Күші жойылды - Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 30.07.2010 № 208 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен
"Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер және оларды әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 сәуірдегі Заңы 12-бабының 5-тармағына сәйкес Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Осы қаулыға қоса берілген Азаматтардың жекелеген санаттарына жеке тұрғын үй салу үшін сүректі түбірімен босату тәртібі айқындалсын.
2. Осы қаулының орындалуын бақылау "Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесіне, "Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесіне жүктелсін.
3. Осы қаулы алғаш ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Солтүстік Қазақстан облысының | |
әкімі | Қ. Ақсақалов |
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2017 жылғы 22 қыркүйек № 381 қаулысына қосымша |
Азаматтардың жекелеген санаттарына жеке тұрғын үй салу үшін сүректі түбірімен
босату тәртібі
1. Жалпы ережелер
1. Осы азаматтардың жекелеген санаттарына жеке тұрғын үй салу үшін сүректі түбірімен босату тәртібі (бұдан әрі – тәртіп) Қазақстан Республикасының "Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер және оларды әлеуметтік қорғау туралы" 1995 жылғы 28 сәуірдегі Заңына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына, өзге де норматвитік құқықтық актілерге сәйкес әзірленген және Солтүстік Қазақстан облысында тұратын азаматтардың жекелеген санаттарына жеке тұрғын үй салу үшін сүректі түбірімен босатудың бірыңғай тәртібін айқындайды.
2. Жеке тұрғын үй салу үшін сүрек түбірімен Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне, сондай-ақ "Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер және оларды әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабының 1-тармағында атап көрсетілген қаза тапқан әскери қызметшiлердiң отбасыларына (бұдан әрі – өтініш иесі) беріледі.
3. Өтініш иесіне қабығы алынбаған іске жарамды сүрек түбірімен тек жеке тұрғын үй салу үшін ғана беріледі.
4. Өтініш иесіне қабығы алынбаған іске жарамды сүрек түбірімен 40 тығыз текше метрден артық болмайтын мөлшерде беріледі.
5. Өтініш иесіне жеке тұрғын үй салу үшін қабығы алынбаған іске жарамды сүрек түбірімен бір рет беріледі.
2. Негізгі мәндер
6. Орман пайдаланушы – уақытша орман пайдалану құқығы берiлген жеке немесе заңды тұлға.
7. Орман иеленушi – мемлекеттiк орман қоры учаскелерi тұрақты жер пайдалану құқығымен берiлген мемлекеттiк ұйым, сондай-ақ жекеше орман қоры учаскесi меншiгiнде болатын жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғалар.
3. Сүректі түбірімен босату тәртібі
8. Өтініш иесі қабығы алынбаған іске жарамды сүректі алу үшін мынадай:
1) өтініш;
2) өтініш иесінің жеке басын куәландыратын құжат;
3) осы тәртіптің 2-тармағында атап көрсетілген санаттарға жататынын растайтын құжат;
4) жеке тұрғын үй салу үшін жер участке бөлінгенін растайтын құжаттарды қоса бере отырып, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкіміне жүгінеді.
Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларда және көшірмелерде ұсынылады, содан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш иесіне қайтарылады.
9. Аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі бес жұмыс күні ішінде орман иеленушіге өтініш иесіне сүректі түбірімен босату туралы қолдаухат жібереді.
10. Орман иеленуші қолдаухатты бес жұмыс күні ішінде қарайды және сүректі түбірімен босатуға жататын санын және кесу мерзімін көрсете отырып, өтініш иесіне сүректі түбірімен босатуға ағаш кесу билеті бар орман пайдаланушыға шешімді (бұдан әрі – шешім) береді, не себебін көрсете отырып, сүректі түбірімен босатудан бас тартады.
Сүректі түбірімен босатудан бас тарту себептері өтініш иесі ұсынған құжаттардың және (немесе) ондағы деректердің (мәліметтердің) анық болмауын белгілеу болып табылады.
11. Орман пайдаланушы шешімді алғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде сүрек үшін төлемақы сомасын есептейді және орман пайдаланушы шотының деректемелерін көрсете отырып, өтініш иесіне берілетін қабығы алынбаған іске жарамды сүрек түбірімен алуға анықтамада сомасын атап көрсетеді.
Анықтама екі данада жасалады, бір данасы ораман пайдаланушыда сақталады, екінші данасы ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкіміне бір жұмыс күні ішінде жіберіледі.
12. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі бір жұмыс күні ішінде өтініш иесіне анықтама береді.
13. Өтініш иесі анықтама алған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде сүрек құнының елу пайызын орман пайдаланушы атап көрсеткен шотқа төлеуі қажет.
14. Өтініш иесі сүрек құнының қалған бөлігін орман пайдаланушыға төлеуге байланысты шығыстарды өтеу түрінде әлеуметтік көмек алу үшін мынадай құжаттар ұсына отырып, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын, әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын атқарушы органына (бұдан әрі –уәкілетті орган) жүгінеді:
1) өтініш;
2) өтініш иесінің жеке басын куәландыратын құжат;
3) тұрғылықты жері бойынша тіркелуін растайтын құжат;
4) осы тәртіптің 2-тармағында атап көрсетілген санаттарға жататынын растайтын құжат;
5) қабығы алынбаған іске жарамды сүрек түбірін алуға анықтама.
Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларда және көшірмелерде ұсынылады, содан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш иесіне қайтарылады.
15. Уәкілетті орган өтініш иесінің әлеуметтік көмек көрсетуге құжаттары тіркелген күнінен бастап он жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек тағайындау не одан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
16. Уәкілетті орган шешім қабылданған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тарту жағдайында – негіздемесін көрсете отырып) өтініш иесін жазбаша хабардар етеді.
17. Орман пайдаланушы өтініш иесіне берілетін сүрек көлемін толық төлегеннен кейін сүректі босатады.
18. Орман пайдаланушы шешімде атап көрсетілген мерзімде сүректі кеседі.
19.Өтініш иесі сүректі шешімде атап көрсетілген мерзімде өз бетінше тасып әкетеді.