РҚАО-ның ескертуі!
Осы бұйрық 29.06.2018 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.
Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 27.04.2020 № 237 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
"Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 278-бабының 4-тармағының төртінші бөлігіне сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге аукцион өткізу және оның қорытындылары бойынша лицензия беру қағидалары бекітілсін.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 27.04.2020 № 237 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Жер қойнауын пайдалану департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1)осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмелерін Қазақстан Республикасы Нормативтiк құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкiне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларына сәйкес іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2018 жылғы 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.
ҚазақстанРеспубликасы Инвестицияларжәне даму министрі |
Ж. Қасымбек |
Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 11 мамырдағы № 315 бұйрығына қосымша |
Пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге аукцион өткізу және оның қорытындылары бойынша лицензия беру қағидалары
Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 27.04.2020 № 237 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге аукцион өткізу және оның қорытындылары бойынша лицензия беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 278-бабы 4-тармағының төртінші бөлігіне сәйкес әзірленді және мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасында (бұдан әрі – Бағдарлама) көзделген аумақтар шегінде жер қойнауы учаскелеріне пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензияны дайындау, аукцион өткізу және оның қорытындылары бойынша беру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидалар Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған келісімшарт (өндіру жөніндегі операциялар жүргізілген бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарт) мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, аукцион өткізу және оның қорытындылары бойынша пайдалы қатты қазбаларды өндіруге лицензия беру үшін де қолданылады.
3. Осы Қағидалар кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге лицензия беру үшін, сондай-ақ уран өндіруге арналған келісімшарт (өндіру жөніндегі операциялар жүргізілген бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарт) мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда қолданылмайды.
2-тарау. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге лицензия беру үшін аукционды ұйымдастыру және өткізу тәртібі
1-параграф. Аукцион өткізуді жоспарлау
4. Аукцион құзыретті органның шешімі бойынша өткізіледі. Осы Қағидалардың 6-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген аумақтар бойынша аукцион өткізу туралы құзыретті органның шешімі аукционның осы аумақтарын Бағдарламада белгілеу жолымен қабылданады.
Құзыретті органның осы Қағидалардың 6-тармағының 3) тармақшасында көзделген аумақ бойынша аукцион өткізу туралы шешімі жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей қабылданады (құзыретті органның жер қойнауын пайдалану құқығын тоқтату туралы шешіміне шағымданған жағдайда сот шешімі күшіне енген күннен бастап). Бұл жағдайда аукционды өткізу туралы хабарландыру мен оны өткізу күні арасындағы мерзім кемінде алты айды құрауға тиіс.
5. Аукцион қорытындылары бойынша осы Қағидаларға сәйкес пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге лицензия беру көзделіп отырған аумақ шартты тікелей сызықтармен біріктірілген географиялық координаттары бар нүктелермен (бұдан әрі – аукцион аумағы) белгіленеді.
6. Аукцион аумағы:
1) кең таралған пайдалы қазбаларды және уранды қоспағанда, Кодекс қолданысқа енгізілген күнге дейін мемлекеттік пайдалы қазбалар балансына енгізілген жер қойнауындағы пайдалы қатты қазбалардың өнеркәсіптік санаттарының қорлары бар аумақтармен;
2) Кодекстің 278-бабы 4-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасына сәйкес Бағдарламада көзделген аумақ шегінде;
3) Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған және Кодекс қолданысқа енгізілгеннен кейін мерзімінен бұрын тоқтатылған пайдалы қатты қазбаларды (кең таралған пайдалы қазбаларды және уранды қоспағанда) өндіруге арналған келісімшарт бойынша бұрын қолданыста болған келісімшарттық аумақты қамтитын аумақ есебінен қалыптасады.
7. Егер аукцион аумағында пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензия бойынша жер қойнауы учаскесін беру көзделіп отырса, аталған аумақ екі жүзден аспайтын блокты қамтауы тиіс.
Егер аукцион аумағында пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия бойынша жер қойнауы учаскесін беру көзделген болса, аталған аумақ Кодекстің 19-бабы 3-тармағының және 209-бабының талаптарына сәйкес пайдалы қатты қазбаларды өндіру учаскесінің әлеуетті шекараларын қалыптастыру үшін жеткілікті болуға тиіс.
8. Аукцион аумағы Кодекстің талаптарына сәйкес, оның ішінде пайдалы қатты қазбаларды, кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға және (немесе) өндіруге арналған келісімшарттар, Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған барлаумен және (немесе) өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша қолданыстағы келісімшарттық аумақтарды, сондай-ақ пайдалы қатты қазбаларды барлауға, пайдалы қатты қазбаларды өндіруге, кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензиялар бойынша барлау немесе өндіру учаскелерінің аумақтарын, жер қойнауы кеңістігін пайдалану учаскесінің аумақтарын ескере отырып оның шегінде пайдалы қатты қазбаларды барлау немесе өндіру учаскесінің бір бірыңғай аумағын айқындауға мүмкіндік беретін түрде айқындалуға тиіс (аукцион қорытындылары бойынша берілетін лицензияның түріне қарай).
2-параграф. Аукцион өткізу жөніндегі конкурстық комиссия
9. Аукционды құрамын құзыретті орган бекітетін конкурстық комиссия өткізеді. Конкурстық комиссияны төраға басқарады. Төраға болмаған кезде оның функцияларын орынбасары орындайды.
10. Конкурстық комиссия аукцион шарттарына пайдалы қатты қазбаларды барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларға жыл сайынғы ең төменгі шығыстар мөлшеріне қойылатын неғұрлым жоғары талаптарды, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушының өзге де қосымша міндеттемелерін, оларды құзыретті орган осы Қағидаларға сәйкес берілетін лицензия шарттарына енгізу үшін тұрақсыздық айыбын төлеу немесе лицензияны қайтарып алу негіздерін енгізуге құқылы.
Конкурстық комиссия қорытындылары бойынша Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін мемлекеттік пайдалы қазбалар балансына енгізілген пайдалы қатты қазбалардың өнеркәсіптік санаттарының қорлары бар пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензия бойынша жер қойнауы учаскесін беру көзделіп отырған аукцион (лот) бойынша осындай шешім қабылдаған жағдайда, берілетін лицензияға оның қолданылуының екінші жылынан бастап берілетін пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операцияларға арналған ең аз шығыстар бойынша жиынтық міндеттемелер Кодекстің 192-бабы 1-тармағының 5) тармақшасын лицензия мерзімінің кеінгі жылдарына қолдана отырып Кодекстің 192-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделгеннен кем болмауы тиіс.
3-параграф. Аукцион өткізу туралы хабарлама
11. Осы Қағидалардың 6-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген аумақтар бойынша аукцион өткізу туралы хабарлама құзыретті органның интернет-ресурсында орналастырылуға және оны өткізу күніне дейін кемінде үш ай бұрын мерзімді баспасөз басылымдарында жариялануға тиіс.
Осы Қағидалардың 6-тармағының 3) тармақшасында көзделген аумақ бойынша аукцион өткізу туралы хабарлама құзыретті органның интернет-ресурсында орналастырылуға және жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей (құзыретті органның жер қойнауын пайдалану құқығын тоқтату туралы шешіміне шағым жасалған жағдайда сот шешімі күшіне енген күннен бастап) мерзімді баспасөз басылымдарында жариялануға тиіс.
12. Аукционды өткізу және оның шарттары туралы хабарлама құзыретті органның интернет-ресурсында орналастырылады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде жарияланады.
13. Аукцион өткізу туралы хабарламада:
1) аукционды өткізу күні, уақыты және орны;
2) аукционға қатысуға өтініштерді қабылдаудың аяқталатын күні мен уақыты;
3) аукцион аумағы туралы ақпарат:
егер аукцион екі және одан да көп аумақ бойынша өткізілсе, лоттың нөмірі;
егер аукцион қорытындысы бойынша пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия бойынша жер қойнауы учаскесін беру көзделген болса, аукцион аумағының координаттары және оның алаңы;
егер аукцион қорытындысы бойынша пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензия бойынша жер қойнауы учаскесін беру белгіленген болса, аукцион аумағына жататын блоктардың саны, блоктың (блоктардың) коды (кодтары);
шегінде аукцион аумағы немесе оның үлкен бөлігі орналасқан облыс;
аукционның тиісті аумағы шегінде жер қойнауы учаскесін беру көзделіп отырған жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияның түрі;
қол қойылатын бонустың бастапқы мөлшері;
осы Қағидалардың 10-тармағында көзделген қосымша шарттар болған кезде;
Кодексте көзделген жыл сайынғы ең төменгі шығыстарға қосымша талап етілетін жыл сайынғы ең төменгі шығыстардың мөлшері;
жер қойнауын пайдаланушының өзге де қосымша міндеттемелерінің және лицензияны қайтарып алу немесе көрсетілген міндеттемелерді бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбын төлеу негіздерінің сипаттамасы;
4) аукционға қатысу үшін қырық айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қайтарылмайтын жарна төлеу қажеттігін көрсету және аукционға қатысу үшін банктік деректемелер;
5) қол қойылатын бонусты төлеу жөніндегі міндеттеменің орындалуын қамтамасыз етуді ұсыну үшін мөлшері мен деректемелері болуы тиіс.
4-параграф. Аукционға қатысуға өтініштер
14. Аукционға қатысуға мүдделі адамдар аукционға қатысуға өтініштерді қабылдау аяқталатын күннен және уақыттан кешіктірмей аукционды өткізу тәртібіне байланысты ақпаратты ала алады.
15. Аукционға қатысуға мүдделі адам құзыретті органға осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қазақ және орыс тілдерінде аукционға қатысуға өтініш (бұдан әрі-өтініш) жібереді.
Егер адам бір лот бойынша аукционға қатысуға мүдделі болса, өтініштер әрбір лот бойынша жеке беріледі.
16. Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
1) өтініште көрсетілген мәліметтерді растайтын құжаттардың көшірмелері;
2) өтініш берушінің атынан әрекет ететін адамның өкілеттігін растайтын құжат, егер мұндай адамды өтініш беруші тағайындаған болса;
3) егер аукцион қорытындылары бойынша пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензия бойынша жер қойнауы учаскесін беру көзделіп отырса, бірінші жыл ішінде кемінде он блокта барлау жөніндегі операцияларға арналған ең төменгі шығыстарды жабуға жеткілікті өтініш берушінің кәсіби және қаржылық мүмкіндіктерін растайтын құжаттар;
егер аукцион қорытындысы бойынша пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия бойынша жер қойнауы учаскесін беру көзделіп отырса - өтініш берушінің кәсіби, техникалық және қаржылық мүмкіндіктерін бірінші жыл ішінде кемінде жүз гектарда өндіруге арналған ең төменгі шығыстарды жабу үшін жеткілікті растайтын құжаттар;
4) өтініш берушінің республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің алты еселенген мөлшерінен асатын салық берешегінің жоқтығы туралы өтініш берілген күннің алдындағы күнтізбелік он күннен бұрын берілген салық органының анықтамасы;
5) осы Қағидаларға сәйкес қол қойылатын бонусты төлеу жөніндегі міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкінің кепілдігі немесе сақтандыру шарты;
6) аукционға қатысу үшін жарна төлеу туралы төлем тапсырмасы.
17. Аукцион аукционды өткізу туралы хабарламада көрсетілген аукцион өткізілген күннен бастап есептелетін, қолданылу мерзімі үш айдан ерте емес қол қойылатын бонусты төлеу жөніндегі міндеттеменің орындалуын қамтамасыз етуді алдын ала ұсына отырып өткізіледі.
Қол қойылатын бонусты төлеу жөніндегі міндеттеме Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкінің кепілдігімен немесе сомаға сақтандырумен қамтамасыз етіледі:
жер қойнауындағы пайдалы қатты қазбалардың өнеркәсіптік санаттарының бекітілген қорлары жоқ аукцион аумақтары бойынша – Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес белгіленетін қол қойылатын бонустың кемінде он еселенген бастапқы мөлшері;
жер қойнауындағы пайдалы қатты қазбалардың өнеркәсіптік санаттарының бекітілген қорлары бар аукцион аумақтары бойынша – Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес белгіленетін қол қойылатын бонустың бастапқы мөлшерінен кем емес.
18. Өтінішке қоса берілетін құжаттардың көшірмелері нотариалды куәландырылуы тиіс.
Өтінішке қоса берілетін құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуы тиіс.
Өтінішке қоса берілетін шет тілінде жасалған құжаттардың көшірмелері қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасымен бірге ұсынылады, оның дұрыстығын нотариус куәландырған.
19. Құзыретті орган өтінішті келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды.
20. Өтінішті қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган өтініш берушіні аукционға қатысуға рұқсат беру туралы немесе аукционға қатысуға рұқсат беруден бас тарту туралы хабардар етеді.
21. Құзыретті орган мынадай негіздердің бірі болған кезде аукционға қатысуға жіберуден бас тартады:
1) өтініш немесе оған қоса берілетін құжаттар осы Қағидалардың және Кодекстің талаптарына сәйкес келмесе;
2) өтініш берушіден немесе өтініш берушіні тікелей немесе жанама бақылайтын немесе оның бақылауындағы адамнан өтініш берілгенге дейін бір жыл ішінде құзыретті орган аукцион аумағында пайдалы қатты қазбаларды барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жер қойнауын пайдалану құқығын тоқтатқан;
3) өтініш бергенге дейін күнтізбелік бір жыл ішінде өтініш беруші немесе өтініш берушіні тікелей немесе жанама бақылайтын немесе оның бақылауындағы адам аукцион аумағында орналасқан жер қойнауы учаскесінен немесе оның бөлігінен бас тартқан;
4) өтініш берушіге аукцион қорытындылары бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияны беру елдің ұлттық қауіпсіздігіне немесе жер қойнауын пайдалану құқығын шоғырландыруға әкеп соғады;
5) өтініш берілген күннің алдындағы бес жыл ішінде өтініш беруші немесе өтініш берушіні тікелей немесе жанама бақылайтын немесе оның бақылауындағы адам өздерінің пайдалануындағы жер қойнауы учаскелерінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын жою жөніндегі міндеттемелерді орындамаған немесе тиісінше орындамаған;
6) аукционға қатысуға өтініш аукционға қатысуға өтініштерді қабылдау аяқталатын күннен және уақыттан кеш берілсе;
22. Аукционға қатысуға рұқсат беруден бас тарту жазбаша нысанда шығарылады және дәлелді болуға тиіс.
Осы Қағидалардың 21-тармағының 1) тармақшасына сәйкес бас тарту аукционға қатысуға өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде шығарылады.
Осы Қағидалардың 21-тармағының 4) тармақшасына сәйкес бас тарту осындай бас тартуға негіз болған себептер көрсетілмей шығарылады.
23. Аукционға қатысуға өтініште жіберілген грамматикалық немесе арифметикалық қателер, қателер не өзге де осыған ұқсас қателер аукционға қатысуға жіберуден бас тарту үшін негіз болып табылмайды.
24. Өтініш беруші аукционға қатысуға жіберуден бас тартуға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аукционға қатысуға жіберуден бас тарту туралы хабарламаны алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей шағым жасай алады.
25. Аукционға қатысуға жіберуден бас тарту аукцион өткізу туралы хабарламада көрсетілген мерзім ішінде өтініш берушіні қайтадан өтініш беру құқығынан айырмайды.
26. Аукционға қатысуға өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін берілген барлық өтініштерді қарау нәтижелері бойынша аукционға қатысуға рұқсат беру туралы хаттама жасалады.
5-параграф. Аукцион өткізу
27. Аукцион өткізу туралы хабарламада көрсетілген күні аукцион өткізіледі.
28. Аукционға қатысуға жіберілген және аукционға қатысушылар ретінде тіркелген өтінім берушілер қатысады.
29. Аукцион өткізілетін күні конкурстық комиссияның хатшысы аукционға қатысушылар мен қатысушылардың өкілдерін тіркейді.
30. Аукционға қатысушы ретінде тіркелу үшін мынадай құжаттарды ұсыну қажет:
жеке тұлғалар үшін-өтініш берушінің немесе оның өкілінің жеке басын куәландыратын құжат. Өтініш берушінің өкілі қатысқан жағдайда оның өкілеттігін растайтын сенімхат қоса беріледі;
заңды тұлғалар үшін-басшының немесе оның өкілінің жеке басын куәландыратын құжат. Өтініш берушінің өкілі қатысқан жағдайда, оның өкілеттігін растайтын, заңды тұлғаның мөрімен (болған жағдайда) және басшысының қолымен расталған сенімхат қоса беріледі.
31. Аукционды өткізу конкурстық комиссия тартатын не комиссия құрамынан сайланған аукционшыға тапсырылуы мүмкін.
32. Аукцион оны өткізу қағидаларын жариялаудан басталады.
Аукционды өткізу қағидаларын бұзған қатысушыларды немесе қатысып отырған адамдарды аукционшы аукционды өткізу залынан шығарады.
Әрбір лот бойынша сауда-саттық аукционшының жазылу бонусының бастапқы мөлшерін және бағаны өзгерту қадамын жариялауынан басталады. Аукционшы бұл туралы аукционға қатысушыларға хабарланған кезде сауда-саттық процесінде қадамды өзгертуге рұқсат береді. Өзгерту қадамы ағымдағы бағаның бестен он пайызына дейінгі мөлшерде белгіленеді.
Сауда ағылшын әдісі бойынша өткізіледі.
33. Аукционшы сауда-саттыққа қатысушылардың аукциондық нөмірлерін жариялайды, қол қойылған бонустың мөлшерін бекітеді және оны арттыруды ұсынады. Сауда-саттық барынша ұсынылған мөлшерге дейін өтеді.
34. Аукционшы жазылу бонусының бастапқы бағасын және бағаның өсу қадамын жариялайды. Сауда-саттық қатысушыларының нөмірін қабылдау бастапқы бағаны ұлғайтады, бірақ жариялғанған қадамнан кем.
35. Аукционшы қол қойылған бонустың соңғы мөлшерін үш рет қайталайды және басқа көтерілген нөмірлер болмаған кезде балға ұрумен жеңімпазды жариялайды. Үш рет жарияланғаннан кейін қол қойылған бонустың ең жоғары мөлшерін ұсынған және аукционның басқа қатысушыларынан оны арттыруға ұсыныс болмаған аукционға қатысушы жеңімпаз деп жарияланады.
36. Бір кестені көтерген жағдайда аукционшы тақтайшаны көтерген аукционға қатысушының тіркеу нөмірін атайды. Бірнеше кесте көтерілген жағдайда аукционшы бірінші болып тақтайшаны көтерген аукционға қатысушының тіркеу нөмірін атайды.
37. Егер қол қойылған бонустың бастапқы мөлшерін жариялағаннан кейін қатысушылардың ешқайсысы тақтайшаны көтермесе, аукцион өтпеді деп танылады. Аукцион өткізілмеді деп танылған жағдайда, өтініш берушілер аукционға қатысудан бас тартқан болып есептеледі.
38. Аукционның нәтижелері конкурстық комиссияның барлық қатысушы мүшелері қол қоятын хаттамамен ресімделеді.
39. Аукцион нәтижелері туралы хаттамада:
1) аукционды өткізу және оның қорытындыларын шығару орны мен уақыты;
2) аукцион өткізілген аукцион аумағы және оның қорытындылары бойынша беру көзделіп отырған жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияның түрі;
3) аукцион өткізуге қатысқан Конкурстық комиссия мүшелерінің құрамы;
4) аукцион жеңімпазы және аукционға басқа да қатысушылар туралы мәліметтер:
жеке тұлғалар үшін – өтініш берушінің тегі, аты және әкесінің аты (ол болған жағдайда);
заңды тұлғалар үшін-заңды тұлғаның атауы, басшының не оның өкілінің тегі, аты және әкесінің аты (ол болған кезде) ;
өтініш берушінің өкілі қатысқан жағдайда – тегі, аты және әкесінің аты (ол болған жағдайда) және өкілеттігін растайтын құжат туралы мәліметтер;
5) аукцион нәтижелері бойынша айқындалған қол қойылған бонустың түпкілікті мөлшері;
6) конкурстық комиссияның қарауы бойынша өзге де ақпарат көрсетіледі.
40. Аукцион қорытындылары бойынша, оның ішінде осы Қағидалардың 43-тармағы екінші бөлігінің немесе 46-тармағы екінші бөлігінің ережелерін ескере отырып айқындалған қол қойылған бонустың мөлшері лицензия шарттарына енгізілуге тиіс.
41. Аукционның нәтижесіне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот тәртібімен дау айтылуы мүмкін.
42. Аукцион нәтижелері олар шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде құзыретті органның интернет-ресурсында орналастырылуға және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымында қазақ және орыс тілдерінде жариялануға тиіс.
43. Аукцион мынадай жағдайларда өткізілмейді:
1) аукционға қатысуға өтініштер болмаған;
2) аукционға қатысуға екеуден аз өтініш берілген;
3) аукционға қатысуға екіден кем адам рұқсат етілген жағдайларда аукционға қатысуға жіберілмейді.
Егер аукцион осы тармақтың 3) тармақшасында көзделген негіз бойынша өткізілмеген болса, жер қойнауын пайдалануға арналған лицензия аукционға қатысуға жіберілген жалғыз адамға беріледі.
44. Осы Қағидалардың 43-тармағына сәйкес аукционды жою және осы Қағидалардың 43-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайда лицензия беру туралы шешім конкурстық комиссияның хаттамасымен ресімделеді.
45. Аукционның күшін жою туралы хабарлама құзыретті органның интернет-ресурсында орналастырылуға және хаттама ресімделген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымында қазақ және орыс тілдерінде жариялануға тиіс.
6-параграф. Аукционды өтпеді деп тану
46. Аукцион мынадай:
1) аукцион өткізілетін күні аукционға екіден кем қатысушы тіркелген;
2) аукцион өткізілетін күні аукционға бірде-бір қатысушы тіркелмеген;
3) егер қол қойылған бонустың бастапқы мөлшері хабарланғаннан кейін қатысушылардың ешқайсысы тақтайшаны көтермеген жағдайларда өтпеді деп танылады.
Егер аукцион осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген негіз бойынша өтпеді деп танылса, жер қойнауын пайдалануға арналған лицензия аукционға тіркелген қатысушыға беріледі.
47. Аукционды өтпеді деп тану туралы шешім конкурстық комиссияның хаттамасымен ресімделеді.
48. Аукционды өткізілмеді деп тану туралы хабарлама құзыретті органның интернет-ресурсында орналастырылуға және хаттама ресімделген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымында қазақ және орыс тілдерінде жариялануға тиіс.
49. Егер қорытындылары бойынша осы Қағидалардың 6-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген аукцион аумағы шегінде жер қойнауын пайдалануға лицензия беру белгіленген аукцион осы Қағидалардың 43-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша өткізілмеген болса немесе осы Қағидалардың 46-тармағының 2) тармақшасында көзделген негіз бойынша өтпеді деп танылса, осы аумақ осы Қағидаларды қолдану мақсаттары үшін Бағдарламадан шығарылуға жатады.
7-параграф. Аукцион нәтижелерін жарамсыз деп тану
50. Аукционның нәтижесі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот тәртібімен жарамсыз деп танылуы мүмкін.
Аукцион нәтижелерін жарамсыз деп тану туралы талапты мүдделі тұлғалар мен мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қоюы мүмкін.
51. Аукцион нәтижелерін жарамсыз деп тану үшін негіздер:
1) аукцион жеңімпазын анықтауға әсер еткен осы Қағидаларды бұзу;
2) соттың құзыретті органға аукцион қорытындылары бойынша жер қойнауын пайдалануға лицензия берілген адамды аукционға қатысуға жіберу туралы оның шешіміне ықпал еткен көрінеу дұрыс емес мәліметтерді беру фактісін анықтауы;
3) бір лот бойынша аукцион жеңімпазы мен аукционның басқа да қатысушысы арасындағы сауда-саттықта қол қойылатын бонустың мөлшерін төмендету немесе қолдау жөніндегі келісімнің фактісін соттың анықтауы болып табылады.
52. Жер қойнауын пайдалануға лицензия берілгенге дейін аукцион нәтижелерінің жарамдылығына дауланған жағдайда, лицензияны беру мерзімі сот шешімі мәні бойынша күшіне енгенге дейін тоқтатыла тұрады.
53. Аукцион нәтижелерін жарамсыз деп тану аукцион қорытындылары бойынша берілген жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияның жарамсыз болуына әкеп соғады.
54. Осы Қағидалардың 51-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген негіз бойынша аукционның нәтижелері жарамсыз деп танылған жағдайда, төленген қол қойылатын бонус Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес қайтарылуға жатады.
3-тарау. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға лицензия беру тәртібі
55. Аукцион жеңімпазы (аукционға қатысуға жалғыз жіберілген немесе аукционға қатысушы ретінде жалғыз тіркелген адам аукцион қорытындылары жарияланған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде (аукционды өтпеді деп тану туралы хабарлама немесе аукционның күшін жою туралы хабарлама) құзыретті органға тиісті лот бойынша аукцион өткізу туралы хабарламада көрсетілген блоктардың ішінен пайдалы қатты қазбаларды барлауға берілетін лицензияға бір немесе бірнеше блоктарды енгізуден бас тарту туралы өтінішті еркін нысанда жіберуге құқылы.
Өтініште пайдалы қатты қазбаларды барлауға берілетін лицензия бойынша барлау учаскесінің аумағын қалыптастыру кезінде өтініш беруші бас тартқан блоктың (блоктардың) коды (кодтары) көрсетіледі.
Тиісті лот бойынша аукцион өткізу туралы хабарламада көрсетілген блоктардың қатарынан қалған, өтінім беруші бас тартпаған блоктар, олардың комбинациясы пайдалы қатты барлаудың бір учаскесінің аумағын қалыптастыру жөніндегі Кодекстің талаптарына және толық емес (ішінара) блоктарды барлауға арналған лицензияға қосу жөніндегі талаптарға сәйкес келген жағдайда, аукцион қорытындылары бойынша барлауға арналған лицензияға енгізілуге жатады. Олай болмаған жағдайда лицензияға тиісті лот бойынша аукцион өткізу туралы хабарламада көрсетілген барлық блоктар енгізілуге жатады.
56. Егер барлауға берілетін лицензия бойынша барлау учаскесінің қалыптастырылған аумағы бір мың метр қашықтықта елді мекендердің жерлеріне немесе оларға іргелес жатқан аумақтарға толық немесе ішінара қатысты болса, аукцион жеңімпазы (аукционға қатысуға жалғыз ғана жіберілген немесе аукционға қатысушы ретінде жалғыз тіркелген тұлға) құзыретті органға Кодекстің 25-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген жергілікті халықты әлеуметтік-экономикалық қолдау туралы қол қойылған келісімді ұсынады.
57. Егер барлауға берілетін лицензия бойынша барлау учаскесінің қалыптастырылған аумағы көмірсутектерді немесе пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін басқа тұлғаның пайдалануындағы жер қойнауы учаскесінің аумағына ішінара келетін (келетін) блоктан (блоктардан) тұратын болса, аукцион жеңімпазы (аукционға қатысуға жалғыз жіберілген немесе аукционға қатысушы ретінде жалғыз тіркелген тұлға) құзыретті органға көрсетілген блокты (блоктарды) барлауға арналған лицензияға қосуға аталған тұлғаның жазбаша келісімін береді.
58. Құзыретті орган пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияны конкурстық комиссияның тиісті хаттамасын ресімдеген және осы Қағидалардың 56 және 57-тармақтарында көзделген құжаттарды ұсынған (қажет болған жағдайда) күннен бастап он жұмыс күні ішінде береді.
59. Осы тарауға сәйкес берілетін пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензия Кодекстің талаптарына сәйкес келуге тиіс.
60. Егер қорытындылары бойынша лицензия беру жүзеге асырылатын аукцион талаптарында жыл сайынғы ең төменгі шығыстар мөлшеріне неғұрлым жоғары талаптар, жер қойнауын пайдаланушының өзге де қосымша міндеттемелері және лицензияны қайтарып алу немесе көрсетілген міндеттемелерді бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбын төлеу негіздері көзделсе, аталған шарттар лицензия талаптарына енгізілуге тиіс.
4-тарау. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге лицензия беру тәртібі
61. Құзыретті орган конкурстық комиссияның хаттамасы ресімделгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде аукцион жеңімпазына (аукционға қатысуға жалғыз жіберілген немесе аукционға қатысушы ретінде жалғыз тіркелген тұлғаға) пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия бойынша берілетін өндіру учаскесі аумағының шекараларын айқындау және келісу және одан әрі келісу және Кодекстің 216 және 217-баптарына сәйкес тау-кен жұмыстарының жоспары мен тарату жоспарына сараптама жүргізу қажеттілігі туралы хабарлама жібереді.
Мұндай хабарлама, сондай-ақ құзыретті органның интернет-ресурсында орналастырылуға тиіс.
Егер өндіруге берілетін лицензия бойынша өндіру учаскесінің (учаскелерінің) келісілген аумағы бір мың метр қашықтықта елді мекендердің жерлеріне және оларға іргелес жатқан аумақтарға толық немесе ішінара қатысты болса, аукцион жеңімпазы (аукционға қатысуға жалғыз жіберілген немесе аукционға қатысушы ретінде жалғыз тіркелген тұлға) сондай-ақ құзыретті органға Кодекстің 25-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген жергілікті халықты әлеуметтік-экономикалық қолдау туралы қол қойылған келісімді табыс етеді.
62. Сараптаманың оң қорытындыларымен және өндіру учаскесі аумағының келісілген шекараларымен келісілген тау-кен жұмыстарының жоспары мен жою жоспарын, сондай-ақ жергілікті халықты әлеуметтік-экономикалық қолдау туралы келісімді (қажет болған жағдайда) өтініш беруші құзыретті органға осы Қағидалардың 61-тармағында көзделген хабарлама алған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей ұсынады.
Аукцион жеңімпазы (аукционға қатысуға жалғыз жіберілген немесе аукционға қатысушы ретінде жалғыз тіркелген адам) көрсетілген мерзімді ұзарту үшін құзыретті органға осындай ұзартудың қажеттілігін негіздей отырып жүгінуге құқылы. Құзыретті орган осы мерзімді, егер мұндай ұзарту қажеттігі аталған адамға байланысты емес мән-жайлардан туындаған болса, осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткен күннен бастап бір жылдан аспайтын кезеңге ұзартады.
Осы тармақта көрсетілген мерзімдерді өткізіп алған, сондай-ақ қол қойылған бонусты Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мерзімде төлемеген жағдайда аукцион жеңімпазы (аукционға қатысуға жалғыз жіберілген немесе аукционға қатысушы ретінде жалғыз тіркелген адам) оған пайдалы қатты қазбаларды өндіруге лицензия беру құқығынан айырылады. Бұл ретте құзыретті орган, егер бұл Кодекстің ережелеріне қайшы келмесе, аукцион аумағы бойынша қайталама аукцион өткізеді.
63. Өндіру учаскесі аумағының шекараларын келісуді жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган жеңімпаздың (аукционға қатысуға жалғыз ғана жіберілген немесе аукционға қатысушы ретінде жалғыз тіркелген адамның) еркін нысанда жасалатын өтінішін, сұратылған жер қойнауы учаскесінің аумағы туралы мәліметтерді: сұратылған өндіру учаскесі аумағының шекарасы мен нысанының Кодекстің талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ететін масштабта орындалған учаскенің орналасу картограммасы, шолу (ахуалдық) схемасы, топографиялық картасы бар құжаттарды қоса бере отырып, он жұмыс күні ішінде қарайды.
Егер өтініш беруші белгілеген сұралатын жер қойнауы учаскесі аумағының шекарасы мен нысаны Кодекстің 19-бабы 3-тармағының және 209-бабының талаптарына сәйкес келмесе, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган бұл туралы өтініш берушіні және құзыретті органды жазбаша еркін нысанда хабардар етеді. Хабарламада анықталған сәйкессіздіктер мен оларды жою тәсілдері туралы ұсынымдар көрсетіледі. Хабарламаны алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде өтініш беруші анықталған сәйкессіздіктерді жояды, бұл туралы растайтын құжаттарды қоса бере отырып, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органды жазбаша еркін нысанда хабардар етеді не өзінің қарсылығын жазбаша жібереді.
Хабарламаны алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган сұралатын жер қойнауы учаскесі шекараларының Кодекстің 209-бабының талаптарына сәйкестігі туралы мәселені қайтадан қарайды.
Сұралып отырған Жер қойнауы учаскесі шекараларының сәйкестігі туралы мәселені қарау қорытындылары бойынша жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган осы шекараны келіседі не келісуден бас тартады, бұл туралы құзыретті орган мен өтініш берушіні жазбаша еркін нысанда хабардар етеді. Келісуден бас тартуға өтініш беруші заңнамаға сәйкес шағымдана алады.
64. Сұралып отырған өндіру учаскесі аумағының шекарасы мен нысаны анықталғаннан және оны жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органмен келіскеннен кейін аукцион жеңімпазы (аукционға қатысуға жалғыз ғана жіберілген немесе аукционға қатысушы ретінде жалғыз тіркелген адам) тау-кен жұмыстарының жоспарын және тарату жоспарын әзірлейді және тиісінше Кодекстің 216 және 217-баптарында көзделген оларды келісуді және сараптаманың оң қорытындысын алуды қамтамасыз етеді.
65. Құзыретті орган аукцион жеңімпазына (аукционға қатысуға жалғыз жіберілген немесе аукционға қатысушы ретінде жалғыз тіркелген тұлғаға) тау-кен жұмыстары жоспары мен тарату жоспары сараптамаларының, сондай-ақ жергілікті халықты әлеуметтік-экономикалық қолдау туралы келісімнің (қажет болған жағдайда) қорытындысы Кодексте көзделген болса, талап етілетін келісулер мен оң қорытындысы ұсынылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны береді.
Пайдалы қатты қазбаларды барлауға (өндіруге) лицензия беру үшін жер қойнауы учаскелері бойынша аукционға қатысуға өтініш
20__ жылғы "___"__________ |
Өткізілетін пайдалы қатты қазбаларды барлау/өндіру бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын алуға арналған лоттың (болған жағдайда) № аукционға қатысуға жіберуіңізді сұраймын "___" ___________ 20__ жылы.
Өтініш беруші туралы мәліметтер
1. |
- жеке тұлғалар үшін – өтініш берушінің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), тұрғылықты жері, азаматтығы, өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттары туралы мәліметтер; |
Қосымшалар тізбесі:
______________________________________________________
(тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), лауазымы және уәкілетті адамның қолы;
өтінішті өкіл берген жағдайда өкілеттігін куәландыратын құжат қоса беріледі
мөрдің орны (бар болған жағдайда)