Геология және жер қойнауын барлау ұйымдарының басшылары мен мамандары лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 29 тамыздағы № 619 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 22 қыркүйекте № 17407 болып тіркелді

      2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 16-бабының 17) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Геология және жер қойнауын барлау ұйымдарының басшылары мен мамандары лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз тасығыштағы және электрондық нысандағы көшірмелерін Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларына сәйкес іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму министрі
Ж. Қасымбек

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Еңбек және халықты әлеуметтік

      қорғау министрі

      ______________ М. Әбілқасымова

      2018 жылғы "__" ______________

  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің 2018 жылғы
29 қыркүйектегі
№ 619 бұйрығымен бекітілді

Геология және жер қойнауын барлау ұйымдарының басшылары және мамандарының лауазымдарына үлгілік біліктілік сипаттамалары

1-тарау. Басшылардың лауазымдары

1-параграф. Ұйымның бас геологы (геофизик, гидрогеолог)

      Лауазымдық міндеттері: Геологиялық ұйымның геологиялық (геофизикалық, гидрогеологиялық) қызметін басқарады. Жұмыс жүргізілетін аумақтағы жер қойнауының геологиялық (геофизикалық, гидрогеологиялық) құрылымына кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз етеді. Геология ғылымдарының жаңа жетістіктерін және озық тәжірибелерін, нақты жағдайларға үйлестіре пайдалы қазбаларды барлау және іздестірудегі ұтымды әдістерді өндіріске енгізуді ұйымдастырады. Геологиялық барлау (геофизикалық, гидрогеологиялық) жұмыстарының негізгі бағыттарын және перспективалық даму жоспарларын, жылдық және кезеңдік геологиялық міндеттерді, геологиялық жұмыстарды аяқтау жоспарларын әзірлеуді және олар бойынша шығындарды есептен шығаруды басқарады. Геологиялық зерттеулерді жүргізудің әдістемесін таңдауды басқарады және олардың қолданылуын қамтамасыз етеді. Геологиямен байланысты, геологиялық ұйымдар қызметі аумағында орындалатын ғылыми-зерттеу және тақырыптық жұмыстарын үйлестіреді. Геологиялық зерттеулердің барлық түрлерінің экономикалық тиімділігін арттыру бойынша іс-шараларды әзірлейді және енгізеді. Дала және камералды жұмыстарды орындау, жобалау-сметалық құжаттамаларды жасау, кондициялар әзірлеуге материалдар ұсыну, техникалық-экономикалық баяндамалар, пайдалы қазбалар қорын есептеулер, геологиялық (геофизикалық, гидрогеологиялық) зерттеулер нәтижелері туралы есептіліктің орындалу сапасы мен мерзімін бақылауды қамтамасыз етеді. Дала және камералды жұмыстарда еңбекті ұйымдастыруды жетілдіру бойынша шаралар қабылдайды. Тау жыныстарының эталонды коллекция үлгілері, жыныс түрлері және жұмыс аймағының күрделілігі дәрежесінің дұрыс жасалуын бақылайды. Геологиялық материалдарды есепке алу мен сақтауға қойылатын талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді. Геологиялық (геофизикалық, гидрогеологиялық) бейінді мамандардың біліктілігін арттыруды қамтамасыз етеді. Кадрларды іріктеуге, орналастыруға қатысады. Геологиялық бейінді бөлімшелердің жұмысын бағыттайды және үйлестіреді. Жұмысшылардың еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасы, өндірістік санитария және өртке қарсы қорғаныс қағидалары мен нормаларын орындауды қадағалайды. Еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасы, өндірістік санитария және өртке қарсы қорғаныс қағидалары мен нормаларын орындайды. Уақтылы есептілікті қамтамасыз етеді.

      Мыналарды: 1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясын (бұдан әрі – Конституция), 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексін (бұдан әрі – Еңбек кодексі), "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексін (бұдан әрі – "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодексі), "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңын (бұдан әрі – "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заң), "Қазақстан Республикасындағы тiл туралы" 1997 жылғы 11 шiлдедегі Қазақстан Республикасының Заңын (бұдан әрі – "Қазақстан Республикасындағы тiл туралы" Заң) және геологиялық (геофизикалық, гидрогеологиялық) зерттеулер мен жер қойнауын пайдалану және қорғау саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілерді; геологиялық (геофизикалық, гидрогеологиялық) ауданның зерттелімділік деңгейін, минералдық - шикізат қорының жағдайы мен даму перспективасын; ауданның тау-кен өндірісінің даму перспективасын; минералдық шикізатқа қойылатын өндірістің негізгі талаптарын; өндірісті, еңбек және басқаруды ұйымдастыруды; геологиялық (геофизикалық, гидрогеологиялық) барлау жұмыстарының технологиясын және оларды жүргізу сапасына қойылатын талаптарды; геологиялық барлау жұмыстары мен минералдық шикізат экономикасын; геологиялық (геофизикалық, гидрогеологиялық) барлау жұмыстарын жобалау, жоспарлау және қаржыландыру тәртібін; пайдалы қазбалардың қорын есептеу және кенорындарын есепке алу тәртібін; пайдалы қазбалардың қорын есептеумен өндірістік - геологиялық (геофизикалық, гидрогеологиялық) есептерді ұсыну және бекіту тәртібін; геологиялық барлау жабдықтарының түрлері мен оны техникалық пайдалану қағидаларын; геологиялық (геофизикалық, гидрогеологиялық) материалдар мен құжаттарды есепке алу мен сақтау қағидаларын; жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау геологиялық (геофизикалық, гидрогеологиялық) зерттеулер, пайдалану және жұмыстарды жүргізу саласындағы озық отандық және шетелдік тәжірибе, еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасын, өндірістік санитария және өртке қарсы қорғаныс қағидалары мен нормаларын білуі тиіс.

      Біліктілігіне қойылатын талаптар: Жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейінгі) (геологиялық, геофизикалық, гидрогеологиялық) білім және геология және жер қойнауын барлау саласында басшылар мен мамандар лауазымда еңбек өтілі кемінде бес жыл.

2-параграф. Партия бастығы (геологиялық, геофизикалық, гидрогеологиялық)

      Лауазымдық міндеттемелер: Жұмыс жүргізу аумағында жер қойнауын геологиялық (геофизикалық, гидрогеологиялық) зерттеу бойынша партияның өндірістік-шаруашылық (геологиялық, геофизикалық, гидрогеологиялық) қызметін басқаруды жүзеге асырады. Партия геологиялық тапсырмалардың белгіленген мерзімде сапалы орындалуын қамтамасыз етеді, жүргізетін жұмыстардың жоғары тиімділігіне жетуге, өндірістік күштерді барынша пайдалану есебінен олардың өзіндік құнының төмендеуін және еңбек өнімділігін арттыруды, жабдықтарды дұрыс және толық пайдалануды, еңбекті ғылыми ұйымдастыру бойынша іс-шараларды ендіруді, еңбектің озық тәсілдері мен әдістерін таратуды қамтамасыз етеді. Геологиялық тапсырма, объектілер бойынша (кезеңдер бойынша) жоспарлар және жұмыстарды жүргізу кестелерін, зерттеулер жүргізудің әдістері мен бағыттарын таңдау, жобалау - сметалық құжаттамаларын әзірлеу және жасау бойынша жетекшілікті жүзеге асырады. Дала жағдайында жұмыстарды ұйымдастыру, жүргізу және жабу, орындалған жұмыстардың көлемдері мен сапасы бойынша есепті ұйымдастыруды қамтамасыз етеді. Геологиялық құжаттамалардың толық және сапалы болуы, партияның қажетті жабдықтармен, құрал-саймандар, жарақтармен және басқа да материалдық ресурстармен уақтылы қамтамасыз етілуі бойынша жұмыстарды ұйымдастырады. Материалдарды бастапқы өңдеуге және жүргізілген зерттеулер туралы геологиялық (геофизикалық, гидрогеологиялық) есепті жасауға қатысады. Геологиялық құжаттарды есепке алуды жүргізу және сақтау бойынша нұсқаулығы мен қағидаларын, "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінің және 2007 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің (бұдан әрі – Экологиялық кодекс) сақталуын қамтамасыз етеді. Бөлімшелерді білікті кадрлармен қамтамасыз ету, қызметкерлердің тәжірибесі мен білімін барынша пайдалану бойынша шаралар қабылдайды, қызметкерлерді оқытуды және біліктілігін арттыруды ұйымдастырады. Есептерді жасау және есепке құрастыру бойынша жұмыстарды бақылайды және үйлестіреді. Қызметкерлердің еңбекті қорғау, өндірістік санитария және өртке қарсы қорғаныс қағидалары мен нормаларын сақтауын бақылайды.

      Мыналарды: Конституцияны, Еңбек кодексін, "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодексін, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заңын, Қазақстан Республикасындағы тiл туралы" Заңын және геологиялық (геофизикалық, гидрогеологиялық) зерттеулер мен жер қойнауын пайдалану және қорғау саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілерді; геологиялық ұйымдардың геологиялық қызметіне (геофизикалық, гидрогеологиялық) қатысты ұйымдастыру-өкімдік құжаттарды және әдістемелік материалдарды; геологиялық барлау жұмыстарының технологиясын және олардың жүргізілу сапасына қойылатын талаптарды; геологиялық барлау жұмыстары мен минералдық - шикізат экономикасын; өндірісті, еңбекті және басқаруды ұйымдастыру негіздерін; геологиялық барлау жұмыстарын жобалау, жоспарлау және қаржыландыру тәртібін; қолданыстағы еңбекақы және материалдық ынталандыру мен рухани көтермелеу ережелері мен нысаны; геологиялық материалдарды есепке алу және сақтау қағидаларын; озық отандық және шетелдік геология (геофизикалық, гидрогеологиялық) жұмыстарын жүргізу; еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасын, өндірістік санитария және өртке қарсы қорғаныс қағидалары мен нормаларын білуі тиіс.

      Біліктілігіне қойылатын талаптар: Жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейінгі) (геологиялық, техникалық немесе инженерлік-экономикалық) білім және геологиялық барлау ұйымдарда инженерлік-техникалық лауазымында еңбек өтілі кемінде бес жыл.

3-параграф. Отряд (учаске) бастығы (геологиялық, геофизикалық гидрогеологиялық)

      Лауазымдық міндеттемелер: Отрядтың (учаскенің) өндірістік-шаруашылық және геологиялық қызметін басқаруды жүзеге асырады. Жұмыс жүргізетін аумақтағы жер қойнауына геологиялық зерттеу жүргізу жұмыстарына қатысады. Белгіленген мерзімде отрядпен (учаскемен) жоспарланған міндеттердің сапалы орындалуын, құрал - жабдықтарды тиімді қолдану және өндіріс технологиясын қатаң сақтау негізінде еңбек өнімділігін арттыруды, өндірістік шығындарды жұмыс бірлігіне төмендетуді қамтамасыз етеді. Жұмыстарды жүргізу әдістемесін таңдауға, перспективалы жоспарларды, геологиялық тапсырмаларды, жобалау – сметалық құжаттамаларын әзірлеуге, орындалған жұмыстарды қабылдап алу актісін құрастыруға қатысады. Дала жағдайында жұмыстарды ұйымдастыруды, жүргізуді және жабуды, кадрларды біліктілігіне сай ұтымды орналастыруды және пайдалануды қамтамасыз етеді. Құрал-жабдықтар мен аспаптардың толық жүктелуін және дұрыс пайдаланылуын, материалдық құндылықтарды есепке алу және сақтауды, сондай-ақ геологиялық құжаттамаларды сақтау қағидаларының сақталуын қамтамасыз етеді. Бекітілген жұмыс жоспарларына сәйкес өндірістік тапсырмаларды жеке орындаушылар және бригадаларға белгілейді, олардың орындалуын қадағалайды. Дала жұмыстарының жүргізілуін, дала материалдарын өңдеуді, жүргізілген зерттеулер туралы геологиялық есеп жазуды ұйымдастырады. Еңбекке ақы төлеу және нормалау бойынша, орындалған жұмыстардың көлемі мен сапасын тіркеу бойынша бастапқы құжаттардың уақтылы және дұрыс ресімделуін қамтамасыз етеді. Еңбекті ғылыми ұйымдастыру, жаңа техника, озық технология және еңбекті нормалауды жетілдіруді енгізу бойынша шараларды қабылдайды. Отряд (учаске) қызметі туралы еңбекке ақы төлеу құжаттары, материалдық құндылықтардың есептен шығарылуы, сонымен бірге белгіленген есептілік және басқа жедел мәліметтерді ұсынады. Отрядтың (учаскенің) қажетті жабдықтар, құрал-саймандар, жарақтар және басқа да материалдық ресурстармен уақтылы қамтамасыз етілуін бақылауды жүзеге асырады. Қол астындағы қызметкерлердің жұмыстан босатылуы, ауыстырылуы және тағайындалуы туралы, отряд (учаске) қызметкерлерін материалдық және моральдық көтермелеулер туралы, сондай-ақ тәртіптік ықпал ету шаралары туралы ұсыныстарды береді. Қызметкерлердің өндіріс және еңбек тәртіптерін, еңбек және қауіпсіздік техникасының, өндірістік санитария мен өртке қарсы қорғанудың қағидалары мен нормаларын, жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау туралы заңнамалардың сақталуын қамтамасыз етеді.

      Мыналарды: Конституцияны, Еңбек кодексін, "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодексін, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заңын, Қазақстан Республикасындағы тiл туралы" Заңын және геологиялық (геофизикалық, гидрогеологиялық) зерттеулер мен жер қойнауын пайдалану және қорғау саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілерді; геологиялық барлау жұмыстарының технологиясын және оларды жүргізу сапасына қойылатын талаптарды; қолданылатын геологиялық барлау жабдықтарын, аппаратураларды және оларды пайдаланудың техникалық ережелерін; минералдық - шикізат және геологиялық барлау жұмыстары экономикасының негіздерін; өндірісті, еңбек және басқаруды ұйымдастыруды; геологиялық барлау жұмыстарын жоспарлау, жобалау және қаржыландыру тәртібін; қолданыстағы еңбекке ақы төлеу, материалдық ынталандыру және рухани көтермелеу нысаны туралы ережелерді; геологиялық материалдарды есепке алу және сақтау ережелерін; еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасы, өндірістік санитария мен өртке қарсы қорғаныс қағидалары мен нормаларын білуі тиіс.

      Біліктілігіне қойылатын талаптар: Жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейінгі) (геологиялық немесе техникалық) білім және геологиялық барлау ұйымдарда инженер-техник лауазымында еңбек өтілі кемінде үш жыл.

4-параграф. Бұрғылау шебері

      Лауазымдық міндеттері: Ұңғымаларды бұрғылау бойынша бригада жұмысына басшылықты жүзеге асырады және оның нәтижесіне жауап береді. Геологиялық-техникалық нарядтың, режимдік-технологиялық карталардың және бұрғылау жұмыстарының жоспар-кестесі талаптарының орындалуын ұйымдастырады және бақылайды. Ұңғымалардың геофизикалық зерттеулер өндірісіне: қисаюды өлшеуге, гидрогеологиялық су тартуға, құюлар және бақылау өлшеулеріне дайындығын ұйымдастырады. Еңбек өнімділігін арттыруға, жұмыс өндірісінің жағдайын жақсартуға, өндірістік жарақаттарды тудыратын себептерді жоюға бағытталған техникалық-ұйымдастырушылық іс-шараларды әзірлеуді қамтамасыз етеді. Бұрғылау технологиясының талаптарына сәйкес бұрғылау аспаптарын, жабдықтар мен материалдарды қамтамасыз ету бойынша шараларды қабылдайды. Жабдықтарды тиімді пайдалануды, материалдардың үнемді жұмсалуын, бұрғылаудың өзіндік құнының төмендеуін қамтамасыз етеді. Бригадамен орындалған жұмыс көлемдерін және нақты өтелген уақыттың есебін жүргізеді. Жұмыс орнында ұңғымаларды бұрғылау, кедергілерді және апаттарды алдын алу және жою бойынша ең қиын және жауапты жұмыстарды орындайды. Авария себептерін талдайды және оларды жою шараларын қабылдайды. Ең жаңа техникалық құралдарды енгізу негізінде өндірісті, еңбекті және басқаруды ұйымдастыруды, ұңғымаларды бұрғылаудың оңтайлы режимдерін, қиын ауқымды үдерістерді механикаландыру мен автоматтандыруды жетілдіру бойынша шаралар қабылдайды. Ұңғымаларды жою, бұрғылау станогын және құрал-жабдықтарын тасымалдау, бұрғылау жұмыстарынан кейінгі алаңдарды қалпына келтіру бойынша жұмыстардың орындалуын ұйымдастырады. Бұрғылау аспабының және жабдықтардың жұмысы туралы белгіленген құжаттаманы, материалдық құндылықтарды есепке алуды жүргізеді, олардың сақталуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолданады. Жұмысшылар мен мамандарды оқытуды және біліктілігін арттыруды ұйымдастырды. Жұмысшыларға өндірістік нұсқау береді. Өндіріс және еңбек тәртібін, еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасының, өндірістік санитария және өртке қарсы қорғаныс қағидалары мен нормаларының, жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау туралы заңның сақталуын қамтамасыз етеді.

      Мыналарды: Конституцияны, Еңбек кодексін, "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодексін, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заңын, Қазақстан Республикасындағы тiл туралы" Заңын және геологиялық (геофизикалық, гидрогеологиялық) зерттеулер мен жер қойнауын пайдалану және қорғау саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілерді; бұрғылау жұмыстарының әдістері мен технологиясын; бұрғылау жабдықтары, аспаптары техникалық сипаттамасын, оларды пайдалану және жөндеу қағидаларын; геологиялық және техникалық кедергілердің пайда болуының себептерін, оларды алдын алу және жою әдістерін; құжаттамаларды рәсімдеу ережелерін; техникалық нормалау, бригада және мердігер шаруашылық есебі әдістерін; жұмыстарға арналған нормалар мен бағаны, оларды қайта қарау тәртібін; бұрғылау кезінде пайдаланылатын материалдарды және оларды сақтау қағидаларын; қолданыстағы еңбекақы және материалдық ынталандыру нысаны туралы ережелерді; еңбекті, өндірісті және басқаруды ұйымдастыру негізін; еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасын, өндірістік санитария және өртке қарсы қорғаныс қағидалары мен нормаларын білуі тиіс.

      Біліктілігіне қойылатын талаптар: Жоғары (жоғары оқу орнынан кейінгі) (техникалық) білім, еңбек өтіліне талаптар қойылмайды немесе техникалық және кәсіби (орта арнайы, орта кәсіби) (техникалық) білімі мен ұңғыма бұрғылау жұмысындағы еңбек өтілі кемінде үш жыл.

5-параграф. Кен шебері

      Лауазымдық міндеттер: Жер астын қазу және ашық кендерді өндіру кезінде кен қазу бригадасы жұмысына басшылық жасайды. Кен–қазу бригадасымен тау кен - барлау жұмыстарының жоспар-кестесін, үлгілеу жобаларын, циклды жұмыстардың технологияларын және кестелерін, жұмыс сапасына техникалық және геологиялық талаптарын жүзеге асырады және орындалуын бақылайды. Кен қазбасының өндірістік процесін басқаруды жүзеге асырады. Еңбек өнімділігін арттыруға, жұмыс өндірісінің жағдайын жақсартуға, өндірістік жарақаттарды тудыратын себептерді жоюға бағытталған техникалық-ұйымдастырушылық іс-шараларды әзірлеуді қамтамасыз етеді. Кен жұмыстары технологиясы талаптарына сәйкес аспаптарды, жабдықтарды және материалдарды қамтамасыз ету бойынша шараларды қабылдайды. Еңбек өнімділігін арттыруға, кен-үлгілеу жұмыстарының жағдайын жақсартуға, және кен қазылымдарының озық техникасын, технологиясын енгізуге бағытталған іс-шараларды әзірлеуге және жүзеге асыруға қатысады. Бригадамен орындалған жұмыс көлемдерін және нақты өтелген уақыттың есебін жүргізеді. Жаңа жұмыс учаскелерін, салу және жабық өңдеулерге кен-қазу бригадасымен қайта орналастыруды ұйымдастырады. Жөндеу жұмыстарын, техникалық қызмет көрсетуді, жабдықтарды қарау және басқа да техникалық құралдарды қарауды ұйымдастырады және бақылайды. Геологиялық ұйымдардың қолданыстағы қағидаларын, нұсқаулықтарын, басқа да нормативтік құжаттарының және нормаларының орындалуын ұйымдастырады. Жабдықтардың жұмысы туралы белгіленген құжаттамаларды, материалдық құндылықтарды есепке алуды жүргізеді, олардың сақталуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолданады. Жұмысшылар мен мамандарды оқытуды және біліктілігін арттыруды ұйымдастырады. Жұмысшыларға өндірістік нұсқау береді. Өндіріс және еңбек тәртібін, еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасын, өндірістік санитария және өртке қарсы қорғаныс қағидалары мен нормаларын, "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодексінің және Экологиялық кодексінің сақталуын қамтамасыз етеді.

      Мыналарды: Конституцияны, Еңбек кодексін, "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодексін, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заңын, Қазақстан Республикасындағы тiл туралы" Заңын және жер қойнауы мен қоршаған ортаны геологиялық (геофизикалық, гидрогеологиялық) зерттеу, пайдалану және қорғау саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілерді; тау-кен жұмыстарының әдістемелерін және технологиясын; тау-кен жұмыстарын жүргізудің тау-кен – геологиялық жағдайларын, мақсатын және ерекшелігін; тау-кен қазбаларының мақсаты мен конструкциясын; өнеркәсіп үдерістерін ұйымдастыруды және тау-кен қазбаларын жүргізу технологиясын; сынама алуға және тау-кен жұмыстарының сапасына қойылатын техникалық және геологиялық талаптарын; жабдықтар мен құралдардың түрлерін, техникалық сипаттамасын және оларды пайдалану қағидаларын; тау-кен қазбалардағы геологиялық асқыну, техникалық-технологиялық бұзушылық және авариялардың пайда болу себептерін және жағдайын және оларды алдын-алу және жою жолдарын; тау-кен қазбаларын жүргізгенде қолданылатын материалдары. Оларды пайдалану және сақтау қағидаларын; өнеркәсіп құжаттамаларды және есептерді рәсімдеу және жүргізу тәртібі мен қағидаралын; қолданыстағы еңбекақы және материалдық ынталандыру нысаны туралы ережелерді; еңбекті, өндірісті және басқаруды ұйымдастыру негізін; еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасын, өндірістік санитария және өртке қарсы қорғаныс қағидалары мен нормаларын білуі тиіс.

      Біліктілігіне қойылатын талаптар: Жоғары (жоғары оқу орнынан кейінгі) (техникалық) білім, еңбек өтіліне талаптар қойылмайды немесе техникалық және кәсіби (орта арнайы, орта кәсіби) (техникалық) білімі және кен қазу жұмысындағы еңбек өтілі кемінде үш жыл.

2-тарау. Мамандардың лауазымдары

1-параграф. Геолог

      Лауазымдық міндеттер: Зерттелетін ауданның металлогениясы және геологиясы бойынша нақты материалдарды жинау арқылы әр түрлі әдістермен дала жұмыстарын орындайды. Өндірістің перспективалық және ағымдағы жоспарларын, жобалау – сметалық құжаттамасын, геологиялық тапсырма мен оның кезеңдерін әзірлеу, дала жұмыстарын ұйымдастыру және жабу бойынша жұмыстарды жүргізеді. Геологиялық құжаттамалардың деректерін талдайды, жүйелендіреді, қорытындылайды, зерттелетін жұмыстар ауданының геологиялық құрылымын сипаттайтын (схемалар, карталар, қималар, жоспарлар, диаграммалар) графикалық материалдарды құрастырады, геологиялық жұмыстардың нәтижелері жөніндегі есептерді және басқа да жиынтық құжаттарды (техникалық-экономикалық баяндамалар, кондициялар жобалары және де басқалар) құрастырады. Геологиялық жұмыстарды жүргізу бойынша әдістемелік ережелердің, нұсқаулар мен талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді және қадағалайды, оларды жетілдірудің негізделген ұсыныстарын дайындайды. Өнеркәсіптік жағдайларда шикізатқа технологиялық зерттеулер жүргізуге геологиялық қадағалауды жүзеге асырады. Әдістемелік-тәжірибелік және тақырыптық жұмыстарды орындауға, пайдалы қазбалар қорын есептеуге, жаңа техникалық құралдарды, технологияларды және еңбекті ғылыми ұйымдастыруды игеруге қатысады. Тау жыныстары үлгілерінің эталонды коллекцияларын құрастырады, тау жыныстары санаттарын олардың технологиялық өзіндік ерекшеліктері бойынша (бұрғыланғыштық, мықтылық, қопсушылық және басқа) және жұмыс ауданындағы еңбектің күрделілік санатын анықтайды. Зерттелетін жұмыстар ауданының геологиясы жөніндегі геологиялық қордың материалдарын қорытындылайды. Геологиялық жұмыстарды жүргізу кезінде жерді пайдалануға құжаттарды ресімдеуге және алуға қатысады. Геологиялық материалдарды есепке алу және сақтау ережелерінің, қоршаған ортаны қорғау және жер қойнауы туралы заңдардың сақталуын бақылауды жүзеге асырады. Геологиялық барлау жұмыстарында қауіпсіздік техникасын, өндірістік санитария мен өртке қарсы қорғаныс, еңбекті қорғау қағидалары мен ережелерінің сақталуын қамтамасыз етеді.

      Мыналарды: Конституцияны, Еңбек кодексін, "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодексін, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заңын, Қазақстан Республикасындағы тiл туралы" Заңын және геологиялық (геофизикалық, гидрогеологиялық) зерттеулер мен жер қойнауын пайдалану және қорғау саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілерді; жұмыс ауданының (кенорнының, учаскенің) геологиясы туралы қазіргі заманғы көзқарасты және геологиялық зерттелуін, геологиялық ұйым қызметінің сипатын; зерттелетін пайдалы қазбалардың түріне өнеркәсіптің талаптарын; минералдық шикізаттың және геологиялық барлау жұмыстарының экономикасын; геологиялық барлау жұмыстарын жобалау, жоспарлау және қаржыландыру тәртібін; еңбекті, өндірісті және басқаруды ұйымдастыруды; геологиялық барлау жұмыстарын жүргізудің технологиясын және олардың жүргізілу сапасына қойылатын талаптарды; зерттелетін пайдалы қазбалар түрлерін сынамалау және қорды есептеу әдістемелерін; пайдалы қазбаларды және тау жыныстарын зерттеу әдістерін; геологиялық материалдарды есепке алу және сақтау қағидаларын; қолданылатын геологиялық жабдықтардың, құралдардың, аппаратуралардың түрлерін және оларды пайдалану техникасы және метрологиялық қамтамасыз ету қағидаларын; геологиялық зерттеулерді жүргізудің озат отандық және шетелдік тәжірибесін; геологиялық құжаттауды ресімдеу қағидаларын; геологиялық материалдарды өңдеуде техниканы қолдану нұсқауларын және ережелерін; еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасы, өндірістік санитария және өртке қарсы қорғаныс қағидалары мен нормаларын білуі тиіс.

      Біліктілігіне қойылатын талаптар:

      бірінші санатты геолог: жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейінгі) (геологиялық) білім және екінші санатты геолог қызметінде еңбек өтілі кемінде үш жыл;

      екінші санатты геолог: жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейінгі) (геологиялық) білім және санаты жоқ геолог қызметінде еңбек өтілі кемінде үш жыл;

      санаты жоқ геолог: жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейінгі) (геологиялық) білім, еңбек өтіліне талаптар қойылмайды немесе кәсіби-техникалық (орта арнайы, орта кәсіби) (геологиялық) білім және бірінші-санаттағы техник-геолог лауазымында еңбек өтілі кемінде үш жыл.

2-параграф. Геофизик

      Лауазымдық міндеттемелер: Зерттелетін ауданның геологиясы туралы геофизикалық деректер алу бойынша алдыңғы зерттеулерде алынатын және жүргізілген жұмыс барысында алынған барлық геофизикалық материалдардың геологиялық түсіндірмесінің толық пайдаланылуын қамтамасыз ете отырып, дала жұмыстарын жүзеге асырады. Геофизикалық жұмыстар объектілері бойынша геологиялық тапсырмаларды әзірлеуге, өндірістің ағымдағы және перспективалы жоспарларын, жобалық-сметалық құжаттамасын құрастыруға, әдістемелік-тәжірибелік және тақырыптық жұмыстарды, жаңа геофизикалық аппаратураларды сынақтан өткізу мен ендіруге, дала жұмыстарын ұйымдастыру және жабуға қатысады. Дала жұмыстарының құжаттамаларын жүргізеді, оны талдайды және жүйелейді, жүргізілген геофизикалық жұмыстар туралы есептер құрастырады. Геофизикалық жұмыстар өндірісі жөніндегі талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді және бақылайды. Геофизикалық деректерді өңдеуге және жұмыс жүргізуге барынша жетілдірілген әдістерді қолдануды, еңбекті ғылыми түрде ұйымдастыруды, геофизикалық зерттеулердің тиімділігін арттыру бойынша іс-шараларды енгізеді. Геофизикалық материалдарды есепке алу және сақтау қағидаларын, геофизикалық бригадалардың өнім өндіру нормасын бақылайды. Біліктілікті арттыру және тәжірибе алмасу жұмыстарын жүзеге асырады. Еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасын, өндірістік санитария мен өртке қарсы қорғаныс қағидалары мен нормаларын сақтауды қамтамасыз етеді. Геофизикалық жұмыстарға тартылған техниктер-геофизиктер мен басқа да орындаушылардың жұмысына басшылық етеді.

      Мыналарды: Конституцияны, Еңбек кодексін, "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодексін, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заңын, Қазақстан Республикасындағы тiл туралы" Заңын және геологиялық, геофизикалық, гидрогеологиялық зерттеулер мен жер қойнауын пайдалану және қорғау саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілерді; жұмыс ауданының геологиясы туралы қазіргі заманғы мәліметтерді, геофизикалық және геологиялық зерттелімділігін; зерттелетін минералдық шикізат түріне өнеркәсіптің талаптарын; геофизикалық жұмыстарды жүргізудің технологиясын және оларды жүргізу сапасына қойылатын талаптарды; қолданылатын аппаратураны және оның техникалық пайдалану ережесін; геофизикалық материалдарды есепке алу және сақтау қағидаларын; минералдық шикізаттың және геологиялық барлау жұмыстарының экономикасын; жалпы және құрылымдық геологияның негіздері, геологиялық барлау жұмыстарының түрлері мен тәсілдері, сондай-ақ техниканың және олардың өндіріс технологияларының негізгі параметрлері; геофизикалық жұмыстарды жобалау, жоспарлау, қаржыландыру және ұйымдастыруды; техникалық нормалау және шаруашылықты есептеу әдістерін; еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасын, өндірістік санитария және өртке қарсы қорғаныс қағидалары мен нормаларын білуі тиіс.

      Біліктілігіне қойылатын талаптар:

      бірінші санатты геофизик: жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейінгі) (геологиялық) білім және екінші санатты геофизик лауазымында еңбек өтілі кемінде үш жыл;

      екінші санатты геофизик: жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейінгі) (геологиялық) білім және санаты жоқ геофизик лауазымында еңбек өтілі кемінде үш жыл;

      санаты жоқ геофизик: жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейінгі) (геологиялық,) білім, еңбек өтіліне талаптар қойылмайды немесе кәсіби-техникалық (орта кәсіби, орта білімді) геофизик бірінші санатты техник-геофизик лауазымында еңбек өтілі кемінде үш жыл.

3-параграф. Гидрогеолог

      Лауазымдық міндеттемелер: Партия немесе отрядта бағдарламалар бойынша және жобалық-сметалық құжаттамасында көзделген көлемде гидрогеологиялық және инженерлік-геологиялық жұмыстар кешенін орындайды. Нақты материалдарды жинау бойынша дала жұмыстарын жүргізеді, сондай-ақ тақырыптық және камералдық жұмыстарды жүргізуге қатысады. Гидрогеологиялық құжаттамаларды жүргізеді, дала жұмыстарының нәтижелерін өңдейді, талдайды және жүйелейді. Жұмыс жобаларын, ағымдағы перспективалық жоспарларды, жобалық-сметалық құжаттамаларын негіздеу үшін материалдарды, гидрогеологиялық және инженерлік-геология мәселелері бойынша қорытындыларды дайындауды қамтамасыз етеді. Режимдік бақылау ұңғымалары торында, қолданыстағы сутартқыштарда, жерасты суларын барлау және іздестіру кезінде, ұңғымадан дара және түптік су тартуда, зертханалық зерттеулер үшін судың және топырақтың сынамаларын іріктеп алуда гидрогеологиялық бақылау жүргізуді ұйымдастырады және жүзеге асырады, алынған нәтижелерді өңдейді. Гидрогеологиялық ұңғыма конструкциясын таңдап алады, олардың орнын белгілеуге және су көтергіш құралдармен жабдықтауға қатысады. Пайдалану ұңғымалары мен сутартқыштарды тексереді. Зерттеуге белгіленген ауданға немесе оның жекелеген учаскелерін алдын ала тексеру, экзогендік геологиялық процестеріне бақылау жұмыстарын жүргізеді. Электрондық және қағаз тасығыштарда (схемалар, диаграммалар, ұңғыма кесіктері және тағы басқалар) зерттелетін ауданның гидрогеологиялық және инженерлік-геологиялық, геологиялық құрылымын сипаттайтын графикалық материалдарды құрастырады. Тәжірибелік-әдістемелік және тақырыптық жұмыстарды орындауды, еңбекті ғылыми ұйымдастырудың технологияларына жаңа техникаларды енгізуді, дала жұмыстарын ұйымдастыруды және жабуды қамтамасыз етеді. Гидрогеологиялық зерттеулер материалдарын есепке алу және сақтау қағидаларын, қоршаған ортаны қорғау және жер қойнауы туралы заңнамаларды, гидрогеологиялық жұмыстардағы қауіпсіздік техникасын, өндірістік санитария және өртке қарсы қорғаныс, еңбекті қорғау қағидалары мен нормаларының сақталуын бақылауды жүзеге асырады. Кадрлар, гидрогеологиялық және инженерлік-геологиялық жұмыстардағы техник-гидрогеологтар және басқа орындаушылардың біліктілігін арттыру және тәжірибе алмасу жұмыстарын жүргізеді.

      Мыналарды: Конституцияны, Еңбек кодексін, "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодексін, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заңын, Қазақстан Республикасындағы тiл туралы" Заңын және геологиялық (геофизикалық, гидрогеологиялық) зерттеулер мен жер қойнауын пайдалану және қорғау саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілерді; геология, гидрогеология және инженерлік геология саласындағы халықаралық тәжірибені; зерттелетін ауданның орналасуы және оның зерттелу деңгейін; геологиялық ұйым қызметінің сипатын; гидрогеологиялық және инженерлік-геологиялық жұмыстардың жүргізілу технологиясы мен әдісін; жұмыс сапасына және орындау тәртібіне қойылатын талаптарды; жерасты сулары қорын есептеуді жүргізу әдісін; қолданылатын геологиялық барлау жабдықтарының, аспаптардың, аппаратуралардың түрлерін және оларды пайдаланудың техникалық қағидаларын; гидрогеологиялық және инженерлік-геологиялық есепті құжаттамаларды электрондық және қағаз тасығыштарда ресімдеу қағидаларын; минералдық шикізат және геологиялық барлау жұмыстарының экономикасын; жұмыстарды жобалауды, жоспарлауды, қаржыландыруды және ұйымдастыруды; еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасын, өндірістік санитария және өртке қарсы қорғаныс қағидалары мен нормаларын білуі тиіс.

      Біліктілігіне қойылатын талаптар:

      бірінші санатты гидрогеолог: жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейінгі) (геологиялық) білім және екінші санатты гидрогеолог лауазымында еңбек өтілі кемінде үш жыл;

      екінші санатты гидрогеолог: жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейінгі) (геологиялық) білім және санаты жоқ гидрогеолог лауазымында еңбек өтілі кемінде үш жыл;

      санаты жоқ гидрогеолог: жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейінгі) (геологиялық) білім, еңбек өтіліне талап қойылмайды немесе кәсіби-техникалық (орта кәсіби, орта білімді) геологиялық бірінші санатты техник-гидрогеолог қызметінде еңбек өтілі кемінде үш жыл.

4-параграф. Бұрғылау жұмыстары бойынша инженері

      Лауазымдық міндеттемелер: Ұңғымаларды бұрғылау технологиясын және режимдерін әзірлейді. Ұңғымаларды бұрғылаудың режимдік-технологиялық карталары мен жедел кестесін құрастырады және жұмыс кезінде оларды қолдануды қамтамасыз етеді. Бұрғылау технологиясына және режимдеріне түзету жүргізеді және техникалық құжаттамасын дайындайды. Жобалық-сметалық құжаттамасының өндірістік-техникалық бөлімін, өндірістің перспективалық және жылдық жоспарларын әзірлеу бойынша жұмыстарды, бұрғылау жұмыстарының тиімділігін арттыру, оның құнының төмендеуі және еңбек өнімділігін арттыру бойынша іс-шараларды жүргізеді. Бұрғылау бригадаларын материалдық-техникалық жабдықтау бойынша ұйымдастыру жұмыстарын қамтамасыз етеді. Бұрғылау бригадаларының жұмыс уақытын тиімді пайдалану, бұрғылау кезінде ақаулар мен авариялардың алдын алу бойынша іс-шараларды дайындайды. Ұңғымаларды бұрғылау бойынша отандық және шетелдік озық тәжірибелерді зерттейді, жинақтайды және таратады. Жаңа техника және технологияларды игеру және оларды өндіріске енгізу бойынша, оңтайландыру және өнертапқыштық жұмыстар бойынша эксперименталды-тәжірибелік жұмыстарды жүргізуге қатысады. Бұрғылау аспабының және құрал-жабдықтардың жұмыстары туралы деректерді өңдейді, жинақтайды және талдайды. Бригадалардың технологиялық тәртіпті, жабдықтарды пайдалану ережелерін, материалдардың шығын нормасын, қауіпсіздік техникасының, еңбекті қорғау, өндірістік санитария және өртке қарсы қорғаныс қағидаларын сақтауын бақылайды. Жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау шараларын қабылдайды. Бұрғылау жабдықтарын жөндеу кестесін құрастырады және олардың орындалуын қамтамасыз етеді. Белгіленген есепті және есептілікті жүргізеді. Типтік жобалар негізінде бұрғылау бригадаларында еңбекті ғылыми ұйымдастыруды енгізуді қамтамасыз етеді. Бұрғылау бригадалары жұмысшыларының біліктілігін арттыруға қатысады.

      Мыналарды: Конституцияны, Еңбек кодексін, "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодексін, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заңын, Қазақстан Республикасындағы тiл туралы" Заңын және геологиялық (геофизикалық, гидрогеологиялық) зерттеулер мен жер қойнауын пайдалану және қорғау саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілерді; зерттелмек жұмыс ауданының геологиясы туралы жалпы мәліметтерді; бұрғылау, бекіту, ұңғымаларды сынамалау және мұнара құрылысы технологиясын; бұрғылау жабдықтарды, аспаптар және оларды техникалық пайдалану ережелерін; ұңғымалардағы кедергілердің, апаттардың және техникалық олқылықтардың пайда болуының себептері мен жағдайларын, оларды алдын алудың және жоюдың тәсілдерін, сонымен қатар құжаттамаларды рәсімдеу тәртібін; ұңғымаларды бұрғылау техникасы мен технологиясы саласындағы отандық және шетелдік тәжірибені; минералдық шикізат және геологиялық барлау жұмыстарының негізін, еңбекті, өндіріс және техникалық нормалауды ұйымдастыруды, еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасын, өндірістік санитария және өртке қарсы қорғаныс қағидалары мен нормаларын білуі тиіс.

      Біліктілігіне қойылатын талаптар:

      бірінші санатты бұрғылау жұмыстары бойынша инженері: жоғары (техникалық) білімі немесе орта кәсіби (техникалық) білімі және екінші санатты бұрғылау жұмыстары бойынша бұрғылау инженері лауазымында еңбек өтілі кемінде үш жыл;

      екінші санатты бұрғылау жұмыстары бойынша инженері: жоғары техникалық білімі және санаты жоқ бұрғылау жұмыстары бойынша бұрғылау инженері лауазымында еңбек өтілі кемінде үш жыл;

      санаты жоқ бұрғылау жұмыстары бойынша инженері: жоғары техникалық білімі, еңбек өтіліне талап қойылмайды немесе техникалық және кәсіби (орта білімді, орта кәсіби) білімі мамандығы бойынша және бірінші санаттағы техник лауазымы бойынша еңбек өтілі кемінде үш жыл.

5-параграф. Техник-геолог

      Лауазымдық міндеттер: Геологтың жетекшілік етуімен учаскенің (объектінің, кенорнының) геологиясын зерттеу бойынша жұмыстардың жекелеген түрлерін орындайды. Геология және дала материалдарының камералдық өңдеу бойынша тәжірибелік-әдістемелік, тақырыптық жұмыстардың орындалуын жүзеге асырады. Бақылау объектілеріне өлшеулер және сипаттама, тау жыныстарының үлгілерін, кернді және сынаманың барлық түрлеріне іріктеу жүргізеді, сынамаларды ресімдейді және талдауға жібереді. Бастапқы геологиялық құжаттаманы жүргізеді және оны өңдеуді, есепке алу мен сақталуын жүзеге асырады. Жүргізілген жұмыстардың сипаттамасын, қажетті өзгешіліктер, диаграммалар, таблицалар, графикалар және басқа техникалық құжаттамаларды құрастырады. Жоспарлы және есептілік құжаттамасын ресімдеу бойынша жұмысты орындайды, техникалық құжаттамаға қажетті өзгерістер мен түзетулер енгізеді. Геологиялық тапсырманың орындалу барысы және геологиялық материалдарды камералды өңдеу туралы шұғыл ақпарат дайындауға қатысады. Дала жұмыстарын ұйымдастыруға және жоюға, қажетті аспаптарды, саймандар мен дала жабдықтарын алу және сақтау үшін тапсыруға қатысады. Өзінің практикалық қызметінде пайдалану мақсатында геологиялық зерттеулер жүргізудің озық тәжірибесін зерттейді. Жұмысшылардың жұмыс сапасына, еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасын, өндірістік санитария және өртке қарсы қорғаныс қағидалары мен нормаларын сақтауын қамтамасыз етеді.

      Мыналарды: Конституцияны, Еңбек кодексін, "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодексін, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заңын, Қазақстан Республикасындағы тiл туралы" Заңын және жер қойнауын геологиялық (геофизикалық, гидрогеологиялық) зерттеу, пайдалану және қорғау саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілерді; зерттелмек жұмыс (аудан) объектісінің геология туралы мәліметтерді; геологиялық барлау жұмыстары мен геологиялық материалдардың сапасына қойылатын талаптарды; қолданылатын жабдықтарды, аппаратураларды, аспаптарды пайдалану қағидасын; геологиялық барлау жұмыстарының технологиясын, және оларды жүргізудегі әдістемелік пен нормативтік құжаттарды; жұмыстардың сапасына қойылатын талаптарды; таужыныстарының үлгілерін және сынамалардың барлық түрлерін іріктеу, есепке алу мен сақтау қағидасын, еден материалдарын өңдеу тәртібі мен әдістерін, сондай-ақ геологиялық құжаттаманы; минералдық шикізат және геологиялық барлау жұмыстары экономикасының, өндірісті, еңбек және басқаруды ұйымдастыруды; еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасы, өндірістік санитария және өртке қарсы қорғаныс қағидалары мен нормаларын білуі тиіс.

      Біліктілігіне қойылатын талаптар:

      бірінші санатты техник-геолог: бейіні бойынша техникалық және кәсіби (арнайы орта, орта кәсіптік) білімі және екінші санатты техник-геолог лауазымында еңбек өтілі кемінде екі жыл;

      екінші санатты техник-геолог: бейіні бойынша техникалық және кәсіби (арнайы орта, орта кәсіптік) білімі және санаты жоқ техник-геолог лауазымында еңбек өтілі кемінде екі жыл;

      санаты жоқ техник-геолог: бейіні бойынша техникалық және кәсіби (арнайы орта, орта кәсіптік) білімі, еңбек өтіліне талаптар қойылмайды.

6-параграф. Техник-геофизик

      Лауазымдық міндеттер: Геофизиктің жетекшілік етуімен далалық геофизикалық зерттеулер және геофизикалық материалдарды камералдық өңдеу бойынша жұмыстарды орындайды. Геофизикалық бақылау деректерінің тіркелу нәтижелерін белгілейді және ресімдейді, құралдарды дайындау және орнатуды жүзеге асырады. Геофизикалық бақылау нәтижелерінің және оларға ілеспе құжаттамалардың есепке алынуын, ресімделуін және сақталуын қамтамасыз етеді. Геофизикалық деректерді өңдеу және түсіндіру, геофизикалық зерттеулердің нәтижелері бойынша жобалық құжаттамаларды және есептерді жасау кезінде техникалық жұмыстарды атқарады. Дала жұмыстарын ұйымдастыруға және жоюға, қажетті аспаптарды, саймандар мен дала жабдықтарын алу және сақтау үшін тапсыруға қатысады. Өзінің практикалық қызметінде пайдалану мақсатында геофизикалық зерттеулер жүргізудің озық тәжірибесін зерттейді. Жұмысшылардың жұмыс сапасына, еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасын, өндірістік санитария және өртке қарсы қорғаныс қағидалары мен нормаларына қойылатын талаптарды сақтауын қамтамасыз етеді. Белгіленген есептілік құжаттамасын жасайды және ұсынады.

      Мыналарды: Конституцияны, Еңбек кодексін, "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодексін, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заңын, Қазақстан Республикасындағы тiл туралы" Заңын және геологиялық (геофизикалық, гидрогеологиялық) зерттеулер мен жер қойнауын пайдалану және қорғау саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілерді; зерттелмек жұмыс (объекті) ауданының геологиясы туралы мәліметтерді; қолданылатын геологиялық жабдықтарды, аспаптарды, аппаратураларды және оларды техникалық пайдалану қағидаларын; геофизикалық әдістердің теориялық негіздерін, олардың жүргізілуі бойынша әдістемелік және нормативтік құжаттарды; тіркелетін материалдарды есепке алу және сақтау қағидаларын; еңбекті, өндірісті және басқаруды ұйымдастыру негізін; еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасы, өндірістік санитария және өртке қарсы қорғаныс қағидалары мен нормаларын білуі тиіс.

      Біліктілігіне қойылатын талаптар:

      бірінші санатты техник-геофизик: қызмет бейіні бойынша техникалық және кәсіби (арнайы орта, орта кәсіптік) білімі және екінші санатты техник-геофизик лауазымында еңбек өтілі кемінде екі жыл;

      екінші санатты техник-геофизик: қызмет бейіні бойынша техникалық және кәсіби (арнайы орта, орта кәсіптік) білімі және санаты жоқ техник-геофизик лауазымында еңбек өтілі кемінде екі жыл;

      санаты жоқ техник-геофизик: қызмет бейіні бойынша техникалық және кәсіби (арнайы орта, орта кәсіптік) білімі, еңбек өтіліне талаптар қойылмайды.

7-параграф. Техник-гидрогеолог

      Лауазымдық міндеттер. Гидрогеологтың жетекшілік етуімен зерттелмек объектілердегі геологиялық, гидрогеологиялық және инженерлік-геологиялық зерттеулерге байланысты жекелеген жұмыстарды орындайды. Тәжірибелік, тақырыптық және камералдық жұмыстардың, арнайы гидрогеологиялық және инженерлік-геологиялық зерттеулердің орындалуын қамтамасыз етеді. Бастапқы гидрогеологиялық құжаттаманы жүргізеді және оның өңделуін жүзеге асырады. Су деңгейіне өлшеу және арнайы өлшеулер жүргізеді. Зертханалық зерттеу үшін су мен топырақ сынамаларына сұрыптау, оларды тіркеу мен есепке алуды жүргізеді. Ұңғымалардан суды сорып төгуді жүргізу жұмысына, жерасты сулары режимін гидрогеологиялық бақылау бойынша жұмыстарға қатысады. Кестелік және графикалық материалдарды қағаз және электронды тасымалдаушыларда жоба мен есепке дайындайды. Гидрогеологиялық зерттеулердің нәтижесі бойынша есептерді және жобалық құжаттаманы жасау кезінде техникалық түзетуді орындайды. Пайдалану ұңғымалары мен сутартқыштарды тексереді. Дала жұмыстарын ұйымдастыруды және жоюды, қажетті аспаптарды, саймандар мен дала жабдықтарын алу және сақтау үшін тапсыруды жүзеге асырады. Өзінің практикалық қызметінде пайдалану мақсатында гидрогеологиялық зерттеулердің отандық және халықаралық тәжірибесін зерттейді. Жұмысшылардың еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасын, өндірістік санитария және өртке қарсы қорғаныс қағидалары мен нормаларының талаптарын сақтауын қамтамасыз етеді.

      Мыналарды: Конституцияны, Еңбек кодексін, "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодексін, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заңын, Қазақстан Республикасындағы тiл туралы" Заңын және геологиялық (геофизикалық, гидрогеологиялық) зерттеулер мен жер қойнауын пайдалану және қорғау саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілерді; зерттелмек жұмыс ауданының (объектінің) геологиясы туралы мәліметтерді; су сынамаларын іріктеп алу әдістерін; гидрогеологиялық жабдықтардың түрлерін және оны пайдалану қағидасын; гидрогеологиялық материалдарды есепке алу және сақтау қағидасын; өндірісті, еңбекті және басқаруды ұйымдастыру негізін; еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасы, өндірістік санитария және өртке қарсы қорғаныс қағидалары мен нормаларын білуі тиіс.

      Біліктілігіне талаптары:

      бірінші санатты техник-гидрогеолог: қызмет бейіні бойынша техникалық және кәсіби (арнайы орта, орта кәсіптік) білімі және екінші санатты техник-гидрогеолог лауазымында еңбек өтілі кемінде екі жыл;

      екінші санатты техник-гидрогеолог: қызмет бейіні бойынша техникалық және кәсіби (арнайы орта, орта кәсіптік) білімі және санаты жоқ техник-гидрогеолог лауазымында еңбек өтілі кемінде екі жыл;

      санаты жоқ техник-гидрогеолог: қызмет бейіні бойынша техникалық және кәсіби (арнайы орта, орта кәсіптік) білімі, еңбек өтіліне талаптар қойылмайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады