"Денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі № 284 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 27 қарашадағы № 882 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 13 желтоқсанда № 16087 болып тіркелді. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2020 жылғы 15 қазандағы № ҚР ДСМ - 133/2020 бұйрығымен.

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. 15.10.2020 № ҚР ДСМ - 133/2020 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 7-бабы 1-тармағының 86) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі № 284 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11231 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 19 маусымда жарияланған) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативі осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Инвестициялық саясат департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қағаз және электрондық түрдегі қазақ және орыс тілдеріндегі көшірмесін ресми жариялау және Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне қосу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберуді;

      4) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      5) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі А. В. Цойға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрі
Е. Біртанов

  Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрінің
2017 жылғы 27 қарашадағы
№ 882 бұйрығына қосымша
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрінің
2015 жылғы 28 сәуірдегі
№ 284 бұйрығымен бекітілген

Денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативі

      1. Аудандық деңгейде:

      1) амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдары және (немесе) олардың құрылымдық бөлімшелері:

      халықтың орташа жылдық саны 50 (елу) бастап 800 (сегіз жүз) адамға дейін болатын әрбір елді мекенде (ауылдық округте) құрылатын медициналық пункт*;

      халық саны 800-ден (сегіз жүз) бастап 1500 (бір мың бес жүз) адамға дейін болатын әрбір елді мекенде (ауылдық округте) құрылатын фельдшерлік-акушериялық пункт;

      бекітілген халық саны 1500 (бір мың бес жүз) бастап және 10000 (он мың) адамға дейін болатын елді мекенде (ауылдық округте) құрылатын дәрігерлік амбулатория;

      бекітілген халық саны 10000 (он мың) адамнан бастап 30000 (отыз мың) адамға дейін болатын елді мекенде (ауылдық округте) құрылатын алғашқы медициналық-санитариялық көмек орталығы;

      аудандық аурухана немесе ауданаралық аурухана құрамында аудандық орталықта құрылатын аудандық емхана;

      халық саны 30000 (отыз мың) адам және одан жоғары ауылдық елді мекендері бар аудандық аурухана жанынан құрылатын нөмірлік аудандық емхана;

      2) стационарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдары және (немесе) олардың құрылымдық бөлімшелері:

      аудан орталығында және аудандық маңызы бар қалаларда құрылатын аудандық аурухана**;

      халық саны 30000 (отыз мың) және одан жоғары ауылдық елді мекендері бар ауданда құрылатын нөмірлік аудандық аурухана;

      қызмет көрсетілетін халықтың саны 50000 (елу мың) және одан жоғары бірнеше жақын орналасқан аудандардың халқына қызмет көрсету үшін жұмыс істеп тұрған аудандық ауруханада құрылатын көп бейінді ауданаралық аурухана**;

      оңалту орталықтары, паллиативтік көмек, мейіргерлік күтім аудандық немесе ауданаралық аурухананың құрылымдық бөлімшесі (төсек) түрінде құрылады;

      3) патологиялық анатомия (цитопатология) саласында қызметті жүзеге асыратын ұйымдар аудандарда орталықтандырылған патологиялық- анатомиялық бөлімше ретінде аудандық немесе ауданаралық ауруханада құрылады;

      4) жедел медициналық көмек облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының құрылымдық бөлімшесі нысанында құрылады;

      5) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын республикалық денсаулық сақтау ұйымдары:

      аудандық деңгейде құрылатын ұлттық сараптама орталығының құрылымдық бөлімшелері;

      инфекциялық аурулардың табиғи ошақтарында құрылатын обаға қарсы мекемелердің бөлімшелері.

      2. Қалалық деңгейде:

      1) амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдары және (немесе) олардың құрылымдық бөлімшелері:

      бекітілген халық саны 1500-ден (бір мың бес жүз) бастап 10000 (он мың) адамға дейін болатын аумақтық қызмет көрсету аймағының шегінде қалаларда құрылатын дәрігерлік амбулатория;

      бекітілген халық саны 10000-нан (он мың) бастап 30000 (отыз мың) адамға дейін болатын аумақтық қызмет көрсету аймағының шегінде қалаларда құрылатын алғашқы медициналық-санитариялық көмек орталығы;

      бекітілген халық саны 30000 (отыз мың) адамнан асатын аумақтық қызмет көрсету аймағының шегінде қалаларда құрылатын қалалық емхана (бұдан әрі – ҚЕ), бірақ кемінде бір ҚЕ;

      алғашқы психикалық денсаулық орталығы бекітілген халық саны 60000 (алпыс мың) адам және одан жоғары, оның ішінде бір немесе бірнеше жақын орналасқан амбулаториялық-емханалық ұйымдардың халқына қызмет көрсету үшін ҚЕ құрамында құрылады;

      республикалық маңызы бар қалада және астанада құрылатын стоматологиялық емхана;

      республикалық маңызы бар қалада және астанада көп бейінді аурухананың құрылымдық бөлімшесі ретінде консультациялық - диагностикалық орталық;

      2) стационарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдары және (немесе) олардың құрылымдық бөлімшелері:

      халқының саны 100000 (жүз мың) адамнан аспайтын қалаларда құрылатын қалалық аурухана;

      қызмет көрсетілетін халықтың саны 100000 (жүз мың) адамнан асатын жақын орналасқан аудандардың халқына қызмет көрсету үшін республикалық маңызы бар қалада, астанада және қалаларда құрылатын көп бейінді қалалық аурухана;

      халықтың саны 300000 (үш жүз мың) мың адамнан асатын қалаларда, республикалық маңызы бар қалада және астанада құрылатын көп бейінді қалалық балалар ауруханасы;

      республикалық маңызы бар қалада және астанада құрылатын психикалық денсаулық орталығы;

      республикалық маңызы бар қалада және астанада құрылатын туберкулезге қарсы диспансер;

      көп бейінді ауруханалардың құрылымдық бөлімшесі ретінде перинаталдық (босандыру бөлімшесі), онкологиялық, инфекциялық, тері-венерологиялық, травматогиялық, инсульттік, ревматологиялық, офтальмалогиялық, кардиологиялық және кардиохирургиялық орталықтар құрылады;

      3) республикалық маңызы бар қалада және астанада құрылатын жедел медициналық жәрдем станциясы. Республикалық маңызы бар қала мен астанадан басқа қалаларда облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының құрылымдық бөлімшесі ретінде құрылады;

      4) көп бейінді аурухана жанынан ұйымдастырылатын қалпына келтіріп емдеу және медициналық оңалту ұйымдары - санаторий, мамандандырылған санаторий, профилакторий, оңалту орталығы немесе оңалту бөлімшесі (төсектері);

      5) көп бейінді аурухана, туберкулезге қарсы диспансер жанынан ұйымдастырылатын паллиативтік көмек және мейіргерлік күтім көрсететін ұйымдар – хоспис, мейіргерлік күтім ауруханасы немесе бөлімшесі, төсектері;

      6) қан қызметі саласында қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары қала халқының саны 300000 (үш жүз мың) адамнан асатын қалаларда, республикалық маңызы бар қалада және астанада құрылады, оларда қан қызметі саласында қызметті жүзеге асыратын республикалық денсаулық сақтау ұйымдары болмаған кезде;

      7) республикалық маңызы бар қалада және астанада, сондай-ақ халық саны 300000 (үш жүз мың) адамнан асатын қалаларда құрылатын патологиялық анатомия (цитопатология) саласында қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары. Халық саны 300000 (үш жүз мың) адамнан асатын қалаларда қалалық немесе ауданаралық ауруханалар құрылымында орталықтандырылған патологиялық-анатомиялық бөлімше ретінде құрылады;

      8) республикалық маңызы бар қалада және астанада құрылатын АИТВ/ЖИТС-тің профилактикасы саласында қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары;

      9) республикалық маңызы бар қалада және астанада құрылатын жетім балаларға, туылғаннан бастап үш жылға дейін ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға, туғаннан бастап төрт жылға дейін психикалық және физикалық дамуында ауытқулары бар балаларға арналған, баладан бас тарту қаупі бар отбасылармен психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу жүргізетін денсаулық сақтау ұйымдары;

      10) қалаларда, республикалық маңызы бар қалада және астанада құрылатын денсаулық сақтау саласындағы техникалық, кәсіптік және орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары;

      11) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын республикалық денсаулық сақтау ұйымдары:

      астанада, республикалық маңызы бар қалада құрылымдық бөлімшелерімен астанада құрылатын ұлттық сараптама орталығы;

      республикалық маңызы бар қалада құрылатын ғылыми ұйымдар;

      инфекциялық аурулардың табиғи ошақтарында құрылатын обаға қарсы мекемелер;

      12) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық деңгейде астанада құрылатын денсаулық сақтау саласындағы ұлттық холдинг.

      3. Облыстық деңгейде:

      1) амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдары және (немесе) олардың құрылымдық бөлімшелері:

      стоматологиялық емхана;

      көп бейінді облыстық аурухананың құрылымдық бөлімшесі ретінде консультациялық - диагностикалық орталық;

      2) стационарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдары және (немесе) олардың құрылымдық бөлімшелері:

      облыс орталығында құрылатын көп бейінді облыстық аурухана;

      облыс орталығында құрылатын көп бейінді облыстық балалар ауруханасы;

      облыс орталығында құрылатын облыстық психикалық денсаулық орталығы;

      облыс орталығында құрылатын облыстық туберкулезге қарсы диспансер;

      перинаталдық (босандыру бөлімшесі), онкологиялық, инфекциялық, тері-венерологиялық, травматогиялық, инсульттік, ревматологиялық, офтальмалогиялық, кардиологиялық және кардиохирургиялық орталықтар көп бейінді ауруханалардың құрылымдық бөлімшесі ретінде құрылады;

      3) санитариялық авиация бөлімшесін қоса алғандағы облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы;

      4) көп бейінді аурухананың жанынан құрылатын қалпына келтіріп емдеу және медициналық оңалту ұйымдары-санаторий, мамандандырылған санаторий, профилакторий, оңалту орталығы немесе оңалту бөлімшесі (төсектері);

      5) көп бейінді аурухана, туберкулезге қарсы диспансер жанынан ұйымдастырылатын паллиативтік көмек және мейіргерлік күтім көрсететін ұйымдар – хоспис, мейіргерлік күтім ауруханасы немесе бөлімшесі, төсектері;

      6) қан қызметі саласында жұмысты жүзеге асыратын ұйымдар;

      7) патологиялық анатомия (цитопатология) қызметін жүзеге асыратын ұйымдар;

      8) АИТВ/ЖИТС-тің профилактикасы саласында қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары;

      9) жетім балаларға, туғаннан бастап үш жылға дейін ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға, туғаннан бастап төрт жылға дейін психикалық және физикалық дамуында ауытқулары бар балаларға арналған, баладан бас тарту қаупі бар отбасылармен психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу жүргізетін облыстық деңгейде құрылатын денсаулық сақтау ұйымдары;

      10) қалаларда, республикалық маңызы бар қалада және астанада құрылатын денсаулық сақтау саласындағы техникалық, кәсіптік және орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары.

      Ескерту:

      * "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – кодекс) 9-бабы 2-тармағының 7) тармақшасына сәйкес 5 километрден асатын радиуста медициналық ұйым болмаған жағдайда халық саны 50-ден (елу) аз елді мекенде медициналық пункт құрылады;

      ** кодекстің 9-бабы 2-тармағының 7) тармақшасына сәйкес халқының саны кемінде 5000 (бес мың) адам шалғай ауылдық елді мекендерде аудандық аурухана немесе ауданаралық аурухана бөлімшелері құрылады.

      Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің, сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің шеңберінде медициналық көмекті көрсететін денсаулық сақтау субъектілеріне қолданылады және "Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабына сәйкес "Денсаулық сақтаудың көрсетілетін қызметтерінің халыққа қолжетімді болуын қамтамасыз ету" ең төмен әлеуметтік стандартын қамтамасыз етеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады