Оңтүстік Қазақстан облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Оңтүстiк Қазақстан облыстық мәслихатының 2017 жылғы 11 желтоқсандағы № 18/212-VI шешiмi. Оңтүстiк Қазақстан облысының Әдiлет департаментiнде 2017 жылғы 28 желтоқсанда № 4354 болып тiркелдi. Күші жойылды - Түркістан облыстық мәслихатының 2019 жылғы 13 қыркүйектегі № 42/436-VI шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Түркістан облыстық мәслихатының 13.09.2019 № 42/436-VI шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабы 1-тармағының 4-2) тармақшасына сәйкес Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса беріліп отырған Оңтүстік Қазақстан облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру қағидалары бекітілсін.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Облыстық мәслихат
      сессиясының төрағасы Қ.Абасов
      Облыстық мәслихат
      хатшысы Қ.Балабиев

  Оңтүстік Қазақстан облыстық
мәслихатының 2017 жылғы 11
желтоқсандағы № 18/212-VI
шешімімен бекітілді

Оңтүстік Қазақстан облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Оңтүстік Қазақстан облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Ерекше бөлім), 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Жер кодексіне, 2007 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының кодексіне, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" (бұдан әрі – Заң), 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" заңдарына, "Жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау, қалалар және елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың үлгі қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 235 бұйрығына және өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес әзірленді.

      2. Қағидалар Оңтүстік Қазақстан облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру саласындағы тәртіпті айқындайды және қатынастарды реттейді.

      3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) абаттандыру – сол немесе өзге аумақты құрылыс және мақсаты бойынша қалыпты пайдалану үшін жарамды жағдайға келтіру, халықтың дені сау, жайлы және мәдениетті өмір сүру жағдайын жасау мақсатында жүзеге асырылатын жұмыстардың (аумақтарды инженерлік дайындау, жолдарды салу, коммуникациялық желілерді және сумен жабдықтау, кәріз, энергиямен жабдықтау құрылыстарын дамыту бойынша) және іс-шаралардың (аумақтарды тазалау, құрғату және көгалдандыру, микроклиматты жақсарту, ауа бассейнін, ашық су айдындары мен топырақты ластанудан қорғау, санитариялық тазалау, шу деңгейін азайту бойынша) жиынтығы;

      2) қатты тұрмыстық қалдықтар – қатты түрдегі коммуналдық қалдықтар;

      3) өтпе жол – тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттарға, мекемелерге, кәсіпорындарға, шағын аудандар, орамдар, елді мекендер ішіндегі құрылыс объектілеріне көлік құралдарының кіруін қамтамасыз ететін жол элементі;

      4) тротуар – жаяу жүргіншілердің жүруіне арналған, жолдың жүру бөлігімен шектесетін немесе одан көгалмен немесе арық жүйесімен бөлінген жолдың элементі;

      5) уәкілетті орган – коммуналдық шаруашылықты реттеу саласындағы функцияларды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшесі;

      6) ұйым – абаттандыру саласында маманданып жүрген жеке немесе заңды тұлға;

      7) шағын архитектуралық нысандар – декоративтік сипаттағы және іс жүзінде пайдаланылатын объектілер (мүсiндер, субұрқақтар, барельефтер, гүл құмыралары, павильондар, күркелер, отырғыштар, құтылар, балалар ойындары және ересектердiң демалысына арналған жабдықтар мен конструкциялар);

      8) іргелес аумақ – ғимараттар, құрылыстар, қоршаулар, құрылыс алаңшаларының, сауда, жарнама объектілеріне және заңды немесе жеке тұлғалардың балансындағы, меншігіндегі, иелігіндегі, жалға алуындағы басқа объектілер шекараларына тікелей (периметрі бойынша 5 метр шекарадағы) жанасып жатқан аумақ.

2-тарау. Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру

1-параграф. Тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ету

      4. Жеке және заңды тұлғалар барлық аумақта, оның ішінде жеке үй иелері аумақтарында тазалықты сақтайды және тәртіпті қолдайды, қалалар мен елді-мекендердің абаттандыру элементтерінің (жолдар, тротуарлар, көгалдар, шағын сәулеттік нысандары, жарықтандыру, су бұрулар) зақымдануына және бұзылуына жол бермейді.

      5. Жергілікті жерлерді ағымдағы санитариялық күтіп-ұстауды аумақтарды абаттандыру саласында маманданған ұйымдар жүзеге асырады.

      6. Барлық ұйымдық-құқықтық нысандардың жеке және заңды тұлғалары, оның iшiнде күрделі және уақытша объектілердің иелерi мыналарды:

      1) дербес өз қаражаты есебінен немесе ұйымдармен шарттар жасасу жолымен бөлінген аумақты санитариялық күтіп-ұстауды және абаттандыруды қамтамасыз етеді;

      2) кез келген меншік объектілеріне ұқыпты қарайды, мемлекеттік меншік объектілеріне залал келтірген жағдайлар туралы тиісті органдарды хабардар етеді;

      3) көшелер және үй нөмірлері көрсетілген тақталарды техникалық дұрыс жағдайда және тазалықта ұстайды;

      4) қоршауларды (шарбақтарды) және шағын сәулет нысандарын тиісті жағдайда (қоршаудың (шарбақтың) сыртқы жағын бояу, әктеу) күтіп-ұстайды.

2-параграф. Аумақтарды жинауды ұйымдастыру

      7. Жалпыға ортақ пайдаланылатын орындарды жинау және күтіп-ұстау мынадай жұмыс түрлерін қамтиды:

      1) ұсақ және тұрмыстық қоқыстар мен қалдықтарды жинау және шығару;

      2) ірі көлемді қоқыстар мен қалдықтарды жинау және шығару;

      3) сыпыру;

      4) қамысты, қурайды, шөптерді және басқа да жабайы өсімдіктерді шабу және шығару;

      5) қоршаулар мен шағын сәулет нысандарын жөндеу және сырлау.

      8. Жалпыға ортақ пайдаланылатын аумақтарда орналасқан парктерді, скверлерді, бульварларды, су айдындарын, жағажайларды, зираттарды, оның ішінде оларда орналасқан тротуарларды, жаяу жүргіншілер аймақтарын, саты баспалдақтарын жинауды заңды және жеке тұлғалар мен осы объектілерге қызмет көрсететін және пайдаланатын аумақтарды бекіту субъектілері жүргізеді.

      9. Объектілердің меншік иелері жапсарлас аумақтарда (автотұрақтар, боксты гараждар, ангарлар, қосалқы қойма құрылыстары, ғимараттар, сауда және қызмет көрсету объектілері) санитариялық тазалауды және жинауды коммуналдық шаруашылық ұйымдарымен қамтамасыз етеді немесе оны өз бетінше жүргізеді.

      10. Көшелер мен өтпе жолдардың бойында орналасқан тротуарларды, жолаушылар көлігінің аялдама алаңын жинауды жүру бөліктерін жинауға және күтіп-ұстауға жауапты ұйымдар жүргізеді.

      11. Аялдама кешендерін және қоғамдық жолаушылар көлігінің аялдама алаңында оларға іргелес аумақтарды, ақылы автотұрақтар, гараждардың аумақтарын, сондай-ақ кіреберіс жолдарды, іргелес аумақтарды жинауды және жууды олардың иелері жүзеге асырады.

      12. Жол жөндеу жұмыстарын жүргізгізу кезінде құрылыс қоқыстарын осы жұмыстарды жүргізген ұйымдар шығарады.

      13. Су ағатын желілерде ластануды болдырмау үшін су ағатын коллекторларға, жауын суын қабылдайтын құдықтарға және арық жүйесіне қоқыстардың тасталуына жол берілмейді.

      14. Жерүстi инженерлік құрылыстарын пайдаланушы ұйымдар мен иелері инженерлiк желілердің қорғалатын аймақтарының шекарасында іргелес аумақтардың санитариялық күтіп-ұсталуын қамтамасыз етеді.

      15. Көшелер мен өтпе жолдардан қарды шығару жергілікті атқарушы органдар айқындаған жерлерге жүзеге асырылады.

      16. Қарды уақытша жинау орындары қар ерігеннен кейін қоқыстардан тазартылады және абаттандырылады.

3-параграф. Қалдықтарды жинау және шығару

      17. Жеке және заңды тұлғалар, олардың қызметі нәтижесінде пайда болған өндіріс және тұтыну қалдықтары пайда болған кезінен бастап қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеуді қамтамасыз етеді. Жеке және заңды тұлғалар қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлерде қатты тұрмыстық қалдықтарды жинақтайды.

      18. Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруды ұйымдар уәкілетті орган белгілеген бекітілген кестеге сәйкес мерзімдерде жүзеге асырады. Кестелер қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау алаңдарында ілінеді.

      19. Құрылыстарды және (немесе) жылжымайтын объектілерді жөндеуді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар құрылыс қоқысын өз бетінше арнайы орындарға немесе Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық Кодексіне сәйкес, қоқыс шығаруды жүзеге асыратын ұйыммен шарт бойынша шығаруы тиіс.

      20. Үй иелерінің аумағында мамандандырылған көлік үшін ыңғайлы кірме жолдармен контейнерлерді орналастыруға арналған арнайы алаңдар болады. Контейнерлерді орнатуға арналған алаңдардың бетонды немесе асфальтты жабыны және қоршауы болады. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау үшін қақпақтары бар контейнерлерді қолданған жөн.

      21. Қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлерге және контейнерлік алаңдарда күл тастауға және жинауға жол берілмейді.

      22. Қатты тұрмыстық қалдықтар қоқыс шығаратын көліктермен, кәріз тартылмаған үй иелерінен сұйық қалдықтар ассенизациялы вакуумдық көліктермен шығарылады.

      23. Сұйық қалдықтар мамандандырылған автокөлікпен арнайы бөлінген орындарға шығарылады. Контейнерлер босатылғаннан кейін сол жерде дезинфекциялық ерітіндімен өңделеді немесе босатылған орындарда өңдеуден өткен тазаларына ауыстырылады. Контейнерлерді өңдеу орындарын тазалауға, жууға және дезинфекциялауға арналған, ыстық және суық су өткізілген, судың ағып кетуі ұйымдастырылған құрылғылармен жабдықтау қажет.

      24. Сұйық тұрмыстық қалдықтар мен ірі көлемді қоқыстарды қоқыс шығару құбырына тастауға болмайды.

      25. Қоқыс шығару құбырын пайдалануды иелігінде тұрғын үй бар пайдаланушы ұйым жүзеге асырады.

      26. Жеке тұлғалар контейнер алаңдары аумағында орналасқан, құрамында сынап бар шамдар мен аспаптарды жинау үшін арнайы контейнерлерде құрамында сынап бар істен шыққан шамдар мен аспаптарды қауіпсіз жинауды қамтамасыз етеді.

      27. Контейнерлік алаңдарды және контейнерлерді пайдаланатын және оларға қызмет көрсететін ұйымдар мыналарды:

      1) контейнерлік алаңдарды және оған іргелес аумақтарды тиісті санитариялық күтіп-ұстауды қамтамасыз етеді;

      2) оларға уақтылы жөндеу жүргізеді және одан әрі пайдалануға жарамсыз контейнерлерді ауыстырады;

      3) қоқыс қабылдайтын камералардың, алаңдардың, сондай-ақ қалдық жинағыштардың тұрақты жуылуын, дезинфекциялануын, шыбындарға, кеміргіштерге қарсы дезинсекциялануын, дератизациялануын қамтамасыз ету бойынша шараларды қабылдайды.

      28. Контейнерлерден қоқыс шығаратын машинаға тиеу кезінде шашылып қалған қоқыстарды қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруды жүзеге асыратын ұйымдардың жұмысшылары шығарады.

      29. Вокзалдарда, базарларда, әуежайларда, саябақтарда, демалыс аймақтарында, алаңдарда, білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінде, көшелерде, қоғамдық жолаушылар көлiгі аялдамаларында, сауда объектілерінің кіреберістерінде қоқысқа арналған құтылар орнатылады. Халықтық жаппай баратын орындарында құтылар бір-бірінен кемінде 50 метр арақашықтықта, аулаларда, саябақтарда, алаңдарда 10-нан 100 метрге дейінгі арақашықтықта құтылар орнатылады. Жолаушылар көлiгі аялдамаларында және сауда объектілерінің кіреберістерінде екi құтыдан орнатылады.

      30. Құтыларды орнатуды, тазартуды және жууды аумақты пайдаланатын ұйымдар немесе аумаққа иелік ететін немесе пайдаланатын ұйымдар жүргізеді. Құтылар толуына қарай, бiрақ кемінде күніне бір рет тазартылады.

      Құтылар ластануына қарай, бiрақ кемінде аптасына бір рет жуылады.

4-параграф. Көшелерді, тұрғын үй орамдарын және шағын аудандарды абаттандыру

      31. Шағын аудандар мен орамдардың тұрғын үй алаңдары Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 24 ақпандағы № 125 бұйрығымен бекітілген "Тұрғын үйді және басқа да үй-жайларды, қоғамдық ғимараттарды күтіп-ұстауға және пайдалануға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10637 болып тіркелген) 5-тармағының талаптарына сәйкес қоқыс контейнерлеріне, кір кептіретін, балалар демалатын, ойнайтын, спортпен айналысатын, үй жануарларын серуендетуге арналған алаңдармен, автотұрақтармен, орынтұрақтармен, жасыл аймақтармен жабдықталады.

      32. Алаңдардың саны, орналасуы мен жабдықталуы белгіленген заңнамалық тәртіпте бекітілетін құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерге сәйкес болуы тиіс.

5-параграф. Ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттерін күтіп-ұстау

      33. Қарамағында ғимараттар мен құрылыстар бар жеке және заңды тұлғалар, ғимараттар мен құрылыстардың меншік иелері көрсетілген объектілердің қасбеттерін және олардың жекелеген элементтерін (балкондар, лоджиялар, су ағатын құбырлар) қалпына келтіру, жөндеу және бояу бойынша жұмыстарды уақтылы жүргізуді қамтамасыз етеді, сондай-ақ қасбеттерде орналастырылған ақпараттық тақтайшаларды, ескерткіш тақтайларды таза және дұрыс жағдайда ұстайды. Дүкендер мен кеңселердің көшелерге қасбеттермен шығатын витриналары жарықпен безендіріледі.

      34. Өз еркімен ғимараттардың қасбеттерін және олардың конструктивтік элементтерін қайта жабдықтауға жол берілмейді.

6-параграф. Сыртқы жарықтандыруды және субұрқақтарды күтіп-ұстау

      35. Көшелердің, жолдардың, алаңдардың, жағалаулардың және басқа жарықтандырылатын объектілердің сыртқы жарығын қосу жергілікті атқарушы орган бекіткен кесте бойынша табиғи жарық деңгейінің азаюы кезінде кешкі ымырт кезінде 20 люкске дейін, ал сөнуі – таңғы күңгіртте 10 люкске дейін артуы кезінде жүргізіледі.

      36. Сыртқы жарық құрылғылары мен байланыс желілерінің элементтері, металл бағаналары, кронштейндер тазалықта ұсталып, тот басу ошағы болмай, сырлануы қажет. Жанып кеткен шамдарды ауыстыруды тиісті ұйымдар жүзеге асырады.

      37. Істен шыққан құрамында сынап бар газ разрядты шамдар осы мақсаттарға арналған арнайы бөлінген үй-жайларда сақталады және олар кәдеге жарату үшін арнайы кәсіпорындарға шығарылады. Көрсетілген шамдардың түрлері полигонға шығарылмайды.

      38. Электрлендірілген көліктің жарық және байланыс желілерінің құлап қалған бағаналарын шығаруды негізгі магистральдарда бағана иелері дереу жүзеге асырады; басқа аумақтарда, сондай-ақ бөлшектелген бағаналар - тәулік ішінде шығарылады.

      39. Уәкілетті орган коммуналдық меншіктегі субұрқақтардың тиісті жағдайын және пайдаланылуын қамтамасыз етеді.

      40. Субұрқақтарды қосу мерзімдерін, олардың жұмыс істеу режимдерін, тостағандарын жуу және тазарту кестесін, технологиялық үзілістерін және жұмыс істеуінің аяқталуын уәкілетті орган айқындайды.

      41. Субұрқақтар жұмыс істеп тұрған кезеңде судың беті күн сайын қоқыстан тазартылады. Пайдаланушы ұйымдар субұрқақтардың тазалығын жұмысы тоқтаған кезеңде де оларды тазалықта ұстайды.

7- параграф. Қағиданы бұзғаны үшін жауапкершілік

      42. Осы Қағиданы бұзғаны үшін жеке және заңды тұлғалар "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының кодексімен белгіленген жауапкершілікке тартылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады