Квазимемлекеттік сектордың сыртқы борышының шекті көлемін айқындау қағидаларын және Оларға қатысты сыртқы борыштың шекті көлемі айқындалатын квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тізбесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2018 жылғы 18 сәуірдегі № 157 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 26 сәуірде № 16814 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 31 шiлдедегi № 143 бұйрығымен.

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ұлттық экономика министрінің 31.07.2023 № 143 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 28 қыркүйектегі № 601 қаулысымен бекітілген Квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарыздарының көлемін келісу қағидаларының 2 және 3-тармақтарына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Мыналар:

      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Квазимемлекеттік сектордың сыртқы борышының шекті көлемін айқындау қағидалары;

      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Оларға қатысты сыртқы борыштың шекті көлемі айқындалатын квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тізбесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Мемлекет міндеттемелерін басқару және қаржы секторын дамыту саясаты департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электронды түрдегі көшірмесін ресми жариялауға мерзімді баспасөз басылымдарына, сондай-ақ ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне қосу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет - ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика бірінші вице-министріне жүктелсiн.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
Т. Сүлейменов

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
_______________Б. Сұлтанов
2018 жылғы "__"__________

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2018 жылғы 18 сәуірдегі
№ 157 бұйрығына
1-қосымша

Квазимемлекеттік сектордың сыртқы борышының шекті көлемін айқындау
қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Квазимемлекеттік сектордың сыртқы борышының шекті көлемін айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 28 қыркүйектегі № 601 қаулысымен бекітілген Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы қарыздары көлемін келісу қағидаларының 2-тармағына сәйкес әзірленді және топ ішілік қаржыландыру жөніндегі мәмілелерді және мемлекеттік кепілдікпен қамтамасыз етілген мемлекеттік емес қарыздарды қоспағанда, Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 10 қыркүйектегі № 1005 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік қаржысын басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында (бұдан әрі –Тұжырымдама) белгіленген шектеулер шеңберінде квазимемлекеттік сектордың сыртқы борышының шекті көлемін айқындау тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 23.02.2023 № 26 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Осы Қағидалардың мақсаты квазимемлекеттік сектор тартатын қарыздар қоржынын тиімді басқару арқылы елдің сыртқы борышының тұрақтылық индикаторларының нашарлау тәуекелдерін барынша азайту болып табылады.

      3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) сыртқы борыш – Қазақстан Республикасының бейрезиденттері алдындағы квазимемлекеттік сектор субъектісінің белгілі бір күнге алған және өтелмеген қарыздарының сомасы;

      2) сыртқы қарыз – қарыз беруші Қазақстан Республикасының бейрезиденті, ал қарыз алушы – квазимемлекеттік сектор субъектісі болатын қарыз қатынастары.

2-тарау. Квазимемлекеттік сектордың сыртқы борышының шекті көлемін
айқындау тәртібі

      4. Квазимемлекеттік сектор субъектілері мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға жоспарланған жылдың алдындағы жылдың 1 тамызына дейінгі мерзімде болжамды қарыз алу жоспарларын және жоспарланған қаржы жылына арналған сыртқы борышты өтеу көлемін ұсынады. Даму жоспарларына өзгерістер енгізілген жағдайда қарыз алу жоспарларына түзету енгізуге жол беріледі.

      Бұл ретте 2018 жылға арналған сыртқы борыштың шекті көлемін айқындау үшін квазимемлекеттік сектор субъектілері 2018 жылғы 15 мамырға дейінгі мерзімде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға бекітілген қарыз алу жоспарларын және 2018 жылға арналған сыртқы борышты өтеу көлемін ұсынады.

      Квазимемлекеттік сектор субъектісінің тиісті қаржы жылының соңындағы сыртқы борышының шекті көлемі тиісті қаржы жылына арналған сыртқы қарыздардың бос сыйымдылығымен тиісті қаржы жылында сыртқы борыштың болжамды өтелуін ескере отырып, жыл басындағы сыртқы борыштың қосынды мәнімен айқындалады:

      Dqe = Lye + Dqeb – С, мұнда:

      Dqe – квазимемлекеттік сектор субъектісінің теңгемен немесе АҚШ долларына баламалы номиналдық құны бойынша көрсетілген тиісті қаржы жылына арналған сыртқы борышының шекті көлемі;

      Lye – квазимемлекеттік сектор субъектісінің тиісті қаржы жылына арналған сыртқы қарыздардың бос сыйымдылығы;

      Dqeb – квазимемлекеттік сектор субъектісінің жыл басындағы сыртқы борышы;

      С – тиісті қаржы жылында квазимемлекеттік сектор субъектісінің сыртқы борышын өтеудің болжамы.

      Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы қарыздарының шекті көлемі Тұжырымдамада айқындалған шектеулерге сәйкес айқындалады.

      Квазимемлекеттік сектор субъектісінің тиісті қаржы жылына арналған сыртқы борышының шекті көлемін айқындау:

      1) квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы қарыздардың мәлімделген жиынтық көлемі квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы қарыздардың шекті көлеміне тең немесе көлемінен аз болған жағдайда (Lya ≤ Lp), онда квазимемлекеттік сектор субъектілерінің бір жылға арналған сыртқы қарыздардың бос сыйымдылығы квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы қарыздардың мәлімделген жиынтық көлеміне тең:

      Lye* = Lya, мұнда:

      Lye* – квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тиісті қаржы жылына арналған сыртқы қарыздардың бос сыйымдылығы;

      Lya – квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы қарыздардың мәлімделген жиынтық көлемі;

      Lp – квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тиісті қаржы жылына арналған сыртқы қарыздардың шекті көлемі.

      2) квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы қарыздардың мәлімделген жиынтық көлемі квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы қарыздардың шекті көлемінен артық болған жағдайда (Lya > Lp), тиісті қаржы жылында квазимемлекеттік сектор субъектісінің сыртқы қарыздардың бос сыйымдылығы квазимемлекеттік сектор субъектісінің сыртқы қарыздардың шекті көлеміне квазимемлекеттік сектор субъектісінің сыртқы қарыздардың үлес салмағының көбейтіндісімен айқындалады:

      Lye = W х Lp

      Бұл жағдайда квазимемлекеттік сектор субъектісінің сыртқы қарыздардың үлес салмағы бөліп тастау шарасы ретінде пайдаланылады және мына формула бойынша есептеледі:

      W = (Ld/ Lya) х 100, мұнда:

      W – квазимемлекеттік сектор субъектісінің сыртқы қарыздардың үлес салмағы;

      Ld – квазимемлекеттік сектор субъектісінің сыртқы қарыздардың мәлімделген көлемі;

      Lya – квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы қарыздардың мәлімделген жиынтық көлемі.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық экономика министрінің 23.02.2023 № 26 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      5. Алып тасталды - ҚР Ұлттық экономика министрінің м.а. 19.07.2022 № 50 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 1 желтоқсанына дейінгі мерзімде квазимемлекеттік сектор субъектісінің тиісті қаржы жылына арналған сыртқы борышының шекті көлемін бекітеді.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің м.а. 19.07.2022 № 50 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Квазимемлекеттік сектор субъектісі бекітілген сыртқы борыштың шекті көлемі негізінде дауыс беретін акцияларының елу пайызынан астамы немесе жарғылық капиталдағы қатысу үлесі негізгі ұйымға тиесілі өзінің еншілес, тәуелді және олардың корпоративтік құрамына кіретін өзге де ұйымдар үшін сыртқы борыштың көлемін дербес бөледі.

      8. Квазимемлекеттік сектор субъектісі жоспарланатын жылдың алдындағы жылғы 20 желтоқсанға дейін директорлар кеңесінің отырысына бекітілген сыртқы борыштың шекті көлемін ескере отырып, даму жоспарын/іс-шаралар жоспарын шығарады.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 23.02.2023 № 26 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Бюджет параметрлерін өзгерткен жағдайда немесе квазимемлекеттік сектордың түзетілген қарыз алу жоспарларының негізінде квазимемлекеттік сектордың сыртқы борышының бекітілген шекті көлемін түзетуге жол беріледі.

      10. Квазимемлекеттік сектор субъектілері дербес сыртқы қарыздардың шеңберіндегі өз міндеттемелерін орындауды қамтамасыз етеді.

  "Қызмет бабында пайдалану үшін"
  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2018 жылғы 18 сәуірдегі
№ 157 бұйрығына
2-қосымша

Сыртқы борыштың шекті көлемі айқындалатын квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тізбесі

      Ескерту. 2-қосымшаға ҚР Ұлттық экономика министрінің 14.02.2022 № 13 қбпү бұйрығымен "Қызмет бабында пайдалану үшін" грифі белгісі берілді.
     

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады