БҰЙЫРАМЫН:
1. "Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға белгілеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 15 наурыздағы № 134 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13588 болып тіркелген, 2016 жылғы 19 сәуірде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға белгілеу қағидалары қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.
2. Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі көшірмесін ресми жариялау және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне қосу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі |
Т. Сүлейменов |
Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға белгілеу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға белгілеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне (бұдан әрі – Кодекс) және "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес әзірленді.
2. Осы Қағидаларды қолдану мақсатында мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) баға белгілеу – мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағаларды қалыптастыру және қарау процесі;
2) жария тыңдаулар – мемлекеттік монополияға жатқызылған тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің баға жобасын тұтынушылардың, монополияға қарсы органның, мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктерінің, тәуелсіз сарапшылардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, "Атамекен" Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерін және мемлекеттік монополия субъектілерін шақыра отырып, мемлекеттік уәкілетті орган өткізетін талқылау рәсімі;
3) мемлекеттік монополия субъектісі (бұдан әрі – субъект) – Қазақстан Республикасының Үкіметі не Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясын және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын қоспағанда, мемлекеттік кәсіпорын;
4) уәкілетті мемлекеттік орган – мемлекеттік монополияның тиісті саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган және (немесе) оның ведомствосы;
5) негізделген баға – субъектінің негізделген шығындарының және пайдасының негізінде айқындалған баға;
6) қайта құрылған субъект – бір қаржы жылы ішінде нақты шығындары қалыптаспаған, құрылған сәтінен бастап күнтізбелік бір жылдан кем уақытта тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өндіретін және өткізетін мемлекеттік монополия субъектісі;
7) өзіндік құн – субъект өндіретін және өткізетін тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бағасында уәкілетті орган ескеретін шығындар жиынтығы.
Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар мен терминдер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қолданылады.
2-тарау. Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға белгілеу
3. Тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға қалыптастыру тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің әрбір түрі бойынша шығындарды бөлек есепке алу негізінде жүзеге асырылады.
Субъектіде тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің түрлері бойынша шығындарды бөлек есепке алу болмаған жағдайда, субъектінің шығындары субъектінің жалпы шығындарындағы кірістердің үлес салмағы (көлемі, өндірістік персоналға еңбекақы төлеуге арналған шығындар) бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізетін субъектінің белгілі бір қызмет түріне жататын шығындарды айқындауды көздейтін жанама әдістердің негізінде тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің түрлері бойынша бөлінеді.
4. Қайта құрылған субъектінің өндіретін және өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағаларды қалыптастыруы пайда болған нақты шығындар бойынша күнтізбелік жыл өткен соң баға сараптамасынан қайта өткен кезде жоспарланатын шығындардың негізінде жүзеге асырылады.
5. Субъектінің тауарларына, жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне негізделген баға қалыптастыру кезінде өзіндік құнда тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өндіруге (көрсетуге) тікелей жататын шығыстар және негіздеуші құжаттармен (шарттармен, шот-фактуралармен, қаржылық құжаттармен) расталған:
1) растайтын құжаттарда (шарттар, шот-фактуралар) көзделген бағаларға және материалдық ресурстардың нақты көлеміне сүйене отырып, тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бірлігін шығаруға арналған шикізат, материалдар, отын, энергия, материалдық ресурстар шығысының қолданылатын нормаларына және (немесе) материалдық ресурстардың жылдық нормаларына сүйене отырып, айқындалатын материалдық шығыстар;
2) оларды жүргізу қажеттігін құжаттамалық техникалық растау және жиынтық сметалық есептемелер, объектілік, жергілікті және ресурстық сметалар (әрбір объект бойынша жеке) болған жағдайда, субъектінің негізгі құралдар құнының өсуіне әкелмейтін ағымдағы және күрделі жөндеуге және басқа да жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына жіберетін қаражаты;
3) шығыстарға бағытталған, бағаның шығын бөлігінде ескерілмеген субсидияларды қоспағанда, бағаның шығын бөлігін азайтуда ескерілетін субъектіге мемлекеттік бюджет қаражатынан бөлінетін субсидиялар;
4) еңбек жағдайлары үшін еңбек заңнамасына сәйкес қосымша ақылар мен үстемеақылар төлеуді қоса алғанда, персоналға еңбекақы төлеуге жұмсалатын шығыстар бағаларды қалыптастыру кезінде ескеріледі, бұл ретте еңбекақы төлеуге жұмсалатын шығыстарды айқындау кезінде персоналдың (әкімшілік-басқару және өндірістік) нақты саны және инфляция деңгейінің болжамды өзгерісін ескере отырып, қолданыстағы бағалармен қабылданған орташа айлық жалақы есепке алынады;
5) субъектінің есепке алу саясатында көзделген әдісті пайдалана отырып айқындалатын және негізгі құралдар құнының ұлғаюына алып келетін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жіберілетін, инвестициялық бағдарламаларды (жобаларды) іске асыруға арналған амортизациялық аударымдарға;
6) оларды тарту қажеттігін құжаттамалық растау, әлеуетті өнім берушілерді, қызметтерді қаржыландыру және қарыз ресурстарын қайтару шарттары болған жағдайда инвестициялық жобаны іске асыруға немесе тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер өндірісінде қолданылған негізгі құралдарды сатып алуға (инвестициялық бағдарлама (жоба) болмаған жағдайда) қарыз қаражаты үшін сыйақы төлеуге арналған шығыстар;
7) аудиторлық, консалтингтік, маркетингтік қызметтерге;
8) қоршаған ортаға эмиссия үшін ақы төлеуге;
9) кезең шығыстарында ескерілетін міндетті сақтандыру түрлеріне, салықтарға, алымдарға және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерге арналған шығыстар ескеріледі.
6. Cубъектінің бағаларын қалыптастыру кезінде өзіндік құнда тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өндіруге (көрсетуге) тікелей жатпайтын, сондай-ақ негіздеуші материалдармен (шарттар, шот-фактуралар, қаржылық құжаттар) расталмаған шығыстар, оның ішінде:
1) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өндіру (көрсету) кезінде пайдаланылмайтын негізгі құралдардың амортизациялық аударымдары;
2) ластаушы заттардың нормативтен тыс шығарындылары (тастандылары) үшін төлемдер;
3) үмітсіз борыштар;
4) шаруашылық шарттардың талаптарын бұзғаны үшін айыппұлдар, өсімпұлдар, тұрақсыздық айыбы және санкциялардың басқа да түрлері, сот шығындары;
5) кірісті жасырғаны (кеміткені) үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар;
6) ұрлықтан келген залалдар;
7) қызмет көрсетуші шаруашылықтар мен учаскелер өндірісіне тартылмаған активтерді ұстауға арналған;
8) техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын қоспағанда, денсаулық сақтау, мектепке дейінгі балалар ұйымдары, оқу орындары объектілерін ұстауға арналған;
9) сауықтыру лагерьлерін, мәдениет және спорт объектілерін, тұрғын үй қорын ұстауға арналған;
10) пайызсыз несиелерді қоса алғанда, ұйым жұмыскерлерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, бау-бақша үйлерін сатып алуға және үй шаруашылығымен айналысуға алған несиелерін өтеуге арналған;
11) мәдени-ағарту, сауықтыру және спорттық іс-шараларды өткізуге арналған;
12) бау-бақша серіктестіктерін абаттандыруға (жолдар салу, энергиямен және сумен жабдықтау, жалпы сипаттағы басқа да шығыстарды жүзеге асыру) арналған;
13) демеушілік көмек көрсетуге арналған;
14) ақаудан болған шығындарға арналған;
15) өндірісті вахталық ұйымдастыруды қоспағанда, субъектілердің персоналы үшін пәтерлерді, тұрғын ғимараттарды және құрылыстарды, жатақханалар мен қонақ үйлердегі орындарды сатып алуға, жалдауға және ұстауға арналған;
16) мерейтойлар күніне немесе жұмыскерлерге ынталандыру түрінде берілетін сыйлықтарды сатып алуға арналған;
17) нормативтен тыс техникалық және коммерциялық шығындарға, тауар-материалдық құндылықтардың, қоймадағы қорлардың бұзылуына және жетіспеушілігіне, басқа өндірілмейтін шығыстарға;
18) жұмыс қорытындылары бойынша сыйлықақы беруге және ынталандырудың басқа да нысандарына арналған;
19) өндірістік қажеттілікке байланысты іс-шараларды қоспағанда, оқытатын курстарды, семинарларды, тренингтерді, лекцияларды, көрмелерді, пікірталастарды, ғылым мен өнер қайраткерлерімен кездесулерді, ғылыми-техникалық конференцияларды өткізуге және ұйымдастыруға арналған;
20) қоғамдық ұйымдар мен қауымдастықтарға мүшелік жарналарға арналған;
21) білім беру ұйымдарында оқитын жұмыскерлердің оқу демалыстарына ақы төлеуге арналған;
22) кәсіби ауруларды оңалтып емдеуге байланысты шығындардан басқа, субъектінің қаражаты есебінен жұмыскерлердің және олардың балаларының емделуіне, демалуына, экскурсияларына арналған жолдамаларға ақы төлеуге арналған;
23) "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" 2003 жылғы 25 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 2-тарауында белгіленген шегерімдерді қоспағанда, сақтандыру төлемдері (субъект өз жұмыскерлерінің пайдасына жасаған жеке және мүлікті сақтандыру шарттары бойынша субъект төлеп отыратын жарналар);
24) жұмыскерлерге қосымша берілген демалыстарға (2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 87-бабында көзделгеннен тыс), оның ішінде бала тәрбиелеп отырған әйелдерге ақы төлеуге, жұмыскердің отбасы мүшелеріне демалысты пайдаланатын жерге бару және қайту жолына ақы төлеуге арналған шығыстар;
25) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделгеннен басқа, субъектінің жұмыскерлеріне берілген жеңілдіктер;
26) мектепке дейінгі мекемелердегі, санаторийлердегі және сауықтыру лагерьлеріндегі балалардың тамақтану құнын өтеуге жұмсалатын шығыстар;
27) ұжымдық шартта айқындалған мақсаттар үшін кәсіптік одақтарға аударымдар ескерілмейді.
7. Негізделген бағаға енгізілетін пайданың деңгейін айқындау кезінде субъектілердің тиімді жұмыс істеуін және дамуын қамтамасыз ететін қаражат ескеріледі.
8. Кодекстің 90-6-бабының 29) тармақшасына сәйкес монополияға қарсы орган осы Қағидаларға сәйкес субъект өндіретін және өткізетін тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бағасына сараптама жүргізеді.
Бағаларға сараптама жүргізу үшін субъектілер мыналарды:
1) тауарларға, жұмыстарға, көрсетілген қызметтерге мемлекеттік монополия енгізілген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, баға деңгейін растайтын негіздемелік материалдарды қоса бере отырып, босату бағалары туралы жазбаша нысандағы ақпаратты;
2) тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бағаларының алдағы уақытта өзгеретіні (өсетіні және (немесе) төмендейтіні) және өзгеру (өсу және (немесе) төмендеу) себептерін растайтын, негіздейтін материалдарды қоса бере отырып, олардың өзгеруінің (өсудің және (немесе) төмендеудің) себептері туралы жазбаша нысандағы хабарламаны кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын береді.
Бағалардың алдағы уақытта өзгеруі (өсуі және (немесе) төмендеуі) туралы хабарламаға мыналар қоса беріледі:
1) өзгеру (өсу және (немесе) төмендеу) себептерін растайтын құжаттар (шикізат, материалдар, көрсетілетін қызметтер құнының өзгеруін (өсуін және (немесе) төмендеуін) растайтын тиісті шарттардың көшірмелері);
2) қызметтің әрбір түрі бойынша бағалар жобасы;
3) бухгалтерлік баланс;
4) пайдалар мен залалдар туралы есеп;
5) еңбек және жалақы жөніндегі есеп;
6) өндірістік-қаржы қызметі туралы есеп;
7) негізгі құралдар мен материалдық емес активтердің болуы және олардың қозғалысы;
8) тұтастай кәсіпорын және қызметтің әрбір түрі бойынша жеке шығындар баптары бойынша таратып жаза отырып, бағалардың жобасын есептеу үшін қолданылатын кірістер мен шығыстар туралы жиынтықты деректер;
9) еңбекақы төлеудің қолданылып отырған жүйесі туралы мәліметтер;
10) шикізат және материалдар шығысының қолданылып отырған нормалары, жұмыскерлердің нормативтік саны туралы мәліметтер;
11) бар болған жағдайда, есепке алу саясаты;
12) бар болған жағдайда, инвестициялық бағдарламалар (жобалар);
13) ағымдағы және күрделі жөндеуге және негізгі құралдар құнының өсуіне алып келмейтін басқа да жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына бағытталған шығындардың жылдық сметасы;
14) негізгі құралдар құнының ұлғаюына алып келетін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге бағытталған шығындардың жылдық сметасы;
15) негізгі құралдарды пайдалану мерзімін көрсете отырып, амортизациялық аударымдардың есептемелері;
16) өткізудің жоспарланған көлемін растайтын құжаттар – ниет білдіру хаттамалары, шарттар, өндіру (жеткізу) көлемдерінің есептемелері, жобалық қуаты және оны іс жүзінде пайдалану туралы деректер, сондай-ақ өндіріс (жеткізу) көлемі төмендеген жағдайда субъектілер негіздеме ұсынады;
17) дебиторлық және кредиторлық берешектің таратылып жазылуы;
18) жария тыңдауларды өткізу туралы хаттама.
9. Сараптама жүргізу мерзімі хабарлама немесе ақпарат қарауға келіп түскен сәттен бастап күнтізбелік тоқсан күннен аспайды. Сараптама жүргізудің жалпы мерзімі күнтізбелік бір жүз жиырма күннен аспайды.
10. Монополияға қарсы орган хабарламаны немесе ақпаратты қарау барысында монополияға қарсы орган белгілеген, бес жұмыс күнінен кем болмайтын мерзімде мемлекеттік монополия субъектісінен шешім қабылдау үшін қажетті қосымша мәліметтерді және (немесе) құжаттарды сұратады.
11. Қосымша мәліметтерді және (немесе) құжаттарды ұсыну кезеңінде мемлекеттік монополия субъектісі тиісті қосымша мәліметтерді және (немесе) құжаттарды ұсынғанға дейін қарау мерзімі тоқтатыла тұрады.
12. Монополияға қарсы орган мемлекеттік монополия субъектісі қосымша мәліметтерді және (немесе) құжаттарды ұсынғаннан кейін хабарламаны немесе ақпаратты қарауды қайта бастайды.
13. Сараптама жүргізу мерзімін есептеу ол қайта басталған күннен бастап жалғасады.
3-тарау. Мемлекеттік монополиялар субъектілерінің мемлекеттік монополияға жатқызылған тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге жария тыңдауларды өткізу тәртібі
14. Жария тыңдауларды өткізу қағидаттары:
1) жариялылық;
2) тұтынушылар мен мемлекеттік монополиялар субъектілері мүдделерінің теңгерімін сақтау;
3) мемлекеттік монополияға жатқызылған тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бағаларын қалыптастырудың ашықтығы.
15. Уәкілетті мемлекеттік орган жария тыңдауларды өткізетін күнге дейін күнтізбелік жиырма күн бұрын жария тыңдаулар өткізілетіні туралы хабарландыруды өзінің интернет-ресурсында орналастырады және республикалық баспасөз басылымдарында жариялайды.
Жария тыңдаулар монополияға қарсы органға бағалардың сараптамасын жүргізу үшін хабарламаны және ақпаратты ұсынғанға дейін өткізіледі.
16. Алдағы болатын жария тыңдаулар туралы хабарландыру мынадай мәліметтерді:
1) тыңдауларды ұйымдастырушының атауы мен орналасқан орнын;
2) тыңдаулардың өткізілетін күні, орны мен уақытын;
3) мемлекеттік монополия субъектісінің атауын және олардың бағаларын бекітуге хабарлама немесе ақпарат берілген мемлекеттік монополияға жатқызылған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер түрлерін;
4) уәкілетті мемлекеттік органның және мемлекеттік монополия субъектісінің ақпарат алу мүмкін болатын байланыс телефондарын;
5) уәкілетті мемлекеттік органның және мемлекеттік монополия субъектісінің интернет-ресурсының мекенжайын (болған жағдайда) қамтиды.
17. Мемлекеттік монополия субъектісі жария тыңдауларды өткізу күні туралы ақпарат жарияланғаннан кейін жария тыңдауларға қатысушылардың талабы бойынша жазбаша түрде үш жұмыс күн ішінде:
мемлекеттік монополияға жатқызылған тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің баға жобаларын;
мемлекеттік монополияға жатқызылған тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бағаларын көтеру себептері туралы экономикалық негізделген есептеулері бар ақпаратты береді.
18. Тыңдаулар алдағы болатын жария тыңдаулар туралы хабарландыруда көрсетілген үй-жайда кедергісіз кіруді қамтамасыз ету арқылы өткізіледі.
19. Жария тыңдаулар өткізу үшін мемлекеттік уәкілетті орган қызметкерлерінің қатарынан жария тыңдаулардың төрағасы (бұдан әрі – төраға) тағайындалады. Төраға мемлекеттік уәкілетті орган қызметкерлерінің қатарынан жария тыңдаулардың хаттамасын жүргізетін хатшыны тағайындайды.
20. Жария тыңдауларды өткізу процесінде жазбаша нысанда хаттама жүргізіледі.
21. Төраға әрбір жария тыңдауға регламент белгілейді.
22. Төраға белгіленген уақытта тыңдауларды ашады, олардың мақсатын және күн тәртібін жариялайды. Төраға қатысушыларды тыңдауларды өткізу регламентімен таныстырады.
23. Өз сөзінде мемлекеттік монополия субъектісі мемлекеттік монополияға жатқызылған тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің ұсынылып отырған баға деңгейіне растаушы фото, бейне материалдарды қоса бере отырып, толық түсіндіру және негіздеме береді (болған кезде).
24. Төраға жария тыңдауларда сөз сөйлейтіндерге сұрақтар қояды, қаралып отырған мәселелер бойынша өз ұстанымын білдіреді, тыңдауларға қатысушының тыңдау регламентін бұзатын, сондай-ақ жария тыңдаулардың тақырыбына қатысы жоқ сөзін тоқтатады.
Жария тыңдауларды өткізу кезінде тәртіпті бұзатын адамға төраға ескерту жасайды. Тәртіпті қайта бұзған жағдайда тыңдауларға қатысып отырған адам үй-жайдан шығарылады.
25. Жария тыңдауларға қатысушылар қаралып отырған мәселе бойынша өз көзқарасын, пікірін білдіреді, сөз сөйлеушілерге сұрақтар қояды, өз сөзінде қосалқы материалдарды (плакаттар, кестелер және тағы басқалар) пайдаланады және хаттамаға сөйлеген сөзін жазбаша қоса береді.
26. Төраға тыңдаулардың қорытындысын шығарады және жария тыңдауларды жабады.