Төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қазандағы № 251 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 29 қарашада № 17823 болып тіркелді.

      РҚАО-ның ескертпесі!
Қаулы 01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі

      "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау қағидалары бекітілсін.

      2. Банктерді қадағалау департаменті (Қизатов О.Т.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 3-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Ұлттық Банк Төрағасы Д. Ақышев

  Қазақстан Республикасы
  Ұлттық Банкі Басқармасының
  2018 жылғы 29 қазандағы
  № 251 қаулысымен
  бекітілді

Төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Банктер туралы заң) сәйкес әзірленді және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) жүргізетін төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау тәртібін айқындайды.

      2. Төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау Банктер туралы заңның 61-10-бабы 1-тармағының екінші бөлігімен белгіленген бір немесе бірнеше шараларды қолдану арқылы төлемге қабілетсіз банктің қаржылық жағдайын сауықтыру шаралар кешенінен тұрады.

      3. Төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдауды уәкілетті орган Банктер туралы заңның 61-8 бабының 3-тармағымен көзделген қағидаттарды сақтауды ескере отырып қолданады.

2-тарау. Төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау тәртібі

      4. Төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау туралы шешім қабылдағанға дейін уәкілетті орган төлемге қабілетсіз банкке барып, соның ішінде аудиторларды, бағалаушыларды және басқа ұйымдарды тарту арқылы оның қаржылық және мүліктік жай-күйіне бағалау (талдау) жүргізеді.

      5. Уәкілетті орган Банктер туралы заңның 61-10-бабының 1-тармағымен көзделген шараларды таңдау кезінде төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау шеңберінде аталған шаралардың әрқайсысына қатысты болжамды қаржылық нәтижелерді талдауын жүзеге асырады.

      6. Төлемге қабілетсіз банктің депозиторлар мен кредиторларына, борышкерлеріне, сондай-ақ өзге де мүдделі тұлғаларға төлемге қабілетсіз банкке төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау бойынша шаралар қабылданатыны жайында хабарлау мақсатында хабарландыру уәкілетті орган аталған шараны қолдануы туралы шешім қабылдаған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күн ішінде Заңның 61-8-бабы 8-тармағының екінші бөлігінде көзделген тәртіппен жарияланады.

      7. Уәкілетті орган Төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау жоспарын (бұдан әрі – Жоспар) әзірлейді және уәкілетті орган ол жоспарды төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау түрінде шара қолдануы туралы шешім қабылдаған күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен кеш емес мерзімде төлемге қабілетсіз банкке немесе банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілікке (уақытша басқарушыға) (оны уәкілетті орган тағайындаған жағдайда) жолдайды.

      8. Жоспарға:

      1) қайта құрылымдауға жататын төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелері;

      2) Банктер туралы заңның 61-10-бабының 1-тармағымен көзделген шаралар тізбесі;

      3) Банктер туралы заңның 61-10-бабының 2-тармағына сәйкес кредиторлардың әр кезегі бөлігіндегі міндеттемелерге қызмет көрсету бойынша төлемдерді орындауын уақытша тоқтата тұруды қоса алғанда, төлемге қабілетсіз банктің таңдаған шара түріне қарай міндеттемелерін есептен шығару мөлшерін және (немесе) бағалы қағаздарын және өзге де ақшалай міндеттемелерін оның жай акцияларына айырбастау коэффициентін және (немесе) төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелері бойынша өзгертілген мерзімдері және (немесе) пайыздық мөлшерлемесі көрсетілген төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін қайта құрылымдау талаптары;

      4) өткізілетін іс-шаралардан болжамды қаржы нәтижелері;

      5) Банктер туралы заңның 61-10-бабының 1-тармағымен көзделген шараларды іске асыруға бағытталған іс-шаралар және оларды орындау мерзімі кіреді.

      Банктік конгломераттың қатысушысы болып табылатын төлемге қабілетсіз банкке қатысты әзірленген Жоспар осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген ақпараттан бөлек, банктік конгломераттың басқа қатысушылары үшін төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін қайта құрылымдауын жүргізуіне байланысты болжамды қаржы нәтижелерін қамтиды.

      9. Төлемге қабілетсіз банктің бір кезектегі кредиторлары алдындағы міндеттемелері сол кезектегі кредиторлары арасында қайта құрылымдауға жататын міндеттеме сомаларына бір уақытта пропорционалды қайта құрылымданады. Төлемге қабілетсіз банктің келесі кезектегі кредиторлары алдындағы міндеттемелері төлемге қабілетсіз банктің алдыңғы кезектегі міндеттемелерін қайта құрылымдаған соң жүзеге асырылады.

      10. Төлемге қабілетсіз банк немесе банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік (уақытша басқарушы) (оны уәкілетті орган тағайындаған жағдайда) Жоспарды алған соң ол Жоспардың әр тармағына жауапты орындаушыларды белгілейді және оны іске асыруға кіріседі.

      11. Төлемге қабілетсіз банк Жоспарда көзделген іс-шараларды орындау жөніндегі ақпаратты уәкілетті органға оларды орындаған соң келесі жұмыс күнінен кешіктірмей жолдайды.

      12. Егер төлемге қабілетсіз банк Жоспарда көзделген қабылданған шаралар нәтижесі бойынша Банктер туралы заңның 61-7-бабының 2-тармағында көрсетілген төлемге қабілетсіз банк санатына жатқызу негіздемесін жойған жағдайда және жеке капиталының жеткіліктілік коэффициентін сақтаған болса, уәкілетті орган аталған банкті төлемге қабілетсіз банктер санатынан шығару туралы шешім қабылдайды. Бұл ретте, төлемге қабілетсіз банктің Жоспарда көзделген міндеттемелері орындалған болып есептеледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады