Тұжырымдама, доктрина әзірлеу қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2018 жылғы 11 маусымдағы № 211 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 28 маусымда № 17139 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2021 жылғы 3 қыркүйектегі № 83 бұйрығымен.

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ұлттық экономика министрінің 03.09.2021 № 83 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы № 790 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің 9-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Тұжырымдама, доктрина әзірлеу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және талдау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электронды түрдегі көшірмесін ресми жариялауға мерзімді баспасөз басылымдарына, сондай-ақ ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне қосу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2018 жылғы 11 маусымдағы
№ 211 бұйрығымен
бекітілген

Тұжырымдама, доктрина әзірлеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Тұжырымдама, доктрина әзірлеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы № 790 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкес әзірленді және тұжырымдама, доктрина әзірлеу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) доктрина – белгілі бір мәселе бойынша көзқарастар жүйесін, саяси қағидаттардың жиынтығын айқындайтын құжат;

      2) тұжырымдама – қоғамдық өмір салаларында (әлеуметтік, саяси, рухани) ұзақ мерзімді кезеңге әзірленетін және тиісті саланы дамытудың пайымын, сондай-ақ мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдерін қоса алғанда, оның негіздемесін көрсететін идеологиялық сипаттағы құжат.

      3. Тұжырымдамалар мен доктриналар Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары мен заңдар арқылы іске асырылады.

      4. Тұжырымдама, доктрина әзірлену сатысында барлық мүдделі мемлекеттік органдармен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімде келісіледі.

      5. Тұжырымдама, доктрина әзірлеу ғылыми-зерттеу ұйымдарын, ғалымдарды, сарапшыларды, әртүрлі білім саласындағы мамандарды тарта отырып жүзеге асырылады.

      6. Тұжырымдама, доктрина әзірлену сатысында, мүдделі мемлекеттік органға келісу үшін жіберілгенге дейін заңнамада белгіленген тәртіппен көпшіліктің талқылауы үшін ашық нормативтік құқықтық-актілердің интернет-порталында орналастырылады.

2-тарау. Тұжырымдаманы әзірлеу тәртібі

      7. Тұжырымда қоғамдық өмір салаларындағы жалпыұлттық сипаттағы нақты міндеттерді шешу мақсатында әзірленеді, өзекті проблемалар негізге алынады және әлеуметтанушылық, статистикалық, сараптамалық және өзге де ақпаратты талдауға негізделеді.

      8. Ережелері мен міндеттері қолданыстағы тұжырымдамалардың, Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының ережелері және міндеттерін қайталайтын тұжырымдама әзірлеуге жол берілмейді.

      9. Тұжырымдама ағымдағы ахуал талдауын, халықаралық тәжірибеге шолуды, саланы дамытудың үрдістері мен пайымын қамтиды, міндеттерді айқындайды, саланы дамытудың негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдерін, күтілетін нәтижелерді, тұжырымдаманы іске асыру кезеңдерін ашады, тұжырымдаманы іске асыру болжанып отырған Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының және Қазақстан Республикасы заңдарының тізбесін көздейді.

      Ағымдағы ахуал талдауында саланың жай-күйінің бағалануы, шешуші проблемалар, қызмет саласын дамытуды мемлекеттік реттеудің қолданыстағы саясатын талдау және осы тұжырымдама қажеттілігінің негіздемесі көрсетіледі.

      Халықаралық тәжірибеге шолу Қазақстан Республикасының жағдайына бейімделуі мүмкін ұқсас мәселелерді шешу жөніндегі әлемдік практиканың оң тәжірибесін талдауды қамтиды.

      Тұжырымдаманың пайымы дамудың қазіргі үрдісін ескере отырып, белгілі бір саланың жоспарлы кезеңнің сонына қарайғы даму деңгейін көрсетеді.

      Міндеттер негізгі проблемалардың шешу жолдарын айқындайды.

      Тәсілдер белгіленген міндеттерді шешудің неғұрлым тиімді тәсілдері мен әдістерін айқындайды.

      Күтілетін нәтижелерде тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде қол жеткізілуге тиіс белгілі бір саладағы оң өзгерістері сипатталады. Бұл ретте күтілетін нәтижелер сандық және/немесе сапалық мәнде қалыптасады.

      Тұжырымдаманы іске асыру кезеңі оның міндеттеріне қол жеткізудің болжамды мерзімін сипаттайды.

      Тұжырымдамада қолданылған терминдер мен анықтамаларды нақтылау қажет болған кезде, олардың мағынасын түсіндіретін кіші бөлім көзделеді.

      Тұжырымдамада көзделген саланың даму деңгейіне қол жеткізу болжанатын қолданыстағы және сол сияқты әзірленуі жоспарланып отырған Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары мен Қазақстан Республикасы заңдарының тізбесі келтіріледі. Бұл ретте тұжырымдаманың әрбір міндетінің шешілуі қандай құжат арқылы қамтамасыз етілетіні көрсетіледі.

3-тарау. Доктрина әзірлеу тәртібі

      10. Доктрина жалпыұлттық тәсілдерді, жалпы көзқарастарды, қауіпсіздік, сыртқы және ішкі саясат саласындағы, сондай-ақ ел дамуының қоғамдық маңызы бар мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағытын тұжырымдау мақсатында әзірленеді.

      Доктрина мемлекеттік саясатты жүргізудің мақсаттарын, негізін қалаушы принциптері мен нысандарын айқындайды және Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары мен Қазақстан Республикасының заңдары арқылы іске асырылады.

      11. Доктрина құрылымында мынадай бөлімдер:

      1) кіріспе;

      2) ағымдағы жағдайды талдау;

      3) негізгі ережелер;

      4) қорытынды қамтылады.

      12. "Кіріспе" бөлімінде доктринаны әзірлеудің негіздемесі мен қажеттілігі көрсетіледі, доктринаның мәні ашылады.

      Доктринада пайдаланылатын терминдер мен анықтамаларды нақтылау қажет болса, олардың мағынасын түсіндіретін кіші бөлім көзделеді.

      13. "Ағымдағы жағдайды талдау" бөлімінде белгілі бір салалардағы қолданыстағы мемлекеттік саясат көзқарастарының, қағидаттары мен бағыттарының орныққан жүйесінің талдауы көрсетіледі.

      14. "Негізгі ережелер" бөлімінде мемлекеттік саясатты жүргізудің мақсаты, қағидаттары, бағыттары, тәсілдері мен нысандары айқындалады, сондай-ақ оларды таңдау негіздемесі келтіріледі.

      Доктринаның мақсаты белгілі бір мәселедегі істің түпкілікті қалаулы жай-күйін көрсетеді.

      Доктринаның қағидаттары мемлекеттік саясаттың ұсынылған бағытын іске асырудың негіздері мен қағидаларын белгілейді.

      Мемлекеттік саясаттың бағыттары мемлекеттік саясаттың бағытын, бағдарын, таңдауын айқындайды.

      Мемлекеттік саясатты жүргізу тәсілдері мен нысандары қойылған мақсатқа қол жеткізудің болжанатын (ықтимал) жолдарын айқындайды.

      15. "Қорытынды" бөлімінде доктринаны іске асыру нәтижесінде ел мен қоғамды дамытуда күтілетін оң өзгерістерді көрсете отырып, жалпы қорытынды қамтылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады