РҚАО-ның ескертуі!
Осы бірлескен бұйрық 29.06.2018 бастап қолданысқа енгізіледі.
"Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 212-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫЗ:
1. Қоса беріліп отырған Жер қойнауын пайдаланушы алдыңғы жылы өндіруге арналған шығыстарының бір пайызы мөлшерінде қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Жер қойнауын пайдалану департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бірлескен бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз тасығыштағы және электрондық нысандағы көшірмелерін Қазақстан Республикасы Нормативтiк құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкiне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3) осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы бірлескен бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларына сәйкес іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бірлескен бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бірлескен бұйрық 2018 жылғы 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі ___________________Е. Сағадиев | Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі ______________ Ж. Қасымбек |
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 16 мамыр № 333 және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 22 мамыр № 217 бірлескен бұйрығымен бекітілді |
Жер қойнауын пайдаланушымен алдыңғы жылы өндіруге арналған шығыстарының бір пайызы мөлшерінде қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Жер қойнауын пайдаланушымен алдыңғы жылы өндіруге арналған шығыстарының бір пайызы мөлшерінде қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 212-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес әзірленген және жер қойнауын пайдаланушы алдыңғы жылы өндіруге арналған шығыстарының бір пайызы мөлшерінде қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) біліктілікті арттыру – бұрын алған кәсіптік білімін, машықтары мен дағдыларын қолдауға, кеңейтуге, тереңдету мен жетілдіруге мүмкіндік беретін кәсіптік оқыту нысаны;
2) қайта даярлау – басқа кәсіпті немесе мамандықты игеруге мүмкіндік беретін кәсіптік оқыту нысаны;
3) оқыту – білім алушылар мен тәрбиеленушілердің білімдерді, машықтарды, дағдыларды және құзыреттерді иелену, қабілеттерді дамыту, білімдерін күнделікті өмірде қолдану тәжірибесін иелену және бүкіл өмір бойы білім алуға ынталануын қалыптастыру жөніндегі қызметін ұйымдастырудың мақсатты бағытталған процесі.
3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін қазақстандық кадрларды оқыту қайта даярлау, біліктілікті арттыру және оқытуды қамтиды.
4. Қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыруға есепті кезеңдегі қазақстандық кадрларды оқытуға арналған нақты келтірілген шығыстар, сондай-ақ осы Қағидалардың 5-тармағына сәйкес есепті кезеңде есепке алуға жататын өткен есепті кезеңде келтірілген шығыстар жатады.
5. Егер қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыруға арналған есепті кезеңдегі шығыстардың нақты көлемі тиісті міндеттемелердің көлемінен асқан жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы асып түсу сомасын есепті кезеңге есептейді.
2-тарау. Жер қойнауын пайдаланушымен алдыңғы жылы өндіруге арналған шығыстарының бір пайызы мөлшерінде қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру тәртібі
6. Қазақстандық кадрларды оқыту бір немесе бірнеше мынадай тәсілдермен жүзеге асырылады:
1) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын жер қойнауын пайдаланушы қызметкерлерін оқыту, қайта даярлау, біліктілігін арттыру мақсатында, оның ішінде жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын заңды тұлға жанындағы жеке оқу (оқыту) орталықтарында қаржыландыру;
2) жер қойнауын пайдаланушы қызметкерлері болып табылмайтын Қазақстан Республикасының азаматтарын оқыту, қайта даярлау, біліктілігін арттыру мақсатында қаржыландыру;
3) жер қойнауын пайдалану саласына тікелей байланысты мамандықтар бойынша кадрларды даярлауды тиісті облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумақтарында жүзеге асыратын білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін қажетті тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесін құзыретті органмен келісілген және облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарымен (бұдан әрі – білім беру ұйымы) ұсыну бойынша сатып алу.
Осы Қағидалардың мақсаттары үшін жер қойнауын пайдаланушы да жер қойнауын пайдаланушы қызметкерлері болып табылмайтын Қазақстан Республикасының азаматтарын мынадай санаттарда оқыту, қайта даярлау, біліктілігін арттыру мақсатында қаржыландыруды жүзеге асыра алады:
1) 1, 2 және 3-топ мүгедектері;
2) жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған, жиырма бір жасқа толмаған, ата-анасынан кәмелеттік жасқа толғанға дейін айырылған балалар;
3) көп балалы отбасылар;
4) толық емес отбасылар.
7. Шетелге шығуды қоспағанда, жер қойнауын пайдаланушы қызметкердің немесе оқылатын азаматтың, сондай-ақ оралманның оқу орнын көшірген немесе іссапарға жіберген жағдайда, қосылған құн салығының төлемін қоса алғанда, оқытуды қаржыландыру шығыстарына көлік (оқыту орнына бару мен қайтып келу), тәуліктік шығындары, сондай-ақ тұруға байланысты шығыстар кіреді.
8. Осы Қағидалардың 6-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген тәсілмен оқытуды қаржыландыру тиісті облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарымен (бұдан әрі – ЖАО) келісілген және жер қойнауын пайдаланушылармен әзірленген қазақстандық кадрларды оқыту бағдарламасына сәйкес (бұдан әрі – оқыту бағдарламасы) жүзеге асырылады.
Оқыту бағдарламасы жер қойнауын пайдаланушының және (немесе) ЖАО-ның интернет-ресурсында орналастырылады.
9. Қазақстандық кадрларды оқыту бағдарламасына:
1) қаржыландырылатын мамандықтар тізбесі;
2) Қазақстан Республикасының азаматтарын оқыту мақсаттары үшін ақша аударуды жоспарлайтын оқу орындарының тізбесі;
3) оқытылатын Қазақстан Республикасының азаматтарының саны;
4) оқытылатын Қазақстан Республикасының азаматтарын іріктеу өлшемшарттары.
Іріктеу нәтижелері бойынша оқытылатын азаматтардың тізімі жер қойнауын пайдаланушының және (немесе) ЖАО-ның интернет-ресурсында орналастырылады.
10. Осы Қағидалардың 6-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген тәсілмен оқытуды қаржыландыру білім беру ұйымының материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін қажетті тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу туралы жер қойнауын пайдаланушы мен білім беру ұйымының арасындағы шарт негізінде жүзеге асырылады.
11. Осы Қағидалардың 6-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген білім беру ұйымы "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 39-бабының 3-тармағының 1) және (немесе) 2) тармақшаларына сәйкес келетін білім беру ұйымы болып табылады.
12. ЖАО жер қойнауын пайдаланушының сұранымы бойынша білім беру ұйымымен бірлесе отырып, білім беру ұйымының материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін қажетті тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесін (бұдан әрі – ЖАО тізбесі) қалыптастырады және сұранымды берген кезден 10 (он) жұмыс күннен кешіктірмейтін мерзімде ЖАО тізбесін жер қойнауын пайдаланушысына беріледі.
Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 05.04.2023 № 210 және ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 07.04.2023 № 151 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бірлескен бұйрығымен.13. Жер қойнауын пайдаланушы ЖАО тізбесі негізінде тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесін айқындайды, сондай-ақ осы Қағидалардың 11-тармағында көрсетілген тиісті талаптарды растайтын құжаттардың көшірмелерін және ЖАО тізбесін қоса бере отырып, тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің алдын ала құны көрсетілген құзыретті органға келісімге жіберіледі.
14. Құзыретті орган жер қойнауын пайдаланушыдан алған күннен бастап он жұмыс күннен кешіктірмейтін мерзімде тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесін келіседі не келісуден дәлелді түрде бас тартады.
Білім беру ұйымының осы Қағидалардың 11-тармағының талаптарына сәйкес келмеуі осы Қағидалардың 13-тармағымен көзделген тізбені құзыретті органмен келесуден бас тартуға негізі болып табылады.
15. Жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органмен келісілген тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесі негізінде осы Қағидалардың 10-тармағына сәйкес оқытуды қаржыландыруды жүзеге асырады.