РҚАО-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 29.06.2018 бастап қолданысқа енгізіледі.
"Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 75-бабының 4-тармағының бірінші бөлігіне сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. қоса беріліп отырған Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу нәтижесінде алынған геологиялық ақпаратты және оның жеткізгіштерін сақтау және есепке алу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмелерін Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық 2018 жылғы 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.
Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі |
Ж. Қасымбек |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ақпарат және коммуникациялар министрі
______________ Д. Абаев
2018 жылғы 30 мамыр
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
______________ Т. Сүлейменов
2018 жылғы 25 мамыр
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Энергетика министрі
______________ Қ. Бозымбаев
2018 жылғы 30 мамыр
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 24 мамырдағы № 381 бұйрығымен бекітілген |
Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу нәтижесінде алынған геологиялық ақпаратты және оның жеткізгіштерін сақтау және есепке алу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу нәтижесінде алынған геологиялық ақпаратты және оның жеткізгіштерін сақтау және есепке алу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 75-бабы 4-тармағының бірінші бөлігіне сәйкес әзірленді және жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу нәтижесінде алынған геологиялық ақпаратты және оның жеткізгіштерін сақтау және есепке алу тәртібін айқындайды.
Геологиялық ақпараттың екі негізгі түрі бар: бастапқы және қайталама.
Бастапқы геологиялық ақпаратқа:
табиғи жеткізгіштердегі ақпарат (бұрғылау ұңғымаларының керндері, пайдалы қазбалардың, көмірқышқылды газдардың, меркаптандардың, судың сынамалары, жыныстар мен минералдардың үлгілері, тас материалдың сынамалары мен коллекциялары, шлифтер, аншлифтер, минералдық ерітінділер мен ұнтақтар);
жасанды (қағаз және электрондық) жеткізгіштердегі ақпарат (далалық бақылаулар, сынамалау, сынамаларды талдау, геофизикалық байқауларды тіркеу журналдары, бастапқы далалық деректердің және геологиялық ақпаратты өңдеу, түсіндіру, талдау және жинақтап қорыту нәтижелерінің қағаз және электрондық жеткізгіштері) жатады.
Қайталама геологиялық ақпаратқа геологиялық есептер, геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері туралы есептер, пайдалы қазбалардың ресурстарын және қорларын бағалау туралы есептер, сондай-ақ бастапқы ақпаратты өңдеу, талдау және жинақтап қорыту нәтижесінде алынған ақпарат жатады.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 19.04.2019 № 236 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.2. Жер қойнауын пайдаланушының қаражаты есебінен алынған геологиялық ақпарат жеке меншікте болады (жеке меншік геологиялық ақпарат).
Кодексінің 91-бабы 2-тармағына сәйкес жеке меншік геологиялық ақпарат лицензия мерзімі аяқталған күннен бастап бір ай ішінде жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның пайдалануына өтеусіз берілуі тиіс.
2-тарау. Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу нәтижесінде алынған геологиялық ақпаратты және оның жеткізгіштерін сақтау тәртібі
3. Жер қойнауын пайдаланушы Кодексінің 75-бабы 4-тармағының бірінші бөлігіне сәйкес жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу нәтижесінде алынған геологиялық ақпаратты және оның жеткізгіштерін сақтауды, сондай-ақ жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган өкілдерінің зерттеу немесе тексеру үшін оған кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
Кодексінің 75-бабы 5-тармағының екінші бөлігіне сәйкес жер қойнауын пайдаланушы геологиялық есептерді геологиялық қорға сақтауға тапсырған кезде, бастапқы материалдардың және нақты құжаттық материалдардың (шлифтер, фототүсірілімдер, карталар, журналдар және өзге де материалдар) тізімдемесін есепке қоса береді.
Жер қойнауын пайдаланушы тиісті жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды болжалды тоқтатуға дейін үш ай қалғанда жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органды өзінде бар далалық байқаулар, сынамалау, сынамаларды талдау, геофизикалық байқаулар, тіркеу журналдары геологиялық ақпараттың бастапқы далалық деректерінің қағаз және электрондық жеткізгіштері немесе бұрғылау ұңғымаларының керндері туралы жазбаша хабардар етеді.
Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган мұндай хабарламаны алған күннен кейін бір ай ішінде жер қойнауын пайдаланушыдан геологиялық ақпараттың аталған жеткізгіштерін өз меншігіне өтеусіз беруді жазбаша талап етеді. Бұл талап оны алған күннен бастап бір ай ішінде орындалады.
4. Геологиялық ақпаратты сақтау бірлігіне жеке біртұтас құжат немесе мағынасы жағынан біріктірілген құжаттардың жиынтығы немесе жеке геологиялық ақпарат/топтаманың жекелеген бірлігі жатады.
5. Электрондық жеткізгіштердегі барлық геологиялық материалдар ақпараттық жүйеде сақталады. Сақтау геологиялық ақпаратқа қатысты жүзеге асырылатын негізгі операциялардың бірі болып табылады.
Ақпараттық жүйеде электрондық жеткізгіштердегі меншіктегі геологиялық ақпаратты сақтауды жүзеге асыру мүмкіндігі болмаған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы басқа ұйымдардың қызметтерін, сондай-ақ Геологиялық ақпаратты жинау, сақтау, өңдеу және беру жөніндегі ұлттық оператордың (бұдан әрі – Оператор) қызметін пайдалана алады.
Оператор жер қойнауын пайдаланушылардың электрондық жеткізгіштердегі меншіктегі геологиялық ақпарат сақтау үшін "Жер қойнауы туралы мемлекеттік дерекқор банкі" ақпараттық жүйесінде (Бағдарламалық өнімдер, бағдарламалық кодтар және нормативтік-техникалық құжаттар депозитариінде 2014 жылғы 1 шілдедегі № ДХ-14-0000067 болып және Мемлекеттік ақпараттық ресурстар тізілімінде 2014 жылғы 8 шілдедегі № KZ-П-14-0000029 болып тіркелген) диск кеңестігін, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың қажеттіліктеріне қолдау көрсету үшін техникалық инфрақұрылымды өтеулі негізде береді.
"Жер қойнауы туралы мемлекеттік дерекқор" ақпараттық жүйесі "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 39-бабына сәйкес "Қазақстан Республикасының минералдық ресурстарының ұлттық дерекқоры" ақпараттық жүйесі құрылып, енгізілгенге дейін пайдаланылады
6. Геологиялық ақпаратты магниттік жеткізгіштерде сақтау температурасы 8°С-дан 20°С-ға дейін нөлден жоғары және салыстырмалы ылғалдылығы 20%-дан 65%-ға дейін болған кезде жүзеге асырылады. Сақтау талаптарының орындалмауы геологиялық ақпараттың жоғалуына әкеледі.
Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 19.04.2019 № 236 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.7. Керн жабысқан жыныстардан және сыналардан шайылып тазартылады (борпылдақ немесе еритін жыныстардың лас керндері абайлап шайылмай тазартылады) және арнайы керн жәшіктеріне салынады.
8. Керн жәшіктері кернді сақтау мен тасымалдаудың қауіпсіз жағдайы ескеріле отырып, жасалады. Олар ағаштан немесе басқа тығыз материалдан жасалады, ұзындығы 1 метр, ені 0,5-0,6 метр өлшемдерімен және тасыған кезде ыңғайлы әрі қауіпсіз болу үшін жәшіктің бүйір жақтарында енсіз жұқа тақтайшасы болуы қажет. Жәшік қабырғаларының биіктігі және жәшіктегі бөліктердің саны ішіне салынатын керннің диаметріне сәйкес болуы тиіс.
9. Керн жәшігінің әрбір бөлігіне кернді салу солдан оңға қарай жүргізіледі. Қабырғалардың және бойлық қалқандардың жиегінің жоғарғы жағында кернді салу тәртібін көрсетіп тұратын, солдан оңға қарай бағытталған тілшелердің суреті болуы тиіс.
10. Жәшікке кернді үнемі жеке-жеке кесектермен, тығыздап, араларына бос орын қалдырмай, кесектерді ұңғыма тілігі бойынша орналастыруды қатаң сақтай отыра салған дұрыс. Сынған керннің кесектері бөлінген жазық бетімен сыйымды етіп салынады. Керннің интервалдағы нақты орналасқан жері анықталмаған ұсақ кесектері қалың орама қағазға (немесе полиэтилен пленкаға) оралады және интервалдың жоғарғы бөлігіне салынады. Қираған немесе сусымалы керннің үлгілері алдымен полиэтилен (немесе қалың мата) қалталарға салынады, сосын ғана көрсетілген тәртіппен керн жәшіктеріне салынады. Жылдам мүжілетін немесе бұзылатын пайдалы қазбалардың керні ерекше жағдайда (арнайы капсуларда немесе герметикалық ыдыстарда) сақталады.
Бұрғылаудың ұсақ өнімдерін (қойыртпақтар, тұнбалар) іріктеу кезінде соңғылары да керн жәшіктеріндегі бөліктердің өлшемдеріне сәйкес келетін полиэтилен қалталарға оралып, тиісті интервалдың соңына салынуы тиіс.
11. Керн көтерілген бір бұрғылау рейсіне сәйкес келетін әрбір интервалдың соңына, жәшік бөліктерінің өлшеміне нақты сай келетін және кернді көршілес интервалдардан бөліп тұратын ағаш белгі-тақтайша орнатылады. Белгі-тақтайшаға қара қарындашпен тереңдік интервалы (бастап-дейін) және интервал күні метрмен 0,01-ге дейін нақтыланып анық жазылады.
12. Кернмен толтырылатын және толтырылған жәшіктер қатты қақпақтармен тығыз жабылуы тиіс және бұрғылау мұнарасының жылы үйшігінде тұрады. Кернмен толтырылған жәшіктердің қақпақтары тасымалдау алдында шегемен бекітілуі тиіс. Әрбір жәшіктің қақпағына және бүйіржағына өшірілмейтін бояумен мына деректер жазылуы тиіс: бұрғылау жүргізген ұйымның, учаскенің атауы, ұңғыма нөмірі, жәшік нөмірі, тереңдігі, жұмыс жүргізілген жыл.
Кернмен толтырылған жәшіктер керндерді егжей-тегжейлі геологиялық өңдеу үшін керн қоймаларына апарылады және тапсырылғанын арнайы тіркеу журналында ресімдей отырып, керн қоймасына жауапты жұмыскерге табысталады.
Партиялардың базаларынан алынып тасталған және байланысуы қиын алыс учаскелерде орналасқан ұңғымалар үшін, керн бұрғылау аяқталғанға дейін бұрғылау мұнарасында сақталады, кейін байланыс орнатылған кезде әкетіледі.
13. Егер жүргізілген жұмыстар нәтижесінде алынған геологиялық ақпаратты сақтауды қамтамасыз ету мүмкіндігі болмағанда, жер қойнауын пайдаланушы басқа ұйымның қызметін пайдалана алады.
3-тарау. Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу нәтижесінде алынған геологиялық ақпаратты және оның жеткізгіштерін есепке алу тәртібі
14. Далалық жұмыстар нәтижесінде алынған геологиялық материалдарды есепке алу үшін түгендеу кітабында тіркеу жүргізу қажет.
15. Бастапқы геологиялық ақпаратты есепке алу осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша геологиялық материалдарды есепке алудың түгендеу кітабында жүзеге асырылады.
16. Қағаз және электрондық жеткізгіштердегі бастапқы геологиялық құжаттама, геологиялық топтамалар, заттай және одан жасалған препараттар түрінде ұсынылған бастапқы геологиялық материалдар (далалық және камералық жұмыстар кезінде алынған барлық материалдар) есепке алуға жатады.
17. Бастапқы геологиялық құжаттама мен геологиялық топтамалардың материалдарын есепке алу жекелеген түгендеу кітаптарында жүргізіледі.
Әрбір геологиялық материалға түгендеу кітабындағы жазбалар реті бойынша жеке түгендеу нөмірі беріледі.
18. Керн қоймасын өз маңыздылығын жоғалтқан керндерден уақытында босату мақсатында жыл сайын жер қойнауын пайдаланушының керн қоймаларына түгендеу жүргізілуі тиіс, оның нәтижесі бойынша жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне маңыздылығын жоғалтқан кернді жою туралы ұсыныс жолдайды.
19. Өз маңыздылығын жоғалтқан кернді жою туралы ұсынысқа аумақтық бөлімшенің берген тиісті жауабы кернді жоюға негіздеме болады.
20. Тиісті түрде геологиялық ақпаратты есепке алуды және кернді жоюды жер қойнауын пайдаланушысы қамтамасыз етеді.
Жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу нәтижесінде алынған геологиялық ақпаратты және оның жеткізгіштерін сақтау және есепке алу қағидаларына қосымша |
|
Нысан |
Геологиялық материалдарды есепке алуды түгендеу кітабы
Р/с | Жаз-ба күні | Түгендеу нөмірі/ керн жәшігі-нің нөмірі | Авторы | Материалдың атауы | Есептің шыққан жылы/ топтама жиналған жылы | Есеп бірлігі- нің саны/ тас матери- алдың саны | Мәтіндегі парақтар саны/топтаманың мазмұны | |||
Барлығы | Оның ішінде | |||||||||
Фотосуреттер және суреттер | Сызбалар | |||||||||
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
кестенің жалғасы
Мәтіндегі парақтар саны.Графикалық қосымшалар парағының саны/үлгілердің саны | Материалды ұсынған ұйымның атауы, материалдың кіріс № | "Құпия" белгісі | Материал данасы-ның саны | Материалды қабылдаған адамның қолы | Ерекше жазбалар |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |