Тұлғалар тобының тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 10 желтоқсандағы № 489 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 12 желтоқсанда № 17923 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 994 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 311) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 14.10.2024 № 368 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Тұлғалар тобының тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Электр энергетикасы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Энергетика министрі
Қ. Бозымбаев

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2018 жылғы 10 желтоқсандағы
№ 489 бұйрығымен
бекітілді

Тұлғалар тобының тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Тұлғалар тобының тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 994 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі туралы ереженің (бұдан әрі – Ереже) 15-тармағының 311) тармақшасына сәйкес әзірленді және Тұлғалар тобының тізілімін қалыптастыру мен жүргізу тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 14.10.2024 № 368 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) Тұлғалар тобының тізілімі (бұдан әрі – Тізілім) – уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында қалыптастырылатын және орналастырылатын, "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 9-бабы 1-1-тармағының екінші, үшінші және төртінші бөліктеріне сәйкес бақылау болған кезде бір тұлғалар тобына кіретін энергия өндіруші ұйымдар мен тұтынушылардың тізбесі;

      2) уәкілетті орган – электр энергетикасы саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар мен анықтамалар Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасына сәйкес қолданылады.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 04.08.2022 № 259 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР Энергетика министрінің 14.10.2024 № 368 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

2-тарау. Тізілімді қалыптастыру тәртібі

      3. Заңның 9-бабы 1-1-тармағының екінші, үшінші және төртінші бөліктеріне сәйкес тұтынушылар мен энергия өндіруші ұйымдарды бақылайтын заңды тұлға (бұдан әрі – Өтініш беруші) тұлғалар тобын Тізілімге енгізу үшін уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) тұлғалар тобын Тізілімге енгізуге арналған өтінішті;

      2) тұлғалар тобының мүдделерін білдіретін Өтініш берушінің құрылтай құжаттарын;

      3) заңды тұлғаның жарғысын, шетелдік заңды тұлға үшін сауда тізілімінен үзінді көшірмені немесе тұтынушылар мен энергия өндіруші ұйымдар бір тұлғалар тобының құрамына кіретінін растайтын басқа құжатты;

      4) Өтініш берушінің тұтынушылар мен энергия өндіруші ұйымдардың мүдделерін білдіру құқығын растайтын сенімхатты немесе шартты.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 04.08.2022 № 259 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Өтініш берушінің өтініші мыналарды қамтиды:

      1) осы Заңның 9-бабы 1-1-тармағының екінші, үшінші және төртінші бөліктеріне сәйкес айқындалған бақылау болған жағдайда, өздерімен бірге бір тұлғалар тобына кіретін тұтынушыларды өз есебінен электр қуатымен қамтамасыз ететін энергия өндіруші ұйымдардың тізбесі;

      2) осы Заңның 9-бабы 1-1-тармағының екінші, үшінші және төртінші бөліктеріне сәйкес айқындалған бақылау болған жағдайда, өздерімен бірге бір тұлғалар тобына кіретін энергия өндіруші ұйымдар есебінен қуатпен қамтамасыз етілетін тұтынушылардың тізбесі.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 04.08.2022 № 259 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Уәкілетті орган Өтініш берушінің өтінішін осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген қоса берілген құжаттармен бірге өтініш алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды.

      6. Өтініш беруші осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынбаған жағдайда, уәкілетті орган олар келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қайтару себептерін көрсете отырып, өтінішті қайтарады.

      Өтініш беруші уәкілетті органның ескертулерін жойғаннан кейін осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, өтінішті қайта жібереді.

      7. Уәкілетті орган өтініш берушінің өтінішін қарау мерзімдері аяқталғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде Тізілімге тиісті тұлғалар тобын енгізеді және Тізілімді уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырады.

      8. Тізілім осы Қағидалардың 4-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген энергия өндіруші ұйымдар мен тұтынушылардың тізбесінен тұрады.

      9. Уәкілетті орган Өтініш берушінің әрбір жылдың 1 шілдесінен кешіктірмей осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген құжаттарды қоса, уәкілетті органға беретін өтініші негізінде тұлғалардың тиісті тобының қалыптастырылған Тізіліміне өзгерістер және (немесе) толықтыруларды енгізуді жүзеге асырады.

      Тиісті тұлғалар тобының Өтініш берушісі өтінішті жылына бір реттен жиі емес береді.

      10. Тізілімге өзгерістер мен толықтырулардың қолданысқа енгізілуі осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген өтініш берілген тиісті жылдың 1 тамызынан бастап жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады