айы, жылы, туған жері, ұлты, куәліктің жарамдылық мерзімі көрсетіледі.

  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрлігі орталық
аппаратының әскери
қызметшілеріне қызметтік
куәлік беру қағидаларына және
оның сипаттамасына қосымша

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің орталық аппараты әскери қызметшілері қызметтік куәлігінің үлгісі





Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады