БҰЙЫРАМЫН:
1. "Нарық субъектілері келісімдерінің жобаларын Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі тұрғысынан қарау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 28 ақпандағы № 97 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14930 болып тіркелген, 2017 жылғы 12 сәуірде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Нарық субъектілері келісімдерінің жобаларын Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі тұрғысынан қарау қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электронды түрдегі көшірмесін ресми жариялау және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне қосу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі |
Т. Сүлейменов |
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2018 жылғы 4 шілдедегі № 245 бұйрығына қосымша |
|
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 28 ақпандағы № 97 бұйрығына 1-қосымша |
Нарық субъектілері келісімдерінің жобаларын Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі тұрғысынан қарау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Нарық субъектілері келісімдерінің жобаларын Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі тұрғысынан қарау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 90-6-бабының 35) тармақшасына сәйкес әзірленді және монополияға қарсы орган ведомствосының және оның аумақтық бөлімшелерінің жазбаша нысандағы келісімге (бұдан әрі – келісім) қол жеткізуге ниеті бар нарық субъектілері келісімдерінің жобаларын олардың Кодекстің 169-бабының талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі тұрғысынан қарау тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) келісім – тараптардың қандай да бір шарттарын, қарым-қатынасын, құқықтары мен міндеттерін белгілейтін, ресми жазбаша құжат түрінде ресімделген екі немесе бірнеше нарық субъектілері арасындағы шарт;
2) монополияға қарсы органның ведомствосы – Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті.
Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар Кодекске және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қолданылады.
3. Қағидалар жазбаша нысандағы келісімге олардың Кодекстің 169-бабының талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі тұрғысынан қол жеткізуге ниеті бар барлық нарық субъектілеріне қолданылады.
2-тарау. Нарық субъектілері келісімдері жобасының Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігін тексеру туралы өтінішті қарау тәртібі
4. Кодекстің 169-бабына сәйкес жол беріледі деп танылуы мүмкін келісімдерге қол жеткізуге ниеті бар нарық субъектілері (бұдан әрі – нарық субъектілері) құжаттарды электронды нысанда қоса бере отырып, келісім жобасының Кодекстің 169-бабының талаптарына сәйкестігін тексеру туралы өтінішпен (бұдан әрі – өтініш) монополияға қарсы органның ведомствосына және оның аумақтық бөлімшелеріне жүгіне алады.
Өтінішке келісімге қол жеткізуге ниеті бар барлық нарық субъектілері қол қояды.
5. Егер келісім тараптары екі және одан көп облыстың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) аумағында орналасқан, сондай-ақ егер келісім екі және одан көп облыстың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) аумағында орналасқан үшінші тұлғалардың мүдделерін қозғайтын жағдайда, нарық субъектілері өтінішті монополияға қарсы органның ведомствосына береді.
Егер келісім тараптары бір облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумағында орналасқан, сондай-ақ егер келісім бір облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумағында орналасқан үшінші тұлғалардың мүдделерін қозғайтын жағдайда, нарық субъектілері өтінішті монополияға қарсы орган ведомствосының тиісті аумақтық бөлімшесіне береді.
6. Келісім жасауға ниеті бар нарық субъектілері монополияға қарсы органның ведомствосына немесе оның аумақтық бөлімшелеріне:
1) келісім жобасын;
2) келісімнің Кодекстің 169-бабында белгіленген келісімдерге жол беру өлшемшарттарына сәйкестігін негіздейтін:
сатылас келісімдер кезінде әрбір қаралатын тауар нарықтарындағы нарық субъектісінің (субъектілерінің) үлесі туралы;
келісімнің мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты, оның ішінде концессия, кешенді кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг) шарты болып табылатындығы туралы;
Кодекстің 169-бабының 6-тармағында көзделген бақылауды көрсете отырып, келісімге қол жеткізуге ниеті бар нарық субъектілерінің тұлғалар тобы туралы;
келісімнің мұндай келісімдер бәсекелестікті шектеуге немесе жоюға алып келмеген немесе алып келмейтіндігі жөніндегі шарттарын міндетті түрде көрсете отырып, зияткерлiк қызметтiң нәтижелерiне және оларға теңестiрiлген заңды тұлғаны дараландыру құралдарына, тауарларды дараландыру құралдарына айрықша құқықтарды жүзеге асыру туралы келiсiм болып табылатындығы туралы;
Кодекстің 169-бабының 8-тармағында көзделген нарық субъектілеріне салынатын шектеулердің жоқтығы туралы мәліметтерді ұсынады.
7. Нарық субъектілері келісімдерінің жобаларын Кодекстің 169-бабының талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі тұрғысынан қарау кезінде монополияға қарсы органның ведомствосы және (немесе) оның аумақтық бөлімшелері мынадай іс-әрекеттерді жасайды:
1) барлық нарық субъектілерінің келісімге қол жеткізуге ниеті фактісін анықтайды;
2) келісімнің Кодекстің 169-бабында белгіленген келісімдерге жол беру шарттарына сәйкестігін негіздейтін қажетті құжаттардың (мәліметтердің) болу фактісін анықтайды.
8. Осы Қағидалардың 7-тармағында тізбеленген шарттардың бірінің орындалмағаны анықталған жағдайда, өтініш ұсынылмаған деп есептеледі, бұл туралы монополияға қарсы органның ведомствосы және (немесе) оның аумақтық бөлімшесі аталған өтініш келіп түскен күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде нарық субъектілеріне (өтініш берушілерге) хабарлайды.
9. Қаралуы үшін өзге нарық субъектілерінен, лауазымды адамдардан ақпарат алу, жұмыс орнына барып тексеру не тауар нарықтарындағы бәсекелестік жағдайына талдау жүргізу талап етілмейтін нарық субъектілерінің (өтініш берушілердің) өтініші монополияға қарсы органның ведомствосына немесе оның аумақтық бөлімшелеріне келіп түскен күнінен бастап күнтізбелік отыз күнге дейінгі мерзімде қаралады.
10. Қосымша зерделеу немесе тексеру жүргізу, өзге нарық субъектілерінен, лауазымды адамдардан ақпарат алу, жұмыс орнына барып тексеру не тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізу қажет болған жағдайда, нарық субъектілерінің (өтініш берушілердің) өтінішін қарау мерзімі күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімге ұзартылады, бұл туралы нарық субъектілеріне (өтініш берушілерге) ұзарту себептерін көрсете отырып, қарау мерзімі ұзартылған күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде хабарланады.
Өтініш бойынша қарау мерзімін монополияға қарсы орган ведомствосының немесе оның аумақтық бөлімшесінің басшысы немесе басшының орынбасары ұзартады.
11. Өтінішті және оған қоса берілген қажетті құжаттарды қарау нәтижелері бойынша монополияға қарсы органның ведомствосы және (немесе) оның аумақтық бөлімшелері:
1) келісім жобасының Кодекстің 169-бабының талаптарына сәйкестігі туралы;
2) келісім жобасының Кодекстің 169-бабының талаптарына сәйкес еместігі туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
12. Келісім жобасының Кодекстің 169-бабының талаптарына сәйкес еместігі туралы шешім қабылдау үшін:
1) Кодекстің 169-бабына сәйкес келісім жобасына жол беріледі деп тану үшін негіздердің болмауы;
2) нарық субъектілері ұсынған құжаттардағы мәліметтердің анық болмауы негіз болып табылады.
13. Монополияға қарсы органның ведомствосы және (немесе) оның аумақтық бөлімшелері нарық субъектілерін (өтініш берушілерді) қабылданған шешім туралы олардың атына тиісті жауап (хат) жіберу арқылы хабардар етеді.
Келісім жобасының Кодекстің 169-бабының талаптарына сәйкес еместігі туралы шешім қабылданған жағдайда, монополияға қарсы органның ведомствосы және оның аумақтық бөлімшелері жауапта (хатта) сәйкес келмеу себептерін көрсетеді.
Келісім жобасының Кодекстің 169-бабының талаптарына сәйкестігі туралы шешім қабылданған жағдайда, келісімге қатысушы нарық субъектілері келісім жасалған кезден бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, көшірмесін қоса бере отырып қол жеткізілген келісім туралы хабарлама жібереді.
3-тарау. Нарық субъектілерінің келісім жобасының Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы шешімді қайта қарау тәртібі
14. Монополияға қарсы орган ведомствосының және (немесе) оның аумақтық бөлімшелерінің келісім жобасының Кодекстің 169-бабының талаптарына сәйкестігі туралы шешімі, егер мұндай келісімге аталған шешім қабылданған күннен бастап бір жыл ішінде немесе монополияға қарсы органның ведомствосы немесе оның аумақтық бөлімшелері белгілеген мерзім ішінде қол жеткізілмесе, өзінің қолданысын тоқтатады.
15. Монополияға қарсы органның ведомствосы және (немесе) оның аумақтық бөлімшелері өз бастамасы бойынша немесе мүдделі адамның өтініші бойынша келісім жобасының Кодекстің 169-бабының талаптарына сәйкестігі туралы өзінің шешімін, егер:
1) шешім қабылданғаннан кейін үш жыл ішінде аталған шешімді қабылдаудан бас тартуға негіз болуға тиіс мән-жайлар мәлім болған;
2) егер шешім өтініш берген нарық субъектілері (өтініш берушілер) ұсынған, заңсыз шешім қабылдауға әкеп соқтырған анық емес ақпарат негізінде қабылданған;
3) келісімдерге қатысушылардың монополияға қарсы орган ведомствосы немесе оның аумақтық бөлімшелері Кодекстің 196-бабының талаптарына сай келеді деп таныған келісімде көзделген шарттарды, талаптарды және міндеттемелерді орындамаған;
4) келісімді іске асыру бәсекелестікті шектеуге әкеп соққан;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасы, оның ішінде Кодекстің 169-бабында көзделген келісімді жасасуға жол бермеу шарттары өзгерген жағдайда қайта қарайды.
16. Шешімді қайта қарау нәтижелері бойынша монополияға қарсы орган немесе оның аумақтық бөлімшелері:
1) шешімді өзгеріссіз қалдырады;
2) шешімді өзгертеді;
3) шешімнің күшін жояды;
4) жаңа шешім қабылдайды.
17. Монополияға қарсы орган ведомствосы және оның аумақтық бөлімшелері келісім жобасының Кодекстің 169-бабының талаптарына сәйкес еместігі туралы шешім қабылдаған жағдайда, нарық субъектілері (өтініш берушілер) қосымша ақпараттар мен құжаттарды қоса отырып, осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен монополияға қарсы органның ведомствосына және оның аумақтық бөлімшелеріне тиісті шешімді қайта қарау үшін жүгіне немесе монополияға қарсы орган немесе оның аумақтық бөлімшесі қабылдаған келісім жобасының Кодекстің 169-бабының талаптарына сәйкес келмейтіні туралы шешімге сотқа дау айта алады.
4-тарау. Өтінішті қарауды тоқтату және шешімнің күшін жою шарттары
18. Өтінішті қарау:
1) нарық субъектілерінен (өтініш берушілерден) өтінішті кері қайтарып алу туралы хабарламалар келіп түскен;
2) нарық субъектілері (өтініш берушілер) ақпаратты монополияға қарсы органның ведомствосы немесе оның аумақтық бөлімшелері айқындаған мерзімде бермеген, егер мұндай ақпараттың болмауы өтінішті қарауға кедергі келтірген;
3) нарық субъектілері (өтініш берушілер) өтінішті объективті түрде қарауға ықпал ететін анық емес ақпарат берген жағдайларда, тоқтатылуы тиіс.
Монополияға қарсы орган ведомствосының немесе оның аумақтық бөлімшелерінің өтінішті қарауды тоқтату туралы шешімі туралы нарық субъектілеріне (өтініш берушілерге) мұндай шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарланады.
Өтінішті қарау тоқтатылғаннан кейін нарық субъектілері (өтініш берушілер) монополияға қарсы органның ведомствосына немесе оның аумақтық бөлімшелеріне жаңа өтінішпен жүгінуге құқылы.
19. Монополияға қарсы орган ведомствосының немесе оның аумақтық бөлімшелерінің шешімі негізінде келісім жобасының Кодекстің 169-бабының талаптарына сәйкестігі туралы келісім жасасқан нарық субъектілері монополияға қарсы орган ведомствосының немесе оның аумақтық бөлімшесінің келісім жобасының Кодекстің 169-бабының талаптарына сәйкестігі туралы шешімнің күшін жою туралы қабылдаған шешімін (бұдан әрі – күшін жою туралы шешім) алған кезден бастап мұндай келісімдерді тоқтатады.
Күшін жою туралы шешім орындалмаған жағдайда, монополияға қарсы органның ведомствосы және (немесе) оның аумақтық бөлімшелері нарық субъектілерін (өтініш берушілерді) монополияға қарсы орган ведомствосының және (немесе) оның аумақтық бөлімшелерінің аталған шешімін орындауға мәжбүрлеу туралы талап қоюмен сотқа жүгінеді.