Шығыс Қазақстан облысының жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау қағидаларын, Шығыс Қазақстан облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2017 жылғы 13 желтоқсандағы № 16/195-VI шешімі. Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2018 жылғы 4 қаңтарда № 5380 болып тіркелді. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2021 жылғы 3 наурыздағы № 3/16-VII шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 03.03.2021 № 3/16-VII шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабы 1-тармағының 4-2) тармақшасына, "Жасыл екпелерді күтіп-ұстаудың және қорғаудың үлгілік қағидаларын, қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 235 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген № 10886) сәйкес Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса беріліп отырған:

      1) Шығыс Қазақстан облысының жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау қағидалары;

      2) Шығыс Қазақстан облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру қағидалары бекітілсін.

      2. "Жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау, Шығыс Қазақстан облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бекіту туралы" Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2015 жылғы 7 қазандағы № 32/392-V шешімінің (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген № 4242, 2015 жылғы 10 желтоқсандағы "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде, 2015 жылғы 14 желтоқсандағы "Рудный Алтай", 2015 жылғы 15 желтоқсандағы "Дидар" газеттерінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы З. Қамасова
      Шығыс Қазақстан облыстық
      мәслихатының хатшысы В. Головатюк
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрлігі
Қоғамдық денсаулық сақтау
комитетінің Шығыс Қазақстан облысы
қоғамдық денсаулық сақтау
департаментінің басшысы
_____________________
2017 жылғы "21" 12
Ғ. Қ. Сүлейменов

  Шығыс Қазақстан облыстық
мәслихатының 2017 жылғы
13 желтоқсандағы
№ 16/195-VІ шешімімен
бекітілді

Шығыс Қазақстан облысының жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Шығыс Қазақстан облысының жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Ерекше бөлім), 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Жер кодексіне, 2007 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Кодексіне, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" (бұдан әрі – Заң), 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" заңдарына және өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес әзірленді.

      Қағидалар бұрыннан бар жеке тұрғын үй, азаматтардың саяжай учаскелеріне және мемлекеттік орман қоры учаскелеріне және республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға қолданылмайды.

      2. Қағидалар Шығыс Қазақстан облысында жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау саласындағы тәртіпті айқындайды және қатынастарды реттейді.

      3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) абаттандыру – сол немесе өзге аумақты құрылыс және мақсаты бойынша қалыпты пайдалану үшін жарамды жағдайға келтіру, халықтың дені сау, жайлы және мәдениетті өмір сүру жағдайын жасау мақсатында жүзеге асырылатын жұмыстардың (аумақтарды инженерлік дайындау, жолдарды салу, коммуникациялық желілерді және сумен жабдықтау, кәріз, энергиямен жабдықтау құрылыстарын дамыту бойынша) және іс-шаралардың (аумақтарды тазалау, құрғату және көгалдандыру, микроклиматты жақсарту, ауа бассейнін, ашық су айдындары мен топырақты ластанудан қорғау, санитариялық тазалау, шу деңгейін азайту бойынша ) жиынтығы;

      2) ағаштарды кесу – "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Рұқсаттар туралы Заң) 2–қосымшасының 159–тармағына сәйкес уәкілетті органның рұқсаты бойынша жүзеге асырылатын ағаштарды кесу (қайта отырғызу) бойынша жұмыс;

      3) ұшарбасты қалыптастыру – белгілі бір эстетикалық түр беру және жасыл екпелерді жасарту мақсатында олардың солып қалуына әкеп соқтырмайтын, пішіндеуге келетін бұтақтар мен өркендерді, жекелеген ағаштарды, бұталарды және жолдағы екпелерді кесу;

      4) дендрологиялық жоспар – құрылыс салу аймағын ескере отырып көкжелектердің, алаңқайлардың, жолдардың, су айдындарының ашық учаскелерімен үйлесімділікте өсіп тұрған және отырғызылуы жоспарланып отырған ағаш-бұтақ өсімдіктерінің жасыл екпелерінің сандық және түрлік құрамы көрсетілген жасыл екпелерді отырғызу жоспары;

      5) жалпыға ортақ жерлер – алаңдар, көшелер, тротуарлар, өтпе жолдар, жолдар, жағалаулар, саябақтар, скверлер, қала ормандары, бульварлар, су айдындары, жағажайлар, зираттар және халықтың мұқтаждықтарын қанағаттандыруға арналған өзге де объектілер (жалпыға ортақ инженерлік жүйелер) орналасқан және оларға арналған жерлер;

      6) жасарту – қаңқалы және жартылай қаңқалы бұтақтарды қатты қысқарту, өркендерді сирету және реттеу, бас жағы мен бұталардың құрғау салдарынан өзінің декоративтік сапасын жоғалтқан, сау діңді және сүңгекті жасарту үшін жарамды ересек ағаштардың кемінде 3,5 метр биіктіктегі діңдерін кесу;

      7) жасыл алқап – түрлік құрамына қарамастан кемінде 0,125 га аумақта кемінде 50 дана ағашы бар көгалдандырылған аумақ;

      8) жасыл екпелер – азаматтық заңнамаға сәйкес жылжымайтын мүлік болып табылатын және қаланың бірыңғай жасыл қорын құрайтын табиғи өскен және жасанды егілген ағаш бұтақты және шөпті өсімдіктер;

      9) жасыл екпелерді жою – жасыл екпелердің өсуінің тоқтауына әкелетін зақымдану;

      10) жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау – жасыл екпелерді, көгалдандырылған аумақтар мен жасыл алқаптарды құруға, сақтауға және өсіруге (оның ішінде кесілген жасыл екпелерді өтемдік қалпына келтіруге) бағытталған құқықтық, әкімшілік, ұйымдастырушылық және экономикалық шаралар жүйесі;

      11) жасыл екпелерді сақтау – абаттандыру және құрылыс жұмыстарының нүктесіне түсетін, аса құнды екпелердің тұқымдарын сақтауға бағытталған іс-шаралар кешені;

      12) жасыл екпелерді орман-патологиялық зерттеу зиянкестердің (жәндіктердің) болуын арнайы зерттеу, ауру белгілері мен ошақтарының болуын, діңдерде, тамыр жүйесі мен ұшарбаста зең ауруларымен (паразиттермен) зақымдану белгілерінің болуын анықтау. Егер екпелердің 50 (елу) % – дан астамы аурулардан зақымданған болса, олар міндетті түрде кесілуі тиіс;

      13) жасыл екпелерді түгендеу (тал басын санау) – қөгалдандыру объектілерінің сандық және сапалық сипаттамаларын толық көрсете отырып, оларды есепке алу жөніндегі іс–шаралар кешені, сондай-ақ жоспарлы негізде әрбір көгалдандыру элементін графикалық бейнелеу;

      14) жасыл екпелер тізілімі – жасыл екпелердің типтері, түрлік құрамы, алаңының көлемі, жай-күйі және орналасуы туралы деректер жиынтығы;

      15) жеке тұрғын үй – үй маңындағы учаскеде орналасқан және шаруашылық пен басқа да құрылыстармен және жасыл екпелермен бiрге азаматтың меншiгiндегi жеке (отбасымен) тұруға арналған үй;

      16) көгалдандырылған аумақ – табиғи жолмен өнiп шыққан өсiмдiктер орналасқан, жасанды жолмен жасалған бау-саябақ кешендерi және объектiлер, бульварлар, скверлер, көгалдар, гүлдер орналасқан жер учаскесі;

      17) күтіп-баптау– өсімдіктердің жерасты бөлігін және топырағын күтіп-баптау (қоректендіру, суару, қопсыту және өзге де іс-әрекеттер);

      18) өтемдік отырғызу жоспары – отырғызудың сандық бөлігін, тұқымдық құрамын, көлемін, күнтізбелік мерзімін, сонымен қатар жоспарлы негізге орайластырылған отырғызуды орналастырудың графикалық схемасын қамтитын кесуге, санитариялық кесуге ұшыраған ағаштарды отырғызу жоспары;

      19) өтемдiк отырғызу – уәкілетті орган дендрологиялық жоспарға сәйкес айқындаған арнайы учаскелерде кесілген ағаштардың орнына отырғызу;

      20) өтпе жол – тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттарға, мекемелерге, кәсіпорындарға, шағын аудандар, орамдар, елді мекендер ішіндегі құрылыс объектілеріне көлік құралдарының кіруін қамтамасыз ететін жол элементі;

      21) санитариялық кесу – авариялық жағдай туғызатын (электр беру желілерінде, газ құбырларында жатқан, ғимараттардың жамылғысын зақымдайтын, жол қозғалысының қауіпсіздігіне қатер төндіретін), ауырған, құрғай бастаған, құрғақ және зақымданған бұтақтарды кесу;

      22) тротуар – жаяу жүргіншілердің жүруіне арналған, жолдың жүру бөлігімен шектесетін немесе одан көгалмен немесе арық жүйесімен бөлінген жолдың элементі;

      23) уәкілетті орган – табиғатты пайдалануды реттеу саласындағы функцияларды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшесі;

      24) ұйым –жасыл желектерді күтіп-ұстау және қорғау саласында маманданып жүрген жеке немесе заңды тұлға;

      25) шағын сәулеттік нысандар – декоративтік сипаттағы және іс жүзінде пайдаланылатын объектілер (мүсiндер, субұрқақтар, барельефтер, гүл құмыралары, павильондар, күркелер, отырғыштар, құтылар, балалар ойындары және ересектердiң демалысына арналған жабдықтар мен конструкциялар);

      26) іргелес аумақ – ғимараттар, құрылыстар, қоршаулар, құрылыс алаңшаларының, сауда, жарнама объектілеріне және заңды немесе жеке тұлғалардың балансындағы, меншігіндегі, иелігіндегі, жалға алуындағы басқа объектілер шекараларына тікелей (периметрі бойынша 5 метр шекарадағы) жанасып жатқан аумақ.

2-тарау. Жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау
1-параграф. Жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау шаралары

      4. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерінде және республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда, жеке тұрғын үй және жеке меншік қосалқы шаруашылық аумақтарында өсетін жасыл екпелерді қоспағанда, барлық жасыл екпелер аталған учаскелерде қалалар мен елді мекендердің қорғалуы тиіс бiрыңғай жасыл қор құрады.

      5. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің көгалдандырылған аумақтарын дамыту дендрологиялық жоспарға сәйкес жүргізіледі.

      6. Аумақтарды көгалдандыру бойынша барлық жұмыс түрлерi бекітілген жобалар бойынша орындалады. Көгалдандыру және абаттандыру бойынша жұмыстарды жүргiзу кезiнде орындалатын жұмыстардың сапасына және олардың бекiтiлген жобаға сәйкес келуіне Заңға сәйкес авторлық қадағалау жүргізіледі.

      7. Жасыл екпелерді күтіп-ұстау көгалдандыру бойынша жұмыстардың негізгі түрлерін қамтиды:

      1) жасыл екпелерді отырғызу;

      2) ағаштардың діңгек қуысын орнатумен қыртыстарды қопсыту, ағаштарды ақтау, жасыл қоршамды қию, ағаштардың діңін көтеру, ағаш өскіндерін жою;

      3) гүлзарлар, көгалдарды орналастыру, арамшөптерді отау, шөптерді шабу, қысқы кезеңде раушан гүлдерін жауып ұстау;

      4) бүкіл вегетациялық кезең бойы жасыл екпелерді суару;

      5) авариялық, құрғаған, жасамыс ағаштарды және бұталарды санитариялық кесу, ұшарбасты қалыптастыру;

      6) тыңайтқыштар салу;

      7) жасыл екпелердің зиянкестерімен және ауруларымен күресу.

      8. Жасыл екпелерді қайта отырғызу жыл ішінде арнайы қайта отырғызу технологиялары сақталған жағдайда жүзеге асырылады. Жапырақты және қылқан жапырақты ағаштардың тиімді ұласып өсуі мақсатында оларды күз түскен кезеңнен бастап көктемнің бас кезіне дейін отырғызу ұсынылады.

      9. Ағаштарды жасарту және қалың өскен ағаштарды сирету жұмыстары вегетация басталғанға дейін немесе күздің соңында жүргізіледі.

      10. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу кезінде осы учаскеде сақтауға жататын барлық екпелер олардың тиімді қорғалуын қамтамасыз ететін арнайы қорғаныш қоршауларымен механикалық және өзге де зақымданулардан қорғалады.

      11. Құрылыс салуға немесе басқа да жұмыстар жүргiзуге бөлiнетін учаскелерде жасыл екпелерді сақтау мүмкiн болмаған жағдайда, ағаштарды кесу Рұқсаттар туралы Заңға сәйкес уәкілетті органның келісімі бойынша жүргізіледі.

      12. Қоршаған ортаны қорғау және қалпына келтіруді 2007 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес азаматтар, лауазымды және заңды тұлғалар жүзеге асырады.

      13. Жасыл екпелердің барлық түрі есепке алынады.

      14. Жасыл екпелерді есепке алу осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша жасыл екпелер тізіліміне енгізілетін, есепке алу объектісінің шекарасында орналасқан жасыл екпелерді түгендеу және орман- патологиялық зерттеу арқылы жүзеге асырылады.

      15. Уәкілетті орган жасыл екпелер тізілімін және оларды есепке алуды жүргізеді.

      16. Жасыл екпелерді есепке алу нәтижесін көрсететін құжат ресімделген түгендеу және орман-патологиялық зерттеу материалдары, сондай-ақ дендрологиялық жоспар болып табылады.

      17. Жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау бойынша жұмыстарды, сондай-ақ жалпыға ортақ жерлердегі жасыл екпелерді түгендеу және орман- патологиялық зерттеу жүргізуді ұйымдар жүзеге асырады.

      18. Уәкілетті орган жасыл екпелерді түгендеу және орман- патологиялық зерттеу материалдарының көшірмесін жасыл қормен жұмыс істеу кезінде ұсыным ретінде пайдалану үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің әкімі аппаратына жібереді.

      19. Қалың өскен жасыл екпелер өздігінен құлаған кезде жасыл екпелерді қалпына келтіру уәкілетті органның бекітілген дендрологиялық жоспарына сәйкес жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі.

2-параграф. Ағаштарды кесу (қайта отырғызу), санитариялық кесу

      20. Ағаштарды кесу (қайта отырғызу) мынадай:

      1) бекітілген және келісілген қала құрылысы құжаттамасында көзделген құрылыс объектілерін орналастыру үшін жағдайлар жасалуын қамтамасыз ету;

      2) инженерлік абаттандыру объектілеріне, жерүсті коммуникацияларына қызмет көрсету;

      3) авариялық және төтенше жағдайларды жою, оның ішінде инженерлік абаттандыру объектілерінде жою;

      4) жасыл екпелердің сапалық және түрлік құрамын жақсарту қажеттігі;

      5) адамдардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне қатер туғызатын, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне залал келтіретін ескі екпелерді санитариялық кесу жағдайларында жүзеге асырылады.

      21. Жалпыға ортақ жерлердегі және ғимараттарға, құрылыстарға, көп қабатты тұрғын үйлерге іргелес аумақтардағы желдің және табиғи сипаттағы өзге де жағдайлардың, жол-көлік оқиғаларының нәтижесінде ағаштар авариялық құлаған жағдайда құлаған ағаштарды жинауды, құлаған жерлерді уақтылы санитариялық тазалауды және ағаш қалдықтарын шығаруды қызмет көрсететін учаскелер бойынша ұйымдар жүзеге асырады.

      22. Жалпыға ортақ жерлердегі ағаштарды кесуді (қайта отырғызуды) уәкілетті органның рұқсатымен осы жер учаскесінде қызмет көрсететін ұйымдар жүргізеді.

      23. Жалпыға ортақ жерлердегі ағаштарды санитариялық кесуді уәкілетті органның келісімімен осы жер учаскесінде қызмет көрсететін ұйымдар жүргізеді.

      Ағаштардың өздері, сондай-ақ олардың бұтақтарының құлауы адамдардың өмірі мен денсаулығына, ғимараттар мен үй-жайлардың, коммуникациялардың зақымдалуына, жол қозғалысы (оның ішінде жол жүру белгілерін жауып тұрса) қауіпсіздігіне қауіп төндіретін төтенше немесе апатты жағдайлардың туындауы мүмкін жағдайларда ағаштарды кесу уәкілетті органның келісімінсіз жүргізіледі.

      24. Ағаштарды санитариялық немесе мәжбүрлі кесу фактісі төтенше жағдайлар органдарының құтқару қызметінің куәландыру актісімен айғақталады, кейіннен уәкілетті органға хабарланады.

      25. Ағаштарды кесу (қайта отырғызу) кесілген ағаштардың орнына жеке және заңды тұлғалардан өтемдік отырғызу туралы кепілхат ұсынылған жағдайда уәкілетті органның рұқсаты бойынша жүзеге асырылады.

      3 - параграф. Ағаштарды өтемдік отырғызуды жүргізу тәртібі

      26. Ағаштарды қалпына келтіру арнайы учаскелерде қаланың немесе елді мекеннің өтемдік ағаш отырғызу жоспарына сәйкес, қажет болған жағдайда жерін құнарлы топыраққа ауыстыра отырып жүргізіледі.

      27. Өтемдік отырғызу ағашты кесуге мүдделі болған азаматтар мен заңды тұлғалар есебінен жүргізіледі.

      28. Ағаштарды кесу және санитариялық кесу кезінде ағаштарды өтемдік отырғызу ағаш көшеттерін отырғызу жолымен жүргізіледі.

      29. Уәкілетті органның рұқсаты бойынша ағаштарды кесу кезінде қалпына келтірілетін ағаштарды өтемдік отырғызу бес есе көлемде жүргізіледі.

      30. Заңды және жеке тұлғалар ағаштарды қайта отырғызған кезде өтемдік отырғызу жүргізілмейді.

      Қайта отырғызулар ағаштардың солып қалуына әкеліп соққан жағдайда, бес есе көлемдегі өтемақы белгіленеді.

      31. Ағаштарды өтемдік отырғызуды заңды және жеке тұлғалар өздерінің жеке меншік жерлерінде немесе маңындағы аумақтарда өз беттерінше, ал ағаштарды мәжбүрлі түрде кесу кезінде көгалдандыруды, жасыл екпелерді күтіп-ұстауды жүзеге асыратын ұйымды қатыстыра отырып, жалпыға ортақ жерлерде жүзеге асырады.

      32. Отырғызылған ағаш көшеттері солып қалған жағдайда, ағаштарды кесуге мүдделі болған тұлғалар немесе ұйым жасыл екпелерді қайтадан отырғызуды жүзеге асырады және ағаштарды отырғызған кезден бастап екі жылдың ішінде (ағаш көшетінің ұласып өсу кезеңі) олардың одан әрі күтіп бапталуын қамтамасыз етеді.

  Шығыс Қазақстан облысының
жасыл екпелерді күтіп-ұстау
және қорғау қағидаларына
қосымша
Нысан

____ жылғы 1 қаңтардағы Жасыл екпелер тізілімі

      Жасыл екпелер объектілерінің (учаскелерінің) алаңын жердің санатына, өсімдіктің

      типтеріне, функционалдық мақсатына қарай бөлу

      Қала/елді мекен

      Әкімшілік аудан: (код)_____________________

      Жауапты иесі:____________________________

      Жасыл екпелер тізілімі

        Кесте

р/с № түгендеу / жасыл екпе паспортының №

Жердің функцио налдық мақсаты (екпелер санаты)

Ағаш өсімдігі

Бірлі жарым ағаштар, дана

Топтар, куртиналар, дана

Тоғайлар, алқаптар, дана

Жол бойындағы екпелер, дана

Жиыны, дана








Бұталы өсімдіктері

Бірлі-жарым, дана

Жасыл қоршам, қума метр (қ.м.)

Қатарлап отырғызу, дана

Топтық отырғызу, дана

Барлығы қ.м./ дана






Ашық кеңістіктер

Гүл­зар­лар

Кө­гал­дар

Жазғы м2

Көп жылдық, м2

Контейнерлік, дана

Вазон, м2

Альпинарий, рокарий, м2

Жиыны м2 / дана

Партерлік, м2

Кәдімгі, м2

Жер қырысының жамылғысы, м2

Жиыны м2 / дана

  Шығыс Қазақстан облыстық
мәслихатының 2017 жылғы
13 желтоқсандағы
№ 16/195-VІ шешімімен
бекітілді

Шығыс Қазақстан облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Шығыс Қазақстан облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Ерекше бөлім), 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Жер кодексіне, 2007 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Кодексіне, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" (бұдан әрі – Заң), 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" заңдарына және өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес әзірленді.

      2. Қағидалар Шығыс Қазақстан облысының аумақтарын абаттандыру саласындағы тәртіпті айқындайды және қатынастарды реттейді.

      3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) абаттандыру – сол немесе өзге аумақты құрылыс және мақсаты бойынша қалыпты пайдалану үшін жарамды жағдайға келтіру, халықтың дені сау, жайлы және мәдениетті өмір сүру жағдайын жасау мақсатында жүзеге асырылатын жұмыстардың (аумақтарды инженерлік дайындау, жолдарды салу, коммуникациялық желілерді және сумен жабдықтау, кәріз, энергиямен жабдықтау құрылыстарын дамыту бойынша) және іс-шаралардың (аумақтарды тазалау, құрғату және көгалдандыру, микроклиматты жақсарту, ауа бассейнін, ашық су айдындары мен топырақты ластанудан қорғау, санитариялық тазалау, шу деңгейін азайту бойынша ) жиынтығы;

      2) қатты тұрмыстық қалдықтар – қатты түрдегі коммуналдық қалдықтар;

      3) өтпе жол – тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттарға, мекемелерге, кәсіпорындарға, шағын аудандар, орамдар, елді мекендер ішіндегі құрылыс объектілеріне көлік құралдарының кіруін қамтамасыз ететін жол элементі;

      4) тротуар – жаяу жүргіншілердің жүруіне арналған, жолдың жүру бөлігімен шектесетін немесе одан көгалмен немесе арық жүйесімен бөлінген жолдың элементі;

      5) уәкілетті орган – коммуналдық шаруашылықты реттеу саласындағы функцияларды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшесі;

      6) ұйым – абаттандыру саласында маманданып жүрген жеке немесе заңды тұлға;

      7) шағын архитектуралық нысандар – декоративтік сипаттағы және іс жүзінде пайдаланылатын объектілер (мүсiндер, субұрқақтар, барельефтер, гүл құмыралары, павильондар, күркелер, отырғыштар, құтылар, балалар ойындары және ересектердiң демалысына арналған жабдықтар мен конструкциялар);

      8) іргелес аумақ – ғимараттар, құрылыстар, қоршаулар, құрылыс алаңшаларының, сауда, жарнама объектілеріне және заңды немесе жеке тұлғалардың балансындағы, меншігіндегі, иелігіндегі, жалға алуындағы басқа объектілер шекараларына тікелей (периметрі бойынша 5 метр шекарадағы) жанасып жатқан аумақ.

      2 - тарау. Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру 1-параграф. Тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ету

      4. Жеке және заңды тұлғалар барлық аумақта, оның ішінде жеке үй иелері аумақтарында тазалықты сақтайды және тәртіпті қолдайды, қалалар мен елді мекендердің абаттандыру элементтерінің (жолдар, тротуарлар, көгалдар, шағын сәулеттік нысандар, жарықтандыру, су бұрулар) зақымдануына және бұзылуына жол бермейді.

      5. Жергілікті жерлерді ағымдағы санитариялық күтіп-ұстауды аумақтарды абаттандыру саласында маманданған ұйымдар жүзеге асырады.

      6. Барлық ұйымдық-құқықтық нысандардың жеке және заңды тұлғалары, оның iшiнде күрделі және уақытша объектілердің иелерi мыналарды:

      1) дербес өз қаражаты есебінен немесе ұйымдармен шарттар жасасу жолымен бөлінген аумақты санитариялық күтіп-ұстауды және абаттандыруды қамтамасыз етеді;

      2) кез келген меншік объектілеріне ұқыпты қарайды, мемлекеттік меншік объектілеріне залал келтірілген жағдайлар туралы тиісті органдарды хабардар етеді;

      3) көшелер және үй нөмірлері көрсетілген тақталарды техникалық дұрыс жағдайда және тазалықта ұстайды;

      4) қоршауларды (шарбақтарды) және шағын сәулеттік нысандарды тиісті жағдайда (қоршаудың (шарбақтың) сыртқы жағын бояу, әктеу) күтіп-ұстайды.

2-параграф. Аумақтарды жинауды ұйымдастыру

      7. Жалпы пайдаланудағы орындарды жинау және күтіп-ұстау мынадай жұмыс түрлерін қамтиды:

      1) ұсақ және тұрмыстық қоқыстар мен қалдықтарды жинау және шығару;

      2) ірі көлемді қоқыстар мен қалдықтарды жинау және шығару;

      3) сыпыру;

      4) қамысты, қурайды, шөптерді және басқа да жабайы өсімдіктерді шабу және шығару;

      5) қоршаулар мен шағын сәулет нысандарын жөндеу және сырлау.

      8. Жалпыға ортақ пайдаланылатын аумақтарда орналасқан парктерді, скверлерді, бульварларды, су айдындарын, жағажайларды, зираттарды, оның ішінде оларда орналасқан тротуарларды, жаяу жүргіншілер аймақтарын, саты баспалдақтарын жинауды заңды және жеке тұлғалар мен осы объектілерге қызмет көрсететін және пайдаланатын аумақтарды бекіту субъектілері жүргізеді.

      9. Объектілердің меншік иелері жапсарлас аумақтарда (автотұрақтар, боксты гараждар, ангарлар, қосалқы қойма құрылыстары, ғимараттар, сауда және қызмет көрсету объектілері) санитариялық тазалауды және жинауды коммуналдық шаруашылық ұйымдарымен қамтамасыз етеді немесе оны өз бетінше жүргізеді.

      10. Көшелер мен өтпе жолдардың бойында орналасқан тротуарларды, жолаушылар көлігінің аялдама алаңын жинауды жүру бөліктерін жинауға және күтіп-ұстауға жауапты ұйымдар жүргізеді.

      11. Аялдама кешендерін және қоғамдық жолаушылар көлігінің аялдама алаңында оларға іргелес аумақтарды, ақылы автотұрақтар, гараждардың аумақтарын, сондай-ақ кіреберіс жолдарды, іргелес аумақтарды жинауды және жууды олардың иелері жүзеге асырады.

      12. Жол жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде құрылыс қоқыстарын осы жұмыстарды жүргізген ұйымдар шығарады.

      13. Су ағатын желілерде ластануды болдырмау үшін су ағатын коллекторларға, жауын суын қабылдайтын құдықтарға және арық жүйесіне қоқыстардың тасталуына жол берілмейді.

      14. Жерүстi инженерлік құрылыстарын пайдаланушы ұйымдар мен иелері инженерлiк желілердің қорғалатын аймақтарының шекарасында іргелес аумақтардың санитариялық күтіп-ұсталуын қамтамасыз етеді.

      15. Көшелер мен өтпе жолдардан қарды шығару жергілікті атқарушы органдар айқындаған жерлерге жүзеге асырылады.

      16. Қарды уақытша жинау орындары қар ерігеннен кейін қоқыстардан тазартылады және абаттандырылады.

3-параграф. Қалдықтарды жинау және шығару

      17. Жеке және заңды тұлғалар, олардың қызметі нәтижесінде пайда болған өндіріс және тұтыну қалдықтары пайда болған кезінен бастап қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеуді қамтамасыз етеді. Жеке және заңды тұлғалар қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлерде қатты тұрмыстық қалдықтарды жинақтайды.

      18. Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруды ұйымдар уәкілетті орган белгілеген бекітілген кестеге сәйкес мерзімдерде жүзеге асырады. Кестелер қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау алаңдарында ілінеді.

      19. Құрылыстарды және (немесе) жылжымайтын объектілерді жөндеуді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар құрылыс қоқысын өз бетінше арнайы орындарға немесе Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық Кодексіне сәйкес қоқыс шығаруды жүзеге асыратын ұйыммен шарт бойынша шығаруы тиіс.

      20. Үй иелерінің аумағында мамандандырылған көлік үшін ыңғайлы кірме жолдармен контейнерлерді орналастыруға арналған арнайы алаңдар болады. Контейнерлерді орнатуға арналған алаңдардың бетонды немесе асфальтты жабыны және қоршауы болады. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау үшін қақпақтары бар контейнерлерді қолданған жөн.

      21. Қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлерге және контейнерлік алаңдарда күл тастауға және жинауға жол берілмейді.

      22. Қатты тұрмыстық қалдықтар қоқыс шығаратын көліктермен, кәріз тартылмаған үй иелерінен сұйық қалдықтар ассенизациялы вакуумдық көліктермен шығарылады.

      23. Сұйық қалдықтар мамандандырылған автокөлікпен арнайы бөлінген орындарға шығарылады. Контейнерлер босатылғаннан кейін сол жерде дезинфекциялық ерітіндімен өңделеді немесе босатылған орындарда өңдеуден өткен тазаларына ауыстырылады. Контейнерлерді өңдеу орындарын тазалауға, жууға және дезинфекциялауға арналған, ыстық және суық су өткізілген, судың ағып кетуі ұйымдастырылған құрылғылармен жабдықтау қажет.

      24. Сұйық тұрмыстық қалдықтар мен ірі көлемді қоқыстарды қоқыс шығару құбырына тастауға болмайды.

      25. Қоқыс шығару құбырын пайдалануды иелігінде тұрғын үй бар пайдаланушы ұйым жүзеге асырады.

      26. Жеке тұлғалар контейнер алаңдары аумағында орналасқан, құрамында сынап бар шамдар мен аспаптарды жинау үшін арнайы контейнерлерде құрамында сынап бар істен шыққан шамдар мен аспаптарды қауіпсіз жинауды қамтамасыз етеді.

      27. Контейнерлік алаңдарды және контейнерлерді пайдаланатын және оларға қызмет көрсететін ұйымдар мыналарды:

      1) контейнерлік алаңдарды және оған іргелес аумақтарды тиісті санитариялық күтіп-ұстауды қамтамасыз етеді;

      2) оларға уақтылы жөндеу жүргізеді және одан әрі пайдалануға жарамсыз контейнерлерді ауыстырады;

      3) қоқыс қабылдайтын камералардың, алаңдардың, сондай-ақ қалдық жинағыштардың тұрақты жуылуын, дезинфекциялануын, шыбындарға, кеміргіштерге қарсы дезинсекциялануын, дератизациялануын қамтамасыз ету бойынша шараларды қабылдайды.

      28. Контейнерлерден қоқыс шығаратын машинаға тиеу кезінде шашылып қалған қоқыстарды қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруды жүзеге асыратын ұйымдардың жұмысшылары шығарады.

      29. Вокзалдарда, базарларда, әуежайларда, саябақтарда, демалыс аймақтарында, алаңдарда, білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінде, көшелерде, қоғамдық жолаушылар көлiгі аялдамаларында, сауда объектілерінің кіреберістерінде қоқысқа арналған құтылар орнатылады. Халықтың жаппай баратын орындарында құтылар бір-бірінен кемінде 50 метр арақашықтықта, аулаларда, саябақтарда, алаңдарда 10-нан 100 метрге дейінгі арақашықтықта құтылар орнатылады. Жолаушылар көлiгі аялдамаларында және сауда объектілерінің кіреберістерінде екi құтыдан орнатылады.

      30. Құтыларды орнатуды, тазартуды және жууды аумақты пайдаланатын ұйымдар немесе аумаққа иелік ететін немесе пайдаланатын ұйымдар жүргізеді. Құтылар толуына қарай, бiрақ кемінде күніне бір рет тазартылады.

      Құтылар ластануына қарай, бiрақ кемінде аптасына бір рет жуылады.

4-параграф. Көшелерді, тұрғын үй орамдарын және шағын аудандарды абаттандыру

      31. Шағын аудандар мен орамдардың тұрғын аймақтары санитариялық қағидаларға сәйкес қоқыс контейнерлеріне, кір кептіретін, балалар демалатын, ойнайтын, спортпен айналысатын, үй жануарларын серуендетуге арналған алаңдармен, автотұрақтармен, орынтұрақтармен, жасыл аймақтармен жабдықталады.

      32. Алаңдардың саны, орналасуы мен жабдықталуы құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерге сәйкес болуы тиіс.

5-параграф. Ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттерін күтіп-ұстау

      33. Қарамағында ғимараттар мен құрылыстар бар жеке және заңды тұлғалар, ғимараттар мен құрылыстардың меншік иелері көрсетілген объектілердің қасбеттерін және олардың жекелеген элементтерін (балкондар, лоджиялар, су ағатын құбырлар) қалпына келтіру, жөндеу және бояу бойынша жұмыстарды уақтылы жүргізуді қамтамасыз етеді, сондай-ақ қасбеттерде орналастырылған ақпараттық тақтайшаларды, ескерткіш тақтайларды таза және дұрыс жағдайда ұстайды. Дүкендер мен кеңселердің көшелерге қасбеттермен шығатын витриналары жарықпен безендіріледі.

      34. Өз еркімен ғимараттардың қасбеттерін және олардың конструктивтік элементтерін қайта жабдықтауға жол берілмейді.

6-параграф. Сыртқы жарықтандыруды және субұрқақтарды күтіп-ұстау

      35. Көшелердің, жолдардың, алаңдардың, жағалаулардың және басқа жарықтандырылатын объектілердің сыртқы жарығын қосу жергілікті атқарушы орган бекіткен кесте бойынша табиғи жарық деңгейінің азаюы кезінде кешкі ымырт кезінде 20 люкске дейін, ал сөнуі – таңғы күңгіртте 10 люкске дейін артуы кезінде жүргізіледі.

      36. Сыртқы жарық құрылғылары мен байланыс желілерінің элементтері, металл бағаналары, кронштейндер тазалықта ұсталып, тот басу ошағы болмай, сырлануы қажет. Жанып кеткен шамдарды ауыстыруды тиісті ұйымдар жүзеге асырады.

      37. Істен шыққан құрамында сынап бар газ разрядты шамдар осы мақсаттарға арналған арнайы бөлінген үй-жайларда сақталады және олар кәдеге жарату үшін арнайы кәсіпорындарға шығарылады. Көрсетілген шамдардың түрлері полигонға шығарылмайды.

      38. Электрлендірілген көліктің жарық және байланыс желілерінің құлап қалған бағаналарын шығаруды негізгі магистральдарда бағана иелері дереу жүзеге асырады, басқа аумақтарда, сондай-ақ бөлшектелген бағаналар - тәулік ішінде шығарылады.

      39. Уәкілетті орган коммуналдық меншіктегі субұрқақтардың тиісті жағдайын және пайдаланылуын қамтамасыз етеді.

      40. Субұрқақтарды қосу мерзімдерін, олардың жұмыс істеу режимдерін, тостағандарын жуу және тазарту кестесін, технологиялық үзілістерін және жұмыс істеуінің аяқталуын уәкілетті орган айқындайды.

      41. Субұрқақтар жұмыс істеп тұрған кезеңде судың беті күн сайын қоқыстан тазартылады. Пайдаланушы ұйымдар субұрқақтардың тазалығын жұмысы тоқтаған кезеңде де оларды тазалықта ұстайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады