Пайдалы қатты қазбаларды барлау жоспарын жасау жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 15 мамырдағы № 331 және Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 21 мамырдағы № 198 бірлескен бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылы 4 маусымда № 16982 болып тіркелді.

      РҚАО-ның ескертуі!
      Осы бірлескен бұйрық 29.06.2018 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 196-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫЗ:

      1. Қоса беріліп отырған Пайдалы қатты қазбаларды барлау жоспарын жасау жөніндегі нұсқаулық бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті:

      1) осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бірлескен бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз тасығыштағы және электрондық нысандағы көшірмелерін Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бірлескен бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларына сәйкес іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бірлескен бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бірлескен бұйрық 2018 жылғы 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі __________________ Ж. Қасымбек

Қазақстан Республикасының Энергетика министрі ___________________ Қ. Бозымбаев

 


  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму министрінің
2018 жылғы 15 мамыр № 331
және Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2018 жылғы 21 мамыр № 198
бірлескен бұйрығымен
бекітілген

Пайдалы қатты қазбаларды барлау жоспарын жасау жөніндегі нұсқаулық

      1. Осы Пайдалы қатты қазбаларды барлау жоспарын жасау жөніндегі нұсқаулық "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 196-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және пайдалы қатты қазбаларды барлауды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушыларға арналған.

      2. Барлау жоспарында қатты пайдалы қазбаларды барлау бойынша жұмыстардың түрлері, әдістері мен тәсілдері, бекітілген жоспар немесе барлау бойынша жоспарланатын жұмыстардың түрлері, әдістері, тәсілдері және көлемдері бойынша соңғы өзгерістер енгізілген күннен бастап қатарынан кемінде үш жыл перспективада оларды жүргізудің болжамды көлемі мен мерзімдері сипатталады.

      3. Осы нұсқаулыққа сәйкес барлау жоспарында пайдалы қатты қазбаларды барлау бойынша жұмыстардың құрамын, түрлерін, әдістері мен тәсілдерін, болжамды көлемін және оларды жүргізу мерзімдерін жер қойнауын пайдаланушы барлау жоспарында дербес айқындайды.

      4. Барлау жоспары мынадай бөлімдерден тұрады:

      1) кіріспе;

      2) жер қойнауын пайдалану объектісі туралы жалпы мәліметтер;

      3) объектінің геологиялық - геофизикалық зерттелуі;

      4) геологиялық тапсырма;

      5) жұмыстардың құрамы, түрлері, әдістері мен тәсілдері;

      6) еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік;

      7) қоршаған ортаны қорғау;

      8) жұмыстардың күтілетін нәтижелері.

      5. "Кіріспе" бөлімінде мыналар қамтылады:

      1) лицензия берілген жер қойнауын пайдаланушы туралы мәліметтер;

      2) жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияның түрі (нөмірі, берілген күні, қолданылу мерзімі, атауы және объектінің кеңістікті шекаралары мен жер қойнауы учаскесінің негізгі парметрлері.

      6. "Жер қойнауын пайдалану объектісі туралы жалпы мәліметтер" бөлімінде мыналар қамтылады:

      1) объекті ауданының географиялық-экономикалық сипаттамасы, (географиялық жағдайы, гидрографиялық желі, көліктік инфрақұрылымның болуы және жұмыстарды ұйымдастыруға және құнына әсер ететін өзге де мәліметтер);

      2) жұмыс ауданының гидрогеологиялық және инженерлі-геологиялық ерекшеліктері;

      3) жұмыс ауданының геологиялық-экологиялық ерекшеліктері.

      7. "Объектінің геологиялық-геофизикалық зерттелуі" бөлімінде мыналар қамтылады:

      1) геологиялық зерттеу объектісінде бұрын орындалған жұмыстарды қысқаша шолу, талдау және бағалау;

      2) объектінің аумағын зерттеу картограмасы;

      3) жұмыстардың одан кейінгі бағыты бойынша алдыңғы геологиялық зерттеулердің ұсынымдары (хронологиялық тәртіпте);

      4) объектінің стратиграфиясы, литологиясы, тектоникасы, магматизмі, пайдалы қазбалары бойынша қысқаша деректер;

      5) тиісті санаттар бойынша пайдалы қазбалардың болжамдық ресурстары және қорлары;

      6) әдістердің қандай да бір немесе өзге кешенін таңдауға әсер ететін деректер.

      8. "Геологиялық тапсырма" бөлімінде мыналар қамтылады:

      1) жұмыстардың нысаналы мақсаты, объектінің кеңістікті шекаралары және негізгі бағалау параметрлері;

      2) геологиялық тапсырмалар, оларды орындаудың бірізділігі мен мерзімдері;

      3) оларды шешудің негізгі әдістері;

      4) жұмыстарды аяқтау мерзімдері.

      Бекітілген геологиялық тапсырма барлау жоспарының ажырамас бөлігі болып табылады және барлау жоспарына қоса беріледі.

      9. "Жұмыстардың құрамы, түрлері, әдістері және тәсілдері" бөлімінде мыналар қамтылады:

      1) геологиялық тапсырмалар мен оларды шешу әдістері;

      2) геологиялық-барлау жұмыстарының түрлері, болжамды көлемі, әдістері және мерзімдері;

      3) геохимиялық жұмыстардың түрлері, болжамды көлемі, әдістері және мерзімдері;

      4) геофизикалық жұмыстардың түрлері, болжамды көлемі, әдістері және оларды жүргізу мерзімдері;

      5) гидрогеологиялық зерттеулердің түрлері, болжамды көлемі, әдістері және оларды жүргізу мерзімдері;

      6) зертханалық-талдамалық зерттеулердің түрлері, болжамды көлемі, әдістері және оларды жүргізу мерзімдері;

      7) технологиялық зерттеулердің түрлері, болжамды көлемі, әдістері және оларды жүргізу мерзімдері;

      8) іздестіру жұмыстарының түрлері, болжамды көлемі және оларды жүргізу мерзімдері: геодезиялық және жерге орналастыру жұмыстары, координаттық торшаны түсіру, координат желілері, олардың қиылыстарын, учаскелері шекараларын нақтылау;

      9) жоспарланған жұмыстарды негіздейтін графикалық материалдар.

      Бөлімдегі жұмыстардың құрамы, түрлері, әдістері және тәсілдерінен жоспарланған жұмыстардың жинақтау тізбесі жасалады.

      Барлау бойынша жоспарланатын жұмыстардың түрлері, әдістері және (немесе) тәсілдері, сондай-ақ көлемдері мен жұмыстарды жүргізу мерзімдері өзгертілген жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қатты қазбаларды барлау жоспарына тиісті өзгерістер енгізеді және өзгертілген барлау жоспарының көшірмесін пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органға ұсынады.

      Егер Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес бұл өзгерістер мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізуді талап етсе, өзгертілген барлау жоспары мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органға ұсынылады.

      10. "Еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік" бөлімінде мыналар қамтылады:

      1) жұмыстар учаскесінің ерекшеліктері, жалпы ережелер;

      2) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерімен қабылданған өнеркәсіптік қауіпсіздік және денсаулық сақтау бойынша нормативтік құжаттардың тізбесі;

      3) өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі іс-шаралар;

      4) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы және өрт қауіпсіздігі саласындағы іс-шаралар;

      5) жұмыстарды жүргізу кезінде еңбекті қорғауды және өнеркәсіптік қауіпсіздікті жақсарту жөніндегі іс-шаралар.

      11. "Қоршаған ортаны қорғау" бөлімі экология заңнамасына сәйкес әзірленеді және мыналарды қамтиды:

      1) қоршаған орта құрауыштары бойынша материалдар: ауа ортасы, су ресурстары, жер қойнауы, өндірістік және тұтыну қалдықтары, жер ресурстары мен топырақ, өсімдіктер, жануарлар әлемі;

      2) көзделіп отырған қызметті іске асырудың экологиялық тәуекелін бағалау;

      3) қоршаған ортаның құрауыштарына әсерін іс-шаралар;

      4) экологиялық мониторингті ұйымдастыру бойынша ұсыныстар.

      12. "Күтілетін нәтижелер" бөлімінде мыналар қамтылады:

      1) орындалған жұмыстар кешенінің күтілетін нәтижелерін;

      2) орындалған жұмыстар кешенінің нәтижелері бойынша тиісті санаттар бойынша пайдалы қазбалардың жоспарланатын ресурстары мен қорларын;

      3) салыстырмалы талдау және ғылыми негіздеме.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады