"Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қызметкерлерінің әрекеттерін және қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтардың жасалу фактілерін тіркеу үшін техникалық құралдарды пайдалану нұсқаулығын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 31 желтоқсандағы № 971 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2019 жылғы 21 маусымдағы № 569 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 25 маусымда № 18892 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қызметкерлерінің әрекеттерін және қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтардың жасалу фактілерін тіркеу үшін техникалық құралдарды пайдалану нұсқаулығын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 31 желтоқсандағы № 971 бұйрығына (Нормативтік құқтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізімінде № 10227 болып тіркелген, "Казахстанская правда" газетінде 2015 жылғы 1 тамыздағы № 145 (28021); "Егемен Қазақстан" газетінде 2015 жылғы 1 тамыздағы № 145 (28623) жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қызметкерлерінің әрекеттерін және қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтардың жасалу фактілерін тіркеу үшін техникалық құралдарды пайдалану нұсқаулығында:

      1-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-тарау. Жалпы ережелер";

      2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-тарау. Аудиобейнетіркеуіштің деректерін беру, есепке алу және сақтау тәртібі.";

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. ІІО бөлінісінің (ҰҰ әскери бөлімінің) басшысы жазба күні мен уақытын өзгертуге, бейнеге рұқсатты, жазбаларды бейнетіркегіштен файлдарды жоюды, көшіруді, қабылдауды, шығаруды және сақтауды, сондай-ақ жазылған жазбаларды қарауды және талдауды жүргізетін жауапты адамды тағайындайды. Бұл ретте, деректерді сақтау серверіне арнайы пароль қойылады, оны жауапты адам және ІІО бөлінісінің (ҰҰ-ның әскери бөлімінің) басшысы (командир) ғана біледі.";

      9-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9-1. Әкімшілік құқық бұзушылықтарды тіркеу үшін пайдаланылатын радарлар осы Нұсқаулыққа 3-қосымшаға сәйкес ең төменгі талаптарға сәйкес келуі тиіс.

      Радарлар ІІО бөліністерінде жауапты адамда сақталады және осы Нұсқаулыққа 3-қосымшаға сәйкес жол-патрульдік полициясы қызметкеріне қызметтік міндеттерін орындау басталардан бұрын радарды және радардың есте сақтау картасын, беру және тапсыруды есепке алу журналына қол қою арқылы беріледі.";

      12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Мобильдік бейнетіркегіштер алынбайды және жауапты адамға тапсырылмайды, ұдайы негізде қызметтік, арнайы автокөлікте және вагонда болады. Жазбаларды түсіру кезінде тек есте сақтау картасы алынады немесе автоматты түрде түсіріледі.

      13. Деректерді сақтау серверіне түсіру бейнежетонды және радардың аккумуляторын зарядтау уақытында автоматтық режимде жүргізіледі.";

      3-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-тарау. Аудиобейнетіркеуді жүзеге асыру тәртібі";

      3-қосымшада журналдың атауы мынадай редакцияда жазылсын: "Радарды және радардың есте сақтау картасын беруді және тапсыруды есепке алу журналы".

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
Е. Тургумбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады