2006 жылғы үлгідегі және 2017 жылғы үлгідегі номиналы 500 теңгелік банкноттардың қатар айналыста болу кезеңін белгілеу туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 2 қарашадағы № 207 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 18 қарашадағы № 15998 болып тіркелді.

      РҚАО-ның ескертпесі!
Осы қаулы 22.11.2017 ж. бастап қолданысқа енгізіледі

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес және ұлттық валюта ақша белгілерінің дизайны (нысаны) өзгерген кезде оларды айналыстан алу жөнінде оңтайлы жұмысқа қол жеткізу мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы қаулы етеді:

      1. 2006 жылғы үлгідегі (бұдан әрі – ескі үлгідегі ақша белгісі) және 2017 жылғы үлгідегі (бұдан әрі – жаңа үлгідегі ақша белгісі) номиналы 500 теңгелік банкноттардың қатар айналыста болу кезеңі 2017 жылғы 22 қараша – 2020 жылғы 10 маусым аралығы болып белгіленсін.

      2. Ескі және жаңа үлгілердегі ақша белгілерінің қатар айналыста болу кезеңінде:

      1) екінші деңгейдегі банктер және Ұлттық пошта операторы:

      ескі және жаңа үлгілердегі ақша белгілерін жеке және заңды тұлғаларға өз кассаларынан, сондай-ақ банкоматтар арқылы беруді жүзеге асырады;

      операциялық кассаға келіп түсетін ескі және жаңа үлгідегі ақша белгілерін Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19680 болып тіркелген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 29 қарашадағы № 231 қаулысымен бекітілген Екінші деңгейдегі банктерде, Ұлттық пошта операторында және банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау айрықша қызметі болып табылатын заңды тұлғаларда кассалық операцияларды және банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау жөніндегі операцияларды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің филиалдарына (бұдан әрі – Ұлттық Банк) тапсырады;

      2) Ұлттық Банктің филиалдары:

      ескі және жаңа үлгілердегі ақша белгілерін жеке және заңды тұлғаларға айналым кассаларынан беруді және қабылдауды жүзеге асырады;

      заңды тұлғалардан ескі және жаңа үлгілердегі ақша белгілерін "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде жеке және заңды тұлғалармен кассалық операциялар жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi Басқармасының 2014 жылғы 24 желтоқсандағы № 247 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10204 болып тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде жеке және заңды тұлғалармен кассалық операциялар жүргізу қағидаларына сәйкес кейіннен екінші деңгейдегі банктердің және заңды тұлғалардың тиісті шоттарына қолма-қол емес баламасын аудара отырып шектеусіз қабылдайды.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 17.08.2020 № 97 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Қолма-қол ақшамен жұмыс жүргізу басқармасы (Әбішева Т.Т.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және оған енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 4-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Д.Т. Ғалиеваға жүктелсін.

      6. Осы қаулы 2017 жылғы 22 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Д. Ақышев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады